Мың бір шырақ
18.06.2024
518
0

Өзгені қайдам, өз басым Қазақ­стан Жазушылар одағы ғимаратына енген сәтімде төрт құбыламнан бірдей тұтаса мың бір шырақ самаладай жарқырап сала береді! Бейсана бойым жеңілдеп, зеңгір көкке әне-міне ұшып кетердей, сиқырлы да құдірет­ті әлем патшалығы құшағына алғандай күй кешемін. Тылсымды қалың қабырғалардан ар тұнған арыстарымның үні шыққандай, анау ерен едендердің бетіне жарқырап іздері көшкендей! Ал мынау биік мінберде тауқымет­ті халқымның және бір тағдыркешті мәселесі талқыланып жатқандай!..
90 жыл – мерейтой! Жүрек төрін қуаныш лебі кернейді! Өйтпей ше?! Кешегі жампоздарымның қылыш жүзінде түзіп берген киелі ұйымының қадіріне кіршіксіз жетіп, мезгіл бұралаңына салмай, алқалай білуіміздің өзі – ұлық дүние! Бұл ең алдымен, қалам ұстаған қауым мен олардың тұщымды туындыларын ту ғып көтерген қара орман жұртшылықтың аруақты арыстарымыздың аманатына деген адалдығын паш етпей ме?! Руханият төріндегі бағаналы орда, басты ордамыздың белі бүгілмей, бедері кетпей еңселі қалпын сақтауы – уақыт тезіне сынбасының айғағы! Керісінше, замана талабына сай нұрлана, бедерлене түсерінің белгісі!
Жадымда күні кешегідей көктеп тұр, 1974 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне құжат­тарымызды тапсырған соң Төлеген есімді құрдасым екеуміз ауылда жүргенде аңызға бергісіз атақ-даңқымен арманымызға қанат бітіретін киелі мекен – Жазушылар одағы үйіне бет алдық. Әдебиетіміздің небір марқасқалары ұстаған емен есікті имене ашып, ішке енгеніміз сол еді, алдымыздан екінші қабат­тан түсе берген Мұқағали ағамыздың газет-журналдар бет­терінен жадымызға ұялап қалған еңселі бейнесі жарқ ете қалғаны! Қуанғанымыз сондай, жүгіріп барып қолын алып, сәлем бердік.
– Оу, жігіт­тер, жол болсын?
– Айтсын, аға, оқуға келген едік.
– Қай оқуға?
– Журналистика факультетіне.
– Өлең жазасыңдар ма?
– Аздап.
– Мені таныдыңдар ма?
– Әрине! Мұқағали Мақатаевсыз!
– Қай өлеңімді білесіңдер?
– Көбісін!
– Ал бірін тыңдалық?
«Майгүлге» ат­ты өлеңін бір демде оқып бердім.
– Дұрыс! Түс болды ғой, түстенбейсіңдер ме?
– Түстенеміз!
Сонымен Одаққа кіргенімізден шыққанымыз тез болып, қазақтың ақиық ақынына еріп, бүгінгі Абылай хан көшесімен өрлей «Пельменханаға» бет алдық. Емен-жарқын отырып, көп әңгімелестік. Тағы да «Ей, өмір», «Сонау бір жазда жайлауда», «Жалғыз көкек» сынды өлеңдерді жатқа соқтық. Қат­ты риза болған арқалы ақын: «Бүгін үйге жүріңдер, Лашын жеңгелеріңнің қолынан дәм татасыңдар», – деп жинала бастады. Ал біз болсақ, тез арада «Саяхат» бекетіндегі қол жүгімізді алып, уәделі пәтерімізге жетуге тиіспіз! Бүгінде қазақ поэзиясының «Хантәңіріне» айналған қайталанбас тұлғамен осылайша қимастықпен, қинала-қинала қоштасқан едік. Сол жылы армандаған мамандығымыз жалынан ұстатпады. Келер жылы әскерге алындық. Қайтып келгенімізше Мұқаң мына пәниден мәңгілік мекеніне көше барған. Ал киелі Одағымыз болса, сол қара орнында, ес болып, сес болып тұр еліме! Баршамызға дем берер алтын ұямыз – қияңға самғатар Байқоңырымыз! Несін айтасыз, осы Одағымызды көзайым көреміз деп жүріп, мұзбалақ Мұқаңмен дидарласып қалғанымыз ұмытылмас сәт, өшпес өнеге!
Содан бері тура жарты ғасыр өте шығыпты. «Елу жылда ел жаңа…» Дәл қазір де жүректі жігер билеп тұр. Ұлы Абай асыл мұрат тұтқан «әділет» сөзінің маңдайы жарқырай түсті! Ел тағдыры байланған бастаманың табиғи жалғасын тауып, баянды болуының өзі бір бақыт! Адамзат алпауыт­тарының көзқұртына айналған асты кеніш, үсті пейіш жеріміздің түлеуі, жұмылған жұрт­тың аспандағы айға білек күшін білеуі – елдіктің белгісі! Семіп қалған тершіл еңбектің бір ырғаққа түсуі – тектіліктің нышаны! Ондаған жылдар бойы берекені кетірген белден басулардан әбден ығыры шыққан жұрт­тың енді бүгін: «Тәңірім, әділет­тілік жолынан адастыра көрмесе екен», – деп, жатпай-тұрмай Отанымыздың ертеңін тілеп жатқан періште пейілін жаныңыз алаулай ұғасыз! Сөйтесіз де, Балпық әулиенің «Патша әділет­ті болса жұмақ жер бетінде, патша әділетсіз болса әділет жер астында» деген бәтуәлі қағидатының қазығына байланасыз.
Қай жанрды алмайық, ілкідегідей олжа салып, ойлы оқырмандар жүрегіне ұялап жатқан сүбелі дүниелер жетерлік. Лайықты бағасын патша көңіл көпшілік тарапынан алып та жатыр. Талғаммен таңдап оқитын оқырмандардың бүгінгі дәуір табын арқалаған шығармаларға деген сұраныстары да басты назарда. Бұл әсіресе қазіргідей ақпарат толқынында небір сананы улар шатпақтардың үстемеленген тұсында аса маңызды. Қысқасы, жігері от­тай лаулаған, елдіктің төрін қамдаған қауқарлы қаламгерлердің өздері де, сүбелі шығармалары да ұлт­тық рухты оят­ты, отансүйгіштік, патриотизм сәулесін себеледі!
Тәңір-Аспан көгіндегі елдігіміздің сайрап жатқан құс жолы адастырмады! Бостан күйдеміз, бойымыз тіктелді! Бұл – туабіт­ті табиғатымыздың айғағы, көкбөрілер ұрпағының айбары! Рухы атойлаған, жаны азат жайсаңдардың кезеңі келді білем! Тура биде ел көп, тұлғалы ерге тең көп. Айдарлы күннің жамалы жүректе от боп жанады. «Ел ертеңі – Ұлт бірлігінде», – деп, ұлағат жая аманат­тап тұрған Алаш арыстарынан көз жазбақ емеспіз! Классик жазушымыз Ғабит Мүсіреповтің зұлмат кезеңінде: «Бейімбет жау болса, мен де – жаумын» – деп партбилетін лақтырып жіберуі, қазақ әдебиеті детектив жанрының негізін қалаушы Кемел Тоқаевтың қызыл империя қылышынан қан тамып тұрған шақта: «Қазақ тілі мемлекет­тік тіліміз екені баршаға аян. Біздің ұлт­тық асыл қазынамыз – қазақ тілінің кіршіксіз таза болуына, шұбарланбауына атсалысуымыз керек. Сондықтан қазақ сөздерін әлдекімдердің көңіл күйіне қарап өзгерте беруге болмайды» деп («Қазақ әдебиеті» газеті, 14 желтоқсан, 1968 ж.) шегелей мақала жазуы, кешегі қасірет­ті желтоқсан жалынында боздақтарымыз қанға боялғанда қаламгерлеріміз Жұбан Молдағалиев, Сафуан Шаймерденов, Мұхтар Шахановтардың жалаңтөс қалыпқа енуінің түп төркіні осында!
Ұлекеңнің – Ұлықбек Есдәулет­тің төрағалығы кезінде Жазушылар одағының Алматы облыстық филиа­лына бес жыл басшылық еткенім бар. Мұнымен айтпағым, Одақтың ішкі-сыртқы шаруасын бір адамдай білемін. Сондықтан әр шаруасына күйемін. Тәуелсіз Ел руханиятын бүтіндеп, ұлт әдебиетін өрістету кеңістігіндегі істерінің әркез сәт­ті сабақтасуын жан-тәніммен қалаймын және мұны Одақ мүшесі ретіндегі басты борышыма балаймын. Атап өткеніміз орынды, Одағымыздың бүгінгі басшысы көрнекті жазушы, публицист Мереке Құлкеновтің де шығармашылық жұмыстарды ұйымдастыру, қаламгерлердің кітаптарын шығару, қаламақы төлеуді қайталай қалпына келтіру, озық әдебие­тімізді шет елдерге таныту бағытындағы қыруар ізденістерінің тиімдігін қысқа мерзімде көре бастадық. Сүйсінерлік жайт.
Жол білген керуенге жалтақтамаса керек. Ақиқат жолы – ауыр. Әманда өсек пен өтіріктің етегі ашық, жел есіп тұрады. Міне, сол себепті де, ақиқат­тың айбалтасы саналар ақын-жазушыларымыз қазір де арбаға алдымен жегілуде. Алдиярын толтыра жүрек шерін шертуде, соңынан қара жұртын ертуде! Алдағы ісіміз тіптен ауқымды. Қазір жұрт сылдыр сөзден де, сұйық шығармалардан да, айтары айтақыр тайғақ көзден де әбден қашарман халде. Намыстан жаратылған жұрт екенімізді есімізден бір сәт те шығармақ емеспіз. Ұлтымыздың мыңжылдықтар мұғдарында уыз ұялап, жадында бұққан өршіл мінез, берік ұстанымын, асқақ рух, еркін ой-санасын арқау еткен еңбектеріміз көп болса екен!
Арқамызды Алатауға тіреп, Тәңірмен тілдескен жұрт едік қой! Бабаларымыз мыңжылдықтар төрінде: «Көктен Тәңірі баспаса, жер айырылып жатпаса – кім қорлар қалың түркі елін», – деп асқақ арман, қаһарлы үнін алмас қылыш, алдаспанмен суара ұрпақтарын ұлық үндеп кетпеп пе еді. Ендеше, бізді алға жетелейтін де, баршадан жекелейтін де – Ұлт­тық Рух ат­ты жасампаз күш!

Әміре ӘРІН,
Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының иегері,
Алматы облысының
Құрмет­ті азаматы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір