Маркетинг желісін жолға қою керек
23.05.2022
2677
0

Аса мәртебелі поэзия бүгін бізге не айтпақ, жанымызды немен тербемек, жылдар жаралаған жүректерді қалай жұбатпақ?!
Бұл бағытта өткен жылы шыққан өлең кітаптарын тілге тиек ете отырып, поэзия әлеміне ат басын бұруды жөн көрдік.

Шәмшия Жұбатова

«Жаздың жұпарлы жаңбыры». Есенғали Раушанов туралы естеліктер осындай атпен кітап болып шықты. Айт-Манның құрастыруымен шыққан көлемді кітаптан соң, іле-шала Бауыржан Жақыптың «Білте шамның жарығы» атты өлеңдер жинағы оқырманға жол тартты. Белгілі қаламгер, қазақтың көрнекті ақын қызы Зайда Елғондинова жаңа кітабын «Мәңгі ғашық өлеңмін» деп атапты.
2019 жылы мемлекетіміз қабылдаған және іске асырған «Рухани жаңғыру» жобасы еліміздегі мәдени өмірдің көш түзеуіне сара жол салып берді.
Бұл бағытта көрнекті ақын Қасымхан Бегмановтың «Экспедициядан кейінгі өмір» атты жинағы автордың қаламгерлік қырын жарқырата ашып берді. «Мұстафа Шоқай» және «Ер Төстік» тарихи поэтикалық драмалары, «Менің Мұстафам» тарихи монодрамасы қазақ әдебиетіне қосылған шоқтығы биік туындылар қатарына енді. Мен ең әуелі осы 4 кітапты айрықша атап өткім келеді. Осы туындылар ұлт руханиятының кеңістігін толтыра алған көркем шығарма, асыл қазына екені қазақ қоғамы үшін қуанарлық дүние болмақ.
Соңғы бір жылдың көлемінде 30-ға жуық өлең кітабы жарық көріпті. Бұл екі апта сайын бір кітап жарыққа шығып отырды деген сөз. Аз ба, көп пе деген сауалдың туындауы артық деп білемін. Руханият кеңістігі кітаптың санымен емес, жарық көрген шығарманың тұшымдылығымен мазмұнды болса керек.
30 жыл бойы құрсаулаған мұздақтың іргесі сөгіліп, көбесі ыдырай бастаған сәтте қаламгерлер қауымы атқа қамшы басты. Аға буын аталық сөзін айтса, орта буын өкілдері оларға ілесе үн қосып, өзгеріс кеңістігіндегі қоғамдық формацияның белді буынына айналып үлгерді. Белгілі ақын Мылтықбай Ерімбетовтың «Термелер» жинағы, айтулы ақын Абзал Бөкеннің «Тақ» өлеңдер кітабы бұл сөзімізге айқын дәлел болғандай. Термені кез келген ақын жаза алмайды. Кемеліне келген қаламгер ғана бұл орайда ой түйе алатыны анық.
Лирик ақын Абзал Бөкен шұрайлы тіл, шырайлы сөз саптауымен қазақтың қара өлеңін өз сән-салтанатымен таққа отырғызуды мақсат еткен тәрізді.
Әдебиет әлемі қашан да тосын құбылысқа, тың жаңалыққа, күтпеген мінезге, қарама-қайшылыққа толы. Бұл сиқырлы да сұлу әлемнің қызыққа толы бұрылыстары да көп. Бұлай деуімнің өзіндік себебін айта кетейін.
1975 жылы «Құдіретті әуен» атты әңгімесімен қараңғы түнгі найзағайдай жарқ ете қалған бір талантты есім бар. Бәрімізге таныс автор қара өлеңді өзінің тағдыры ретінде қабылдапты. Өзге қаламгерлер шығармашылық бағытын поэзиядан бастап, кейін прозаға ауыстырса, Назым Байоралова прозадан соң поэзия әлеміне еніп, айды аспанға бір-ақ шығарды десем, артық айтқандық емес. Н.Байоралованың «Арна» атты өлеңдер жинағы қаламгердің өз арнасын іздеуге ұмтылысы, бірде сәби, бірде алып халқына деген сүйіспеншілігі, жаһан желі ескен алмағайып мезгілді сөз суретімен таңбалауы екенін ұғасың.
«Көк тудың желбірегені» атты жалғыз өлеңімен жалпының жаны мен жүрегін жаулаған Алмас Ахметбекұлы өзінің 4 томдық шығармалар жинағын дер кезінде шығарып үлгеріпті. А.Ахметбек – қазақ әдебиетіне кеш келіп, тез танылған ақын. Қаламы жүйрік, ойы ұшқыр, болмыс пен жарық дүниені аса сезімталдықпен жырлайды. Тақырып аясының ауқымдылығымен, қарапайым сөзге жан бітіріп, оны ерекше ойната білуімен ерекшеленеді. Жұмекентанушы қаламгердің 4 томдығымен қатар, «Жұмекеңнің жүз өлеңі» атты талдау кітабы қоса жарық көрді.
Өлең әлемінде орта буын өкілдері руханият түндігін желпіп, өзгеріс үстіндегі қоғамдық құбылыстарды қаламымен айшықтап, мезгіл талабына, заман өзгерісіне тынбай үн қосып келеді. Олардың қатарында «Жердің күн беті» өлеңдер жинағының авторы, танымал ақын Бақытжан Раисова да бар.
Соңғы 1-2 жылдың көлемінде әдебиет кеңістігіне тың ақын келіп қосылды. Жазу үрдісі бөлек, машығы қалыптан тыс, әңгімесін әріден қозғайды. Ол – Ержан Алаштуған. Ержан – әдебиетке жаңадан келген жас ақын емес, орта буын өкілі, қолтаңбасы қалыптасқан, шеберлігі жырларымен қатар өрілген, шабысы бөлек қаламгер. Оның кесек мінезіне, аспандаған қиялына, айшықты сөз саптауына көз сала отырып, ақынның үздіксіз өсіп отырғандығының куәсі болдық. Қаламгердің «Толағай-талай», «Жалғыз аспан» атты екі жыр жинағы қатар жарық көрді. Ержанның өзгелерден ерекшелігі, оның түпсанасында ата-бабаларымыздың генетикалық коды терең сақталған.
Қазіргі қазақ жырындағы дәуір тынысын айқын бейнелеген «Мезгіл әуендері» атты жыр жинағының да өз рухы, өз тарихы, өз айтары бар. Нәзікен Алпамысова апамыздан бастап, Баян Болатхановамен аяқталған бір топ ақынның өлеңдері мезгіл әуенін, уақыт лебін, дәуір дидарын жырлаған таңдамалы туындылар іспеттес.
Орта буынның ізін басып, жағалауға тағы бір топ шоғырлана бастады. Талантты ақын Мұратхан Шоқанның «Айды қонақ қылу», сыршыл қаламгер Қайырбек Шағырдың «Арша аңқыған жаз», «Тебіреніс толқындары», Толқын Қабылшаның «Осы бір сәт ұнайды» атты өлеңдер жинағы бұл сөзімізді растай алады.
«Медет бер, іңкәр дүние!» жинағының авторы Бүбішхан Тікебаева, «Ұлы дала перзенті» атты 5 томдық шығармалар жинағын жарыққа шығарған қаламгер Айыпберген Балтабаев, «Сезім – серуен» атты өлеңдер кітабын оқырман талғамына ұсынған Ғазиза Әбілда уақыт үрдісін өз туындыларында жеке мәнер-айшығымен тасқа басыпты. Әрбір халық өз тілінде жырлаған ғұндар көсемін қазаққа біртабан жақындатқан «Атилла» кітабының авторы, ақын Шаяхмет Алжамбайдың қанжығасына ең сүбелі тақырыпты байлағаны көңіл қуантады.
Өткен жылы жарық көрген 30-ға жуық жыр кітабын тілге тиек ете отырып, мен қаламдас әріптестерімнің жетістігіне қуандым. Өзім үшін жаңа таланттарды тауып, тың авторларды оқып, көңілімнің көкжиегін кеңейттім. Бұл қазақ әдебиеті керемет жетістікке жетті деп бөрікті аспанға ату емес. Әдебиетіміз ғаламның түкпір-түкпіріндегі барша қазақ оқырмандарына танылуы үшін маркетинг желісінің айналымына түсуге тиіс. «Озон», «Амазон» сауда алаңдарына шығып, көлемді тираж жинап жатқан авторларымыз, өкінішке қарай, орыстілділер ғана. Осыған Қазақстандағы шығармашылық одақтар, оның ішінде Қазақстан Жазушылар одағы көңіл бөліп, қолға алса деген ұсыныс бар.
Биыл 5-рет өтіп отырған кітап көрме-жәрмеңкесіне 10 мемлекет қатысты. Ішінде Қазақстан жоқ. Сондай-ақ жыл сайын қаншама кітаптар шығарып жатқан отандық баспалар өнімдерінің ең жоғарғы деңгейде өтетін айтулы кітап жәрмеңкесіне («Кітапфестен» басқа) қатысқанына куә болған емеспіз. Былтырғы Кітапфест мейрамы қала әкімінің тікелей басшылығымен кәсіби деңгейде өтті. Биыл дәл сондай ұйымдастырушы тұлға кезігер-кезікпесі беймәлім. Бұл мәселені тілге тиек етіп отырған себебім, өзге елдермен салыстырғанда біздің мемлекетіміз сауатсыз, кітап оқымайтын елдердің қатарына оп-оңай қосылды. Әдебиет – елдігіміздің шарайнасы. Әдебиетті алға оздырмай, өркениеттің ақ сарайына кіре алмаймыз, өркендеген елдермен тереземіз теңесе алмайды.
Біз – қазақ қаламгерлері, мезгілден көп ұтылдық, өркениет көшінен ауытқып қалдық, мұны мойындауымыз керек. Бірақ кебісін теріс киген руханият деңгейін қалпына келтіруге болады деген сенімдемін. Ғылым мен техниканың дамыған мезгілінде бұл әбден мүмкін. Қазақы рухымыз жыл басындағы келелі өзгерістерге ұласып, сананың жаңаруы мен жаңғыруына, автократтық жүйенің өмірден ығысқанына, жаңа болмысты тануға құштарлыққа итермелері сөзсіз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір