Жалғыз шырақ
04.04.2022
1892
0

(Л.Н.Толстойдың ой-толғауы)

Бұл дүниеде, мына заманда ғылымнан құпия ештеңе қалмады, өмір дегеннің мәнін де ап-айқын, алақандағыдай айтып беретін күйге жетті. Білем дегеннің бәрін білді. Ғылымға бәрі айқын, бәрі аян, оның қолынан келмейтіні болмай тұр. Өліге жан салу, тіршілік дүниесін қолдан тудыру да құпия болмай қалды.

Қара күштің сезім, ерік, ақыл-ой сияқты құдіреттің құлына айналатыны да белгілі жайт болып шықты. Бұл тек гимназия шәкірттері ғана емес, ауыл мектебінің оқушылары білетін дүниеге айналды. Ал маған белгілісі – қандай да бір сезім яки ойдың белгілі әрекеттен туындайтындығы. Сонда қалай? Мен көкейімдегі ойды қозғау үшін оны тудыратын әрекет дегенге билік жүргізе аламын ба, жоқ па? Билік жүргізген күнде ол ойдың қайсысын қозғауым қажет екенін қалай білмекпін? Міне, осы жұмбақ шешімін таппаған күйде қала бермек. Тап осы жұмбақ өмірдің өзекті мәнін түсінудің бірден-бір құбыланамасы болмақ. Ғылым өмірге қатысы бар кейбір құбылыстарды өз пәні етіп таңдап алды және де бөлшекті бүтінге балап, осы құбылысты өмір жиынтығы деп атады. Өмір туралы түсінікпен егіз жүретін сұрақ – өмірдің қайдан пайда болуы хақында емес, сол өмірді қалай сүру хақында; мәселені осылайша қойғанда ғана өмірдің мәні жайында белгілі бір тоқтамға келуге болады.
Өмірді қалай сүру мәселесі кез келген адамға айдан анық болып көрінетіні соншалық, ол туралы сөз қозғау тіпті артық та сияқты… Шамаң келгенше жақсы өмір сүрсең болғаны. Мәселенің ең жеңіл жауабы, міне, осындай. Алайда осының өзі алғашында тым қарапайым, беп-белгілі сұрақ болып көрінгенмен, шын мәнінде бұл оп-оңай да, беп-белгілі де дүние емес…
Адамға өмір туралы ұғымның алғаш оп-оңай, беп-белгілі нәрсе болып көрінетіні рас. Жан ең алдымен адамның өз бойында, тәнінде сияқты боп тұрады. Тән иесі өзі болғандықтан адам өмірім де тәніммен бірге деп ойлайды. Ал әлгі адам өмірінің өз тәнінің қай жерінде екенін іздей бастасыншы, міне сол сәттен-ақ тұйыққа тіреледі. Ол ауырмайтын тырнақта да, шашта да, тіпті керек десеңіз кәдімгі қол тигізгенді сезе қалатын қол мен аяқта да жоқ, ең ғажабы жүректе де, мида да, қанда да мен мұндалап тұрған ештеңе жоқ екен.
Былайша бүкіл тұла бойыңда бар, ал нақты еш жерден таптырмайтынын қайтерсің. Нақты мекенін, тұрлаулы тұрағын ұстатпайтын бір ғаламат. Содан оны адам уақыттан іздейді және де алғашында бұл да оған оп-оңай көрінеді… Манағыдай уақыттан нақты іздей бастасаң, мұнда да істің оп-оңай еместігіне көзің жетеді. Мысалы, мына мен 58 жыл өмір сүріппін, бұл менің туу туралы куәлігім бойынша. Алайда осы 58 жылдың 20 жылын ұйқымен өткізгенім рас. Сонда сол ұйқыға кеткен уақыт өмір ме, әлде өмір емес пе? Одан қалған 38 жылдың жартысынан көбін жүрелеп отырып қалғумен өткіздім. Оны неге жатқызуға болады? Ол да өмір ме? Білмеймін. Қойшы, сонымен шамалай болса да өмір сүрген, бір жағынан жөнді өмір сүрмеген болып шықтым; уақыт бойынша да солай, бір жағынан қашан да бар, енді бір жағынан еш жерде де жоқ. Апырмау, өзін еш жерден тапқызбайтын, өмір деген қайдан шыққан деген сұрақ еріксіз көлденең тұра қалады. Содан келіп, менің аңғарғаным, оп-оңай деп ойлағаным оп-оңай түгіл, менің қолымнан мүлде келмейтін шаруа болып шықты. Сөйтсем мен өз өмірімді емес, басқа бірдемені іздеппін. Шын іздеген кісі оны кеңістіктен, сондай-ақ уақыттан іздеп әуре болмағаны жөн секілді. Оны себеп пен салдар жемісі деп қарамай, өзімнің ішкі тәуелсіздігімнің төңірегінен іздеуім керек екен. Олай болса, өзімді өзім зерттеуге тиіспін ғой? Сонда мен өзімнің әлгі тәуелсіз өмірімді сезінуге қалай қол жеткізуіме болады?
Ол былай екен. Мен ес білгелі күйбең тірліктің шылауында келеді екенмін, содан тап мына бүгінге дейін таңның атысы, күннің батысы өзіме жақсылық тілеп келгенімді білем. Менен сырт өмір сүретін тіршілік дүниесінің де маған қымбат екені рас, алайда оның қымбаттығы маған жақсылық әкелер салдарға қаншалықты ықпал еткендігімен өлшенбек. Сонымен тіршілік дүниесінің өзі маған тек қуаныш сыйлауымен ғана қымбат екен.
Алайда менің өз өмірім туралы осындай ойға келуіме мына бір нәрсенің де қатысы бар секілді. Мен өз басым сезіне алатын осы өміріммен біте қайнасып жатқан тағы бір нәрсе бар. Көкейімнен кетпейтін де сол. Менің айналамда менен де бөтен тіршілік дүниесі, өзінше өмір сүру ортасы бар, өзінше саналы тіршілік әлемі бар екенін, сол тіршілік иелерінің қай-қайсысы болмасын, өз күнін күйттеп, тек өз мақсаты үшін өмір сүретінін, олардың менің жақсы өмірге құштар екенімді білмейтінін және білгісі де келмейтінін және де сол тіршілік иелерінің қай-қайсысы болмасын өз мұқтажын қанағаттандыру үшін кез келген сәтте мені жұтып жіберуге әзір екенін де жақсы білем. Ол аз болғандай маған ұқсас тіршілік иелерінің жұтылып кеткенін көре отырып, маған, бір маған ғана берілген ғұмырдың ертең-ақ жоқ боларына да қанықпын.
Адам бойында мәңгі тайталаста, бірін-бірі жоққа шығарып отыратын, бір-бірімен жұлдызы қарсы екі «мен» қатар өмір сүретін сияқты.
«Меннің» бірі:
– Шын өмір сүретін жалғыз мен ғана, қалғандарыныкі текке әурешілік, сондықтан бүкіл тіршіліктің мәні маған тиімді болуымен өлшенуге тиіс, – дейді.
Сонда екінші «мен»:
– Барша тіршіліктің мән-мағынасы бір саған тиімділігімен емес, сенің мақсатың, мұратың үшін қажеттігінде, ол сенің ырқыңа жығылып, ыңғайыңа көшіп жатпайды, – дейді.
Осыдан кейін өмір сүрудің өзі қорқынышты бола бастайды.
Енді тағы бір «мен»:
– Менің мақсатым өз қалауымды, өз мұқтажымды қанағаттандыру, мен үшін тіршіліктің мәні сонда, – дегенді көлденең тартады.
Әлгіден басқа бір «мен» тұрып:
– Бүкіл жан-жануарлар тіршілігінің мәні – өз қалауы мен мұқтажын қанағаттандыру. Олар сол үшін өмір сүреді. Әрқайсысы басқаны зиян шектіру арқылы өз мұқтажына қол жеткізбек, тіршілік жолындағы мәңгі күрестің олар үшін мәні зор. Сен де солар секілді тіршілік иесісің, сондықтан да тіршілік үшін мәңгі күресуге тиіссің. Алайда сол күресің қаншалықты сәтті болғанымен, тіршілік үшін күресушілердің қалың нөпірі сені ерте ме, кеш пе таптап өтері хақ, – дейді.
Мәселе осылай асқына түспек. Содан өмір сүру дегеннің бұрынғыдан бетер үрейлі бола түсері айтпай-ақ түсінікті.
Бәрінен сорақысы алдыңғылардың бәрін мойындауға тура келетіндігі.
Әлгі «меннің» бірі:
– Менің өмір сүргім, мәңгі өмір сүргім келеді, – десе…
Екінші «мен»:
– Сенің қайтсең де көп ұзамай өлетінің хақ, тіпті тап қазір-ақ көз жұмуың мүмкін, сондай-ақ сенің жаныңдай жақсы көретін адамдарың да өлмек және де сен өзің де, сондай-ақ олар да жасаған әрбір қимылдарыңмен өз өмірлеріңді құртып, сен әзірейілдей жек көретін, еске түссе бәрінен де бетер зәрең ұшатын нәрсенің нақ өзіне, жан азабына, ажалға қарай бет аласыңдар, – дегенді айтады. Мұнысы сұмдықтықтың сұмдығы…
Естен тандыратын жайт… Мүлдем бір сәт қимылдамауға, тамақ ішпеуге, тіпті дем шығармауға болар, ал адамның ой-қиялына тоқтам айту мүмкін емес. Ал ой-сана бел алса, менің жеке тұлға ретіндегі өмірімнің әр қадамына ойдың уы даритыны сөзсіз.
Адам баласы саналы ғұмырға қадам басқаннан-ақ оның көкейінде мына бір ой тұрады да қояды. Әлгі көкейдегі мазасыз ой «жан-жануарлардың, сондай-ақ бүкіл адамзаттың ғұмыры із-түзсіз жоғалмақ емес, өтіп жатқан дүниенің сыры неде, тап қазіргі тіршілігінің мәні не болмақ, дүние өлшеулі, артық қадам жасау, басқадай ғұмыр кешу жазылмаған, соны мойындамасқа шара жоқ. Егер сен осыны мойындасаң, артыңда із қалдыруға бел бусаң, мына тап сенің өзің секілді тек қарақан басының мүддесі үшін тірлік кешетіндермен айқасқа түсуге мәжбүрсің. Өйтпесең, әлгі нөпір сені жұтып қояды» деп сыбырлайды да тұрады.
Бұл күйді өзгерте қою мүмкін емес, тек одан шығатын қорытынды мынау ғана. Адамның өзіне-өзі қолдан жасайтын бір қиындығы – ол өмірге қадам басқаннан-ақ өз мақсатын өзінен сырт көшіріп қояды да, өмір бойы соған ұмтылумен болады… Ол әлгі өзінен сырт тұрған мақсатын қаншалықты биікке қойдым деп ойлағанымен, санасының сәулелену деңгейіне орай оның әлгі биік мақсаттарының ешқайсысы мұны қанағаттандыра алмайды…
Жеке тұлғаға тән дәулеттің қай-қайсысы да ерліктің емес, қажеттіліктің жемісі екенін адам ақылға жүгіну барысында пайымдайды.
«Сонда өмірдің бастауы қайда, оның ақыры қайсы?» деп сұрамай ма менен. Түн түнегі түрілер, күн шапағы білінер меже бар ма? Теңіздің жағасын мөлшерлер, құрлықтың шекарасын анықтар белгі қайда?
Күн мен түн хақ екені, теңіз бен құрлық бар екені рас, сондай-ақ шын өмір және тұл өмір бар екені де ақиқат.
Біздің өмір деп жүргеніміз, саналы тірлікке аяқ басқаннан бергі екі жағалау, екі шекара арасындағы толассыз әрекет.
Бір шекара – қарақан бастың мұқтажын қанағаттандырумен шектелетін, жалпы әлемдік өмірден мүлдем аулақ шекара. Ендігі бір шекара – қарақан бастың қамынан мүлдем бас тартатын, жалпы әлемдік өмірге көбірек ден қоятын және соны мойындайтын, мұқтажын шексіз әлемнен іздеу, іздегенінің өзінен тыс өмірге көшкенін қалау шекарасы.
Бірінші шекараға жақындаған сайын өмір де, дәулет те суала бермек, ал екінші шекараға жақындаған сайын өмір де, дәулет те молая түспек. Сондықтан да кез келген адам ғұмыры осы екі шекара арасындағы сенделуден тұрады, яғни тіршілігін өткізеді. Осы сенделіс тап өмірдің өзі болып табылады.
Егер мен өмір жайлы сөз қозғасам, менің ұғымымдағы өмір туралы түсінік саналы ғұмырыммен, сол жайындағы ұғыммен ғана байланысты екенін аңғарамын.
Саналы ғұмырдан басқа ғұмырды мен білмеймін және оны ешкім біле де алмайды.
Біз жануарлық өмірді, тән өмірін өмір деп білеміз… Оны өмір деуге болмайды, ол тек бізге берілген тіршіліктің күйі, қалпы ғана.
Сонда ақыл-сана дегеннің өзі не болғаны? Қарақан бас тірлігіне бұрылтпай, адамның бүкіл қам-қарекетін өзінен сырт дүниеге алып кететін, махаббат ләззатындай қуанышқа бөлейтін, сондай бір бақытты күйге түсіретін не керемет ол өзі?
Санамыз не сонда? Біз неге болсын баға бергенде санаға, ақылға жүгінеміз. Сонда ақылдың өзіне баға беру үшін қайтпекпіз?
Егер біздің барша құбылысқа ақылмен баға беретініміз рас болса, ақыл біздің баға беруімізге көнбейді, біз ақылдың шылауында екеніміз ақиқат. Ал сол ақылға бәріміз бай екеніміз былай тұрсын, тек соған ғана жетік екеніміз, онда да бәріміз бірдей жетік екеніміз де рас.
Бұл да сол баяғы әрбір ағза, жан-жануар, өсімдік әлемінің тіршілік заңы секілді заңға бағынышты дүние, тек мұның айырмашылығы, өсімдік дүниесі тіршілігіндегі жүзеге асып жатқан заңдылықты біз көзбен көре аламыз, ал өз заңына бағынатын ағаштың өсу заңы сияқты біз бағынатын ақылдың заңын біз көре алмаймыз, алайда оның дегенін орындаймыз…
Сонымен біздің көз жеткізгеніміз, біздің өмір деп жүргеніміз біздің өз өміріміз емес екен. Адам баласының адасуының түп төркіні осында жатыр. Біз ақыл санасын айналдыру төңірегінен шықпай, шын өмірді зерттеу жағына қадам баспаймыз. Өйткені ақылға ақыл айтпақ боп, анықтама бермек боп шатасамыз. Жоққа жармасып, белгісізбен белдесеміз. Көлеңкеге қарап төрелік айтқан кісінің күйін кешеміз.
Егер біз, заттық бөлшектердің түр өзгерте отырып ағза қызметіне тәуелді екеніне қанық болсақ, біз оған ағзаны бақылап, соны зерттегеннен жетік болып отырған жоқпыз, біздің тәнімізге сіңіп кеткен, тіршілік материалы ретінде өзімізге өте таныс, жануардың ағзасы бар болғандықтан қанық болып отырмыз, яғни ақыл заңына бағындыра отырып орындауға ден қоятынымыз да осыдан… Адам өз өміріне күдіктенуді бастағаннан-ақ, өз өмірін өмір емеске көшірген кезден, ол өзін бақытсыз сезініп, өлімді елестетпек. Өмірді өз санасындағы болмыс күйінде ұғынатын адам, бақытсыздықтың, өлімнің не екенін сезінбейді, өйткені оның өмірінің бақыты бір нәрсеге, өзінің жануарлық ақыл заңына бағындырылған, және де бұл тек оның билігіндегі нәрсе емес, ол әркімнің жан дүниесінде жүзеге асып жатпақ. Ажал жануарлық тіршілік иесімен еншілес екенін біз білеміз, мақұлықтың ажалы, мақұлық іспетті адамның да ажалы бізге белгілі; ал ақыл санасының ажалын біз білмейміз және біле де алмаймыз, себебі бұл өмірдің нақ өзі. Ал өмір ажалға айналмақ емес…
Мақұлықтар тіршілігі ризашылықта, бақытты күйде өтеді, өйткені ажалды сезбейді; сезбей-ақ өледі. Адамға ажал азабын көру не үшін жазылған, өлім үрейінің қасіреті жүрегін жаралап, ақыры ажалға душар ететіні несі? Ол неліктен? Оның сыры санада, ажалды сезіне білген адам, саналы ғұмыр кешпейтін, өз тіршілігінің заңын бұзған ауру жан. Ол да өз өмірінің заңын бұзған мақұлықпен пара-пар.
Адам ғұмыры дәулетке ұмтылудан тұрмақ, ол неге талпынса, пешенесіне сол жазылған. Адамның жан сарайында тұтанатын шырақ – дәулет те, өмір де сол болмақ, өйткені шын бар, адам үшін ақиқат бар нәрсе – оның жүрегінде маздаған осы жалғыз шырақ.

* * *
Кез келген адам дәулетінің мол болуын тілеп, жақсы өмір сүргісі келеді. Ол өзіне мол дәулет тілемеген жағдайда, тіпті өмір сүріп жүргенін сезінуден қалады. Адам өмір сүрген соң, өзіне мол дәулет тілемеу дегенді мүлде түсінбейді. Кез келген адам үшін өмір сүру – өзіне мол дәулет тілеу және соған жету; сондай-ақ тілеу мен қол жеткізу – ол да өмір сүрумен пара-пар.
Адам өмірді тек өзі ғана, өзінің жан дүниесімен сезінбек. Алғаш өмірдің шын мәнін түсіне алмай жатқан кезде адам мол дәулет тек мұның қарақан басының ғана дәулеті деп түйеді, өмір сүріп жатқан, шынайы ғұмыр кешуші жалғыз өзім деп сезінеді. Басқаның тірлігі мұның өміріндей емес, өмірдің тек баламасы секілді көрінеді. Адам өз өмірін сезіне алады, ал басқаның өмірін тек сырттан ғана байқайды. Оны сезіне алмайтын себебі – басқаның өмірін тек көріп ғана, өзге адамдардың да өмір сүріп жатқандай сыңайын таныйды. Әр адам өзінің өмір сүріп отырғанын жақсы біледі, әрі оны бір минут та сезінбей қала алмайды. Ал басқаның өмірін нақты сол адам туралы білгісі келгенде ғана есіне алады. Адамға шын өмір сүріп жатқан тек өзі сияқты болып көрінетіні де сондықтан. Мұндай адам басқаға жамандық тілемесе, ол оның әлгі адамның азап шеккенін көруден қашқандықтан. Ал жақсылық тілеген күннің өзінде өз мүддесін ойлап, өзіне жақсы болуын ойлағандықтан. Әлгі адамның жақсылыққа қуанғанына қарап, мұның өзіне жақсы бола түсуі үшін тілемек. Мұндай адам тек өз басының дәулетін қатты қастерлейді; оған ең керегі – қарақан басының жақсылығы.
Міне, осындай адам дүние қуып іске кірісе бастағаннан-ақ, оған өздігінен қол жеткізе алмайтынын көреді, себебі байлық басқа біреудің қолында болып шығады. Ол маңайындағы басқа адамдардың өміріне зер сала отырып, олардың бәрінің тап мұның өзі сияқты, бүкіл мақұлық атаулы секілді – өмір туралы ұғымдары бірдей екенін аңғарады. Олар да мұның тап өзі сияқты, өз өмірін, өз дәулетін ғана сезіне алады екен, тек өз өмірлерін ең мәнді және нағыз шын өмір деп есептейді екен, тап әлгіндей, олардың да дәулеті басқа адамдардың қолында екен. Адам кез келген жан иесі қарақан басының титемдей ғана дәулетін іздейтінін, осы мақсатта басқаның дәулетін тартып алу, тіпті өз дәулеті мен жанын құрбан етуге бас тіге отырып, әлгінің жанын қиып жіберуге әзір екенін көреді. Содан адам осыны ұғып және де өмірге үңіле бастағанда мұның шынында солай екенін: тек кез келген бір ғана тірі жан немесе ондаған тірі жан иесі емес, әлемнің сан жетпес тірі жан иелері өз дәулетіне қол жеткізу үшін кез келген сәтте өмір тек өзінің ғана еншісіндей боп көрінетін оны – мұның өзін де құртып жіберуге әзір екенін аңғарады. Осы жайтты айқын ұққан адам, онсыз өмір сүру мүмкін еместей болып көрінетін әлгі өз дәулетін табудың жолы өте қиын екенін көреді.
Адам өмірді көрген сайын, іс жүзінде мәселенің осылай екеніне көзі жете түседі. Ол бүкіл адамзат өміріне араласады. Өмір қаласа да, қаламаса да бір-бірімен байланысып жатқан жеке адамдар тіршілігінен құралған. Солай бола тұра адамдардың әрқайсысы өз дәулеті үшін бір-бірін қырып-жойып, жеп қоюға әзір. Адам осыны көреді де мұндай өмірдің өзіне дәулет әкелмейтініне, әкелген күнде, оның ұлы қасіретке айналатынына көзін жеткізеді.
«Әрі тарт та, бері тарт», тең түскендер теңдесіп, олар да құлар ақыры. Әлді мен әлсіз белдессе, нашардың таңы айрылмақ. Осалды жеңген мықтылар, заманы өтер шағында тәубеге қарай қайырылмақ. Адам күшпен тартып алған рахатының баянсыз екеніне ақыл-парасаты арқылы көз жеткізбек. Әлгі рахаты шын рахат емес, рахаттың елесі екеніне, өйткені бұл рахатты көрген сайын қашан да артынан тартар тауқымет сезімі жанын жегідей жей түсетінін біледі. Мұндай адам жасы келген сайын әлгі рахаттың ләззаты азайып, күн санап құлазу мен түңілу, тоқырау меңдеп бара жатқанын сезеді.
Ол – ол ма: оның бойынан қуат кетіп, ауру меңдей бастағанда және де басқа адамдардың кәрілігі мен өлімін көргенде, жаны тәтті бұл өзі де күн санап әлсіреп бара жатқанын, кәрілік пен ажал шіркіннің таянғанын жүрегі сыздай отырып мойындай бастайды. Оның үстіне басқа адамдардың мұны жұтып жіберуге даяр екенін; қайғы-қасіреттің бел алып бара жатқанын; оның үстіне өзіне ең тәтті жан иесі – мұның өзін бүкіл дәулетімен қоса жұтатын ажалға дедектей жақындап келе жатқанын түсінеді. Ондайда адамның бар қолынан келері – бүкіл дүние атаулымен күресу болмақ және де күрестің шама бермейтінін, одан ештеңе шықпайтынын хәм көреді. Ол қарақан басына тілеген дәулет пен өмірдің жетуі қиын, ал жеткен күнде аялдату мүмкін еместігіне көзін жеткізеді.
Мұндай адамға бәрінен де маңыздырағы әрі қажеттірегі – ол оның өз басы, ал оның өзі ие өз өмірі, – жойылып, қаңқаға, құрт-құмырсқаға айналмақ; ал әлгі оған керексіз, түк маңызы жоқ, өзіне түсініксіз өмірі – Құдай жаратқан барша әлем, ол мәңгі боп қалмақ. Сөйтсе, әлгіндей адамның өзі ғана түсініп, өзі аялаған сол тәтті өмірі – алдамшы әрі опасыз, ал мұның өзінен тыс, өзі түсінбейтін әрі ұнатпайтын, тіпті жөнді сезіне алмайтын өмірі – нақ сол ғана шын өмірі екен. Ол түптеп келгенде өзі оны сезінбесе де, сол өмірді өзі ғана сүргісі келетінін, өзіне жеке тілеп алған өмірге ие болғанын оймен ұғады. Бұл адамға қатты қайғырғанда немесе әбден торыққанда елес беретін ойдан өзге. Қайғырғанда еңсені жаншып, шаттанғанда сейіліп сала беретін көңіл күй де емес. Жоқ, бұл ең айғақты әрі күдіксіз ақиқат. Егер бұл ой адам басына бір рет кірсе немесе басқа біреу оған ең болмағанда бір мәрте түсіндіретін болса, онда әлгі адам осы ойдан мәңгі ажырамайды және оны көкейден ешбір күшпен қуып шыға да алмайды.
1886 жыл

Аударған
Иген ХАСЕНҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір