Жанат Жаңқашұлы. Зілдей ойлар жазатын қауырсындай…
11.04.2022
1822
0

Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ

* * *
Бүгін маған хабар жетті,
Самай шаштың бір талы.
Ағарыпты нұр тамып.
Маңдайыма тағы да бір хат жазған,
Жалған дейтін сұр тамұқ.

Иір-иір,
Сол жазудан сездім мен,
Уақыт жайлы айта алмайды Сөз мүлдем.
Өмірді өлшеп біз сағатқа қараймыз,
Ал Өмір ше,
Мезі біздің мезгілден.

Ол өзінше санайды бұл тірлікті,
Әзір шашың қара ормандай мүлгіп тұр.
Әр талына ертең уақыт сариды,
Соның зәрлі иісіндей шындық бұл!

Маңдайдағы ордалы әжім баттиып,
Көшкен құмдай құж-құж болып
қапты ұйып.
Біз жыландай ылаң болдық өмірге,
Өмір сосын шығарады,
Басымызға ақ құйып…

Бүгін маған хабар жетті…

* * *
Уа, шерлі өлең,
Сенің қәрпің – тамған мұң,
Сөзің – әріптердің одағы.
Сөйлемің – мемлекеттік заңдардың,
Үкімінен жоғары!

Бірақ сені кім оқиды?

Уа, шерлі ақын,
Сенің өзің – мұңлық,
Қаламың – жүрек ескегі,
Өлеңің – қажетсіз жерде айтылатын Шындық,
Өмірің – Қазақстан – өңештегі…

Сені кім тыңдайды?

* * *
«Аз қалды» дейді,
Шыдай тұр дейді аз ғана,
Су құям солай, көңілге кеше маздаған.
Біздің күн келер, келмесе қойсын,
Өзім де,
Күн болып кете жаздағам.

Шыдайық тағы,
Шымшықтай таңды күзеткен,
Қорқау жандарды, қолтықтай
ұстап ізетпен –
Ішіңіз дейік, (іші кепкірді тойғызып),
Өзіміз ұлып, сүлдедей тұрған сүзектен.

Сорлы ма дерсің,
Сабырлы неткен бұл серің?
Күшік күнінде қиған қасқырдай тірсегін.
Шоқаңдап, ұлып,
Азалы жаны,
Шыдайды-ау,
Күлпарша болмай бір сенім.

Сабыр-ау дейміз,
Көндігіп қорлық күндерге,
Қортық пен шартық
Мемлекеттік мінберде.
Ыржиған құлдан САБЫРДЫҢ
таптым бейнесін,
Сары алтыныңа балап жүргенде.

«Аз қалды» дейді,
Өмірім шығар аз қалған,
Қазақстанда баяғы бәлду, бәз жалған.
«Алтын сақаның» кейіпкеріндей, Құдайға,
Сәлем айтайын, төбемнен
ұшқан қаздардан…

* * *
Сенің қолың –
Бас бармағы буынсыз
Қыдырдың қолындай баталы,
Сен жүрген сүрлеуде сиқырлы
сыбағам жатады.
Сенің боталы көзіңнің
кәрінен қорықпай,
Мені ертең біреулер тым арзан сатады…

Мен мұңымды сенің қарашығыңа
құйып үйренгем,
Көзіңнен жас тамса –
ол мендік күйреуден.
Саған зіл, әйтпесе,
Безіп-ақ кетер ем,
Қарағағанды дейтін илеуден.

Ер басым, алапат күшім де, тулаған қаным да,
Ем болмай өрмектей нәп-нәзік жаныма.
Сенің көңілің түсіне қоятын бір тілде күрсініп,
Дөңбекшіп жатырмын тағы да…

Сенің алақаның –
Жанымның ұясы секілді
сезімге шомыла –
Ұйқыға кетемін,
Мұңлы ойды сорап қып соңыма…
Алақаныңа ұйықтаған жанымның салмағын сен сезіп,
Қар ұстаған адамдай қарайсың қолыңа…

* * *
Бүгін айдың нешесі?
Айта алам ба?
Бәрі бір күн секілді қайталанған.
Айна алдында нұр шашып сен отырсың,
Сол баяғы ұзақ түн Ай таранған.

Сәуле ойнаған бір арай келбетіңнен,
Пері қызы түскендей жерге түннен.
Терезенің алдында тал билейді,
Көлеңкең ғой ол сенің тербетілген.

Көшірмеңдей барлығы сенің бүгін,
Сенің түнің, керексе сенің күнің.
Ай сәулесі жүзген жоқ бүгін көлде,
Сен шомылдың әндетіп, сенімдімін!

Бәрі сенсің,
Сыңғырлап күлген де сен,
Гүлдеп сала береді жүрген көшең.
Күн де батпай, Ай тумай қалатындай,
Айна алдына сен келіп түрленбесең.

Бүгін айдың нешесі?
Қай күні еді?
Айтты сонда «туған күн» жайлы меңі.
Айна алдында дүние тербеледі,
Айна алдында жымиып Ай күледі…

* * *
Уа, бұлғақ,
Бұл қай бұлғақ?
Қандай бұлғақ?
Сорлататын секілді жанбай бұл бақ!
Сұрайтыны содырдың Мемлекет,
Қандай қымбат!

Көздерінен кешегі сорасы аққан,
Үміт күткен үзіліп болашақтан,
“Мемлекетті сақта” деп күбірлейді,
Кіл әруақ күңіреніп мола жақтан.

Жас құлындай әр үннен секемденген,
Ұрпағым да тартқылап етек-жеңнен…
Алақұйын бір күн тұр төбемізде,
Тажал құсап төбеден төтен келген.

Не көрмеген ел едік, көрдік бәрін,
Зорлықтарын күштінің, қорлықтарын!
Жаңа туған жас төлдей қалт-құлт еткен,
Құлай жаздап Мемлекет,
Сонда ұққаным:
Үркітіп алмау үшін бастан бақты,
Кәрлендіріп алмайық аспан жақты.
Біздің Мемлекет баланың еңбегіндей,
Болса болар жүрегі тастан қатты.
* * *
Айт-ман көкеме
Не іздедің, ағатай, не іздедің?
Жағалауын қармаған теңіз бе едің?
Тау көтеріп астына үңілесің,
Тал-жыңғылды сүзесің, түңілесің!

Із кестің бе, ескінің көшін іздеп,
Бір жоқ болса, ағатай, досымыз жоқ!
Жердегі ізден адасып қалғаныңда,
Көкті тінттің, ал бәлкім ар жағында…

Меңіреу ме, ешкім жоқ бір үн қатқан,
Мұңың батпан, ағатай, сырың батпан.
Ел жоқ іздеп жөнесе базарына,
Сіз түнейсіз әулие мазарына.
Шытынап кейде Каспий мұзындай боп,
Көкейде кермек қыжыл, дызылдайды от.
Ел кезіп, не іздедің, мазарлардан,
Не дүние, ағатай, мазаңды алған?

Жер шарлаған баталы Қызырдайын,
Қысқа күнде, жауыр мұң, ұзын уайым.
Мазар кезбей, мазалы келбетіңмен,
Алаңсыз жатар ме едің,
Тірі әулие табылса жер бетінен!
2021 ж
* * *
Сені ойласам,
Қабағым – көкжиекте ұшқан құстың сұлбасындай,
Жанарым – алхимиктің сәтсіз шыққан тұнбасындай,
Ерінім – от үрлеген көріктей
бір басылмай,
Маңдайым – шиырланып,
өзеннің жылғасындай.

Сені ойласам,
Сөз – бауын байламаған баладай,
Үтірге шалынды,
Ой – соқыр жарғанат секілді
сарсаңға салынды.
Өңеш – зындан боп қамады, шыңғырған зарымды,
Жүрек – дүрсілін шифрлап, әлдекімге жазып жатты хәлімді.

Сені ойласам,
Кірпіктің ұшы жас –
(зымиянның азуындай у тамған),
Қолдарым – ауаны тілгілеп,
мұң жайлы шырқауда ән.
Кеудем бұл – күзегім секілді,
құсы мен жұрты ауған.
Осының барлығын көтеріп –
Сен жайлы ойлайды мылқау жан.
Ей, Дүние..
ИЛЕУ
Есік алды илеу бар иі қанған,
Илеуіне иіліп жиі барғам.
Белін буған батырлар тырбанады,
Тіршіліктің қамытын киіп алған.

Мұрты көкке шаншылып,
кердең басып,
Шөлден асып келеді, белден асып.
Шымылдықтан ханшаның көлеңкесін
Көзіменен Мәжнүннің көрген ғашық.

Жыбырлауға жаратқан мұны жалған,
Табанында талайдың құны қалған.
«Құлша істеп, бише іш» деген сөзді
Қазақ айтып, осылар ұғып алған.

Құйттай кеуде намысқа толы білем,
Жолбарыстар жортатын жолы кілең.
Таразыға салса егер салыстырып,
Ойнап қалар едік қой тобығымен.

Ол да білер ет пенен қымыз құнын,
Күбісінен татқанбыз қымыздығын.
Қазағымнан аумайтын туыстар-ай,
Тым кішкентай болса да тым үздігім.

Шер налаңды осылай тамыз өртеп,
Адамзатқа барлығы аңыз-ертек.
Құмырсқаның ханшасы нағыз – сұлу,
Құмырсқаның патшасы – нағыз еркек!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір