Ораза кезінде қалай тамақтану керек?
16.05.2022
442
0

Исламның бес шартының үшіншісі – Рамазан айында Ораза ұстау. Айлардың сұлтаны болған Рамазан айында, барша мұсылман қауымы Ораза тұтып жатқаны көпке мәлім. Сондықтан «Ораза кезінде қалай дұрыс тамақтану керек, қандай тағамдар адамға күш береді, қандай ас-ауқаттан бас тартқан абзал?» – деген көкейде жүрген сауалдарға диетолог маман Жанна Нұрбергенқызы жауап береді.
Диетологтың айтуынша, Ораза ұстау адам ағзасы үшін өте пайдалы. Ең алдымен ағза тазарады. Медицинада, жалпы диетология саласында «интервалды ашығу» деген ұғым бар. Ораза кезінде интервалды ашығу болады. Сәйкесінше, адам 18 сағат бойы тамақ ішпейді. Қалған 6 сағат ішінде ғана нәр татады. Демек, адам ауыз ашар кезінде аз-аздан тамақтануы керек, бірден тойып алуға болмайды. Ауыз ашарда ең алдымен су ішіп, кейін жеңіл тамақ, мысалы, салат жеу қажет. Суды неліктен ішеміз? Суды күні бойы тамақ жемей, кешке ғана тұтынғандықтан, артық майлар, шлактар жиналып қалады. Біз осы артық заттарды өттен шығару үшін суды көбірек ішуіміз керек. Алдымен салат жеп, кейін 10-15 минуттан соң ыстық тамаққа көшу қажет. Бірден ыстық тамақ жеп, ағзаға ауырлық түсірмеген жөн. Осылайша, аз-аздан бірнеше рет тамақтанған дұрыс.
Мәзірде міндетті түрде ақуызға бай тағамдар болғаны дұрыс. Мысалы, ет, жаңғақтар, бұршақ дақылдары, ботқалар, көмірсулар. Көмірсуды екіге бөлеміз – күрделі және жай. Жай көмірсу – тәттілер, ақ ұннан жасалған тағамдар. Ораза кезінде күрделі көмірсуларды көбірек тұтыну керек. Керісінше, жай көмірсуларды азайтқан дұрыс. Адамның ағзасына, миына энергия беретін жай көмірсулар, яғни тәттілер. Адам неліктен тәтті жей бергісі келеді деп ойлайсыздар? Өйткені бірінші кезекте тәттілер адамның миына энергия береді. Бұл тек уақытша құбылыс, сол себепті тәттіні көп мөлшерде жемеу керек. Сол себепті жай көмірсуларды күрделі көмірсулармен алмастырған жөн. Оған ботқаның барлық түрі, көкөністер мен жеміс-жидектер жатады. Сонымен қатар пайдалы майларды да тұтынуды ұмытпаған абзал. Пайдалы майлар құрамына малдың майы, ас қорытуға көп көмегін тигізетін сұйық майлар, яғни зәйтүн майы, күнжіт майы, ішектің жұмысын жақсартатын зығыр майы жатады. Газдалған сусын асты қорытады деген ұғым қате. Майонез, кетчуп, фасфуд және қуырылған тағамдарды тұтынбаған дұрыс. Дұрыс тамақтану кезінде майға қуырылған тамақ жеуге болмайды. Майды тек дайын тағамға, салатқа қосамыз. Өйткені, майды қуырған кезде оның құрамындағы пайдалы қасиеттері жойылып, оның бәрі зиянды затқа айналады. Қуырылған майдың құрамында канцероген болады. Ал ол адам миының жұмысына кері әсерін тигізеді. Оразада ғана емес, мысалы, адамдар ет жегеннен кейін міндетті түрде газдалған сусын ішсек, асымыз тез қорытылады деп ойлайды. Ол – қате ұғым. Газдалған сусындардың құрамында зиянды қанттар (жасанды қоспалар) болады. Мұндай сусындарға табиғи қант қосылмайды. Жасанды қанттардың адам ағзасына тигізетін зияны көп. Бірақ ДДСҰ мұндай қоспаларды қосуға рұқсат берген. Алайда оны адам айына, не жылына бірнеше рет ғана ішсе, ағзаға зияны болмайды. Ал күнделікті тамақтан кейін ішсе, ол зиянын тигізеді. Сол себепті газдалған сусындардың орнына су, газдалған минералды су және лимон қолданса, тамақ анағұрлым жақсы қорытылады.
Сәресіде тамаққа тойып алуға болмайды. Жалпы асқазанды қатты тойдырмаған жөн. Адамдар тойғанша тамақ жеп, «күні бойы тоқ жүремін» деп ойлауы ықтимал. Алайда ол дұрыс емес. Керісінше, сапалы тамақ жеу қажет. Яғни сәресінде көмірсуді азайтып, майлар мен ақуыздарға көбірек көңіл бөлу керек. Мәселен, шұжық, жылқының еті, жұмыртқа, қолдың сары майы қосылған ботқа жеген дұрыс. Күнделікті өмірде спортпен күннің бірінші жартысында айналысса, ал Ораза ұстаған айда күннің екінші жартысында спортпен шұғылданған абзал.
Ораза кезінде артық салмақ қоспау үшін не істеу керек? Артық салмақ қосудың тағы бір себебі – асқазан аурулары, гормоналды бұзылыстар. Дұрыс тамақтанса да толып кететін адамдар бар. Бұл ішкі гормондардың бұзылысынан болуы мүмкін. Одан бөлек, ұйқының бұзылуы да артық салмақ қосуға себеп болуы мүмкін. Өйткені адамда физиологиялық ұйқы деген болады. Түнгі сағат 23.00 мен таңғы сағат 04.00-05.00 арасында ағзамызда кортизол гормоны бөлінеді. Бұл гормонның жұмысы кезінде адам қараңғы бөлмеде ұйықтап жатуы керек. Егер адам осы уақытта ұйықтамаса, онда стресс гормоны деп аталатын кортизол басқа гормонға «тиісіп», ағзада өзгеріс болады. Осыдан адамда артық салмақ пайда болуы мүмкін.
Сонымен қатар адам ауызашардан кейін бірден ұйқысы келіп, шаршағаны қатты біліне бастайды. Адам тамаққа тойып алғаннан кейін ұйқысы келеді. Мұның себебі – дұрыс тамақтанбау. Яғни адам қарапайым көмірсуді (ақ ұннан жасалған тәттілер, бәліш) шектен көп тұтынғанда, адам әлсіреп, ұйқысы келеді. Мұны болдырмас үшін ақуызды, пайдалы майларды (күрделі көмірсулар) көбірек тұтыну қажет. Маман тамақтанып алғаннан кейін асты қорыту үшін серуендеу қажет екенін айтты.
Қасиетті Рамазан айында ауыз бекіткен барша мұсылман қауымға айтарымыз, диеотолог маманның кеңесіне назар салып, ораза тұту кезінде дұрыс тамақтанып, денсау­лығыңызға зиян келтіретін ас-ауқат­тан бас тартқан жөн. Ораза қабыл болсын, жамағат!
Дайындаған
Жанна АҚБЕРГЕНҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір