Билік шахматы: мат болған корольдің беймәлім тағдыры
04.04.2022
14095
0

Сүйікті Шекспир, сүйкімсіз Ричард ІІІ
Жуырда Махамбет атындағы ака­де­ми­ялық қазақ драма театрында Уильям Шекспирдің «Ричард ІІІ» трагедиясы сах­наланды. Пьесаны қойған – жас ре­жис­сер Жанат Телтаев. Академиялық ата­ғы бар театрға классикалық дүниелерді қою­дың маңызы зор. Онымен бірге ре­жис­сер де, актер де өсетінін ескерсек, Атырау театрының араға ұзақ жылдар салып әлемдік классиканы сахналауын соны қадамға балар едік… Әйгілі дра­матург­тың сом сүйекті туындысы театр және кино тілінде сан мәрте сөйлеген шығар-ау… Алайда біздің тоқталғымыз келіп отырғаны – атыраулық көрермен тамашалаған қойылым Шекспир баян қылған тарихтан басқашалау сырды шертеді. Турасын айтқанда режиссер Телтаев Тюдорлар қаралаған бақытсыз король туралы ақиқаттың ізімен жүруге талпынды. Егерде даңқты трагикті ре­жис­сер атаулының өлердей сүйетінін және оған жан-тәнімен адалдығын ескерер болсақ, жас режиссердің бұл қадамға бар­уын нағыз батылдыққа балауға болар еді. Шекспир шығармаларының құмарлық пен пиғылдар шиеленісінің шарпу күші және оларды миллиондаған нұсқада ойнатса да желісін бұзбайтын сиқыры бар. Оның бес ғасыр бойы режиссер қауымын тәнті қылып келе жатқандығының бас­ты құпиясы осы шығар… Хамит Ер­ға­лиев­тің шұрайлы аудармасы пьеса тілін­дегі бар қуатты, құштарлықты сақтап қалған­дығымен ғажап.
«Ричард ІІІ» Шекспирдің ең көлемді дүниесі саналып қана қоймай, бас кейіп­кердің сөйлейтін сөзінің көптігі бойын­ша Гиннестің рекордтар кітабына ен­гендігі туралы екінің бірі біле бермейді. Әлемдегі ірілі-ұсақты толып жатқан театрларда қойылған аталмыш туынды­ның посткеңестік аймақтағы ең әйгілі­ле­рі – Шота Руставели театрында Ро­берт Стуруа, Вахтангов театрында С.Ев­лахишвили, Сатириконда Ю.Бутусов сахналаған нұсқалары.
Сонымен Ричард ІІІ кім?.. Шекспир­дің баянынша, ол – анасынан туғанда қан шеңгелдеп туған жауыз, бүкір һәм құбыжық түстес дүлей… Король тағы үшін айналасын түгел жалмап, бей­кү­нә періштелердің қанын төккен, тіп­ті құрсақтас бауырын да қылышқа қи­ған зұлым… Айтпақшы «қаніпезер король» туралы Шекспирден бұрын Томас Мор өзінің әйгілі «Утопиясында» жазған болатын. Иорктер әулетінің соң­ғы тақ иесі Ричард ІІІ күллі Англия би­леу­ші­лерінің ішіндегі шайқаста өлген үш королдің бірі және соңғысы екендігін айта кету керек. Қалғандары тағында қалғып кетті, не басқалай, әйтеуір майданда емес…

Тарихи шегініс
2012 жылы британдық археологтар Лестердегі автотұрақтың астынан ер адамның қаңқасына кезігеді. Иорктер әуле­тінің бүгінгі көзі тірі ұрпақтарымен салыстырған ДНК сараптамасынан соң оның 1485 жылы Босворт түбіндегі қанқұйлы шайқаста қаза тапқан ағылшын королі Ричард ІІІ екені анықталады. Ал қаңқа сүйекке жасалған қалпына келтіру жұмыстарынан кейін Томас Мор мен Шекс­пирге көптеген сұрақтар пайда болды. Өйткені, марқұм король ешқандай да бүкір құбыжық емес еді. Онда дене кемістігінен тек скалиоздың жеңіл түрі ғана болатын. Өзі ескіден сақталған кар­тина­дағыдай қой көзді , орта бойлы жігіт болса керек…
Қаза тапқан королдің сүйегі сол бойда жоғалып кетіп, кейін оның сол маңдағы шіркеуге жерленгендігі мәлім болды. Ал аталмыш автотұрақ сол шіркеудің орнына салынған еді.
Әлі күнге дейін тарихшылардың ба­сын қатырып келген екі сұрақтың бірі – «Ричард ағасының екі ұлын – тақ мұра­гер­лерін өлтірді ме?» болатын. Қазіргі заманғы зерттеушілердің айтуынша бұ­лай болуы мүмкін емес. 1483 жылы Тауэр­ге қамалған бейкүнә сәбилердің кейінгі тағдыры мүлде белгісіз. Алайда соңыра осындағы баспалдақ астынан табылған қос мүрде 15-17 жастардағы ер балаларға тиесілі екені анықталғанымен, олардың қаза тапқан уақыты Ричард королдік құрған дәуірмен сәйкеспейді. Яғни, олар Ричардтың қазасынан кейін өлтірілген болып шығады. Олардың қанын немере ағаларының мойнына жүктеу де саясаттың арам ойыны болып шығатын секілді… Ал король у беріп өл­тірді дейтін Анна Невиль болса, ескі дерті туберкулезден қайтыс болғандығы әйгілі болып отыр.
Әлімсақтан «Тарихты жеңімпаздар жасайды» деген қағида бары рас. Ри­чард ІІІ-нің өлімімен таққа келген Тю­дорлар Иорктер әулетінің соңғы билеу­шісі­нің тағдырын әбден бұрмалады. Ал Шекспирдің даңғайыр дарыны мен шексіз қиялы бұл тұста жақсы жұмыс жасады. Бірақ тарихқа емес, Тюдорлар әулетіне.

Ре­жис­сер Жанат Телтаев

Ауысқан орындар, алмасқан кейіпкерлер…
Жә, сонымен Махамбет театрында сахналаған «Ричард ІІІ» жаңалығы неде? Тарихтың зымиян соқпағынан бүгінгі сахнаға оралайық. Сөз басында біз Шекспирдің ғажайыбы пьесаны алуан нұсқаға салу мүмкіндігінде деген болатынбыз. Бұл жолы режиссер көптеген сюжеттердің орнын ауыстыра отырып, автордың Ричардқа теліген сөздері мен кейбір әрекеттерін герцог Бекингемнің (актер Бекет Зинуллин) аузына салды, қолына берді. Герцог Кларенсті, кішкене ханзадаларды өлтіруге тапсырыс беруші зымиян Бекингем Ричард ІІІ іші алапес, сырты жарқын досы кейпінде өз міндетін мүлтіксіз атқарды. Бұл жерде актердің асқан шебер ойынын айта кету керек. Сондай-ақ леди Аннаның сах­насы мүлде ауысып, «из грязи в князи» болмысымен көрінеді. Айтпақшы, тари­хи деректерде Анна мен Ричардтың ара­сында шынымен жылы сезім болған дейді. Ричард пен Аннаның таққа отыру салтанатында зынданнан шыққан леди Анна мен тақтан түскен королева Елизаветтаның бетпе-бет жолығуы – аса тапқыр режиссерлік шешім. Бұл дүниеде бәрінің алдамшы екендігін жалғыз сәт­пен-ақ дәлелдейді. Осы таққа отыру салтанатын қойылымның шарықтау шегі деп таныр едік. Ланкастерлер мен Иорктердің бітпейтін майданынан қалған кейіпкер есінен ауысқан Маргаританың (актриса Ғазиза Бисенова) ұзын-сонар монологын һәм айтулы қарғысын тыңдату үшін шарап толы бөтелкемен шығаруы, осы тұстағы Ричардтың бекзада қалпы сенімді көрінді. Актриса өз рөлін шынайы алып шықты. Жалпы, бұл рөлге актрисаның сәтті таңдалғанын байқауға болады. Режиссердың ұтқыр ше­шімінің бірі Тиррельдің (актер Ас­лан­бек Жанбалаев) соңғы сахнасы. Бал­ғын ханзадаларды өлтіруге тапсырыс бер­ген герцогті Тиррель Ричардтың бұй­ры­ғымен өлтіреді. Бекингемнің өз ақшасына өзі ажал құшуы – өзі қазған орға өзі түсуі. Ақиқат тарихта да Бекингем сатқындығы үшін өлім жазасына кесілген болатын. Шекспирде де солай. Ауысқан сахналар қатарына король Эдуард өлімі, лорд Стэнлидің оқиғалары, сондай-ақ пьесаның финалын жатқызуға болады. Финалда герцогиня Иоркская бүкіл әулеттен жалғыз қалған ана бейнесінде шерлі қалпымен ұлдарының зиратын аралайды. Шерлі ана – шерлі Англия, ұлдарын жоғалтқан Отан.
Ричард рөліндегі актер Нұрбек Сьез­хан албырт та ержүрек жауынгер король бейнесін әсерлі алып шықты. Шекспир кейіпкерлерінде жүрек майданы мен сөз майданы қатар жүріп жататынын ескерсек, актер үшін бұл оңай жүк емес. Ричард ІІІ театр сахнасына тұңғыш рет сымбатты жауынгер бейнесінде көрініп отыр. Әй­гілі Райкиндер сомдаған Ричард пен бұл Ричардтың айырмасын есті көрермен бірден аңғарар. Режиссердың арманы бас кейіпкеріне тарихи реабилитация жасау болса, ол өз мақсатына жетті деу­ге болар еді. Елизавета (Әйгерім Қаб­дешова), король Эдуард ІV (Мырзабек Макулов) образдары пафоссыз, сенімді жасалғанын, леди Анна рөліндегі Ла­шын Нүркенқызының дебютант еке­нін ескерсек, актерлердің сәтті таңдалған­ды­ғы әсіремақтау емес. Бір айта кететін жайт, леди Аннаның рөліне бұрын мас­са­да ғана бой көрсетіп жүрген жас актри­са­ның таңдалуы кездейсоқтық емес. Бұл режиссердың ешқандай интригаға былғанбаған кейіпкерді бейнелеудегі шешімі болса керек.

Әдетте рөл актерге жетінші, әлде се­гізін­ші ойында сіңеді деп жатады. Шекспирлік эмоцияны тілмен жеткізуде осалдық танытқан кейбір актерлар келешекте ысылатын шығар деген үміт­теміз. Спектаклдің өн бойынан біз сезінген «әттеген-айдың» бірі му­зыка­лық көркемдеуде кеткен аздаған ол­қы­лықтар болды. Көне латын тіліндегі шіркеу әуендері қойылым мазмұнын байытқанымен, кейбір сахналардағы музыкалар өз орнын таппай тұрды. Мұндай жағдайлар актерлардың ойынына сөз жоқ әсер етіп жатады. Мұны да жөн­деуге келетін қателікке жатқызар едік. Сондай-ақ декорацияның кейбір элементтерін (шахмат тақтасы) ойынға қосса, тіптен жанданып кетер ме еді, бәлкім.
Қойылымдағы бүкіл оқиға шах­мат тақтасының үстінде өтеді. Залда­ғы көрермен кеңістікті сезінеді. Қос қап­тал­дағы бағаналар арасында фигуралар мен пешкалар. Мәңгіліктің пәлсапасы – билік үшін майданда бейтарап жоқ. Бәрінің орны ауысады. Кез келген пешка король болуы әбден мүмкін. Кез келген королдің түбінде пешкаға айналатыны – ақиқат. Айналып келгенде пиғылдар ойынынан зардап шегетін халық пен тарих. Осы тұрғыда қойылым суретшісінің (суретші Темірбек Мұхтаров) шеберлігі мақтауға тұрарлық.
Әлбетте, режиссер – суреткер. Қалай бойласа да, өзі ғана шектейтін әлемі бар. Даңқты туындының классикалық нұсқасын сақтап, ырғағы мен бояуына тиіспей, алайда басты кейіпкердің болмысын басқаша суреттеу оңай шаруа емес. Басты мақсат – ұлы Шекспирдің даңқына көлеңке түсіру емес, ақиқатты іздеу. Дүниені өз көзіңмен тануға ұмтылу. «Шындықтың мың сан, ақиқаттың жал­ғыз екендігін» ескерсек, бұл сапардың азабы да, ғажабы да аз болмас.

Әлия Дәулетбаева, ақын

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір