«Қисықтағы» түзу ойлар
02.01.2024
495
0

Күнтізбеде жаңа жылдың алғашқы парағы ашылар уақыт та жақындап қалды. Осы тұста әр адам өтіп бара жатқан жылын іштей таразылайтыны бар. Қаламгерлер мен әдебиетшілерден осы жылы қандай шығармалар оқығаны жайында сұраған едік. Әдебиет­танушы Әлмира Қали оқыған шығармаларының ішінде Жадыра Шамұратованың туындысына ерекше тоқталған екен.

Жарық көре бастағанына 2024 жылы 90 жыл толғалы отырған «Қазақ әдебиеті» газеті – бірнеше буынның рухани сырласына айналған тарихи басылым. Апта сайын сиясы кеппеген жаңа туындылардың сүйінші басылымымен қуантып келе жатқан газеттің оқырманы көп. Тың тынысты жаңа шығарма да, ол туралы әдеби сараптама да осы газеттің беттерінен табылады. Жалпы осы әдеби платформаның оқырманға ұсынар көркем туындыларының биік талғаммен таңдалып-іріктелуі де заңдылық. Себебі «Қазақ әдебиеті» – ұлт газеті ретінде аса үлкен жауапкершілікті арқалай отырып, заманауи әдеби бренд қалыптастыруға өз үлесін қосып келе жатқан басылым.
Шыны керек, әдеби үдерістің беталысын да осы газетті парақтай отырып, ұдайы бақылаймыз. Кейінгі кезде редакция әсіресе жастар шығармашылығына көбірек назар аудара бастағандай.
Дәстүрлі нақыштағы өмір өрнектерімен бүгінгі әдеби үдеріске өз үнін қосып келе жатқан Жадыра Шамұратованың шығармашылығымен алғаш рет «Қара қазан» әңгімесі арқылы танысқан едім. Тіршіліктің ағынымен ауыл төріндегі жылы ұясын тастап, қаладағы балаларының қолына кеткен кейуананың қара шаңыраққа деген сағынышы… Ескі үйдегі шаң басқан әр бұйымды жанарымен аялай жүріп, бүкіл өмірін еске алған әсерлі естеліктері… Осы әңгімеде кейіпкердің ой мен сезім арпалысын артық ауыз сипат­таусыз-ақ жанды бейнеде көз алдыңа әкелетін суреткерлік қарымы байқалған-ды. Содан бергі уақыт­та Жадыра замандасымыздың оқшау сюжет­ті әңгіме-хикаят­тары ұдайы жарияланып келеді. 2021 жылы «Секундтар арасындағы шексіздік» ат­ты жинағы да жарқ етіп, оқырмандарын қуантқан болатын.
Жадыра Шамұратованың жуырда «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Қисық дүние» әңгімесіне арнайы тоқталғым келеді. Қашанда реализм шегінен ауытқымайтын жазушы бұл туындысында құбылу эксперименті арқылы өзін сынағандай көрінді. Ғылыми фантастика мен фэнтэзи, оның арғы жағында мистика мен әдеби ертегі ауқымында жиі қолданыс табатын кейіпкер трансформациясының жасырын бір үлгісі екені аңғарылады. «Бір күні ұйқысынан оянып, көзін ашқанда айналасы біртүрлі өзгеше көрінді», – деп басталатын алғашқы сөйлемнен-ақ жоғарыдағы құбылмалы кейіпкерлердің ахуалы есімізге түсе бастайды. Алайда мұндағы құбылыс өзгеше. Кейіпкердің өне бойында физикалық өзгерістер жоқ. Нақты медициналық себебі бар көз сырқатының салдарынан («Көздің астында бір тамыр пайда болған, ол көзге артық күш түскеннен. Сол қысым беріп, көздің көру фокусын өзгертіп тұр…») қоршаған әлемнің бір түнде қисайып көріне бастауымен қоса, кейіпкердің тағы бір қасиеті ашылады. Ол енді мына қоғамның бұрын-соңды өзі байқай бермейтін қулық-сұмдықтарын байқайтын болды.
Туындыдағы автор қозғау салған мәселелер қатарында өмір, тәннің саушылығы, отбасы, қоғам жайлы адамгершілік-моральдық проблемалардың ішінде әсіресе басымдық танытары – әлеумет­тік бағдар. Қала тұрғындарының қарбалас тіршілігінің қия-қалтарыстарын ауруы меңдеген адамның көзқарасымен зерделеп, сол кейіпкердің психологиялық дискурсына түсіре баяндауы – «Қисық дүниедегі» сәт­ті қаламгерлік ізденіс нәтижесі деп ойлаймыз. Сол арқылы да реалды әлем мен кейіпкер қабылдауындағы ирреалды көріністің жігі тұтасып, барынша диалектикалық бірлікте бейнеленеді. Автор кейіпкердің «қисық» көзін желеу ете отырып, біртұтас қоғамның топтық бейнесіндегі «түзулер» мен «қисықтарды» салғастырады.
Шаштараздағы, базардағы, банктегі, кітапханадағы, аялдамадағы көпе-көрінеу алдау мен арбау картиналарының бірін-бірі алмастыра жүрдек баяндалуы сюрреалистік сипат алады. Осы шағын эпизодтардың алмасуын сурет­теудегі кейіпкер-баяндаушының стилінде замандастарына деген мысқыл сезілмей қоймайды.
Әңгімедегі трансформацияның түп-төркіні көздің ақауында да емес, адамдардың пиғылында екенін жазушы өткір ирониямен әйгілейді. Қайсыбір тұстарында елеусіз күйде айта салғандай көрінетін қала тіршілігінің алуан түрлі проблемалары ұзын-сонар тізбекке ұласады. Ескірген қала көліктері, базардағы арам сауда, банктегі шектен шыққан пайыз өсімдері, құт­ты мекен – кітапханадағы «қойылымдар», т.б. кескіндер жиналып келіп, бүгінгі дәуір панорамасына еніп, мөрленіп үлгереді. Қалай дегенмен де, көркем шығарма – заман келбеті емес пе?!. Ал шығармадағы түбі мен нұсқасы менмұндалап тұрар жасанды, жымысқы көріністердегі «кейіпкерлердің» бейнесі сақталып қалады.
Жадыра Шамұратованың бұдан өзге туындылары да ерекше оқиға өрімімен, ирония мен сарказмға, аракідік лиризмге құрылған стилімен оқырманды өзіне тартады. Оқшау эпитет­тер, есте қаларлық сәт­ті детальдар, әсіресе кейіпкерлер портрет­терін сомдауға деген айрықша шығармашылық құмарлық Жадыра Шамұратованың прозасын айшықтап тұратын негізгі көркемдік ерекшеліктер дер едім. Жазған тақырыбын жете зерт­теу, кейіпкер психологиясына барынша терең кіріп, өзі де көркем әлемнің бір бөлігіне айналу мұратынан әлі де шынайы әрі мөлдір шығармалар дүниеге келе береді деген үміт­теміз.

 

Әлмира ҚАЛИ,
әдебиет­танушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір