Жұлдыз Мұқағалиұлы: «Ақиқатпен достасып, жыр сомдады»

– Ұлы адамдардың өмірі мен шығармашылығы кімді болса да қызықтыратыны рас, дегенмен әкеңізбен арадағы қимас сәттер туралы айтып берсеңіз?
– Балалық шақтағы көрген, өзіңе тікелей әсер еткен кейбір көріністер сенің өмір бойы анық-қанығы суреттермен есіңде қалады. Ал кейін естияр шағыңда соларды көз алдыңа елестете отырып, көп нәрсеге ойыңды тұжырымдайсың, әкенің мән болмысы, кейбір жеке қасиеттері туралы тереңірек білгендей боласың. Сол әке туралы балалық шақтағы көріністер, өзің айтпақшы, қимас сәттерімнің бастауы сол өткен ғасырдың 1950 жылдардың басында Қарасаз аулындағы мен білетін екі бөлмелі қазақтың қарапайым қожыр тамынан басталатыны сөзсіз. Ауылдасы, өнердегі інісі ақын Еркін айтпақшы: «Үй иесін сұрасаң – Мұқағали, екі-ақ бөлме қара там, жұтаған үй». Бұған қосарым бұл баспана – әкемнің өнерге деген алғашқы тұсауын кескен орта, негіз, бастау ретінде көрінеді маған. Екі бөлменің бір бөлмесі әкемнің өзі жинаған кітаптары мен газет- журналдарға толы болатын. Қазақтың қара аулында өскен балаң жігіттің сол қара тамға жинаған рухани байлығын зерттеп, қажетті рухани азығын алып, басқаның еш көмегінсіз, тек өз қабілетімен сол байлықты өзі игергені мені күні бүгінге дейін таңғалдырады! Бұл «жұтаған үйдің» іші қазақ өнеріне қаншама байлық және соларды тудырған өнер киесі, алып ақынды алып келді десеңізші!
Жалпы, әкем мына жалғанда тағдыр теперішін де, жанын жадыратар қуанышын да молынан көрген адам. Өзі куәгер болған, сол болмыстың түнекті және шуақты тұстары туралы оның айтқандары есімде қалыпты. Сол естеліктерінің екі өзекті тұсы – әжесі Тиын мен соғыс жылдарына тұспа-тұс келген балалық шағы туралы ол аса тебіреніспен, аса толқыныспен еске алатын.
Қарауытып көз алдым, қарап тұрмын досыма,
– Қарлығашым, қайта орал мекеніңе, шошыма.
Әжем менің күйбеңдеп, күбірлеп жүр аулада,
– О, бәтшағар өмір-ай, өмір дейтін осы да!..
Осы өлең шумақтарында «күбірлеп» жүрген әжесі – сол Тиын әжеміз. Ол қазақтың қасиетті әйелі өз бойындағы тума қасиеттерін немересіне молынан беріп кетті, тәрбиеледі, ақын ретінде сезімдерін қанаттандырды, ұштады, жырларына арқау болды.
Әкем көзі тірісінде: «Біз – балалық шағы соғыста соқаға жегілген көнбіс ұрпақтанбыз», – деп отыратын. Ол неміс солдатына айтқан жырында:
Соғыстан соғыс…Соғысқан кімдер?
Есіңде, досым, сені мен біздер.
Болса да ісің ағат тым,
Амал не, маған оқ аттың.
Соғыстан соғыс…Қаусаған кімдер?
Есіңде, досым, сені мен біздер.
Гитлер қару әперді,
Өлтірдің менің әкемді.
Оның сөз тебіренісінен сол зұлмат шақтың ауырлығы, санасына айықпас жара салғаны сезіліп тұратын. Өзімен құралпас құрбыларымен кездескенде, сол кезді олармен ауызекі сөйлескенде, тұнжырай еске алатын. Бірақ сол ел басына төнген зұлмат оны шыңдады, өз жырларымен соғыс салған нәубетті кейінгі ұрпақтың да сезінуіне ықпал етті.
– Жұлдыз аға, әкеңіздің ұрпақтары туралы, олардың ақын мұрасын зерделеуді жалғастыруға талпынысы мен қызығушылығы жөнінде айтсаңыз?
– Ақын ұрпақтарына келсек, әкеден алтаумыз дүниеге келдік. Алғашқысы Ләззат деген нәресте болды, өкініштісі, сәби шағында шетінеп кетті. Екіншісі Майгүл атты қыз болды, 1964 жылы Алматы қаласында жол апатынан қайтыс болды, одан соң 1953 жылы мен туылдым, менен соң Алмагүл және Шолпан атты тәтелерің бар (1957ж., 1966ж. туғандар). Бұдан басқа, Айбар атты ағаларың бар, 1960 жылы туған, көп жылғы аурудан өмірден озды. Майгүл мен Айбар әкеміздің көптеген жырларына арқау болды: кенеттен дүниеден қайтқан Майгүлін жоқтады, Айбарымен үлкендерше сыр бөлісіп, шүйіркелесті.
Өзіме келсем, 1953 жылы дүниеге келдім, әкем дүниеден озғанда (1976 жылы) ес тоқтатқан 23 жастағы жігіт шағым болатын. Менің тікелей қалыптасуым үшін әке пейілі зор әсер етті: өзі сүйген кітап дүниесін маған да сүюге үйретті, дүниетанымым кеңейді, туған тіліңді, дініңді, халқыңды құрметтеуді бірінші әкемнен үйрендім, тарих қойнауына кеткен кеңес заманының «көлеңкелі» жақтарын әкемнен естідім, заңгерлік мамандықты әкемнің қалауымен таңдадым және оған ешқашан өкінбеймін.
– Тікелей ақын ұрпағы болғандықтан, қазақтың қара өлеңінен өзіңіз де қара жаяу емес шығарсыз?
– Мезгілдік басылымдарда өлеңдерім басылып тұрады, 2016 жылы «Әке сарыны» атты айдармен жыр жинақтарым жарық көрді. Ал, жалпы, ақын ұрпағына келсек, әкеміздің шығармашылық мұрасын халық арасында дәріптеуге өзім де, жұбайым Бақытгүл де, қарындастарым Алмагүл мен Шолпан да, отбасымыз да қарап отырмай, өз шама-шарқымызша қатынасып отырамыз. Әкеміздің шығармашылығына халық ықласы ерекше, оған біз – халық шапағатын кеңінен сезінген ақын әулеті куәміз.
Бұл жалғанда тағдыр тәлкегіне мойымай, биік мақсатыңа, өз орныңды табуыңа адал болу, мойныңдағы халық парызын адал өтеу, жүректегі ар-намыс деген қасиеттерді жоймай, биік ұстауды, пендешілікке бой алдырмай, адами қасиеттерді ұстануды әкем өз бітім-болмысымен, артында қалдырған өз өнегесімен біздерге – тікелей әулетіне және кейінгі ұрпаққа үлгі етіп, көрсетіп кетті.
Дана халқымыз «ұлы тұлғаның қасиеттері жеті ұрпақтан кейін міндетті түрде қайталанады» деген қанатты сөз қалдырып кеткен. Иншалла, ылайым солай болсын, болашақта бұл қағида да өз орнын табар деген үміттеміз.
– Биыл ұлт ақыны Абай атамызға 180 жыл. Әкеңіздің ұлы ақынға деген көзқарасы қандай еді?
– Жыр жазар алдында әкеміздің жазу үстелінің үстінде Абай бабамыздың бюсті тұратын (музейінде бар). Соған қарап, әкем бүгін жазылатын жырдың барысы қалай боларын өзінше алдын ала болжайтын: «Бүгін шалдың кейпі ашық-жарқын, Алла жазса, жақсы жыр туатын шығар» дейтін, ал кейде: «Бүгін шал маған кейістікпен теріс қарап тұр, жыр барысы не болар екен», – деп қобалжитын. Өз жырларының пәрменділігін әкем қандай деңгеймен өлшейтінін, оның Абай бабамызды қалай құрметтейтінін осы қарапайым мысалдан-ақ байқауға болады. Абайға деген өз көзқарасын, құрметін ол мына өлеңінде анық көрсетіп тұр:
Қуат алып Абайдың тіл күшінен,
Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.
Абай болып табынсам бір кісіге,
Абай болып түңілем бір кісіден.
Өлмеу үшін, құлқынды жемдеу үшін,
Мен-дағы өлең жазбаймын ермек үшін.
«Жаздым үлгі жастарға бермек үшін»,
Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін.
Осы орайда, екі жыр алыбының мәнін ашпақ болып талпынған ұрпағы менен де бір өлең жолдары туындады, қабыл алыңыздар:
Екеуін де толғантқан қазақ дерті,
Шипа болу халқына мақсат-серті.
Ой-сананы жырлары оятады,
Түйсігі бар жүрекке сырын шертіп.
Ескірмейді екеудің жыр жолдары,
Ескірсе де басқаның том-томдары.
Қара өлеңді ту еткен екі алып,
Ақиқатпен достасып, жыр сомдады.
Хакім Абай нақылмен ой қосады,
Ақын Мұқаң мұңдасып, сырласады.
Айтыңдаршы, дүйім жұрт, келер ұрпақ,
Қара өлеңде енді орнын кім басады?
Ұлықтайық оларды, ұмытпайық!
Жіпсіз байлау бұл – жалған, үміт-қайық
Абай мен Мұқағали салған жолмен,
Ізгілікке жол тартып, жуықтайық!
– Ақиық ақын өлеңдеріне қазақтың көптеген сазгерлері ән жазды, солардың ішінде сіздің жүрегіңізге жақыны қайсысы?
– Әкеміздің поэзиясының бір ерекшелігі – оның жыр шумақтарының сырт көзге қарапайым, жеңіл көрінгенімен олардың құрылымының сұлулығы, ықшамдылығы, мәнділігі, астарлылығы, ырғақтылығы, саздылығы, Ақын өлеңдері осы қасиеттерімен сазгерлердің тудырған әндеріне өзі-ақ сұранып тұрады. Сондықтан шығар ақынның өлеңдеріне сазгерлер ән шығаруға әуес, тіпті оның бір өлеңіне бірнеше сазгердің ән шығаруы, ақын шығармашылығында жиі кездеседі. Әулетіміздің басқа мүшелерінен оларға әкемнің қандай өлеңдеріне арналған әндері ұнайтынын өз басым түстеп сұрамаппын, ал өзіме жеке ұнайтыны, әкеміздің сөзіне жазылған Нұрғиса атамыздың «Саржайлауы» және Г.Дәукенованың «Жігіттер» тобы айтатын «Күрең күз» әні.
– М. Мақатаев атындағы Халықаралық қоғамдық қор ақын мұрасын зерттеуде, шетел тілдеріне аударуда, есімін халық жадында мәңгі қалдыру мақсатында қандай жұмыстар атқаруда?
– М.Мақатаев атындағы Қоғамдық қоры 2005 жылғы 25 қараша күні құрылған. Қордың президенті, ақынның келіні, жұбайым – Бақытгүл Қыдырбайқызы. Қордың негізгі мақсаты –
М.Мақатаев мұрасын жан-жақты зерттеп, насихаттап халықтың сұранысын қанағаттандыру. Ғылыми-теориялық конференциялар ұйымдастырып және оны өткізуге атсалысу. Ақын шығармаларын қайта бастыру және халыққа тарату ісіне бас-көз болу. Қордың атынан, жоғары оқу орындарындағы дарынды студенттерге және ақын атындағы гимназияның озат оқушыларына ақынның мерейтойларына орай, стипендиялар тағайындау. Мұқағали шығармаларын дарынды аудармашылардың аудармалары арқылы әлем жұртшылығына таныстыруға ықпал ету.
Қордың ұйымдастыруымен 2011 жылы ҚАЗақпарат баспасынан ақынның орыс тіліндегі аудармасы жарық көрді. Мақатаев шығармашылығын зерттеуге ынта қойған білімді азаматтар қатары жыл өткен сайын арта түсуде. Олардың бір қатары ғылым кандидаттары мен ғылым докторлары атануда. Көпшілік оқырмандардың сұранысына байланысты ақынның «Өмірдастан», «Өмір-өзен», өзінің күнделік-кітабы, «Жырлайды жүрек», «Қарлығашым келдің бе?», «Шуағым менің» және бірнеше жыр кітаптарын, ақын мен оның жұбайы Лашынның жазған естеліктерін қосып, «Күнделік» деп аталатын жинағын шығарды. Қор 2008 жылы ҚХР-дың Үрімжі қаласындағы «Жаңа әуен» продюсерлік орталығымен бірлесе отырып Қытай елінде «Поэзия, менімен егіз бе едің» атты жыр кешін өткізді. 2011 жылы «Жібек жолы» баспасынан Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қорының демеушілік көрсетуі арқылы ақынның таңдамалы жинағын шығарды, жыл сайын 9 ақпан күніне Республика сарайында ақынның туған күніне орай, ән-жыр кеші өткізіліп тұрады.
Қордың қорытып, қысқаша айтқанда, жұмысы осы және оның осы шараларына мұрындық болып, ыстық-суығына көніп, белсене араласып жүрген менің өмірлік серігім Бақытгүл Қыдырбайқызы болып танылады.
Сұхбаттасқан
Жүніс ОМАР