ТІЛ ТАҒДЫРЫ
18.02.2025
182
1

Ең бірінші бақытым – халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Алтыннан да бағалы нарқым менің…
(М.Мақатаев «Үш бақытым»)

Тіл – ұлт­тың тағдыры! Қазақ елінде алғашқы «Тілдер туралы» заң сонау Кеңес одағы кезінде, 1989 жылдың 22 қыркүйегінде қабылданып, қаншама мемлекет­тік бағдарлама, қаулы-қарарлар қабылданды. Содан бергі ұзақ уақыт аралығында мемлекет­тік тіл мәселесінде нендей өзгеріс бар? Жақсылыққа бетбұрыс болып, тіліміз көркейіп, өрге көтерілді ме? Мен бұл сұрақтарға жауап бермес бұрын ескіліктен қалған мына бір әфсананы еске алғым келіп тұр.
…Баяғыда бір патша кеңесші уәзіріне: «Ел ішінің жағдайы қалай? Мен туралы жұртшылық қандай пікірде? Соны біліп кел…» – деп, уәзірін ел аралауға жібереді. Арада пәленбай уақыт өткенде, сапардан оралған уәзіріне патша:
– Қане, ақ сөйле! Халқым маған разы ма екен? – деп сұрайды. Уәзір:
– Әміршім, алдымен, көрген-білгендерімнің жақсысын айтайын ба, жаман жағын баяндайын ба?– деп, оның өзіне сұрақ қояды. Патша:
– Жақсы жаңалығың бір жаққа қашып кетпес, алдыңғы кезекте көргендеріңнің жаман жағын айт, – дейді.
Сол әфсанада айтылғандай, аса құрмет­ті оқырман, мен алдымен, тіл мәселесінің жағымды жағын емес, кемшілікті, кемшілік емес-ау, масқара жағдайын мына бір оқиғаға байланыстыра баяндамақпын.
…2010 жылы Республикалық Тілдер комитетінің басшысы Бауыржан Омаров біздің Жетісу өңіріне келді. Келу мақсаты – «Тілдердің 2010 – 2020 жылдарға арналған бағдарламасын талқылау және тілдерді өркендетіп, дамыту, қолданыс аясын кеңіту мақсатында ұсыныстар енгізу» мәселелері. Омаров келмес бұрын бәріне нұсқаулық (памятка) таратылған еді.
…Облыстық әкімдіктің атшаптырым акт залы толған халық. Облыс басшылығы мен қосшылығынан бастап, аудан әкімдері, әр саланың басшы серкелері, ірілі-ұсақты шенеуніктеріне зал аузы-мұрынына лықа тола жиналыпты. Аудандардағы бірлі-жарлы әкімнің орынбасарлары, тіл бөлімінің мамандары, облыстағы салалық мекеме басшылары мен қосшылары мінберге шығып, көстите сөйлеп жатыр. Бәрінікі жалпылама – «сен тимесең, мен тимен» дейтіндей бос, құрғақ сөз. Одан ке­й­ін Қарасай ауданының әкімі мінбеге шықты. Атшаптырым залды «кім бар, кім жоқ» дегендей, көзбен жағалай шолып шығып, сондай бір маңғаз, өзіне-өзі бек риза кейіппен сөзін бастап кет­ті. Одан бұрынғы сөйлеушілердің сөзі – сөз бе, бұл әкімнің қосымша
баяндамасы «Тәшкенде бір апам бар, ол менен де өткен сорақы» демекші, олардан асып түсті. Құдай-ау, сақтай гөр! Өзі басқарып отырған әкімдіктің Мәдениет және тілдер бөлімінің жыл басынан бергі өткізген мәдени-көпшілік шараларын жіпке тізгендей, қолындағы бір бума қағазына шұқшия қарап кібіртіктей, ыңырана ежіктеп, әрең-әрең оқып тұр. Бір апта бұрын бәріне таратылған нұсқаулықтағы талаптарға байланысты бір ауыз сөз жоқ. «Аллам-ау, «әкім» деген дардай аты бар лауазым иесі өзінің қол астындағы қызметкерлері жазып, дайын­дап берген қағазды алдын ала оқып, таныспаған ба?! Мынасы масқара екен! «Ең бірінші бақытым – халқым менің…» деп, мұзбалақ ақын Мұқағали жырлағандай, халықтан үлкен кім бар? Залда толып отырған қарақұрым халықтан қарадай ұялып кет­тім. Аудан басқарып, жұртшылыққа жөн сілтеп отыруға тиісті әкімінің сиқы осы болса, «қоянның түрін көріп, қалжасынан түңіл» демекші, ол басқарған әкімдіктегі аппарат қызметкерлерінің білім, біліктілік пен интеллектуалдық деңгейі айтпаса да түсінікті болды» деген ой қауашығымда қарадай ойнап кет­ті. «Итің жаман екен дегенде, намыстан өлгенім-ай» дегендей, Орталықтан арнайы келген лауазым иесі ғана емес, филология ғылымының докторы, елге танымал батыл журналист, тіл жанашыры, профессор Бауыржан Омаровтан ұялғаным-ай! «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын» дегенді іштей айтып, дайын қағазды оқи алмай міңгірлеген әкімді атарға оғым болмай, қаным қайнап отыр. Шенеуніктің сабан ішінен іліп алар дәні жоқ, сылдыр су сияқты сұйық сөзі аяқталды-ау, әйтеуір! Жиынды жүргізушінің: «Сөз кезегі Республикалық Ауылшаруашылық кәсіподағы Қаратал аудандық филиалының төрағасы…» –деп, менің аты-жөнімді хабарлауынан соң, сахна төріне шапшаңдата басып, ширыға шықтым…

Ал екінші бақытым – тілім менің,
Тасжүректі тіліммен тілімдедім.
Кей-кейде дүниядан түңілсем де,
Қасиет­ті тілімнен түңілмедім…
(М.Мақатаев «Үш бақытым»)

«Құрмет­ті ханымдар мен мырзалар! Бүгінгі «мемлекет­тік» деп қағаз жүзінде айтылғанымен, іс жүзінде орыс тілінің тасасында қалып, тұрмысымызға ене алмай, босағада сығалап, тұралап жатқан қасиет­ті қазақ тілін қалай төрге шығарамыз» деген мақсат­та өтіп отырған жиынның мәнін бағанадан жарыссөзге шыққан басшы, қосшылар түсінбеген екен. Өйткені сөйлеушілердің барлығы өз мекемелеріндегі атқарылған мәдени-көпшілік шараларды тізбелеп айтумен шектелді. Әсіресе есім-сойын ауызға алғым келмей отырған Қарасай ауданының білдей бір басшысы аудан әкімінің сөйлеген сыйқын өздеріңіз естіп, көріп, баға беріп отырсыздар.
Үкімет, Парламент, министрлер мен әкім-қаралар орысша сайрап тұрған соң, басқаларда қозғалыс қайдан болсын?!
Егемен Қазақ­стан Республикасының мемлекет­тік тілі сол елдің, жердің иесінің тілі – қазақ тілі екені заңымызда анық, ашық жазылған. «Тілдер туралы» заңның алғаш қабылданғанына 21 жыл өтсе де, қатпар мұздың біржола еріп, тіліміздің шынайы мемлекет­тік дәрежеге көтеріле алмау себебі неде? Ең бірінші: «орекеңдер өкпелеп қалмасын» деген өзіміздің орынсыз жалпақшешейлігіміз бен жалтақтығымыз. Одан қалса, жетпіс жыл бойы қызыл коммунистік идеология саясатына уланған қандастарымыздың құлдық, енжарлық психологиясында жатыр.
ЮНЕСКО-ның бас директоры Контиро Мацуцра «Тіл – табиғатпен ғалам ғажайыптары туралы деректердің қайнар көзі. Сондықтан тіл жоғалса, азамат арасындағы биологиялық әртүрлілік заңы бұзылады. Жоғалған тіл өзімен бірге бір халықтың бай рухани мәдени мұрасын, асыл да бағалы мирасы саналатын ауыз әдебиетінің тамаша үлгілері – поэзиялық шығармаларын, аңыз-ертегілерін, жаңылтпаш пен әзіл-қалжыңдарын ала кетеді» деген екен. Бұл пікір осыдан бір ғасырдан астам бұрын «Тілі жоғалған жұрт­тың өзі де жоғалады» деп, қазақ тілінің болашағы үшін қам жеген ұлт қайраткері Ахмет Байтұрсынов атамыздың сөзімен дәлме-дәл ұштасып жатқан жоқ па?! Осындай қауіпті сезіп, «тіл», «тіл» деп шырылдап, ұлт келешегін ойлаудан жүрегіне салмақ түсіріп, денсаулығынан да айырылған Мұхтар Шаханов ағамызды «тілді саясатқа айналдырады, әйтпесе, құрып бара жатқан қазақ тілі жоқ» деп, аяқтан шалып, кекетіп-мұқатып отырған өз қазағымыз екенін көріп, қаның басыңа шапшиды.
Күні кеше әлемдегі ормандай орысты, оның тілінің келешегін ойлап, жер планетасындағы орыстарды өз Ресе­йіне шақырып, «үй салуға жер береміз, көтерме ақысын (подъемный) төлеп, бар жағдайды жасаймыз» деп, жар салып жатқан В.Путин мен Д.Медведевті қолдап, миллиардтаған рублін ұлт болашағы үшін аямай, мүдделік танытып отырған Ресей Парламентінің депутат­тары неткен ұлтжанды десеңші! Олар орыс тілін білмегендер азамат­тық ала алмайтын заң да шығарып қойды ғой. Орыстың жаман әдетін тез қабылдап ала қойып, жақсысын, үлгілісін шатқаяқтап, қабылдамайтын қайран қазағым-ай! Тек «өз ұлтына өзі топырақ шашып отыр» деп кіналамашы, аға­йын. Күйінгеннен және әлдебіреулердің шымбайына батып, намысы ояна ма деген оймен осылай қат­ты айтуға мәжбүрмін. 150 миллион халқы бар Ресей сөйтіп, алаңдаушылық білдіріп отырғанда, олардан он еседей аз, бар-жоғы 16 миллиондай халқы бар қазақ елінің болашағы, тілі, діні, ділі үшін дабыл қағып қана қоймай, әр қазақ күрескер болса да артықшылығы жоқ!
Қазақ­стан Республикасы «Тілдер туралы» заңының 4-бабында: «Қазақ­стан Республикасында мемлекет­тік тіл – қазақ тілі. Мемлекет­тік тіл мемлекет­тік басқару, заңнама, сот ісі мен іс жүргізу тілі ретінде мемлекет аумағында қоғамдық қатынастың барлық салаларында қолданылады» делінген. Алайда заңның осы талабы қай жерде, қай мекемелерде болмасын, штат­тағы аудармашыға немесе әйтеуір, қазақшасы тәуір бір маманға жүктеліп, барлық құжат, қаулы-қарарларды қазақшаға аудару арқылы шешілгенсымақ болып тұрғанын жасырып, жабудың қажеті жоқ. Жиын, басқосуларда басшылар немесе баяндамашылар сөздің «бісмілләсін» қазақшадан бастағанымен: «Мұнда басқа ұлт өкілдері отырғандықтан, сөзім бәріне түсінікті болуы үшін әрі қарай орыс тілінде сөйлеуге рұқсат етіңіздер» – деп, әрі қарай «түсінікті тіл» – орысша сүйрелеңдей жөнеледі. Осының хат­тамасын аудармашы қазақша аударып, бәрін «тастай қатырып» іс-қағаздарға тігіп тастайды. Өйткені ертең «Тілдер туралы» заңның орындалуын тексерушілер келіп қалса: «Міне, бізде бәрі мемлекет­тік тілде жүргізіледі» деп көрсетіп, заң талаптарының «бұлжытпай» орындалып отырғанын дәлелдеу үшін керек. Мемлекет­тік тілді қолданбасақ, ол тілде сөйлемесек, іс-қағаздарын формальды түрде «мемлекет­тік» жасау арқылы тілімізді қалай дамытып, қалай көркейтпекпіз? Мұндай көзбояушылық кімге қажет? Тағы бір баса айтарым: бізге жалпылама «Тілдер туралы» заң емес, «Мемлекет­тік тіл туралы» ешкім жалтара алмайтын, бұлтара алмайтын Заң керек!
Әлдекімдерді қорқытып, үркіту үшін емес, «Тіл туралы» заңның орындалуын тексеріп, бақылап отыратын «Тіл полициясы» құрылымын құрудың уақыты әбден пісіп жетілді! Осы орайда, санда бар да, санат­та жоқ қозғалыс, қоғамдық ұйымдар туралы айтып өткім келіп тұр. Атынан ат үркетін халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы бар. Кеңес одағының құрамында болған басқа мемлекет­терді қайдам, Қазақ­станда бұл ұйым аты бар да, заты жоқ, қауқарсыз құрылымға айналғалы қашан!..
Ұлт­тың келешегін, болашағын айқындайтын мемлекет­тік тіл – мемлекет­тік саясат. Мемлекет­тік саясат­ты тек мемлекет­тік мекемелер ғана емес, ел аумағындағы меншік түріне қарамастан, барлық кәсіпорын, ұжымдар мен қоғамдық ұйымдар жүзеге асыруды міндет санауы тиіс.
…Үкімет тарапынан жылда қыруар қаржы бөлініп, жер-жерде «Мемлекет­тік тіл оқыту орталықтары» ашылды. Жөн-ақ! Бірақ оны оқып, бітірген кез­де олардың мемлекет­тік тілді (үш топ бойынша) қанша дәрежеде меңгергенін сараптайтындар сол тіл бөлімі мен оқыту орталығының мамандары. Әрине, өздері оқытқан түлектеріне білсін, білмесін, «қанағат­танарлық» деген баға қойып, ешкімді «құлатпайтыны» түсінікті. Өйткені өздері оқыт­ты ғой! Өздеріне ақы төлеп оқыған «іштен шыққан шұбар жыландарын» «құлатуға» қалай қисын, яғни емтихан қабылдау комиссиясының құрамына жалтақ, жалпақшешейлік танытпайтын мамандарды, тілдің нағыз жанашырларын бекіту керек. Әйтпесе «пәлен жылда түгенше адам оқытылып, сертификат алды» деген сапасы күмәнді, сан қуған ақпарат беру арқылы тілімізді көгертіп, ұшпаққа шығара алмаймыз!
Тұзы жеңіл қазақ тілінің мәселесі көп қой. Жас ұрпақтың бесіктен басталған үйдегі тәрбиесі, балабақша, мектептегі, теле-аудиолардағы мультфильм, БАҚ-тардағы ұлт­тық тәрбие – айта берсек, проблема жетерлік. Олар айтылудай-ақ айтылып, жазылудай-ақ жазылып жатыр.
Мемлекет­тік қызмет қана емес, қоғамдық қатынастың барлық саласында халықтың қазақ тілін жаппай игеруі, білуі үшін қажет­тілік тудыру қажет. Неге бізден, Қазақ­станнан Германияға көшкен немістер бар-жоғы 3-4 айдың ішінде немісше судай ағып шыға келеді. Өзімізде туып, өмір-бақи тұрып жатқан орыс, неміс, кәрістер (бірер «арпа ішіндегі бір бидай» этнос өкілдерін қоспағанда) бір ауыз сөз қазақша білмейді. Өйткені қажет­тілік тудыра алмай отырмыз. Ол үшін не істеу керек? Заң керек! Конституцияның 7-бабындағы: «орыс тілі – ресми тіл, қазақ тілімен қатар қолданылады» деген мағынадағы жалпақшешей баптың көзін құрту қажет.
Тағы да қайталап айтайын: «Мемлекет­тік тіл» заңының орындалуын қадағалайтын «Тіл полициясын» құрудың уақыты жет­ті. Қазақта «қазаннан қақпақ кетсе, ит­тен ұят кетеді» деген айшықты сөз бар. Сонау 1989 жылдан бері үйренбеген тілді басқа ұлт өкілдері түгіл, өзіміздің қазақтардың көбісі ұлт­тық намысы ояна қалып, үйрене қоюы да, біле қоюы да екі талай.
…Мемлекет­тік, ұлт­тық идеологияның бірден-бір қуат­ты құралы БАҚ екені белгілі. Теледидарда қазақша хабарлардың, қойылымдардың көбісі түн жарымнан ке­йін берілетіні жасырын емес. Сонда қазақтар орманның жапалағы құсап ұйықтамай, түнімен, таң атқанша теледидарға телміреді дей ме екен? Газет тарататын дүңгіршектерге бас сұғыңызшы, қазақ тіліндегі басылымдардың сан мөлшері қандай екеніне көзіңіз жетеді. Ресми статистикалық деректерге Шымкент­тен шулатып шығып жататын жалаңаш әйелдермен әрленген, жезөкшелікті дәріптейтін бәдік газет­тердің саны кіріп кеткені анық. Солар арқылы қазақ тілді БАҚ-тардың саны көтеріліп отыр. Осы орайда, Ресейден ағылып келіп жатқан немесе құрылтайшылары Ресейдің азамат­тары болып табылатын Қазақ­станда орысша басылатын ұлтымыздың, тіпті мемлекетіміздің саясатына қарсы бағыт­тағы, арандатушылық сарындағы газет­тердің мол екендігін еске салған жөн. Олардың жолын қазір кеспесек, ертең кеш болады.
Осы жоғарыда айтылғандардың негізінде, келесі он жылдыққа қабылданатын «Мемлекет­тік тіл туралы» бағдарлама мына тұрғыда қабылдануы тиіс:
1. Бағдарламаны «Тілдерді қолдану…» емес, «Тілді қолдану мен дамытудың мемлекет­тік бағдарламасы» деп атау;
2. «Жауапты мемлекет­тік органдар» тізіміне Қазақ­стандағы барлық министр­лік, ведомства, орган, агент­тіктерді түгел енгізу;
3. Ономастика мәселесінде ел-жер, су, мекен ат­тары тарихи, ұлт­тық тұрғыда аталуын шұғыл қолға алу.
4. «Орыс тілін меңгеру деңге­йін сақтауға, басқа этностардың тілдерін дамытуға жағдай жасау, ағылшын және басқа шет тілдерін оқып, үйренуге көмек көрсету» деген жолдарды алып тастау (керек адам өздері-ақ ізденіп үйреніп алады);
5. Мемлекет­тік қызметке қабылданушылар мен Қазақ­стан Республикасы Парламенті депутат­тығына үміткерлерге «мемлекет­тік тілді жетік білу» талабын енгізу;
6. Қазақ тіліндегі басылымдардың санын көбейтіп, шетел, әсіресе Ресейден ағылып келіп жатқан ұлт­тық мүдделерімізге қайшы келетін газет, журналдарға тосқауыл қою;
7. Радио, теледидар, экрандарда қазақ тіліне басымдық беру;
8. Балалар мен жасөспірімдерге арналған мультфильм, көркем фильмдердің зорлық-зомбылықты дәріптеуіне жол бермей, ұлт­тық, тәрбиелік, тағлымдық мәнді болуына баса көңіл бөлу;
9. «Мемлекет­тік Тіл полициясын» құру;
10. Қазақ көркем әдебиетін көтеру мен дамыту мақсатында мемлекет­тік тапсырыс арқылы көркем шығармаларды көптеп шығару және қаламақы төлеуді жолға қою;
11. Мемлекет­тік тілді өркендетудің барлық тетіктерін іске қосу үшін ұлт­тық арналардың саны мен көрілім уақытын көбейту;
12. Шетел, әсіресе түркітілдес елдердің көркем әдебиетін өз тілімізге, қазақ ақын-жазушыларының шығармашылық еңбектерін шетелдерге таныту, тәжірибе алмасу үшін аударма ісін дамыту.
Құрмет­ті ханымдар мен мырзалар, осы айт­қандардан басқа да мемлекет­тік тілге байланысты маңызды ұсыныстар болса, ортаға салсаңыздар екен, көп болып талқылайық және бір айтарым: қазақ тілі, яғни мемлекет­тік тіл, әсіресе елдің, жердің иесі – қазаққа қажет. Сондықтан мемлекет­тік тілді құрмет­теп, қолдану аясын кеңейтуге өзіміз – әр қазақ мүдделі болуға тиіспіз…» дегенімде, залдағы халайық дуылдата қол соғып, қошемет­тері біразға ше­йін басылмады.

Бақытым бар үшінші Отан деген,
«Құдай деген кім?» десе, Отан дер ем.
Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай-ақ, кел-дағы от ал менен…
(М. Мақатаев «Үш бақытым»)
Иә, құрмет­ті отандастар, жоғарыда баяндалған жайдан бері, міне, табаны күректей 15 жыл өтіпті. Не өзгеріс, қандай жақсылық бар? Қазақта: «Өткенсіз, бүгін жоқ, бүгінсіз ертең жоқ» деген тәмсіл іспет­ті сөз бар, яғни қандай іс болмасын, барлығы кешегі мен бүгінгіні салыстыру, ертеңге үміт арту арқылы бағаланады. Сөз «бисмилләсында» айтарым, тіліміз – мемлекет­тік тіл мәселесінде көңіл көншітер, ертеңнен үміт күт­тірерлік жақсылықтар көп.
Әрине, «Бәрі тамаша!» «Тілімізге алаңдарлық еш мәселе жоқ!» деп бөрікті аспанға атуға әлі ертерек. Парламент мінберінен, көмекшісі жазып берген мәтінді оқи алмай ежіктеп, тұтығып тұрған депутаттар әлі бар екені ащы болса да шындық. Атасы немересімен, анасы баласымен орысша шүлдірлесетін отбасылардың бар екенін несін жасырамыз. Сол сияқты, дүкендерде, аэропорт, автобекет­тердің билет сату кассаларында қазақша сұрасаң: «Я вас не понимаю, говорите по-русский» – деп, өзіңе шытынай қарайтындардың әлі кез­десіп қалатын жағдайлары бұрынғыдай көп болмаса да, жоғала қойған жоқ. Осы орайда, бар жаңалықтың жаршылары – студент жігіт­теріміз бен қыздарымыздың ана тілге деген құлшынысының артып, бірі бірінен қазақша сөйлеуді талап еткен бетбұрысы үкілі үмітімізді желбіреткендей… Қалай десек те, «мұз жіпсіп ери бастап, сең қозғалды» деген қуаныш сезімді жасқанбай айта аламын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының республикалық «Ана тілі» басылымының 2025 жылдың 3 қаңтардағы №1 санында осы газет­тің бас редакторы Ерлан Жүніске берген сұхбаты жарияланды.
Әсіресе сонау Кеңес одағы кезінен бергі тасада қалған, тапталып, еңсесін тіктей алмай жатқан мемлекет­тік тіл –қазақ тілінің мәселесін тереңнен қозғауы үміт отын жаққанын, жеке өз басым «бәрекелді» деп, ас та төк қуанышпен қабылдадым.
Тағы бір қуаныш сезіммен айта кетер жаңалық: Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақ­станда жаңа мереке – 23 сәуір «Ұлт­тық кітап күні» болып белгіленді. Осыған байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігі тұңғыш рет «Ұлт­тық кітап» ат­ты байқау жариялады.
«2024 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақ­стан Жазушылар одағымен Стратегиялық әріптестік орнату бойынша үш жаңа жобаны іске асырды. Жас қаламгерлерге арналған «Жазушылардың шеберлік мектебі» ұйым­дастырылып, отандық және шетелдік беделді қаламгерлердің дәрістері мен шеберлік сыныптары өткізілді. Мемлекет тарапынан авторлардың кітаптарын шығару, жас қаламгерлерді қолдау мақсатында Президент­тік арнаулы әдеби сыйлық, мәдениет және этносаралық бірлікті нығайту мақсатындағы әдеби конкурстар жарияланып, сыйлықтар тапсырылды», – деп Аида Ғалымқызы бірқатар басылымдарда қуанышпен ағынан жарылған екен.
Конкурс демекші, елімізде мемлекет­тік тілімізді дамыту, қолданыс аясын кеңейту мақсатында әр аймақтарда «Тіл» оқу-әдістемелік орталықтары құрылып, «Тіл конкурсы» өткізіліп жүр. Көркем әдебиет саласындағы «Меценат», әр жанрлар бойынша «Алтын қалам», «Айбоз», мәдени-этносаралық бірлікті нығайту мақсатында «Дарын», жас қаламгерлерге арналаған президент­тік арнаулы әдеби сыйлықтар тапсырылуда.
Осы жерде «Заң» медиа-корпорациясы ЖШС-ның төрағасы Досымбек Өтеғалиев пен республикалық «Заң» газетінің бас редакторы Айнұр Сембаеваның жыл сайын (өткен жылы 7 рет өткізді) қазақтың детектив жанрының негізін қалаушы Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар конкурсын жариялау арқылы қазақ көркем әдебиетінің дамуы жолындағы еңбектерін атаған орынды…
Бұл орайда бір ұсыныс айтсам деймін. Бірқатар конкурстардың шартында бас бәйгеге ғана сыйлық қарастырылып, екінші, үшінші орын, ынталандыру сыйлығы ат­ты сыйлықтар жоқ. Бұл, әсіресе жас қаламгерлердің «мүйізі қараға­йдай жазушылар тұрғанда, маған жол қайда…» деген сенімсіздік психологиясын тудырады да, байқауға қатысуға тәуекелі жетпейді. Сондықтан бас бәйгеге қаражат­ты үйіп-төге бермей, байқау шартында ке­йінгі орындарға да сыйлық беру жағын ойластырсақ.
Жоғарыда аталған істердің басы-қасында танымал жазушы, Редакторлар кеңесінің төрағасы, еліміз қаламгерлерінің төл ұйымы – Қазақ­стан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов бастаған қаламгерлер көп еңбек етуде. Әсіресе тәуелсіз еліміздің авангарды қоғамдық ұйым – Қазақ­стан Жазушылар одағының 90 жылдық торқалы тойы қарсаңында аталмыш одақ қыруар іс жасады. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев Қазақ­стан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов пен белгілі ақын Қасымхан Бегмановты Түркия Жазушылар одағының үлкен сыйлығымен марапат­тап, «Алтын қалам» сыйлығын тапсырды. Сондай-ақ Одақ хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, академик, ақын Бауыржан Жақып «Қырғызстан Республикасының құрмет­ті жазушысы» төсбелгісімен марапат­талды. Міне, осы торқалы той арқылы, әлемдегі алыс- жақын елдердің біздің елге ғана емес, Қазақ­стан Жазушылар одағына деген сый-құрметін анық байқадық.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрмен беруінің нәтижесінде, тіліміз бен әдебиетіміздегі алға жылжу процесін байқап, үмітімізге қанат біткендей, қуаныш сезімге бөленіп отырғанымыз шындық.
Иә, үкілеген үмітіміз үзіле көрмесін…

 

Ғабдул – Сәбит ЮCУПОВ,
Кемел Тоқаев атындағы
детектив жанры конкурстарының жүлдегері

ПІКІРЛЕР1
Қонақ 18.02.2025 | 15:34

Жемқорлық жойылмай, мем­лекеттік тілдің барлық салада ба­сым­дыққа ие болуы мүмкін емес. Жем таңдамайтын жебірлер тілге бөлінген қаржыға да ауыз салуда. Жемқорлыққа қолданатын жазаның жеңіл екенін дүйім ел айтып, дабыл қаққалы қашан. Жемқорлардың тұтылуынан құтылуы оңай. Тіл саясаты комитетінің жемқор «төрағасы» Ербол Тілешов талай рет жазадан құтылып кетті. Ол тіпті «Е, ұстап алса, құтылудың жолы оңай ғой» деп арқаны кеңге салып, тайраңдап жүр. Тілші-ғалымдардың оны, Ербол Тілешовты «дүмше ғалымсымақ» деп атайтыны бекер емес екен. Жемқорлыққа осындай дүмшелер бейім келеді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір