Бес жұлдыз
23.05.2022
2161
0

Таяуда Жазушылар одағының ұйымдасты­руымен Әдебиетшілер үйінде «Бақұл бол, халқың сені ұмытпайды…» атты еске алу кеші өтті. Рафаэль Ниязбек, Жәркен Бөдешұлы, Шөмішбай Сариев, Есенғали Раушанов, Аманхан Әлім сынды көрнекті ақындардың рухына арналған жиын жайында сыншы Бағашар Тұрсынбайұлы ой толғайды.

Осынау киелі шаңырақтың табалдырығын аттаған жиырмадан асқан шағымызда алдымыздан шыға қалса, сол кісі болды ғой деп амандасуға, танысуға асығатын ағалардың алды көш басынан ұзап кетіпті. Үзілмейтін, арты бұлдырап көрінетін сол көштің қарқарасындай үлкендердің жылы қабағы мен ыстық сөзі бізге қанат бітіріп, соңдарынан салпаңдатып қойған. Бізден жасы сәл ғана үлкен ағалар – Зейнолла Қабдоловты, Сәкен Жүнісовті, Жарасқан Әбдірәшті, Сайын Мұратбековті, Қалихан Ысқақты, Серік Томановты көрдік, әңгімесін естідік дегенде қызыққанымыздан қызғанып қалар едік. Енді бүгін Рафаэль Ниязбек, Жәркен Бөдешұлы, Шөмішбай Сариев, Аманхан Әлімұлы, Есенғали Раушанов сынды ақындарды көрген, пейілін алған, сөзін тыңдаған адам болып, алдарыңызда сөз сөйлеп тұрмыз. Шошытатын, ойландыратын кеп. Көш жылжыған сайын артымыз айқұлақтанып, біз де орталап, алдыңғыларымыз көш басына жақындап келеді. Бұны Әбіш: «әдебиеттің шалқар көші» дер еді.
«Жет қарақшы – жеті жұлдыз, Ақбоз, Көкбоз – екі жұлдыз» дегендей бүгінгі еске алып отырған бес ақынымыз – бес жұлдыз. Оқырманның бағасын баяғыда-ақ алып қойған ақындардың поэзиясы туралы сөз айту да қиын. Ең жақсысы – олардан қалған мұраны оқтын-оқтын парақтап, оқып тұру. Бұл ағаларымыздың қай-қайсысының да тірі күніндегі арманы болса керек. Әрі оқырман ретінде марқұмға көрсетілер ең үлкен құрмет те осы болмақ. Достоевский Некрасов қайтыс болған күні оның шығармаларын түнімен оқып шығатыны бар еді. Біздің де қолымыздан одан артық не келсін?!.

* * *
«Өзім жазған орап отты өлеңге,
Қойды апарып мені жасыл белеңге»

Рафаэль Ниязбек.
«Жетіген» жыр жинағы, 1990 жыл

Жүрісі тез, қимылы шалт осы ақынды алғаш одақтағы бір кеште көріппіз. Көпен Әмірбек: «Шешенстанның батыры, Қазақстанның ақыны» деп құрметтеп жатты. Бірнеше повесть, роман, әңгімелер жазған Рафхаңның «Жетіген» жыр жинағын қолыма алдым. Тіршілігінде молынан жазған, әр тарапта ізденген ақын өлеңге еш тоймапты. Тоқтауды да білмеген. Тақырыптары да сан алуан. Қызба, ылғи шабыт үстінде жүретіндей әсер қалдырады. Проза мен поэзияны қатар алып жүргендіктен бе, өзін үнемі қайрап отырады. Өлеңге өзіндей сенеді. Кейде кіжініп, кейде кішірейіп сөйлейді. Сырласа кетсең, мұңын айтады. Бар аңсары – жақсы өлең жазу болыпты.
Шаршадың ба, жігітім,
шаршадың ба?
Асыр салып ойнайық ақ шағылда.
Жыр жазайық жарысып
Мына бізден
Қайтер дейсің бір белгі қалса құмда.
Қашан көрсең де, ширақ, аңқылдай сөйлейтін ағаның дидары бір сәт көз алдыңа келеді. Замандастарымен жарыса өлең жазған ақыннан белгі болып өлеңдері қалыпты.

* * *
Жайсам деймін мол өркен –
Гүлдей арай жүрегім.
Озбау үшін көлеңкем,
Күнге қарай жүремін.

Шөмішбай Сариев.
«Сағынышым теңіз» жыр жинағы, 1994 жыл

Шөмішбай Сариевтің аты аталғанда кейінгі көрген біз кештерде арнау өлең оқитын ақынды елестетер едік. Жас күнінде толқынды бұйра шашымен ерекшеленген ақынға Жарасқан Әбдірәш та эпиграмма арнап, «сыртың Пушкин, ішің кім?» дегендей әзіл сұрақ тастаған. Шын мәнінде Шөмішбай Сариев қазақ лирикасына өзіндік леп әкелген ақын болды. Оның өлеңдеріне жазылған саздар әр тыңдарманының жүрегіне жетіп жатты.
«Сағынышым теңіз» жыр жинағына әр жылдарда жазған өлеңдері еніпті. Менің көңілім ауған екі өлең болды. Бірі – «Ақын көңіл», екіншісі – «Көлеңкемен сырласу» деп аталады.
«Ақын көңіл» – өзінің аңсары, қиялы. Соңында осылай армандап отырғанда жарыңның бір ауыз сөзі қиялыңды бөліп жібереді дегендей әзілмен аяқтайды. Қалай болғанда да шын арман, шын мұрат.

Жүректерді жырмен ашар
кілт болып,
Жыр оқысаң, жер қайысқан
жұрт толып.
Найғазайға темекіңді тұтатып,
Нөсерлесең – көкірегіңе бұлт қонып.

Өлмес өлең өміріңнен озардай,
Қолды созсаң – күнге қолды
созардай.
Жұлдыздардай жер бетіне тамсанған,
Халқың саған қарай қалса көз алмай.

Мәңгі тірі, мәңгі мұра қалғандай,
Ғасырлардың ғасырына армандай,
Жер қойынын шырмап
ұстап тамырың
Жер бетінде жайқалсаң бір ормандай.
«Озбау үшін көлеңкем, Күнге қарай жүремін» – деп жас шағында жазған өлеңімен сабақтастыра кейін «Көлеңкемен сырласу» өлеңін жазады. Өмірбақи қасынан кетпеген көлеңке туралы айтып келіп:
«Менің осы тік тұра алар арқамда
Туған жерге аунап жатыр көлеңкем» – деп қайтыс болғаннан кейінгі көлеңкесінің тағдырын айтады. Қазір қазақ даласында осы бес ақынның көлеңкесі аунап жатыр десек те болатындай.

* * *
Эпитафия
О, Ажал, бар дертіме өзің бе емім,
Жай тапты жаным сұмдық сезінгенім.
Қабірімнің басында жылап тұрған,
Қай кемпірсің, көрмейді
көзім менің.
Аманхан Әлімұлы
«Жариямайдай» жыр жинағы,
                                                     2017 жыл

Бұл – Аманхан Әлімұлы. Аманхан аға жастардың қамқоршысы болды. Өзі «поэзияға ТОМ керек» дейтін. Онысы – тіл, образ, музыка. Өзінде осының үшеуі де болды. Жастардың өлеңдерін оқыса, осы үш ұстын тарапынан сөйлейтін, бағалайтын. Ол кейінгі ақындардың бәрін оқыды. Бәріне ерінбей өлеңдері туралы пікірін айтты. Жарыққа шығуына көмектесті. Сынады. Қатты айтқан кездері де болды. Алғырттықпен басында түсінбегендер, кейін Аманхан ағаның айтқан сындарының бәрі орында екеніне көз жеткізді. Бір мақаламда Аманхан ағамның Мәскеуде оқығанын ылғи сөз қылатынын айтып қалыппын. «Мені айтып жатыр ғой, білем» депті. Өзіме бір ауыз сөз айтқан жоқ. Еш ренжімепті де. «Дұрыс» дейтін көрінеді. Бұл да бір кеңдік. Әйтпесе, жарты ауыз сөзіңе жарты ғұмырына дейін өкпелеп жүретін ағаларымыз да бар.
Аманхан ағаның айы туралы сыншылар да, ақындар да көп айтты. Оны айтып неғылам. «Жариямайдайын» оқып отырып, мына өлеңіне кезіктім.
Кешір мені, кішкене күйгелегім,
Сен емес, өзгені мен сүйген едім!
Бола алмай ие албырт, от күйіме,
Байқаусыз көзім түсіп кетті үйіңе.

Қалғандай қызығына сырдың
жарап,
Сен маған терезеңнен тұрдың қарап.

Көзіміз көзімізбен түйіскенде,
Күй кештік келетұғын сүйіскенге!..

Бүгінде соның бәрі ертегідей,
Көңілдің қылын сыршыл
шертеді кей.

Көрсетпей қалдың сонда
өзің қарым,
Кеш білдім, менде сендік
сезім барын…

Бүгінде түсіп жүрсің жиі есіме,
Бұл деген – махаббаттың киесі ме?!

***

Жалғызды сағыну

Жалғыз арқар.
Жалғыз оқ.
Жалғыз құздың басында –
Селт етпейді боранға,
Селк етпейді жасынға.
Мұңлы қоңыр жанары бір жанады,
бір өшіп,
Ажалына сүйеніп, қатып қалған
сіресіп.
Жәркен Бөдешұлы.
«Құбылыс» жыр жинағы. 2009 жыл

Бұл – Жәркеннің «Жалғыз» деген поэмасынан үзінді. Кіріспесінде шайыр былай дейді: «Ғұлама таулардың тұрғыны – арқар, құлжаны кәнігі мергендер күзде, тек қана күзде аулайды. Жауынға бөртіп, шыққа шыланып піскен қара жусанды қарпытып, тасты жарып шыққан мөлдір бұлақпен шөлін басқан еркін, қамсыз хайуандар, қуатты, қоңды шіркіндер мергеннің қақ жүректен көздеп атқан тосын оғы дөп тигенде былайғы аңдардай бірден құлап түсіп, жан тәсілім етпейтін көрінеді. Қойдың құмалағындай қорғасын оқтың уы ұлы денесіне тегіс жайылып болғанша сағаттап, тәуліктеп жылжымай қарысып тұра береді екен. Мұны ежелгі аңшылар қауымы «оққа сүйенген жалғыз арқардай» деген тәмсіл арқылы еске салады».
Бұл тақырып оқырманға түсінікті бола түсу үшін айтылған түсіндірме сөз. Жәркен ағамыз аңғал еді. Жетпіс жылдығында осы сахнада өлеңдерін оқыдық. Балаша қуанды. Кейде 47-кабинетке өлеңдерімді теріп берші деп келетін. Өзі оқып отырады. Мен теріп отырамын. «Осы сен екеумізде ұқсастық бар» дейді. Ағамыздың барлық жастарға айтатын сөзі екенін кейін білдім. Онысын және риясыз айтады. Неше рет мемлекеттік сыйлыққа түсті. Соңғы рет «құлағанынан» кейін: «Аға, сізді онсыз да біз жастанып оқимыз. Бізден кейінгілер де сөйтеді. Әлдеқашан халықтың ақыны болдыңыз. Соған түспей-ақ қойыңыз» деймін. «Осы сен дұрыс айтасың. Болды сен айтқандай істеймін» дейді тағы. Бұл сөзі де өзінен кіші інілері білгішсінгенде өзімсініп айтатыны екенін кейін білдім. Осындай әділетсіздіктерді көп көргеннен кейін бе, ағамыз жасықтау сияқты көрінді. «Сіз Жәркенсіз ғой» деп қайрап қоямыз. Аңғал ағамыз тағы да сенікі дұрысқа көшеді. Соңғы рет сұхбаттасқанымда жүрегіне батқан мұңдарын айтты. Жақын араласқан жандардың, жанына жуық болған жастардың бір шамасы білетін жағдай. Бүгін сол ағаларды сағынып отырмыз. Тазалығын, аңғалдығын. «Осы сенікі дұрыс, сен айтқандай істеймін» дейтін қазір кімің бар? Ол жалғыз еді. Мемлекеттік сыйлық оған енді, тіпті керегі жоқ.
Жоңғар құмын омбылап,
Сары-Арқаға жеткенше –
Қияметтей жол жүрдім.
Өкпемді қарып ыстыққа,
жүректі аяз, тоңға ұрдым.
Адамша ерлік жасадым,
бұралқы иттей болдырдым.
Өмір сүрдім дегенім –
тырағай тірлік, тірі егес.
Тек өлген соң боламын
құбылмалы құр елес.
Алабөтен тағдырым
Такламакан шөліндей жазы ыстық,
қысы аяз.
Қабірімнің басына сексеуіл өсер,
гүл емес …
Жалғыздыққа сүйенген,
Мен де – жалғыз арқармын.
Жалғыз өлең дарыса,
жүректегі тарқар мұң.
Жырдың уы бойыма
жайылғанда өлермін,
Өзі айтады үкімін келер ұрпақ,
келер күн.

***

«Темірқазық, айналайын, қозғалма»
Заман – өзен, талай толқын
озды алға,
Озады ғой, оған, сірә, сөз бар ма?
Темірқазық, біздікі жөн бәрібір,
Темірқазық, айналайын, қозғалма.

Есенғали Раушанов
«Шолпан жұлдыз туғанша» жыр жинағы. 1988 жыл

Анау бір жылы «Сөз энергиясы» деген форум астанада өтіп, сонда жиналған қауымның бір тобы Бурабайға, бір тобы Баянауылға аттанған. Біз Баянауылға баратын топта болдық. Қазақтың ақындарынан Есенғали Раушанов, Исраил Сапарбай, Серік Ақсұңқарұлы, Бақыт Беделхандар болды. Және орыс, фин, қытай, армян, белорус әдебиетінің өкілдері һәм Хамит, Нұртас, Еламан, Бекзат, мен сынды майда пашақтар.
Астанадан Баянтауға шыққан жол бойы Есағаң мен Исраил аға өзбек поэзиясы туралы сөйледі. Исраил аға Әуезовтің Ташкенттегі ғашығымен жазысқан хаттары туралы айтты. Есағаң Мұқағали, Сағидың өлеңдерін оқыды. Біз – тыңдаушы. Ағалардың өзіне дейінгі ақындарды жатқа оқығандарына қызықтық. Сонда Есағаңның бір қасиетіне тәнті болдым. Осында отырғандардың бәрі о кісінің ақындығын тәуір біледі, жақсы көреді ғой. Ол кісі керемет ұйымдастырушы да екен. Бір кеште әңгімеміз ауа жайылып, біртүрлі соқпақтарға түсе бастады. Есағаң дереу тоқтатып, осында жастар отыр, солар бірдеңе естиік деп келді деп орыстарға Толстой шығармашылығынан тартып сұрақ қойып, қытай мен финдерге ағылшынша сөйлеп, әңгіме ауанын әдебиетке бұрды. Отырыстардың бәріне қызу араласып, кім не сөйлейтінін бағыттап отырды. Содан далаға шықсақ, түнгі аспан шайдай ашық. Жұлдыздар самсап тұр екен. Содан кеп жұлдыздар жайын айтсын. Шолпанның таңда шығыстан туатынын білетін едік. Сонда Есағаңның аузынан кей жылдары батыстан туатынын естідік. Қазақ ол жылы жұт болады дейді екен. «Шолпанның батыстан туғанын көрдім, бірақ жұт болған жоқ» дегені есімде. Темірқазық жайында, Үлкен, Кіші аю, Ақбозат, Көкбозатты да сөз етті. Аңызымен айтты. Бір жұлдыз жайын білейін деп арнайы Талдықорған жаққа барып, бір қариямен сөйлесіп, бір мәселеге келісе алмай қалғанын айтты. Келіспеу жағы жұлдыз жайында, әрине. Кейін әлгі қарттың ұялы телефон соғып, әкесінің кешірім сұрағанын, қателескенін жеткізіпті. Біз тағы айта берсе деп тұрдық. Форум бір апта өтсе де, сол бір түнге жететін басқа күндері оқиға да, әңгіме де мен үшін болған жоқ.
Мына бір «Түнгі жырын» енді біз аспанға емес, ақынға қарата оқып тұрмыз.
«Жетіқарақшы – жеті жұлдыз
Ақбоз, Көкбоз – екі жұлдыз…»

Жеті мәрте айтқан сауап бір деммен,
Жекенді су сыбырлады іргемнен.

Мен де ішімнен сыбырладым
жеті рет,
Құмға еңкейді құс жолының
шеті кеп.
Аппақ болып шыға келді астары,
Қара шапан тігісінен сетінеп.

«Ақбоз, Кекбоз – екі бірдей күлігім,
Тақымында кетпесе екен ұрының» –
Үн келеді құлағыма қиырдан,
Жарып өтіп моторлардың гүрілін.

Бүгін айдың жаңасы,
Қызыл бидай бас тартыпты, қарашы.
Үркер-ағам тас түйін боп бөлек тұр,
Сапарына аттанады-ау, шамасы.

Темірқазық, кеңеселік, кел, кәні,
Сол орныңнан тұрсың қарап
жерге әлі.
Ескі жұрттан тапжылмайтын
ғұмыры,
Мен секілді қасқасың-ау сен дағы.

Заман – өзен, талай толқын
озды алға,
Озады ғой, оған, сірә, сөз бар ма?
Темірқазық, біздікі жөн бәрібір,
Темірқазық, айналайын, қозғалма.

P.S: Дерриданың «мәтіннің иесі автор емес, автордың иесі мәтін» деген пайымы осы бес ақынымызға енді тура келгендей. Мектептегі әдебиет пәнінен сабақ берген ағайымыз: «Бір ақын өлеңдерін өлгенше өзі сүйрейді, бір ақынды өлеңі сүйрейді» деген сөзді жиі айтушы еді. Бұл, сірә, уақыттың еншісіндегі төрелек болса керек.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір