Қандас қаламгерлердің атажұрты – қазақ әдебиеті
24.05.2022
1301
0

Қазір әлемнің 40-тан астам елінде қазақ диаспорасы өмір сүріп жатыр. Алайда, әдебиетпен шұғылданатын қалыптасқан ақын, жазушылар қосыны, қазақ тілінде кітап шығара алатын мүмкіндіктері бар диаспоралар бірнеше елде ғана бар екендігі белгілі.

Әрмиябек Сағындықұлы

Солардың бірі – Шыңжаң өлкесі. Бұл өлкеде әдеби шығармаларды жариялап тұратын «Шұғыла», «Алтай аясы», «Іле айдыны», «Тарбағатай», «Құмыл алқабы», «Ұлттар әдебиеті», шет ел әдебиетінің озық үлгілерін қазақ оқырмандарына таныстыратын «Көкжиек» сияқты әдеби журналдар, қазақ тілінде кітап шығаратын Орталық ұлттар баспасы, Шынжаң халық баспасы, Шынжаң жастар-өрендер баспасы, Іле халық баспасы бар. Бұл Шыңжаңдағы 2 миллионнан астам қазақ диаспорасы үшін аздық ете қоймайтын еді. Өкінішке қарай, соңғы бірнеше жылдан бері Қытайда аз санды ұлттарға қаратыла жүргізіліп жатқан саяси науқандар салдарынан, көркем әдеби еңбектердің жарық көруі тым баяулап қалды. Одан бөлек, ұлт қамын қаузаған көптеген кітаптар өртеліп те кеткендігін естіп, біліп жатырмыз.
Алайда, жалпы, әдеби процесс тоқтап қалған жоқ. Ол жақтағы ағайындардың ауыз толтырып айтатын ең үлкен жетістігі – өткен жылдың соңына қарай Қазақстанның 60 ақын- жазушысының екі томдық антологиясын: «Қазақстан поэзиясының антологиясы», «Қазақ­стан прозасының антологиясы» деген атпен, қытай тіліне аударып, Бейжіңдегі Орталық ұлттар баспасынан басып шығарып таратқан екен. Бұл – қазақтың көрнекті ақын-жазушыларын Қытай оқырмандарының танып-түсінуіне мүмкіндік туды деген сөз.
Бұдан тыс, осы Орталық ұлт­тар баспасынан Ақан Сейтқамызаұлының «Тас» атты романы, Әнуар Нұрғазыұлының «Арман белестері» атты ғұмырнамалық роман-эссесі, белгілі айтыскер ақын Қанатбек Зәйтоллаұлының «Сыбаға» атты өлеңдер жинағы, Ризабек Қасенұлының қазақ ауылының тыныс-тіршілігін бейнелеген «Аяланың сазы» атты әңгіме, хикаяттар жинағы жарық көрген. Сондай-ақ Қайрат Сауытұлы авторлар ұжымының «Ғасыр шұғыласы» атты поэзиялық, прозалық екі томдық жинағын құрастырып шығарса, Айдын Дәуітбайұлы суырып салма ақындардың аламан айтыстағы өлеңдерін «Шолпан қала сұңқар жыр, «екі өткелдегі» егей жыр» деген атпен жинақ етіп шығарған. Іле қазақ автономиялы облысына қарасты Іле халық баспасынан Задақан Мыңбайдың: «Сел», «Бетпе-бет»,«Көкейкесті, «Күнде жаңа сол бір ән»,«Қиқым дүние» деп аталатын көп томдығы, Оразқан Ахметтің «Толқынды көл», «Таулы қыстақ аңызы» «80 аула», «Іленің арғы жағы бергі жағы» атты прозалық шығармалары көп тиражбен басылып шығыпты. Сондай-ақ Мейрамбек Қалиасқарұлының «Бақыт жолы», Мұрат Ташымбайұлының «Ізгілік ел тілегі», Құрман Әбікенұлының «Ой тиегін ағыттым», Азат Әшімбайұлының «Тыңда мені жүрекпен», Ақиқат Нұрғалиұлының «Нұрлы таң» қатарлы жыр жинақтары да өз оқырмандарымен қауышқан. Бұлар қазақ авторларының төл туындылары болса, қытай тілінен қазақ тіліне де көптеген көркем шығармалар аударылған. Мәдениет Мұқатайұлы «Солтүстік Үйек қыстағының хикаясы», Мұрат Абайұлы «Бір ғасырдағы таңдаулы микро әңгімелер», Сағат Жайпақұлы «Соңғы тау», Қимаш Есейұлы «Қасқыр тұқымы», Ермек Аятұлы «Мен және Шыңжаң», Әсейін Сағынбекұлы «Қанзу әдебиетіндегі парасат», «Жоңгоның мұрал оқулығы» тәрізді еңбектер шығарған. Ғылым салаларына қатысты да 30-дан аса ғылыми-көпшілік кітап жарық көріпті.
Қытайдағы қазақ әдебиетінің аса көрнекті екі жазушысы Жұмабай Білалұлы мен Оразхан Ахметұлының романдары («Қиян шет», «Жеті қарақшы» және «Құмдағы іздер») өткен жылдарда Алматы қаласында жарық көрді. Қытай еліндегі қазақтардың айтыс өнерін жан-жақты зерттеп жүрген белгілі журналист-жазушы Мағаз Сүлейменұлының «Аламан» атты зерт­теу еңбегін айрықша атап өткен жөн.
Қытайдың әр өлкесі мен облыстарында әдебиет-көркемөнершілер бірлестігі деген әкімшілік мекеме бар. Бүкіл шығармашылық одақтарды осы мекеме басқарады. Өлкелік жазушылар одағы да осы мекеменің құзіретіне қарайды. Шыңжаңдағы аталған мекеме бастығының орынбасары Еркеш Құрманбекқызы деген қытай тілінде жазатын жазушы қарындасымыз бар. Осы Еркеш Құрманбекқызы қытай тілінде «Арғымақ асуы», «Ақсуат» атты екі роман жазып жариялаған. Өткен жылы осы романдар туралы қытай әдебиет-көркемөнер бірлестігі мен Қытай Жазушылар одағы Бейжіңде семинар өткізген екен. Сол жиында Қытайдың көптеген әйгілі ақын-жазушылары мен білікті сыншылары Еркештің романына аса жоғары баға бергенін естідік. Еркеш Құрманбекқызы Абайдың, Мағжанның, Олжастың, басқа да көптеген қазақ ақындарының өлеңдерін қытай тіліне аударып, жеке жинақ етіп шығарыпты. Қытай тіліне аударған өлеңдерін өзі оқып, аудио нұсқасын таратыпты.
Бұдан соң қазақ диаспорасы көп шоғырланған ел Өзбекстан екені белгілі. Өзбекстандағы қазақ ақын, жазушылары үшін өткен жыл жемісті болды. Қазақ тіліндегі 16 әдеби кітап баспадан шығыпты. Оның тоғызы – таза поэзия.
Өзбек еліндегі қазақ әдебиетінің ірі өкілі, ақын-аудармашы Сапарбек Иманбековтың «Туған жер тынысы», «Кітабым – шуағым» атты екі кітабы шықты. «Туған жер тынысына» ақынның төл жырлары мен өзбек тіліне аударылған аудармалары енгізілген екен де, ал «Кітабым – шуағым» балаларға тарту екен.
Өзбек еліндегі қазақ поэзиясының жас қыранына айналып келе жатқан Жарасқан Мырзамұратовтың былтыр «Көңіл қоңырауы» атты жыр жинағы жарық көріпті. Сондай-ақ Қалдыбек Сейдановтың қазақ-өзбек әдебиеттерінің байланысын зерделеген «Науай және қазақ әдебиеті» деген үлкен монографиясы, Мықтыбай Өтемұрат­тың «Шежіре – тарихтың бір бұтағы» әдеби-тарихи толғауы, Абдулла Рустемовтың «Балалықтың бал дәурені», Серік Асылбековтың «Өткел бар», Полат Қазбековтың «Өлең – сөздің патшасы», Ақшагүл Төлегенованың «Кафтимдағи қалдир ғош», «Дард-Мехмон» атты еңбектері басылыпты. Наурызбай Жарболсынұлының «Жоғалған бұлақ», Жарасқан Мырзамұрат пен Индира Әбдіғапарованың «Кенимехтық таланттар тартуы» жинағы шыққан. Робия Дустанова Мұқағалидың өлеңдерінен «Мени эсга оларсан» деген атпен қазақ, өзбек тіліндегі аударма жинақ жарыққа шығарған. Қарақалпақстандық ақын Мейрамбек Әбдіқалиев «Қызылқұм» атты жыр жинағын тарту етіпті. Сондай-ақ өзбек ағайындар қазақ классик­терінің 10 томдығын шығаруды қолға алып жатыр. Сонау Асанқайғы, Шалкиіз, Доспанбеттерден бастап, бүгінгі жас буын ақын-жазушыларды да осы он томдыққа кіргізбек.
Шет елдегі қазақ әдебиетінің тағы да бір арналы саласы – Моңғолия еліндегі қазақ әдебиеті. Бұл жақтағы қандастарымыздың «Шұғыла» атты әдеби, көркем танымдық журналы 1957 жылдан бері бар. Ақын Ырысбек Зұрғанбай, Еркінбек Бөденұлы тәрізді талантты азаматтар журналды шығарумен бірге, өздері де журнал бетінде үзбей жарияланып келе жатыр. Марқұм Жанат Боқашұлының «Рахман нұры» атты жыр жинағын өткен жылы жұбайы Дариға Бұланқызы толықтырып, баспадан шығарды. Хабсаттар Омарұлының «Шарықтағандар» атты кітабы Ұлан­батырдан жарық көрген.
Бұдан басқа елдерде қазақ тілінде көркем әдеби кітаптары шығыпты деген ақпарат ала алмадық. Сұрастырып, қарастырып көрдік, «ондай басылымдар болған жоқ» деген жауап алдық.
Сөз соңында Жазушылар одағына айта кетер бір тілек: соңғы 3-4 жыл көлемінде Қытай елінен Қуаныш Дәлейұлы, Бауыржан Шормақ, Қуаныш Ілиясұлы, Ықылас Оразбайұлы, жазушы-аудармашы Тұрсынбек Байжұма қатарлы бір шоғыр әдебиетшілер атамекенге келіп қоныстанғанын білеміз. Осы бауырларымызды Жазушылар одағы бауырға тартып, әдеби ортамен жақындасуына қолұшын берсе деген тілек бар. Шет елдердегі қандастарымыз Қазақстан ақын-жазушыларының шығармаларын өздері тұрып жатқан елдердің тіліне аударып, баспадан шығарып жатқанын көріп отырмыз. Енді қазақ елі де олардың кітаптарын елімізде үзбей шығаруды қолға алса жөн білгендік болар еді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір