Заманға бейім зағиптар қоғамы
«Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі өзінің іргетасын 1937 жылы көтерген. Содан бері қызмет атқарып келеді. Қазіргі таңда қоғамдық бірлестіктің он тоғыз облыста филиалы бар. Орталық басқармасы Астана қаласында орналасқан. 2023 жылы Жетісу облысы филиалы құрылды. Қазір облыста 600-ге жуық І, ҒҒ, ІІІ топтағы көз мүгедектері бар. Талдықорған қаласында 200 көзі көрмейтін және нашар көретін адамдар тіркеуде тұр. Солардың құқығын, мүддесін қорғап, әлеуметтік жағдайын көтеру бағытында қызмет көрсетілуде.
Қазір нарық заманы болғандықтан, барлығы тендер арқылы іске асырылады. Біреу ұтады, біреу ұтылады. Демек, бәсекелестік, сол жағынан біраз кедергілер бар. Соған қарамастан, қоғам мен өндіріс орны бірге болғандықтан зағип жандар қазіргі кезде әртүрлі қағаздар, қораптар, матрацтар, арнайы формалар, шкафтар, парталар сияқты жиһаздар жасап, сұраныста қандай заттар бар соның бәрін шығаруда.
– Өзім қоғамды басқарып отырған соң осы көз жанарынан айырылған жастарды ауылдан, ауданнан, қаладан іздеп жүріп, тауып қоғамға келуіне мүмкіндік жасаймыз. Әрине, бастапқы кезде қиын болады. Өзім он жылдан астам уақыт болды бір жарым жылда он рет көзіме ота жасатып, көз жанарымнан айырылған адаммын. Талдықорған қаласындағы зағиптар қоғамы бірлестігін бір жарым жылдай басқардым. Отыз жасымнан осы жұмыстың басы-қасындамын. Көптеген жағдайларды көрдім. Жалпы, адам баласы екі нәрседен қашып құтыла алмайды. Тағдырынан және ажалынан. Бізде әртүрлі тағдыр иелері бар. Әкімшілікте, сотта жұмыс істеген, жоғары оқу орындарында ұстаздық еткен, ақындар мен жазушылар да жоқ емес. Бірақ тағдыр тәлкегінен кейін осы қоғамға келіп, бұл орта өздерінің екінші қара шаңырағы екенін сезінеді. Тыныс-тіршілігімен танысады. Іс-шараларына белсене қатысады. Көптеген қоғам мүшелері облыстық, республикалық, халықаралық жүлделердің иегерлері, – дейді «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі Жетісу облысы филиалының төрағасы Әликен Әділбекұлы.
Филиалда зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана 2002 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінде кітапханада 1431 оқырман бар. Кітапхана «Қазақ зағиптар қоғамының» ғимаратында орналасқан. Кітапханада 30 490 кітап қоры бар. Оның 6469-дан астамы нүктелі бедерлі кітап, 3288 дыбысталған әдеби кассета, 1098 электронды (аудиодиск) баспа кітабы қорда бар. Бөлім ішінде зағип жандарға арналған құрылғылар бар. Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған құрылғылар: сканерлеп және дауыстап оқитын құрал «Сара СЕ» машинкасы, сөйлейтін ноутбук, Л.Брайль жүйесі бойынша оқитын және жазатын компьютер. Зағип жандарға арналған грифель шрифт, Брайль алфавитін тізетін тақтайша, үлкейтіп оқитын лупа секілді құралдармен зағип жандар пайдалана алады. Кітапхана 2016 жылдан бері Мәскеу қаласындағы «Логос» онлайн кітапханасының АВ–3715 бағдарламасын қолдануда. Бұл бағдарламаны кез келген оқырман өзінің тифлофлешплееріне немесе смартфонына жүктей алады.
Сондай-ақ Іле Алатауының бөктерінде Алматы табиғи қорығы алқабында орналасқан зағиптарға арналған «Спутник» емдік сауықтыру орталығы бар. Онда қоғам мүшелері жылына бір рет барып демалып, ем қабылдайды. Сондай ақ телефон, ноутбуктарды брайл жүйесімен жазуды, қолға таяқ алып жүруді үйрететін Алматы қаласында «Жылы ұя» деген оңалту орталығы жұмыс істейді.
«Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Жетісу облысы филиалында зағип жандардың құқығы мен мүддесін қорғап, әлеуметтік жағдайын көтеру бағытында ауыз толтырып айтар жетістіктер байқалады. Үкімет тарапынан да көптеген жағдайлар жасалған. Біріншіден, инклюзивті білім беру бағдарламасы бойынша магистрант, докторант атанам деушілерге барлық оқу орындарының есігі ашық; екіншіден үкімет тарапынан тегін берілетін тифлоқұралдар: ноутбуктер, телефондар, қолға ұстайтын таяқтар, плеерлер, арнайы жазатын грифель шрифт қағазымен беріледі; үшіншіден жылына бір рет демалыс орындарына тегін жолдама, І- топ мүгедектеріне арнайы жеке көмекшілер бекітілген, жұмысқа, сабаққа баруына арнайы инватакси, І,ІІ-топ мүгедектеріне қоғамдық көлікте тегін жүру де қарастырылған. Бұл, әрине, тек бастамасы ғана. Атқарылар шаруалар әлі алда.
Жүніс ОМАР