ҚОҢЫР ДӘПТЕРГЕ ҚОНҒАН ОЙЛАР
16.08.2023
467
0

Смағұл ЕЛУБАЙ,
«Түркі дүниесі»
әдеби сыйлығының лауреаты

Тілге достың мұңы жоқ, тілден басқа. Қараңыз! Қазақстан Ғылым академиясы 1972 жылы шығарған қазақ тілі картотекасында қазақ сөзі 2,5 миллион делінген. Ал Даль құрастырған орыс тілінің сөздік қоры – 200 мың сөз екен. Бүгінде сол бай 2,5 млн қазақ сөзінің небәрі 20 пайыздайы ғана күнделікті айналымда жүргендей әсер қалдырады. Қазақтың мол халықтық, әдеби сөздік қоры күнделікті ауызекі тілден шығып қалғандай. Содан бүгінгі ауызекі тіліміз тым қарадүрсін, жұпыны. Мол тіл байлығымыз құлаққа шалынбайды. Естілмейді. Бұның салдары түбінде не болады?
Тірі тіл – қашанда болашаққа бет­теп тоқтаусыз ағып жатқан жанды су емес пе? Сол жанды судың бір бөлігі арнасынан жаңылып, қалтарыста қалса не болады? Табиғат­та ондай су борси бастамай ма?!. Бұзыла бастамай ма?!. Түптің түбінде жоқтыққа сіңіп, жоқ болмай ма?!

* * *
Тілі өлген халық – тірі өлген халық.
* * *
Бәрекелді болмай тұр, бүгінде тіл мен дініміз.
* * *
Ойы байдың – тілі бай, тілі байдың – ойы бай. Бірінсіз бірі жоқ.
* * *
Қылмыс атаулының қайсысының түбіне үңілсең де, имансыздық иісі аңқиды.
* * *
Азайын деген адам Алладан безеді.
* * *
Ей, машайық! Пірлердің пірі! Кешегі көшпелі қауыммен жалғыз алысыпсың. Алысыпсың да жеңіпсің. Неткен бақыт­ты едің! Бақыт­ты болатының, сен бүгінгідей дипломды қауыммен алыспапсың. Сол көшпелі қауым ұрпағы бүгінде діннен тайды. Бірақ бұлар – сен көрген көшпенділер емес. Білмейтіні бит астындағы білімділер. Надандықтың да надандығы бар. Солардың ішіндегі ең қауіптісі – осы білімді надандық болса керек. Бұларды сен көрмей өт­тің. Бұларды біз көріп жүрміз. Надандықтың бұл түрімен күресіп жеңу үшін өзіңдей бір машайық емес, мың машайық та аздық ете ме деп қорқамын.
* * *
Онымен ойнауға болмайды. Өйткені, ол топырақ пен Илаһи рухтан жаратылған. Яғни, Жаратушы рухынан жаратылған. Сондықтан ол Хақ жолынан тайса – қауіпті де, таймаса – әулие. Сондықтан алдыңыздағы адамға сақ болыңыз! Ол – ойыншық емес. Оны Алла «жер бетіндегі орынбасарым» деген. Жер бетіндегі Алла орынбасары! Бұдан артық не мәртебе керек адамға?!.
Бірақ біз осы мәртебеге лайықпыз ба?!
* * *
Адам өмірден өзін-өзі білмей өтеді.
* * *
Иманнан басқа емі жоқ, азғындық ат­ты аурудың.
* * *
Нәпсі – дұшпан, иман – дос, иманыңа иман қос.
* * *
Жаппар Иең жарылқап,
Ақирет­те алдыңнан,
Жеті Дозақ жабылып,
Сегіз Пейіш ашылғай.
* * *
Бұ дүниеде екі жол,
Бірі – Хақ та, бірі – шәк.
Бірін тапсаң, бірі жоқ.
* * *
Әр пендеден әр істің
Сұралады есебі.
Игі істерден иманың
Құралады деседі.
Таңда-Мақшар болғанда,
Таразысы Тәңірдің
Құрылады деседі.
* * *
Ақиретке сенбейтін бір мүшірік Әзіреті Әлимен айтыса беріпті. Сонда Әзіреті Әли:
– Жақсы. Біз өлгеннен кейін Ақирет жоқ екен делік. Онда екеуміздің жағдайы­мыз бірдей болмақ. Яғни, сіз бен біз ғайып болмақпыз. Ал егер, Пайғамбар айтпақшы, Ақирет бар болып шықса ше?! Онда біріміз – Жаннат бағына қарай, екіншіміз – Дозақ отына қарай тартып бара жатсақ не болады?! Міне, әңгіме осында! – депті.
* * *
Дүние – бір ескі жол бұраңдаған,
Адаспай адам байғұс жүре алмаған.
Құбыласын пенде
ақыры табады дейді,
Үмітін үзбесе егер бір Алладан.
* * *
Құдайдың құлы болмаған,
Құлқынның құлы болады.
Ондайдың көзі түбінде,
Топырақпен толады.
* * *
«Кім өзін таныса, Алласын да таниды» дейді. Ал адам өзін тани ала ма? Біз өмірден өзгені тұрмақ өзімізді танымай өтетін түріміз бар.
* * *
«Құдай – махаббат» дейді. Құдай махаббат болса, адам пенде неге қасірет­тен көз ашпайды? Кез келген пенде осындай сұрақ қоя алады. Бірақ бір нәрсені ұмытады. Қасіретсіз рухани өсу жоқ екенін ұмытады.
* * *
Ислам даналығы бір уәжге саяды:
«Қанша күнә жасасаң да Құдайдан безбе! Күнәнің ең үлкені – Құдайдан безу» дейді. Құдайдан безбеген пенде түбінде Иесінің жарылқауына ие болады дейді.
* * *
Адам бақыт­ты болсын деп оны қосағымен қоса жаратыпты. Әйел, еркек етіп жаратыпты. Оларға дәнекер етіп сәби беріпті. Сөйтіп, адам маңдайына үй болу жазылыпты. Үй жылысын деп ошаққа от жағыпты. Үй ата-ана, бала махаббатымен толыпты. Оны сақтай білгеннің, аялай білгеннің өз Жұмағы өз үйінде болыпты. Демек, бақыт шарты – тазалық екен. Имани тазалық. Онсыз үй – тозақ екен. Оған кім кінәлі? Өзіміз. Сайтан жетегіне ердік. Тазалықсыз табалдырық ат­тадық. Айналып келгенде ажырастық. Тірі жетімді көбейт­тік. Бақытсыздықты балалат­тық. Бұл хал бүгінде әрбір екінші отау басында бар. Ой келеді. «Бүгін үй болып жарытпаған жастарымыз, ертең ұлт болып қалай жарытады?!» – деген.
* * *
Қара үзіп шықсаң алдыға,
Қарауылға ілдірер.
Құлар болсаң сүрініп,
Рахат­танып бір күлер.
* * *
Ашаршылық тәрізді ұлт­тық қасірет­ті ұлықтай алмаудың өзі – ұлт­тық қасірет.
* * *
Ленин бастаған большевиктер партиясы 1920-30 жылдары елді мекендерде «Құдайсыздар қоғамы» дегенді құрды. Алла деген адамды аңша қуалап жүріп ат­ты. Кешегі біз көрген Кеңестер Одағы сондай қоғам еді. Халқымыз сол құдайсыздар қоғамынан шықты. Соның зардабын әлі шегіп келеміз. Күнделікті жаңалықтардан иманың түршігеді. Біреу өз қызын өзі зорлапты. Бір қыз көп қабат­ты үйден секіріпті. Бір ұл әкесін сабапты. Осылай шұбырып кете береді. Кете береді жаңалықтар. Тыңдаған құлақ сарсыйды.
Құдайдан безген қоғамнан бұдан басқа не күтуге болады?!
* * *
Ажалы көзге көрінбей, адам абыз болмайды.
* * *
Ажал туралы көп ойлайсың, әсіресе жас келгенде. Жас кезімізде оны ойламадық. Ойласақ көп қателіктер жасамас едік. Өйткені, ажал туралы ойлау адамды ақылға әкеледі. Соған қарағанда, адамды адам ететін ажал болуы мүмкін. Басына ажал туралы ой келмеген ересектер кісіліктен кетеді. Сондықтан Абай: «Өлмек үшін туғансың, ойлан шырақ!» дейді. Осы ақиқат­ты айта беретін пенделерден заманында Абайдай хәкімдер, әулиелер шығыпты. Олар ажалдан қорықпапты. Өйткені өлмей тұрып, өле біліпті. Құл Қожа Ахмет ше. Солай, шырақ! Ешнәрсе артық емес мына дүниеде. Тіптен, ажал да.

* * *

Ей, жол үстіндегі жолаушы! Жер үстіндегі жолаушы!
Осынау адам баласына бір берілетін өмірдегі сапарымызды біріміз енді бастадық, біріміз аяқтап келеміз. Жас кезімізде жастық шалығымен қызық қуалап жүріп, бұ дүниеге қайдан келіп, қайда бара жатқанымызды ойламаппыз. Енді, міне, өмірдің көбі кетіп азы қалғанда «бұ дүниеге қайдан келіп, қайда бара жатырмыз?» деп отырмыз. Жауап табу қиын. Алайда, бір қарапайым ақиқат бар.
Жол үстіндегі жолаушы – тауға өрмелеген альпинист емес пе?! Альпинистің діт­теген мақсаты – шың басына шығу емес пе?! Абырой-атаққа ие болу емес пе?! Жол үстіндегі пенде де соны діт­тейді емес пе?! Өмір сапарының ең соңғы биігіне абыройлы шығуды діт­тейді. Бірақ сол биікке қарай әр басқан қадамың еңбек екен. Күш жұмсауың керек. Содан әр басқан қадамың – кішкентай да болса жеңіс. Әр басқан қадамыңмен биіктей түсесің. Алайда, адам баласы әлсіз. Жеңілге жеңсік, оңайға жеңсік. Күш жұмсай беруге, биіктей беруге төзімі жетпейді. Жарты жолда жалт береді. Сен де сөйт­тің. Жарты жолда жалт бердің. Сол-ақ екен, ылдиға қарай құлдилай жөнедің. Түк күш жұмсаудың қажеті жоқ. Рахат. Өзіңнен-өзің оп-оңай құлдилап барасың. Бірақ… бірақ бұл жол сені түптің-түбінде топ еткізіп, түрменің төріне апармасына кім кепіл?
Ей, жолаушы! Түрме бер жағы болар, ары жағы Дозақ төрі болмасына кім кепіл?!
* * *

Әлеумет­тік желідегі замандастарымыздың бір бітіспес дауы – діншілдер мен дінсіздер дауы. Діншілдер Құдайға жүгінсе, дінсіздер ғылымға жүгінеді. Дінсіздер: «дін жастарды ғылымнан алшақтатады» дейді. «Алладан басқа айтары жоқ, аясын тар етеді» дейді.
Ешқашан шешімін ешкім таппаған бұл тарихтың өзіндей ескі дауға араласқымыз келіп отыр. Рас, христиандық инквизиция Джордано Бруноны отқа жақты. Исламдық инквизиция әулие Мансұр Халладжды Бағдад алаңында паршалап өлтірді. Бірақ инквизиция Алланың емес, адамның ісі емес пе?! Бұндай қылмыстарға Құдайдың хақ діні емес, сол дінді бұрмалағандар барды емес пе?!
«Діншілдік ғылымнан алшақтатады» деген уәждің өзі шындықтан алшақтайды. Алысқа бармай-ақ қоялық. Осы Орталық Азия медреселерінде жаратылыстану оқытылмаса, энциклопедист әл-Фараби, математик Хорезми, астроном Термези, Тарази, Ұлықбектер қайдан шықты?! Көкілташта ішінде астрономия, математика пәндері бар, жаратылыстанудың жеті түрінен сабақ берілген. Жердің Күнді айналатынын Әбу Райхан Бируни Коперниктен әлдеқайда бұрын айтқан. Ясауи медресесінде ғылым-білімнің 72 саласы оқытылған. Бұлар – ә дегенде ойға түсетін деректер. Айтпағымыз: дін мен ғылымды бір-біріне қарсы қою бос әурешілік емес пе?! Дүниетанудың бұл екі саласы бірін-бірі толықтыратын, түбінде адамды ақиқат­тың асқар шыңына бастайтын параллель жол емес пе?! Кең дүниені көру үшін бізге екі көз қалай берілген болса, сол дүниені терең тану үшін де бізге дәл солай екі көзқарас берілген емес пе?!

Белгілі жазушы
Смағұл Елубайдың бұл ой-толғаныстарының толық нұсқасын жақында «Жұлдыз» журналынан оқи аласыздар

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір