Қазақ пен Қабылхақтың қаһармандары
28.04.2022
1290
0

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ

Қазақтың көл-көсір тарихының қай қақпасынан кірсеңіз де – жаныңызды шүберекке түймей отыра алмайсыз. Марқайып, масаттанатын уақыт аз. Қашан да аттың жалындағы, түйенің қомындағы қазақ. Айласын тауып, жауына айбат көрсеткен кезінен қарағанда қапыда қалған сәті көбірек сияқты. Ащылау, мұңдылау тарих.

Сондай бір мұңды күндердің қатарына барып жайғасқан Қаңтар қасіретінен кейін Әлкей Марғұланның өмірі мен шығармашылығына бас қоюдың реті келген. О баста өзі жастайынан жаттап өскен қазақ эпосының тарихына бойлап, әдебиетші болмаққа талпынған Әлкейдің кенет археологияға бет бұруының сыры неде? Рас, Карл Байпақов айтқандай, Әлекеңнің археолог болуының тарихи себептері болды. Ол – қазақ тарихын эпос арқылы білді, жаттады. Енді оны заттай қолға ұстатып, ғылыми дәлелдеп, қазақ даласының «түпті қиянын» жазбақшы. Беғазы-Дәндібай мәдениетін, қола дәуірі кезеңіндегі ескерткіштерді зерттеу арқылы сол асыл мұратына қол жеткізді. Қазақ байтағының шежіресі ықылым замандардан бастау алады екен. Бұл ең алдымен Әлкей Марғұлан сияқты қажымас ғалымның тынымсыз еңбегінің жемісі тұғын.

Оның дипломдық жұмысы – Абай хақында, кандидаттық зерттеуі – қазақ эпосы. Мұхтар Әуезов сынды аға-досы­ның кеңесімен әдебиет тарихын зерделей берсе, ұшан-теңіз еңбек атқарар еді. Бірақ оған 1938 жыл мүмкіндік бермепті. Ең алдымен Мағжанның жақын сырласы болғаны үшін қудалады. Абақтыға жапты, жындыханаға түсірді. Мағжанға тергеуде: «Әлкей Марғұлан деген студентпен таныс екенсіз. Ол қайда?» – деген мағынадағы сұрақ қойылғанда: «Ондай адамның болғанын білем. Бірақ ол қайтыс болып кеткен» деп жауап беріпті. Әлкейді іздемесін деген ой. Сол себеп пе, әлде қазақ ортасынан алыста – Петерборда жүргендіктен бе Әлекең сол зұлмат күндерден аман шығады. 1938 жылы Алматыға келіп, КСРО Ғылым академиясының филиалына жұмысқа тұрып, енді газет бетіне жиі жарияланатын әдеби жұмыс емес, археологияға бет бұрады. Тыныштық үшін. Амандық үшін. Бір естеліктер бұндай кеңесті Әлекеңе Қаныш Сәтбаев берді дейді. Өзі де Тарих институтын тәмамдаған еді.

Ширек ғасырға жуық бас болған Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы кезінде жинаған бар материалын, жасаған картасын бір күнде «үптеп», өзіне дұрыс жұмыс істемей отыр деген айып тағылып, тағы қуғындалады. 1947 жылы М. Ақынжанов пен Ә. Тұрсынбаевтың «КазПравда» газетінде Марғұланды айыптаған мақаласы шығады. Айыбы тарихты «бүлдіріп» жүр екен. Бұл Әлкейге көзапара жасалған қиянат еді. Ақыры өзінің тағы сол ыждахат, ұқыптылығы себепті аман қалады.
Бір ғалымның өмірі арқылы сол дәуір­­дің сұрқай келбетін көрдім. Зұлым саясат­тың қазаққа жасаған қастандығына налыдым. Айтқандай Марғұланның үстінен арыз жазған тарихшылардың бірінің ұлы кейін Әлкейдің шәкірті болды.

Сөйтіп отырып, Тұрсынбек Кәкішевтің Мағжанына өттім. «Мағжан – Сәкен – Сәбит» үштігі арқылы репрессия жылдарындағы қазақ зиялыларының қарым-қатынасына көз салдым. Бәріңіз естіп, оқыған жайт. Қайталап айтар түгі жоқ. Өкіндірер, аһ ұрдырар сәттер…

Дерекке сүйенген Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным Алашы», Жайық Бектұровтың естелігіндегі Мағжан, белгілі ғалым Сағымбай Жұмағұлов құрастырған «Естеліктегі Алаш». Іркес-тіркес оқылған, қайта парақталған дүниелерді тарихтың бір қақпасы десеңіз, қай-қайсысында да толқымау, тебіренбеу мүмкін емес еді.
Жетісу жерінде ғылымның шамын жақ­қан Маман балаларының өзгеден озық ойы отарлаушы елге жақпапты. Тағы да сол қазақты бай мен кедейге бөліп, кедей дегеніне көсеу ұстатып бақ­ты. Ыбырайым Мамановтың естелігін оқы­ғанда өзегің удай ашиды.

Айткеш Толғанбаевтың тағдыры. Қазақтың ғажайып музыканты. Ырғызбай тұқымы. Құнанбай зәузатының тарыдай шашылып, арып, тозған тағдыры, тауқыметі бүгін қай қазақ баласын қан жылатпайды. Жұмабай Шаштайұлының: «Біз Абай әкелген мәдениетті ұстап тұра алмадық» деп өкінетіні бар. Полковник аралында бір түнде жетпіс адамды соттың шешімінсіз атып салған кімдер? Арасында Абай, Оразбай тұқымы кетті.
Арада біраз үзіліс өтсін. Ендігі қолыма алғаным – Әбіш Кекілбайұлының «Ұйқыдағы арудың оянуы». Патшалық дәуірдегі ел тағдыры. Маңғыстау түбегіндегі қазақтардың бастан кешкен алмағайып күндері. Күшті елдердің саясатына ырық бергісі келмесе де, күштеп көндірген жылдар. Бұйдаға көнбей, біресе Үстіртке, біресе ойпатқа, біресе Арал маңына, одан жоғары кетсе Жем, Жайықты паналаған өр қазақ. Бірақ түркіменмен де, орыспен де алысып жүріп, көрмеген қиындығы аз.
Бұл қазақ даласының әр тарапындағы, әр кезеңдердегі оқиғалар болғанымен, біртұтас қазақ дейтін елдің тағдыры еді. Ешқайсысын бөле қарауға болмайды. Бір рудың басына түскен зобалаң емес-тұғын.

«Егемен Қазақстанда» бірге жұмыс істеген, қазақтың белгілі ақынына айналған Ұларбек Нұрғалымұлы әңгімелескен сайын арғы бетте қалған әдебиетті айттып, гөй-гөйлей беретін. Ақындардың өлеңін оқитын.
Табанынан сыз өткен,
Кетті де қыс жөтеліп.
Кірді үйге қыз-көктем,
Қозы-лағын көтеріп, –
деп жырлаған Бәйтік Дүйсебайдың ғажайып өлеңдері қалайша қазақ поэзиясының айдынына қосылмайды дейді.
Ой-санамды қалың қиял қапталдай,
Өлең жүгі басты ұзақ жыл батпандай.
Жұманбайдың он жеті мың жылқысы,
Тар кеудемді тарпып қыстап
жатқандай, – деген Бердібек Құржықаевтың мына бір суреттерін қарашы дейді адамды елітіп. Мен шынымен де оқи түссе екен деп отырам. Өзім ол жақтағы Ерлан Нұрдыханұлы, Думан Бәзілжан, Мұрат Әуес сияқты ақын ағаларымның өлеңдерімен, Жұмабай Біләл сынды жазушының санау­лы әңгімелерімен таныс едім. Бір өтірігі жоқ, тура жеріміз сияқты арамызда шекара бөліп жатыр демесеңіз, ол жақта қазақ әдебиетінің үлкен бір мәуелі бөлшегі жатыр. Қалай да жоғалмауы тиіс дүние!

Ұларбек ағам: «Бір қазақ» деген жобам бар. Соны іске асырып, арғы бетте қалған қазақ қазынасын осында құям», – дейді. Мен әрине, құптаймын. Ақыры сол айтқанын жүзеге асырып, «Бір қазақ» деген баспа ашып, осы сериямен шетелдегі қазақ классиктерінің шығармаларын кітап қып шығаруды бастап кетіпті. Керек дүние! Қажет жоба! Атажұртқа келіп, етек-жеңін жинаған буын бас қосып, жоғын түгендей бастапты. Бұл қазақтың тарихта жоғалт­қаны аз емес. Енді қолда тұрған дүниеден осы күнде тағы қараптан қарап отырып, айырылуға болмайды. Солайша шыққан кітаптың алғашқысы – Қабылхақ Күлмесханұлының «Тұманды дала» кітабы.

Бұл да сол қазағымның қамырықты сазы, қайғылы хәлі екен. Енді Жетісу, Орталық, Маңғыстаудағы емес, Алтайдағы бауырымның тауқыметі. Сонау Маңғыстауда жауынан көше жүріп айқасқан, дұшпанымен көше жүріп алысқан адай мен Алтайдың қырат-жонын паналай жүріп, айдаһармен арпалысқан керейдің тағдыры бір емей не?! Қазақ жазирасының батысы мен шығысының арасын мекендеген балаларының тарихы осылайша астасып, бірін-бірі көрмесе де бір өмірді сүріп жатыпты.
Бүгіндері ұлт тарихын бүтін жоқтамай, әркім өз пұшпағының жоқшысы болып жүр. Қалай болғанда да жоқтаушысы бар тарих демесеңіз, адам көңіліне қаяу түсіретін жағдай деп қабылдаймын. Неге мен тек өз туған өлкемнің тарихын зерттеуім керек?! Түсініксіз. Маған Семей мен Маңғыстаудың тарихы қызық, мысалы. Лажы болса сіз де солай істеңіз. Мүлде бөлек өлкенің тарихын оқыңызшы, сонда сол аймақтың баласы бір туған бауырыңыздай көрінеді.

Қабылхақ Күлмесханұлының «Тұманды дала» деп аталатын хикаятын оқығанда, сол өлкенің тумалары түгел жақыным болып кетті. Ол қазақтың тағдыры еді. Бір жағынан өткенді мүсіркей қарайсың, екінші жағынан осынау талқыға толы тарихымызды ұмытып, білмей бара жатқанымызға өкінесің. Елісхан өзімнің атам, Әсия апам, Аңғалбай әкем, Зарлыхан өзім сияқты. Туысым – Құсыманның бөлек жара көшіп, жаудың ымырашыл өтірігіне алданып қалғаны да қабырғама батады.

«Тұманды дала» – шеберлік тұрғысынан мүлде бөлек шығарма. Біздің прозамызда шығарма тақырыбы мәтіннің поэтикалық әлпетімен астасып, қуаттасып жататыны сирек. Ілеу де біреу емес, бірақ аса талантты жазушылардың ғана шығармашылығында кездеседі. «Тұманды дала» тақырыбымен-ақ бау­райды. Жазушы кеңістікті суреттей отырып, уақытты да, адам болмысын, тағдырын да кеңістікпен астастырады. Бейне тұманға еніп бара жатып, жау­раңқыраған, арты желге, жаңбырға айналардай табиғатта отырғандай әсерде боласыз. Дала ғана емес, сана да тұманға айналғандай. Есіме Васиь Быковтың «Тұманда» деген соғыс уақытын бейнелеген шығармасы түсті. Быков суреттеп отырған табиғаты мен кейіпкерлерін тұтастандырып жіберетін. Кімнің жау, кімнің дос, кімнің сатқын екенін айыра алмай дал болатын кейіпкерлердің аянышты хәлі жүрегіңізді осып өтуші еді. Күлмесханұлының шығармасы да сондай бір әсерінен ұзақ уақыт айырмай, бойыңда тұрып қалатын, шебер жазылған дүние екен.
Бұл шығарманы арғы беттегі қалың қазақ оқырманы баяғыда-ақ таныған. Оқыған, білген! Бізге енді жетіп отыр. Шығарманы оқи салғанда-ақ өзіндік қолтаңбасы, мәнері сезіледі. Ол тарихи шығарма жазып отырған жоқ. Тарихты жазып отыр. Өйткені ондағы кейіпкерлердің бейнесі, қақтығысы, оқиғалардың шиеленісі тарихи сәттерден гөрі адам мінезін, тағдырын көберік ашады.

Хикаяттың жүгі бір романға татиды. Қытай патшалығының аз ұлттарға жасаған қысымына шыдамай Елісхан бастаған жантекей тобы мен Құсыман бастаған жәдік тобы Сарлықтауды паналап жүр. Неғұрлым үкіметтен алыс болған сайын жан тыныш болатындай. Бірақ үкімет қазақтарды қалай да бағындырып, уысында ұстағысы келеді. Осылайша бір топ шерік ерткен үкімет мүшелері (шығарманы оқысаңыз үкірдай, тәйжі, фулүйжаң, дүйжаң, шаңя, зәңгі деген арғы беттегі халыққа қытай патшалығының берген шен атаулары бар) қазақтарды қуып, тауға келеді.

Шығарманы бастан-аяқ баяндамай-ақ қояйын, осы бір-біріне сүйеу болған Құсыман мен Елісхан тобы болмашыға араздасып, екіге бөлінеді. Бұл қытай шенеуніктеріне, тіпті жақсы болады. Сөйтіп тауда өзеннің екі жағасын өрлей көшкен қазақ тобы мен артын қуған шеріктер боп, оқиға осы үш топтың арасында өрбиді.
«Тұманды дала» шығармасында автор ауа райы мен адамдардың көңіл күйін қатар суреттеу арқылы жалпы атмосфераны жақсы сезіндіреді. Жалпы арғы беттегі ағайынның сол кезеңдегі тағдырын бір тайпа ел арқылы ғана бере салған жазушының техникалық шеберлігіне тәнті боласың. Құдды дайын кино дерсіз. (Жалпы, Қытайдағы қазақтардың Тибет арқылы көшкен ұлы сапарын қалайда киноға айналдыруымыз керек). Бұл бүтін қазақтың тағдыры. Ал Қабылқақтың жазып отырған Елісханын, Құсыманын, Әсиясын, Қасайын, Бұқашын, Аңғалбайын, Мүбиләсын жеке де, жиынтық та бейне арқылы көруге болады. Оны оқырман қалай көргісі келеді, соған лайықталған.
Ю.Хуаның «Тірі жүр» романының көлемі шағын, ауқымы қандай кең болса, бұл «Тұманды дала» одан бір мысқал да кем емес шығарма. Көркемдік тұрғысынан да, идея, орындалу жағынан да шебер жазылған.

Артық шашауы жоқ, жинақы жазылған шығарма артына мол жұмбағын жасырған сәтпен басталады. Оқушысын алдағы айтылар жайттарға әрі ынтықтырып, әрі дайындайды. Жаудың келгенін жайбарақат қабылдап, жанындағы серігі мен хабаршының бойындағы қорқынышты сенімге айналдырған кейіпкердің (Елісхан) мінезі осы бір деталь арқылы күрт ашылады. Колариті мол тұлға екені анық.

Жазушы оқиғаларды шегініс, параллель суреттеу арқылы жік-жігімен алып шығады. Бұл шығармадағы қазақ батыр, өр, аңғал, арасында сатқыны да бар. Қазақылығын сақтаған, әлі қытай менталитетін түсінбейді. Олар да қазақты түсінуге тырыспайды. Аңғалбайды екі рет тұтқындағанда да қаза­қы тіршіліктің мағынасына барып отырған жоқ. Әрі отарлаушы қашан да – өктем. Азшылық үнемі – әлсіз.

Бұқаш – сатқындардың, жылпостардың жиынтығы. Қай кезеңде де ондай адамдар болған. Қандай формацияда да ондай адамдар жүрді. Бұқаштың қандай адам екенін жазушы Әсия кемпірдің ойы арқылы береді. «Өзінің ыңырсып айтатын жаяу-жортаң өлеңсымағы бар. Сөзінің дәм-тұзы болмаса да, кейде өкпені қытықтайтын қоздырма желі болатын. Бұқаштың бұрқылдаған түтіндей көп сөзінен осындай бірен-саран ілікке жарар шанышпасына бола той-томалақта жастар жағы оны ортаға алып, сөзге салатын. Әсия кемпір оның осындай езуі көбіршіген көп сөзділігін жаратпаса да, ұлымен ілесіп келіп жүрген баспанасыз азаматтың бірі болған соң, шәйін демдеп беріп, «қарағым, шырағым» деп отыратын». Бұқаштың бар болмысын осы сөйлемдерден-ақ көруге болады. Әлдеқандай оқиғаны айтар болса, «…қызы езу Бұқаштың жақсылыққа жәдігөйлік қылып, өз көңілін қатты қалдырғаны бар» деп шегініс жасап кетіп ол оқиғаны да қапысыз баяндайды. Негізгі оқиғаға зияны тимей, қайта кейіпкер мінезін, шығарма оқиғасын толықтыра түсетін бұндай сәттер хикаяттың өне бойында бірнеше мәрте кездеседі. Елісханның әкесі Әліптің қапы қалған сәті де осындай шегініс арқылы баяндалады.

Қабылхақтың қаһармандары үнемі қапы қалып жүреді. Қазақтың өзі сияқты. Әліптің қазасы, Елісхан ауылын шеріктердің шабуы, Құсыманның қолға түсуі – бәрі қапыда. Тіпті, қапылыста қамауға алынған Аңғалбайдың қолға түсуі тіршілік ситуациясымен байланысты болса да, қапыда болған жайт.

Шығарма іші Әсияның зарымен, Мүбиләнің көркімен, Ерекенің әлсіздігімен, Сабырбайдың ұстанымымен, Қожақынның ағайынгершілігімен, Зарлыханның ащы даусымен сан қырлы палитраға, мың түрлі бояуға ие болады. Арасында елеусіз ғана айтқандай, сипай суреттегендей болғанымен, ерекше жарқыраған детальдар шығармаға өң бере түседі. Мәселен, Құсыман Сары ұяңды ереуілдегенде қонақ қылып жіберейін деп ойлайды. Оған Бұқашты жібергенде, Сары ұяң керісінше, біз бірінші қонақ қылайық, мен де дайындалып жатыр едім дейді. Құсыман барады. Бірақ билік өкілі оны қамап тастайды. Мақсаты елді басшысыз қалдыру. Елісханды да қолға түсірмек қой. Сонда жазушы Құсыманның Сары ұяңға арнап соймақ болған ірі тоқтысын суреттеп өте шығады. Белбеуге байланған жануар далаға қарап маңырап тұр еді. Немесе ең соңында Елісхан Тибет үстіртіне бет алынған Елісхан көшінің ішіндегі аңырап бара жатқан, шешесі ауыр толғақтан қайтыс болған, жетім Зарлыханның ащы даусы бүкіл шығарма бойы естіліп тұрғандай күйге түсіреді.
Романдағы ауыр тиетін, бірақ ақиқат дүние – ішкі алауыздық. Болмашыға араздаса қалатын, жақынына жатқа айтпаған сөзін аямайтын, ру намысын ел намысынан, бірлігінен, амандығынан артық қоятын мінездер. Бұл мінез қай заманда да қазақтың жауы екен. Өзге емес, алдымен өз-өзіңе жаусың. Егер мақсатың, мұратың бір болмаса. Бір мақсат, ұлы мұрат жолында біріге алмаған қазақтардың рулық намысы осы күні де аяғымызды тұсап отыр. Осыны бір жола қояр кез баяғыда-ақ жеткен. Бірақ қазағыңыз оны қоймайды. «У ішсең, руыңмен іш» деген сөзді, тура өз руыңмен деп тұрғандай қабылдайды. Көппен іш деген сөз ғой. Көп дегеніңіз қазағыңыз. Еліңіз. Өз жерінің ғана ақынын зерттеу, өз жерінің ғана тарихын жазу да осындай рушылдықтан шыққан әдет пе деп қаламын. Бұл ұзақ, дауға толы бөлек әңгіме ғой. Бірақ шығармадағы бір үлкен, өте үлкен трагедия – осы.
Шығарманы оқып болғанда, әр кейіпкер жиынтық бейнедей көрінді:

Елісхан – Тибет асқан қазақтардың бейнесі;
Құсыман – көшпей қалған қазақтардың бейнесі;
Қасай, Аңғалбай – мәрт қазақтар;
Әсия – сондай қиын күндері өліп кетпей, бәріне шыдаған қазақ анасы;
Зарлыхан – алды белгісіз, болжаусыз ұрпақ.
Ең соңында сатқын Бұқаштың өзі қателігін мойындағандай сәт бар. Шығарма бойы Бұқашты жек көріп отырып, ең соңында ішіңіз жылып қалады. Ел айырылып, Елісхан тобымен қоштасып тұрған сәт.
«Сөз осымен біткен еді. Бұқаш етегін жиып орнынан тұрып атына айнала берді. Оған қадалған Қасайдың көзіне оның шекесінен жаңа өзі ұрғанда білеуленіп түскен көкшіл таңба мен жасқа толған шарасы түсіп еді. Түнеріп отырған жүзі лезде құбылып кетті де, орнынан тұрды.
– Құдай кешсе кеш, бір ағат­тық істедім! – деп үзеңгіге аяғын сала берген оны қолтықтай алды.
– Кештім, менің артық ауысымды сен де кеш. Осыған да зар болатын шығармыз әлі, – деп оның қолын алып аттана жөнелген Бұқаштың шарасына толған көзі жасы танауының екі жақ етегінен құлдай сорғалап кетті».
«Осыған да зар болатын шығармыз әлі». Болашақтан күдерін үзген, үмітсіз сөз. Қайран ел, қайран бауыр!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір