Арман Әлменбет. Тарғыл әтеш
04.04.2022
3245
0

(Әңгіме)

Арман Әлменбет

Жаздың басында күрекей бұларды тұңғыш рет күннің көзіне алып шыққанда жетеуі де бірдей сияқты еді. Үшеуі қара, төртеуі сары-тұғын. Мамық жүндері үлп-үлп етіп, өз аяқтарына өздері шалынып, қайта-қайта жығылып түсіп, қара тауықтың соңынан әрең дегенде еріп жүрді.
Осы балапан шығарған қара тауық пен қызыл әтешке ие болып, жем шашып, су беріп, таңертең қораның есігін ашып қойып, кешке қамап жүретін он жасар бала балапандардың қайсы еркек, қайсы ұрғашы екенін ажырата алған жоқ. Сүйкімділігі бірінен бірі өтетін шиқылдақтарға қызығумен ғана жүрді.
Шілденің ортасы ауып, жердің шөбі сарғая бастаған кезде екі қара балапан өзгелерінен ерекшелене бастады. Айдар-сақалдары білініп, құйрықтары орақтанып, кеуделері шығыңқы тартты. Екеуі төбелесетінді шығарды. Бұл екі балапан – еркек те, қалған бір қара балапан мен төрт сары балапан ұрғашы еді. Әлгі екеудің біреуі күн өткен сайын көмір қара бола бастады да, екіншісі қызыл араласып, тарғылдануға көшті. Көмір қара сирақты, ірі болып шықты. Денесі шағындау тарғыл жеңіле беретін болды.
Бұл екеуі өскен сайын қызыл әтешке жеккөрінішті болайын деді. Күзде екеуі анық қораздық сипат алып, жуандау дауыспен шақыра бастағанда қызыл әтеш тұмсығын алға тоса жүгіріп келіп, түйреп өтетінді шығарды. Бара-бара қуып жететіндей жерден кезігіп қалса, тұра қуа жөнеледі. Не керек, тарғыл көмір қарадан бір таяқ жеп, қызыл әтештен екі көрешек көріп, әбден қорлыққа түсті. Бірақ қызыл әтештің де қорқатын бір жауы бар еді. Көрші үйдің ала әтеші. Ол әбден әккі болған, өзі ірі болғанда да ірі әтеш. Айдары бұлардікіндей қырлы, жұқа емес, бұйра-бұйра, жалпақ. Қызыл әтеш оны көрсе, алыстан зытады. Екі-үш рет таяқ жеген соң көмір қара мен тарғыл да сөйтетін болды.
Тарғылдың осындай өмірі қар түскенше жалғасты. Он жасар бала сегіз тауық, үш әтешін соңғы рет қораға қамаған соң-ақ күн суытқан. Жаңбыр артынан жаңбыр жауып, ақыры қар да түсті. Тар жерге қамаған соң, қызыл әтеш екі балапан әтешке, көмір қара да тарғылға тиісуін азайтқан. Қашатын жер болмаған соң, үнемі көз алдында жүреді – қайта-қайта шоқи беру де мәнін жоғалтқандай. Тарғыл ана екеуі жем жеп жатқанда барып қалмаса, су ішкен кезінде таяп кетпесе, содан соң тұп-тура алдынан шығып қалмаса болды, қатты тұмсық пен сояудай тырнақтардан аман болатынын түсінді.
Бір күні қараңғы түсе, қораға он жасар бала әкесімен кірді. Бала қолындағы жарықты жарқ еткізді де, бұларға кезек-кезек түсіре бастады. Қызыл әтеш «қоқ-қоқ» деп аттанға басты-ай келіп. Екі адам оған назар салмай, өзара кішкене ақылдасып тұрды да, жарықты жалп еткізіп сөндіре салды. Сөйтті де, бала қолындағы шамды әкесіне беріп, қонақтап отырған тауықтарға қарай жүрді. Тарғыл екі қанатын қыса ұстаған екі қолды сезіп үлгерді. Бір сәт қанатын сәл қомдап, қашып үлгеретіндей де көрініп еді, бірақ бала шап берген екен. Тырп ете алмай қалды. Аяғын тырбаңдатып, қызыл әтештің аттанына бұл да қосылды. Бірақ бұнікі аттаннан гөрі ойбайға көбірек ұқсады. Жан дауысы шықты. Бала тарғылды ақ қапқа салды да, аузын буды. Қапқа түскенде тарғыл бір-екі рет аяғын серпіп көрді – түк шықпады. Бір ауық тағы біраз бақырды да, ақыры тынышталды. Бала бұны көтеріп, бір жаққа жүріп кеткен.
Қаптың аузын ашып, бұны қоя бергенде тарғыл қанатымен жерді сүзе құлады. Қот-қотқа салып, атып тұрып, не істерін білмей қалды. Басқа қорада тұр екен. Анадай жерде кесілген отынның үстінде үш ақ тауық қонақтап тұр. Осыны көріп үлгергенше адамдар сыртқа беттеді. Шыға бере қораның жарығын сөндірді де, есікті тарс жапты. Тарғыл біраз уақыт қозғалыссыз тұрды да, терезеден түскен айдың жарығына қарай жүріп, сол жерден көрінген бір ағаштың үстіне шығып алды. Біраз тұрған соң, қанатын тұмсығына тықты да, аяғын бүгіп, ұйқыға кетті.
Таң атар-атпастан оянып, жан-жағына қарады. Үш ақ тауық әлі ұйықтап жатыр екен. Қанатын қомдап алды да, бар даусымен шақырды. Маңайдан қызыл әтештің даусы шыққан жоқ. Тағы шақырды. Осы кезде қораның сыртынан, алыстау жақтан тағы бір әтештің шақырғаны естілді. Оның даусы бұнікіндей емес, зор екен. Тарғыл біразға дейін үнсіз қалды. Әлгі әтеш және екі рет шақырған соң барып, тәуекел етіп тағы шақырды. Бөтен әтеш те кезегін жіберген жоқ. Ол бұл қорада емес, көрші қорада екенін, енді келмесін сезген соң, тарғыл да шақырды.
Осылайша тарғылдың үш тауықтың жанындағы оңаша өмірі басталды. Бұлар тұрған қора мал қораның ішіндегі отынның қоры тұратын бөлмесі екен. Жарылуы қиын бұтағы көп шөркелер жиналған. Аяқ астынан тауық қораға айналыпты. Аяқ астынан дейтініміз, тарғылдың бұрынғы иесі – он жасар баланың немере ағасы – биыл сегізінші сыныпқа көшкен ұзын тұра інісінің жаз бойы тауық баққанына қызығып, қоярда қоймай жүріп әкесіне бір жерден үш тауық алдырған. Қазірден бастап ұстап, жазда балапан шығарғысы келген. Әтешті алыстан алмай, ағайыннан сұраған. Он жасар інісі өзінің әкесімен ақылдаса келе, көмір қараны беруге қимай, осы тарғылды әкеп тастап еді.
Тарғыл ақырын-ақырын қанатымен жер сызып, ақ тауықтарды қайыратынды шығарды. Ара-тұра айдардан тістеп, астына басуға да ұмтылып еді, үш тауықтың ірісі өзіне қарсы шапшыды. Қалған екеуі қоқылдап, тұра қашты. Бұлар қаладан әкелінген инкубатордың ақ тауықтары екенін, әтешті керек етпейтінін тарғыл қайдан білсін.Тағы бір ұмтылыс үстінде әлгі ірі тауық және шапшып еді, тарғыл оны тұмсығымен қағып қалды да, екі аяғын талтайтып, мойын жүнін күдірейтіп, еңкейіп тұра қалды. Ана тауық шоқитындай болып еңкейе берді де, тарғылдың қораз-тұрысын көріп, бұрылып қаша жөнелді. Осыдан кейін-ақ тарғылдың тауықтарды қайыруы мен айдарға жармасуы жиіледі. Алайда үш тауықтың үшеуі де ойбайлап қашуын қоймады.
Көктемге қарай тарғыл тауықтардан іріленіп, кәдімгі әтеш болды. Дауысы да зорайып, көрші қорадағы әтешпен егесіп шақыратын болды.
Бір күні ұзын тұра қораның сыртқы есігін жаппай кетті. Тарғыл сым тордан жасалған қоршауға қанатын қаққылай қарғып шықты да, тура солай секіріп төмен түсті. Ақырын басып, табалдырыққа қарай барып еді, қары еріп, қарайған жер бусанып жатыр екен. Күннің көзі есіктен қиғаштай түсіп, жанға жағып барады. Ұзын тұра келіп, «кіш» деп бұны ішке қарай қуды да, есікті жауып тастады. Тарғыл қораның ішін аралап, қойдың қиын шоқып біраз жүрді. Қыт-қыттап үш тауықты шақырды, бірақ олар тордан өте алмай, ерсілі-қарсылы жүгіргеннен басқа ештеңе істей алған жоқ. Осыған дейін де үш-төрт рет шығып кетіп, шақырып, келтіре алмай қойған. Бүгін де сөйтті. Ақыры кешке дейін солай жүрді де, қараңғы түсе қоршауға қайта ұшып кірді.Сыртқы есік ашық қалатыннан біраз күн өткен соң, ұзын тұра бұларды далаға өзі айдап шығарды. Жерде біраз сыз бар, бірақ күн арқаны қыздырып тұр екен. Тарғыл үш тауықты ертіп, жерден жем іздеген болды. Едәуір уақыттан соң, қораның күн жақ бетіне барып, күн шуақтап тұрып қалған. Тарғыл маужырап бара жатыр еді, кенет өзіне таныс дауыс естілді. Көршінің әтеші шақырған еді. Баяғы қызыл әтеш пен ала әтештен таяқ жеген күндері қайта есіне түскендей, тарғыл басын жалт көтеріп алды да, бірауық үнсіз қалды. Көрші әтештің үні тағы естілді. Жақын жерден шықты. Өзіне белгісіз күш тарғылды солай қарай жетелей жөнелді. Еппен басып, қораның артына қарай барғанда анадайда алты тауықты ертіп, жайылып жүрген ақ әтешті көрді. Ақ әтеш те бұны көріп, басын көтеріп тұра қалды. Баяғы ала әтештен шағындау екен. Тіпті қызыл әтештен де жұқалтаңдау көрінді. Тарғылдың бойында батылдық пайда болды. Талтайып тұра қалып, шақырды. Ақ әтеш те сөйтті. Екеуі енді бір қырындап, ара тұра жерден бірдеңе шоқыған болып, аяқтарымен жерді сыпырып-сыпырып жіберіп, бір-біріне жақындай бастады. Жақындай-жақындай келіп, екеуі бірдей атылса, түйісетіндей жер қалғанда, бір-біріне қарап, тұра қалды. Аяқтарын талтайтып, желке жүндерін тікірейтіп, ұрысқа әзірленді. Ал-ал… Ал кеп соқты бірін-бірі. Тұмсықтары бір қағысып, аяқтары бір тебісіп, жерге түсті. Тарғыл балапан кезінде көмір қарамен осылай айқасқаны болмаса, одан кейін кеудеден соққы алып көрмеген еді. Біріншісі елеусіздеу тигендей көрінді. Екеуі қайта-тұрысып, қайта атылды. Енді тарғылға анық сезілді. Әрі ақ әтеш бұл жолы тарғылдың айдарын шоқып ала жаздады. Не болса о болсын деп үшінші рет секіргенінде тарғыл айдарын қорғаймын деп дұрыс тебе алмай қалды да, кеуде тұсынан оңбай соққы алды. Төртінші мәртеде тек ақ әтеш қана атылды. Тарғыл бұрылып қаша жөнелген.
Сол күннен кейін тарғыл азырақ шақырып жүрді. Сыртқа шықса, тіпті байқалмауға тырысатын. Ақ әтештің даусы жақындай бастаса болды, үні өшеді.
Бірақ бір күні тарғылдың өмірінде үлкен өзгеріс болды. Ақ әтештің үш тауығы бұлардың қорасының артындағы қордаға кеп жайыла қалды. Тауықтардың қыт-қыттаған даусын естіп, тарғыл байқап басып, жақындап барған. Қараса, ақ әтеш көрінбейді. Артынан еріп келе жатқан өзінің тауықтарын ұмытып, әлгі үш тауыққа тартып отырды. Жандарына жүгіре басып барды да, қоқиланып, қанатымен жер сыпырып, қайыруға кірісті. Ақ тауықтар секілді әрі қашпай, бұлар икемге келетінін түйсігімен сезді. Үш-төрт реттен қайырған соң, біреуін айдардан алып, басып қалды. Әржағында не болғанын өзі де түсінген жоқ. Жерге түсіп, әрірек барып тұрып еді, әлгі тауық орнынан тұрып, сілкініп-сілкініп алды да, қорданы одан әрі шоқуға кірісті. Қоқ-қоғы өзгерген тарғыл сол күні кеш батқанша әлгі үш тауықтың қызығын көрді. Өзінің де үш тауығы ұзап кетпей со жерде жүрген. Кешке көршінің баласы келіп өзінің тауықтарын қуып әкеткенде, ол пайдасы жоқ өзінің үш тауығымен қорасына қайтты.
Осыдан бастап тарғыл көршінің тауықтары бөлініп қалғанын аңдитынды шығарды. Ақ әтеш көріп қалса не зып береді, не бір-екі рет қағысып барып, қаша жөнеледі. Қолына түскен тауықтың айдарынан ала бергенде ақ әтеш келіп қалып, өзі де талай айдарын қанатты. Өстіп жүріп, өзінің үш тауығы бар екенін ұмытуға айналды. Осылайша тарғылдың екіншісі жазы өтіп жатты.
Бір күні көрші тауықтардың бөлініп кеткенін күте алмаған тарғыл ақ әтештің үйіріне қарай жақындады. Әудем жерге барып, жерден шоқып дән іздеген болып, біраз қарап тұрды. Ақырын-ақырын жақындай түсті. Бір тауық кішкене өзіне жақындау жайылып жүр екен. Тағы жақындаса, ақ әтеш бері қарай тұра жүгіретінін білді. Сонда да шыдамай кетіп, әлгі тауықты тұра қуды. Ол тауық ақ әтешке қарай жүгірді де, жалт бұрылып, тарғылдың қордасына қарай қашты. Ақ әтешке қарай қашқанда қуған тарғыл, өзінің қордасына қарай қашқанда тоқтап қалсын ба, дүниені ұмытып, зымырай жөнелді. Бұған да біраз үйреніп қалған қу тауық біраз қашып барып жата қалды. Ал кеп бас… Әлемде өзі мен осы тауықтан басқаны ұмытып үлгерген тарғылдың бүйірінен кеп соққы тиді. Ақ әтеш бұны мойнынан тістей тепкен екен. Тарғыл қимасынан ажыратқан ақ әтешке осы жолы ерекше ашумен ұмтылды. Сақал тұсынан бір шоқып өтті де, жалт беріп, тұра қалды. Шоқи тепкен кезде қанатын қағып жығылмай қалған ақ әтеш те шайқасқа әзір тұр екен – еңкейіп қалып бір-ақ атылды. Қанатын сабалай көтерілген екі әтеш бірін-бірі аямай тепті. Тебіскен аяқтың бірі әлсіремей айдардан я сақалдан алу қиын. Алғашқы тебістен әлсірету де оңай емес. Бұл жолы тарғыл байқап көрейін деп емес, я бел, я белбеу кетедіге салып тұрғанын ақ әтеш те аңдаған сияқты. Ұзақ жекпе-жекке кіргендей, күшін есептеп айқаса бастады. Енді дүниеде ақ әтеш екеуіміз ғана қалдық деп ойлап алған тарғыл, ашу мен ызаға ғана сүйеніп ұмтыла берді. Сарт-сұрт, сарт-сұрт етіп екеуі бірнеше рет ауаға қарғысып, шоқысып, тебісті. Бір секіргенде ақ әтеш бұның айдарын, бұл оның сақалын тістеп жерге түсті. Екеуі де бастарын бұра тұмсықтарын қысып, тартысуға кірісті. Біресе оңға, біресе солға айналды. Кезек-кезек жұлқып-жұлқып қалады. Айдардан да, сақалдан да қан ақты. Тарғыл алға қарай жүріп көрді. Ақ әтеш бұған көніп, артқа жүргендей болды. Тарғыл кілт тоқтап, енді артқа тартты. Ақ әтеш оған да көнгендей болды. Тарғыл ақ әтештің сақалын бар күшімен тістеді де, басын жұлқып-жұлқып қалды. Ақ әтеш бұның айдарын қоя берді. Тарғыл болса оның сақалын жіберместен басын төмен қарай басып, ақ әтешті еңкейтіп тастады. Ақ әтеш осы кезде барып жұлқынып, қашпақ болды. Бұрылып алып, жүгіре жөнелгісі келді. Тарғыл оның сақалынан алған күйі кішкене сүйретіле еріп көрді де, шыдамай, босата салды. Қараса, ақ әтеш қашып бара жатыр екен. Тарғыл одан сайын ызаланып, енді айдардан алмақ болып тұра қуды. Ақ әтеш жеткізбеді. Кішкене қуған соң, тарғыл тоқтап қалды да, жан-жағына қарап, тауықтарды іздеді. Сол әуелі көрген жерінде жайылып жүр екен. Өзінің үш тауығы да келіп қосылыпты. Бет-аузы қан-қан болған тарғыл бір шақырып алды да, тоғыз тауыққа қарай маң-маң басып жақындай берді.
Сол шайқастан кейін ақ әтештің иесі келіп бұларды бөліп әкетпесе, жұмыртқалайтын алты тауық ақ әтешке бұйырмайтын болды. Алыстан аңдып қана тұратын күйге түсті. Тарғыл оны жақындау жерден көріп қалса, міндетті түрде қуып барып, шоқып тастайтын әдет тапты. Тарғыл өзі жонданып, жүні жылтырай бастады. Жай жүргенде де қоқ-қоғы көбейіп, даусы да жуандап сала берді. Ал иелігіндегі үш тауық сол күйі жұмыртқаламай қойды. Сонысы қыс бойы тарғылды қызықтан айырып еді, енді жаз ортасында алты тауықтан да ажыратып тынды. Ұзын тұраның әкесі ол үш тауықты сойып тастады да, тарғылды бұрынғы иесіне қайтарып берді.
Тарғыл қайтып келгенде, қызыл әтеш бұрынғыша хандық құрып тұрған. Көмір қара сирағы ұзарып, ірі әтешке айналса да, қыс бойы таяқ жеп шыққандықтан қызылдан жаман қорқатын. Биыл он бірге келген бала көмір қараның тұрқына қызығып, союға қимай жүрген. Енді тарғыл қайтып келгенде алдымен сол көмір қарамен, сосын қызыл әтешпен таластырып көруді ойлады. Қаптан шыға салғанда тарғыл қыстағыдай тауықтарды емес, өзінің ұяласы – көмір қараны көрді. Ес-ақыл дегенді білмейтін, тек түйсікке сүйенетін екі мақұлық талтайысып тұра қалды да, бір біріне тұра ұмтылды. Шаң бұрқ етті. Ақ әтеш секілді емес, қараның аяғы да ұзын, денесі де ірі екенін тарғыл бірден сезді. Бірақ қорқақтай төбелеседі екен. Қатты құтыртпай, амалын тауып айдардан алу керек болды. Тарғыл бір ұмтылғанда секірмей қалып, көмір қараның астынан зу етіп өте шықты. Осылай араға үш-төрт секіріс алып, үшінші рет астынан өткенде, жалт бұрылып, айдарға шапшыды. Бұрылып, әзірленіп барып секіремін деп ойлаған көмір қара жалтарып үлгермей қалды. Тарғыл айдардан бар күшімен тістеді де, жұлқылай жөнелді. Балапан кезінде осы қарсы алдында тұрған әтешті ғана жеңген, одан кейін қашумен ғана болған байғұс көмір қара не істерін білмеді. Оған қарағанда әккіленіп алған тарғыл сақалды да берер емес. Жоғарыдан төмен қарай тістеп, тұқыртып барады. Көмір қара қораны айналып қашып, есікке қарай ұмтылғанда он бірге келген бала жаны ашып, есікті аша салды. Тарғылды аяғымен жасқап, сыртқа жібермей қалды да, есікті жауып өзі шығып кетті.
Адам баласына қызық керек қой. Жоқ әлде өзіне ұнайтын көмір қараны дал-дал қылғанын іштей кешіре алмады ма, он бір жасар бала шамалы уақыттан кейін есікті ашты да, ішке қызыл әтешті айдап кіргізді. Баяғыда өзі талай таяқ жеген қызыл әтеш. Саны жуан, кеудесі кең, паң әтеш. Ала әтештен таяқ жегенде болмаса, былайғы уақытта өз қорасында сайран салып үйреніп қалған қызыл әтеш!
Тарғыл ентігін енді басып, қораның ішін аралай бастаған еді. Қызыл әтешті көргенде екінші айқасқа дайындалды. Қанатын қағып-қағып алды. Қызыл әтеш барлау жасамай-ақ, бірден тұмсығын төмен салып, мойнын алға созып, бұған қарай зулай жөнелді. Енді ғана басылған шаң қайта көтерілді. Қанаттар сатыр-сұтыр етеді. Тепкен кезде тырнап-тырнап өтетін тебендей тырнақтарға қауырсындар да іліне шығып, бұрқырайды. Екі әтеш те жауын мұқатудан басқаны ұмытқан, барын салып жатыр. Тарғыл қызылдың да астынан бір-екі рет өтіп, жалт беріп айдарға ұмтылып көрді. Бірақ қызыл әтеш қу екен, ауаға секіргенін сезген бойда, артқа бұрылып қонуға тырысады. Бұның тұмсығын қағып, керек болса секіріп теуіп үлгереді. Екеуі бір рет сақал мен айдардан тістесіп, біраз жұлқысты да, жіберісе сап, қайта шайқасқа көшті. Бұл екінші кезең де едәуір уақытқа созылды. Екеуі де әбден титықтаған кезде, секірістері о бастағыдай емес, әлсіздеу әрі төменірек болайын деді. Арасындағы аңдулары да ұзаққа созыла бастады. Шабуылды тарғыл бастамаса, қызыл күтіп жүре беретін сыңай танытты. Тарғыл осыны сезгендей, соңғы шабуылдарының арасын жиілетіп жіберді. Сатыр-сұтыр, сатыр-сұтыр еткізіп үш-төрт рет шарпысқан соң, барын салып тағы бір секіріп еді, қызыл астынан зу етіп өте шықты. Шап беріп, айдарға жармаса ма деп тарғыл сақтана бұрылып еді, қызылдың шабуыл жасамай, тұрып қалғанын көрді. Енді бұл секірместен, тура айдарға бір-ақ ұмтылды. Қызыл болдырған екен, тұра қашуға да шамасы келмей, айдарын беріп қойды. Тарғыл тістей жұлқып, көп тартуға өзінің де шамасы келмей, жібере салды. Қызылға да керегі сол болғандай, жылдам басып қаша жөнелді. Тарғыл қуған сыңай танытты. Бірақ есікті ашқан он бір жасар бала тағы бұны жібермей қалды да, өзі шығып, есікті жауып кетті.
Бұл жолы тарғыл қатты шаршаған еді. Айдар, сақалы қан. Жүні жұлма-жұлма. Мойны жіңішкеріп кеткендей. Жүргенде сол жақ аяғын ақсаңдай басты. Екі-үш басқан соң, келген жерінде тоқтап, ауырған аяғын көтеріп, тұра қалды. Бала біраздан соң келіп жем шашты да, кішкентай ыдысқа су құйып кетіп қалды. Бұл кезде дала қараңғылана бастаған. Тарғыл суды ғана ішті де, науаның іргесіне барып, қонақтап жатып қалды. Ертесіне оянды да, бар күшін жиып шақырып көрді. Маңайда тағы бір әтеш шақырды. Алыстау жерден. Одан соң барып, тура қабырғаның арғы жағынан бір әтеш шақырды. Біріншісі көршінің ала әтеші, екіншісі кеше өзі шайқасқан қызыл әтеш еді. Көмір қараның үні шыққан жоқ. Тарғыл кешегі шашылған жемді шоқып жеп, суды ішіп алды да, терезеден түскен күннің көзіне барып, ауырған аяғын көтеріп тұрып қалды.
Түстен кейін он бір жасар бала келіп, есікті ашты да, бұны айдап, сыртқа шығарды. Анадай жерде алты тауықты және бір шұбырған балапандарды ертіп, қызыл әтеш, біраз әріректе көмір қара да жайылып жүр екен. Бірінші болып бұны көмір қара көрді. Қанатын қағып, шақырып қойды. Қызыл әтеш оған бір қарады да, алыстау жерде жүргеніне көз жеткізгендей болып, жерді шоқып, жем іздеуге қайта кірісті. Тарғыл ақсаңдап басып, қораның іргесіне қарай жақындады. Қораның ішінде істегенін істеп, аяғын көтеріп, тағы тұрып қалды. Қызыл әтеш айдары мен сақалына қан қатса да, бұл секілді ақсамапты. Тауықтардың жанына өзі қонған соң, кешегі шайқастан да жеңіспен шықтым деп түйсе керек, қоқ-қоғы қатты. Біраздан соң балапанын ерткен тауықтар тарғыл тұрған жаққа қарай жүрді. Оны көрген қызыл әтеш те осылай қарай қозғалды. Аз жүрген соң, тарғылдың қораның алдында бүрісіп тұрғанын байқады. Сол-ақ екен, қанатын қағып-қағып жіберді де, кезек-кезек екі жағымен қырындап жүріп, жерді аяғымен сыпыра тырнап-тырнап, жақындай берді. Бұны көрген он бір жасар бала да үйдің алдында отырған жерінен түрегеліп, таяп кеп, қарап тұрды. Бірақ ол күткендей шайқас болған жоқ. Қызыл әтеш жақындап келіп, енді ұмтылам дегенде тарғыл бұрылды да, ақсаңдап қаша жөнелді.
Ол күні де, одан кейінгі бес-алты күнде де тарғыл бөлек қамалып жүрді. Күндіз қызылдың көзіне түспей, таңертеңгі уақытта күн шуақтап, күн ысыса көлеңкеге кіріп кетіп, демалып қана күнін өткізетін. Уақыт өткен сайын аяғының ауырғаны да басылып, айдар-сақаланының жарасы да жазылып, көбірек жем іздеп жүретін болды. Сөйтіп жүріп бір күні ала әтештің аумағына қалай өтіп кеткенін өзі де байқамай қалды. Ол жаққа бастап апарған – тағы да сол тауықтарға ауған аңсары еді. Қызыл әтештен беті қайтып қалған соң, бұл үйдің тауықтарына жолай алмай, баяғы әдетіне салып, көршінің тауықтарын аңдыған. Ол үйде де балапан ерткені бар, ертпегені бар он шақты тауық бар екен. Әуелде алыстан қарап, бөлініп шыққан тауықтар бола ма деп күтті. Сәл ұзап кеткенін көрсе, амалдап жақындап баруды ойлады. Бірақ ондай орай келмей қойды. Ала әтеш бұны алыстан байқап, шақырып қана қойып, алаңсыз жүрді.
Бір күні тарғылдың шыдамы таусылды. Ала шақырған сайын шақырып, қанатын қомдап, жерді тырнап, ақырын-ақырын жақындай берді. Бір майданның ашылатынын білген балалар маңайға жиналды. Тарғыл мен ала бір-біріне бар назарларын салып, іштей тынып, таяй берді. Балалар тарғылдан үлкен ерлік күтпеп еді. Осы күнге дейін төңіректегі әтеш біткенді тұмсығымен шоқып, аяғымен теуіп, қанатымен сабап, шыдатпай келген ала әтеш бұл жолы да сөйтетініне күмәнданған жоқ. Екі әтеш бір-біріне таяп келген кезде аланың тарғылдан ірі, бойы да биік екені көрініп тұрды. Мойны мен басы да жуандау, жүні жалт-жұлт етеді, құйрығы жерге түседі – өте сәнді. Тарғыл болса былтыр көктемнің соңында ғана ұядан шыққан балапан әтеш – басы шағын, мойны да жіңішкелеу, жүні жабысқан, құйрығы да бір тұтам. Сырттан біреуді әкеліп, ала, қызыл, көмір қара, тарғыл – осы төрт әтешті қатар қойып, қайсын аласың десе, тарғылға өлдім қызықпас еді. Ең елеусіз, бір қарағанда ерекшеленетін ештеңесі жоғы – осы тарғыл-тұғын.
Бірақ тарғылда бір қасиет бар-тын. Ол – қораға қожайындық етіп, тауықтарға жалғыз иемденуге деген алапат құштарлық еді. Балапан күнінен талай таяқ жеген, кейін жеңістің де дәмін татқан, «енді жеңгім келеді, жеңіліп жатсам, ол да мен үшін соншалық қорқынышты емес, бірақ үйірсіз жүруге бәрібір шыдамаймын, сондықтан әуселеңді көріп-ақ алдым» дегендей күймен келді де, тарғылекең ала әтешке тап берді.
Тарғылдан жеңілген әтештердің әрқайсының жеңілу себебін анықтауға болады. Ақ әтеш – үйір алып жүретіндей мықты әтеш емес еді. Жаратылысынан нәзіктеу, жұқалтаң. Көмір қара туысынан мықты болғанымен көзін ашқаннан қызыл мен аладан таяқ жеген, жеңістің дәмін татпаған, армансыз бір тауық иемденіп көрмеген. Қызыл әтеш бір жағы аладан біржола қорқып, мұқалып қалғаны бар, бір жағы дәурені де өте бастаған болатын. Ал ала әтештің әлсіздігі – қанша уақыттан бері өзіне әтеш біткеннің қарсы шықпағаны еді. Шайқас дегеннің не екенін ұмытып, мау тарта бастаған. Иә, ала әтеш те сол күні тарғылдан жеңіліп қалды.
Екеуінің шайқасы нағыз төбелеске мәтіби әтештердің шайқасы болды. Екеуі де аптыққан жоқ. Күштерін таусып алмай, еппен соғысты. Тіке ұшпай, жанай қағысып өту, реті келген жерде аямай теуіп қалу, қорғанатын жерде қорғанып қалу, астынан өтіп кету, алыстап кетіп, қайта бастау – бәрі де болды. Аланың ірі денесі о баста бұрылуға, жалтаруға икемді болғанымен, уақыт өткен сайын ауыр тарта бастады. Ұзын да жуан сирақтары ә дегенде тарғылға қатты-қатты тиіп, біраз титықтаған секілді еді, біраздан соң тек қорғаныс үшін ғана жұмсала бастады. Тарғыл әлі де біраз шаршамай сілтей алатынын біліп, барған сайын өршелене түсті. Аланың темір тұмсығынан ғана қаймығып жүрді. Сақалдан екі тістетіп, айдардан бір шоқытып алған соң, оған да үйренді. Өзі аланың бұйра айдарын дұрыс тістей алмай, қор болды. Аланың әккілігі сонша, айдарға емес, сақалға жармасады екен. Өзінің бұйра айдарының тістеуге қолайсыз екенін біліп алған. Осыны түсінген соң, тарғыл енді сақалды ғана көздеген. Екеуі де сақалды ғана аңдуға көшіп, тұмсықтарын сарт-сарт қағып жіберіп отырды. Бірақ аңдыған жау алмай қоймайды. Әлі азайған ала сақалды ұстай алмаған соң, енді не де болса айдардан алайын, әйтеуір менікіндей бұйра емес, тістеуге ыңғайлы ғой дегендей тарғылдың айдарын тістеп алды. Сол сәт тарғыл да аланың сақалын тұмсығына салып үлгерді. Ал кеп жабыс. Екеуі тістесіп алып, төрт-бес рет айналды. Кім озыңғырап тартады, сол көбірек күш алатындай. Ала тарғылдың арқасына қарай өтіп кетіп тарқысы келеді. Тарғыл сақалынан басып, аланы жерге тірегісі келеді. Қайсы сәл босаңсиды, сол жеңілгелі тұр. Бірақ екеуі де енді айрылғысы келмейтін секілді. Ала жіберіп, тарғыл жібермей қойса, ала сақалынан айрылады. Ал бұл жібергенде тарғыл да жібере салса, онда ол шайқасты қайта бастайды. Алаға осының екеуі де керек жоқ.
Осылайша біраз тартысқан соң, тарғыл ызаланып кетті. Бұлай жеңе алмасын біліп, жібере салды. Енді бірдеңе ғып айдарын шығарып алса, аланың әкесін танытатынын білді. Айдардың ауырғанына қараған жоқ, қанатын қаға алға секірді. Ала жалт бұрылды да, жібере салды. Тарғылдың айдары инкубатор тауықтарының айдары құсап салбырап, бір жағына түсіп кетіпті – өзі қан-қан. Оған қарап жатқан тарғыл жоқ, тағы да тап берді. Ала байғұс бір-ақ рет қарсы қарғыды да, екінші ұмтылысқа жүрегі дауаламай, жалт берді. Тарғыл қуған да жоқ. Әл-дәрмені құрып, тұрған жерінде аяғын бүгіп, жата кетті. Ала сол кеткеннен екі жаққа теңселе басып, қорасына қарай кете берді. Он бір жасар бала болдырған тарғылды оп-оңай ұстап алды да, көтеріп әкеліп күндегідей бөлек қораға қамай салды.
Ертесіне қораның есігін ашқанда тарғыл түк болмағандай далаға қоқилана шықты. Айдары сол салбыраған күйі, қап-қара болып қаны қатып қалған. Үсті жұлма-жұлма. Онымен жұмыс жоқ. Шыға сала қызыл әтеш ертіп жүрген үйірге қарамай, көрші үйге қарай тартты. Көршінің баласы кешегі жағдайды ескеріп, ала әтешті тауықтарымен қосып қорадан шығармай қойған еді. Оны түсінбеген тарғыл көршінің қорасын айналып біраз жүрді де, өзінің қорасына қарай қайтты.
Осыдан кейін тарғыл әтеш төбелескен жоқ. Көмір қара әтешті он бір жасар бала ақыры құртты. Біреу тұрқына қызығып сұрай берген соң, ақыры текке жүр деп беріп жіберген еді. Қызыл әтешке бұл өзі жолаған жоқ. Бөлінген тауығы болса ғана иемденіп жүрді. Ала әтеш болса тарғылға сол күннен кейін беттемей қалды. Үйірін ертіп сыртқа шыққан сайын, тарғыл барып қызығын көретін болды. Иесі келіп тарғылды қуып жібергенше ала анадайда қарап қана тұрады. Күн өткен сайын аланың тұрқы бұрынғыдай ірі емес, әдеттегі әтеш сияқты көріне бастады. Күн суығанда тарғылды қамап жүрген қораға сиырларды қамады. Енді тарғыл да басқа тауықтармен, өсіп қалған балапандармен бірге тауық қораға қамалды. Алғашқы күндері қызыл әтеш айбат шексе, қашқан болып жүрді. Тар жерге қамалған соң ол да соншалық тізесін батырмайтын болған. Бір күні су іше бергенде қызыл әтеш желкесін күдірейтіп келе жатыр екен, тарғыл да талтайып, желкесін күдірейте қалды. Екеуі қарғи бере, бастарын қайта төмен түсірісті де, қатып тұра қалды. Әуелі қызылдың мойын жүні жығылып, басыла бастады. Оны көрген тарғыл да райынан қайтты. Осыдан кейін қызыл да бұған, бұл да оған жақындамайтын болды. Уақыт өткен сайын тарғыл еркінсіп, қаттырақ шақырып, қаздаңдап жүретін болды. Биікке қонақтап, дүңкиіп жататын болды. Жүні жылтырап, қарасы қара, қызылы қызыл тартты. Айдары біржола жазылып, тіп-тік болды. Ішіне қан толып, қып-қызыл болып, тіпті айбар берді. Сәл оқыс дыбыс шықса, аттанға басатын да өзі болып алды. Он бір жасар бала қораны тазалау үшін кейде мал қораға қарай айдаса, басқа тауықтар құсап тұра қашпай, қоқ-қоқ деп ең соңынан әрең шығатын болды. Алда көктем мен жаз келе жатыр еді. Ала әтеш бола ма, басқа әтеш бола ма, жаңадан өсіп шығатын балапан әтештер ме – енді тарғылға бәрібір еді. Кез келгенін шоқып өлтіруге бар. Жер аяғы кеңісе болды, екі үйдің тауығы өзіне қарайтыны сөзсіз. Тек мына қызыл әтешке келгенде қайтерін білмей қалады. Бірақ оның дәурені өтті: не иесі көзін құртады, не өзі өледі, не бір күні болмаса бір күні тарғылдың тұмсығы мен тырнағына оңбай ілінеді. Осы үш-ақ жол қалып тұрған. Оны ойлайтын тарғылда да, қызылда да сана жоқ еді, әрине.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір