БЕЙМӘЛІМ АЛАШ: Мұхтизар ТИТАҚОВ
17.10.2023
875
0

Бұл бір нысаналы тағдыр шығар. Мен 1989 жылы Семейдің Н.К. Крупская атындағы педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түскенде, Алаш арыстарының соңғы тұяғы – Қайым Мұхамедхановтан ауыз әдебиеті мен Абайтанудан дәріс алдым. Содан бері тек Алаш идеясы мен Абай тағылымына ғана жүгінемін.

  Ол кездің адамдары әр жексенбі сайын Ленин саябағында (орталық саябақ) жиналып, өзара әңгіме-дүкен құратын еді. Бұл уақ Қайым ағаның бізді Алашқа бейімдеп жүрген тұсы болатын. Бірде ағамыз «Совет өкіметіне дейін, мына саябақтың орнында Никольский шіркеуі тұрған. Осы жерде Алаш ат­ты әскерін Жетісу фронтына ат­тандыру рәсімі өткен. Оған алаштықтардың барлығы қатысқан. Газет пен журналдан бөлек, бұл салтанат­ты рәсім жайында үлкен пьеса да жазылған. Бірақ оны НКВД жендет­тері жоқ қылды. Болашақта табылып қалар», – деп жаңа бір тың деректің тиегін ағыта бастады…
– 1918 жылдың қаңтарында Алаш Орда ұлт­тық үкіметінің Орталық комитеті Алаш қаласының (қазіргі Семей) сол жағалауына келіп орналасады. Өйткені ІІ Жалпы қазақ съезінің қаулысымен Семей Алаш Орданың уақытша тұратын орны болып бекітілген-ді. Жаңадан құрылған мемлекет­тің бір тірегі әскер күші болғандықтан, қаладан 5 шақырым қашықтықтағы «Сор» (бүгінгі Жарқын ауылына қарай) деген жерде тұңғыш кәсіби әскер – І-ші Алаш ат­ты әскер полкы жасақталады. 1918 жылдың 18 маусымында талтүсте үш линиялы винтовкамен қаруланған саны 535 адамдық Алаш отряды қалаға оңтүстік-батыс жағынан келіп кіреді. Бұл жайлы Абай журналының 1918 жылы 19 маусымда шыққан санында Жүсіпбек Аймауытұлы жазған: «Алаш қаласында қазақ басшылары жиналып, Алаш Ордасын көтеріп, қызметке кірісе бастады»,– деп. Сол 19 маусым күні кешкі сағат 6-да тура осы екеуміз отырған жерде Семей елі Алаш мемлекетінің басшысы Әлихан Бөкейханды хан көтергендей сән-салтанатпен қарсы алады. Алаңда атпен сүйрейтін үш доңғалақты 14 зеңбірегі бар, қолдарына Алаштың ақ туын ұстап, «Жасасын, Бүкілресейлік және Сібірлік құрылтай жиналысы», «Жасасын, Отанның адал ұлдары!» деп жазылған транспарант­тар көтерген I-ші Алаш ат­ты әскер полкының сарбаздары ат­тың түсіне қарай, торы ат­тылар бір қатар, жирен ат­тылар бір қатар болып сапқа тұрғызылады. Әлихан Бөкейханның келу құрметіне орай, полк командирі Хамит Тоқтамышевтың бұйрығымен ат­ты әскер «Алаш» деп ұран салады. Жүсіпбек Аймауытұлының «Арғы атам – ер түрік, Біз – қазақ еліміз» деп басталатын Алаш гимні орындалып, салтанат­ты парад Алаштың ақ туының саясында ашылады. Полк командирі Хамит Тоқтамышев салт атпен келіп: «Алаштың бірінші полкы сап түзеп, дайын тұр!» – деп Әлихан Бөкейханға рапорт береді. Рапорт қабылданғаннан кейін, уақытша Сібір үкіметінің Алаш Ордамен одақтастығы негізінде әскерге болысуға келген әскери штаб бастығының көмекшісі, полковник Папин, штаб адъютанты, капитан Виноградов және уақытша Сібір үкіметінің өкілі Давыдов тарапынан сәлемдесу рәсімі жасалады. Содан соң, Әлихан Бөкейханға сөз беріледі» деп, сәл үзіліс жасады да: «Осы айтылғандардың бәрі жаңағы Алаш пьесасында бар. Тіпті бұл шығарманы алғашқы талқылауға Тұрлыхан Қасенұлы қатысып, басты рөлді Шахан Мусин ойнайтын болып келісілген де… Меніңше, сол пьеса осында жатыр, – деп жайлап орнынан көтерілді… Мен әрдайым Қайымның есте сақтау қабілетінің мықтылығына қайран қалатынмын.
Жолшыбай соның себебін сұрап ем: – Егер есте сақтау қабілетім күшті болсын десең, «Абай жолын» бес рет оқы! – деді. Ағамның ішіндегісін шығартып, сөйлетейін деген оймен: «Алаш мемлекетінің күйреуіне не себеп болды?» – деп, қолқалап, қоймай келем?! Ағам басын әнтек шалқайтып алып: – Біріншіден, империялық-шовинистік саясат­тан арылмаған Ресейге сену – өте қауіпті, мейлі ол патшалық болсын, мейлі кеңестік болсын. Ресей «ұлы орысшылдық» саясатынан ешқашан бас тартпайды. Екіншіден, Алаш арыстарының түбіне жеткен өз арамыздан шыққан сатқындар. Міне, солар әлі күнге қыр соңымыздан қалмай, көлеңкедей еріп келеді. Негізгі билік те соларда. Олар үндемейді. Бірақ сол үндеместер сенің әбден діңкеңді құртып, қаныңды ішіп, күйзелтпекке әрекет­тенеді. Сонда ыстық от­тың жанында тұрсаң да, өлердей жаурайсың. Бұл енді, тағдырдың сынағы, інім, одан сынбай өту керек! Жанды жаралаған қиянат пышақтан да өткір болады екен, мен оны өз басымнан өткердім… Иә, жақсылық пен бақытқа жету жолы оңай емес қой. Ең маңыздысы – оң мен терісіңді ажырата алу, – деп біртүрлі суық жымиды. Ағамның осы сөзі менің темірқазығыма айналды. Кейде оңбағандардың жасаған қиянаты мен тарт­тырған азабынан жаным жабырқап бара жатса, «Осы менің оң-терісім қайсы еді?» – деп, жан-жағыма ауық-ауық қараймын…
1990 жылы алда келе жатқан Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойына мемлекет «Абай энциклопедиясын» шығаратын болып, Қайым ағаны Алматыға шақырып әкет­ті. Содан шығармашылық байланысымыз сәл саябырсып қалды. Бірақ мен Алаш мұраты, Абай танымы жөнінде ағамның беріп кеткен тапсырмаларын бір сәт­те есімнен шығармадым… Қайсар Қайым 2004 жылы дүние салды… Бұл да бір тарих. Ал енді, оның өзі де тарихқа айналды.
1992 жылы 27 маусымда Ұлт­тық-демократиялық «Азат» партиясының төрағасы Рахат Алтай мен «Алаш Орда» газетінің Бас редакторы Жұмаш Кенебайдың басшылығымен Алаштың 75 жылдығын ұйымдастырдық. Тұңғыш рет Алаш арыстарының рухына арнап ас бердік. Дөңгелек үстелдер, ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткіздік. Онда мен IV курс студентімін. Бұл тойға Ахмет Байтұрсынұлының қызы Шолпан апа мен Міржақып Дулатұлының қызы Гүлнәр апа, Мұстафа Шоқайдың туысы Байдрахман Садықұлы, Құран Кәрімді қазақша аударған Халифа Алтай, алаштанушы Марат Әбсәметов, кинорежиссер Халила Омаровтар келді. Сонда Шолпан апа мен Гүлнәр апа кемсеңдеп: «Біздің балалық шағымыздың өткен жері ғой. Ата-анамыздың жүрген ізі қалды», – деп дайын көлікке отырмай, біршама жерді жаяу жүрді… Қазірде екі апамыз да ортамызда жоқ. Алаштың көзі тірі ұрпақтарынан ешкім қалмауға айналды…
Мен 2012 жылы Семей қалалық әкімдігінің Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде қызмет істедім. Бастығым, Құсмілия Нұрқасым есімді алашшыл азамат еді. Бір күні мені шақырып алып: «Бауырым, өзің білесің, биыл Алаш мемлекетінің құрылғанына 95 жыл толады. Осы іс-шара Алаштың астанасы атанған Семейде дабыралы түрде тойлануы тиіс. Әкімдіктің жұмысы өз алдына. Сен Алашты көтеретін айрықша бір іс жасауға міндет­тісің», – деп шұғыл тапсырма берді. «Әрине, Құсеке!» – дедім. Менің көптен бері көкейімде жүрген ең басты арманымды тап басып таныған Құсекеңе алғыстан басқа айтарым жоқ!
Музейдегі бір басқосуда жазушы ағаларым – Төкен Ибрагимов пен Бекен Исабаев маған бір кез­дері Қайымнан естіген Алаш пьесасы туралы қысқаша мағлұмат бере келіп: «Ол пьеса бір болса, ҰҚК-де болуы мүмкін» деді. Сөйтіп, жүргенімде, бір күні Мұрат Кенемолдин деген ағамды жолықтырып қалдым. Бұл кісі «Абай» журналының жауапты хатшысы болатын, біздің өңірге белгілі үлкен зерт­теуші. Көп ғалымдардың қолына түсе бермейтін мәлімет­тер осы ағамыздан табылатын. Екеуміздің кабинетіміз бір қабат­та болғандықтан жиі ұшырасатынбыз. Ағамыз ары-бері өткенде соғып кетіп отыратын. Бірде: «Айдын бауырым. ҰҚК-де Мұхтизар Титақовтың «Мұрат үшін күрес» деген пьесасы бар. Егер, әкімнің атынан хат жаздырта алсаң, жақсы болар еді, мүмкін беріп қалар», – демесі бар ма? Қуанғанымнан ағамның қолын қат­ты-қат­ты қысып жіберіппін. Алаштанушы-ғалымдар да Алаш өміріне қатысты драматургиялық шығарманың болмауы мүмкін емес деуші еді. Өйткені алаштықтардың қалам тартпаған саласы жоқ. Енді, міне, іздегеніміз табылды. Бірақ оны алып шығу жеңіл-желпі шаруа емес еді. ҰҚК-нің «Аса құпия» мұрағатына ғылыми-зерт­теу институт­тары мен орталықтарының қолдары жетпейтін. Алғашқыда «Олардың қасында маған не жорық?» деп ойладым. Бірақ санаңды тұмшалаған істі бір бастап алған соң, тастау қиын екен. «Нар тәуекел!» деп, Мұхтизарды іздеуді бастағанда, бірден кедергілерге тап болдым: айтып көріп ем, әкім келіспеді, барып көріп ем, ҰҚК оңай шағыла қоятын жаңғақ емес. Бұған 3-4 айдай уақыт жұмсалды. «Шөлі қанбаған адам ақыр соңында құдық қазып тынады» дегендей, әйтеуір сәті түсті. Мүмкін Алаш арыстарының рухы қолдаған шығар. Соған әлі күнге таңданам.
Бұл пьеса Ұлт­тық Қауіпсіздік комитетінің Семей қалалық басқармасының мұрағатында сақтаулы жатқан (Басқарма бастығының міндетін атқарушы С.Әшімовтің Семей қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Қ. Нұрқасымға жолдаған хатында (09.01.2013.) осылай жазылған). Аталған мекеме басшысынан ауызша келісім алғаннан кейін Семей қалалық әкімдігінің Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің атынан ресми хат дайындадым. Барғаннан соң, ол жердің қатаң тексеруінен өткізіп, ішке кіргізді. Маған бір сағат­тай ғана уақыт берілді. Желке тұсымнан біреу, маңдай алдымнан біреу бақылап тұрды. Дәл осы жауапты сәт­те әкемнен бала кез­де оқып-үйренген төте жазудың пайдасы тиді. Алдымдағы төте жазумен жазылған Мұхтизар Түлікұлы Титақовтың «Мұрат үшін майдан» ат­ты пьесасы мен «Қылмыстық ісінің» көшірмесіне көз жүгіртіп өтуге ғана мұршам жет­ті. «Маған қажет­ті құжат­тар – осы!» деген соң, көшірмелерін қолыма берді. «Қылмыстық ісінің» анкетасына қарағанда, Мұхтизар Түлікұлы 1904 жылы 22 ақпанда Қарқаралыда туған. НКВД ұстаған уақыт­та Семей қаласы Хлебная көшесіндегі 18-үйде тұрыпты. Білімі жоғары емес. Новосібір қаласындағы Батыс Сібір халық шаруашылығы институтында оқыпты. Партия қатарында болмаған. Тұтқындаған шамада (25 ақпан 1936 жыл) өзі – 32, әкесі Түлік – 63, анасы Жамал – 58, інісі Ескендір 13 жаста екен. Қаламгер «1917 жылдың ақпанына дейін Қарқаралыда оқыдым, 1932 жылға дейін ара-тұра болмаса әрдайым оқуда болдым» деп көрсетеді. Кесілген статьясы – әйгілі 58/10. «Мұхтизар ісінде» жеке басын куәландыратын құжаты жоқ, (қосымша фотосуреті де жоқ) тек, кәсіподақ мүшесінің билеті ғана тіркеліпті. Бұған ол 1924 жылы 6 мамырда кіріпті. Мамандығы «экономист-плановик» деп жазылған. Мұхтизар шығармасын «4 перделі, 6 сурет­ті күйлі драма» дейді. Бірақ НКВД архиві оны әрі-бері жұлмалап, өздерінің идеологиясына дәйек болатын жерлерін қырқып-пішіп, тұтас дүниені мақсат­ты түрде бүлдірген. Қазіргі күні бұл анкета жауабын толықтыра түсетін басқада деректерге қол жеткіздік. Мәселен, Мұхтизардың Ескендірден басқа Мұхтар есімді бауыры мен Қамар, Айтбану деген қарындастары болған. Екі жоғары білім алған. Атап айт­қанда, Ташкент қаласындағы Орталық Азия мемлекет­тік университетін (САГУ) заңгер мамандығы бойынша, Новосібір қаласындағы Батыс Сібір халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітірген. Мұхтизар әдеби шығармашылықпен студент­тік жылдарынан бастап-ақ мақсат­ты түрде айналысқан. Ақын, жазушы, драматург әрі аудармашы болған. Бірақ оның шығармашылығы туралы мәлімет­тер әлі ғылыми жүйеге түсірілген жоқ. Дегенмен қолда бар аз-кем мағлұмат­тарға сүйене отырып, оның жеке өмірі мен шығармашылығы жайында қысқаша болса да айта кетейін. Мұхтизардың үш дәптер өлеңі табылды. Қалғандары іздестірілу үстінде. Бірақ өлеңдері төте жазумен жазылғандықтан аударманы қажет етеді. Ол өз ғұмырының соңына «Сары Арқа» ат­ты поэмасы мен «Алаш Орда» деген зерт­теу еңбегін, сонымен қатар грузин ақыны Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған жиһанкез» поэмасының және орыс ақыны Иван Крыловтың мысал-өлеңдерінің аудармаларын жазып қалдырған. Аталған туындыларының бірі – «Сары Арқа» поэмасы Москвадағы Ленин атындағы кітапхананың «сирек кітаптар қорында» сақтаулы жатқан көрінеді. Біздің елден ол жаққа барған бірнеше ғалым сол қолжазбаны көрген және оқыған. Бұл жөнінде Мұхтизардың өзін бала кезінде көзімен көрген тарих ғылымдарының докторы, профессор Жабайхан Қайкен былайша еске алады: – 1953 жыл. Мезгіл – күз, ұмытпасам, қыркүйек айы болса керек. Менің 13-14 жастағы кезім-тұғын. Бірде әкем маған күздік киім әпермекші болып, Аягөздің базарына барғанбыз. Сонда жолыққан өңі жүдеулеу келген бір кісіге әкем амандасып еді, анау да ілтипат­ты түрде сәлемдесті. Бірақ екеуі көп сөйлескен жоқ. Былай шыға бере: – Әке, жаңағы кісі кім? – деп, сұрап ем, үндемеді. Енді ғана біліп отырмын ғой, ол кісінің кім болғанын! – деді де, – Осыдан 5-6 жыл бұрын Аягөзге барғанда жолдастармен бас қостық. Соның бірі – кезінде елге танымал дәрігер, үлкен ғалым болған Балтабек
Оразбаев еді. Сол әңгіме үстінде: – Жабайхан, сен осы Мұхтизар Титақов деген кісіні білуші ме ең? – деді. «Иә» деп, басымды шұлғып ем, – Сен оның ақын болғанынан хабарың бар ма? – деді бастырмалатып. – Жоқ, сенен бірінші рет естіп тұрмын, – деп оған таңырқай қарадым. – Осы пединститут­та Мұратбек Кенжебеков деген оқытушы болды. Сол диссертациясының жұмысымен Москвадағы Ленин кітапханасына барғанда мен Москвада жүрген болатынмын. Бірде кітапханада екеуміз кез­дейсоқ жолығып қалып, әңгіме құрып тұрғанда Мұратбек:
– Әй, Балтабек, сен осы Аягөздегі Мұхтизар Титақов деген кісіні білесің бе? – деп сұрады. – Білем, атақты адвокат болатын! – деп ем, – Білсең, соның «Сары Арқа» поэмасын осы кітапханадан оқыдым. Бірақ «рұқсат жоқ» деп, не суретке түсіруге, не көшіріп алуға бермей қойды, – деген еді налып. Содан ол Аягөзге келген соң, сұрастырып көрсе, Мұхтизардың білгір адвокат қана емес, ақын, аудармашы болғанын біледі. Енді, бауырым, өзің зерт­теп жүр екенсің, біраз дүниелерін де тауыпсың. Бұйыртса, сол поэманы да аларсың. Жолың болсын! – деп еді Жәкең. Енді, міне, сол поэма қолыма тиді…
«Мұрат үшін майдан» пьесасын тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Мұхамедқазы Мұхамедиұлына аударт­тым да, Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлт­тық университетінің проректоры, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы Дихан Қамзабекұлына алып бардым. Пьесаны оқи бастағаннан-ақ: «Міне, бауырым, «Алаш пьесасы» деген – осы!» деді қуанып. Пьесаның біраз жерлерін мұқият оқып шықты да, көшірмелерін өзіне алып қалған еді. Соңынан, оны жарыққа шығарғанымда алғысөзінде өзі жазып: «Қазаққа Алаштан не қалып еді? Ойланып қарасақ, бүгінгі амандығымыз, жеріміз бен еліміз, рухымыз бен өрлігіміз – Алаш мұрасы емей немене?! Сонда Алаш біздің барымыз екен. Енді «зат­ты, нақты айғақты айтыңыз?» деп сұраса, ауызды құрғақ шөппен сүртпейміз. Шүкір, бар… Аздау болса, әлі көбейеді. Сол «шүкірдің» бірегейі – Мұхтизар Титақовтың «Мұрат үшін майдан» пьесасы», деген еді. Сөйтіп, осы пьесаның арқасында Алаштың Қайымнан соңғы тағы бір жампозы Диханмен өмір жолым түйісті. Жалпақ қазақ жақсы білетін алаштанушы-ғалым Дихан Қамзабекұлы – шын мәнінде біздің заманымыздағы бәсі биік ғалымдардың бірі. Оның азамат­тық-адами беделі бүгінгі Қазақстан қоғамында өте жоғары. Қазір де Дихан ағаммен інілік жолымды ұстанып, ізет­ті аралас-құраластықта жүрмін. Ағам Алаш ғибрат­тары хақындағы мағлұмат­тарды молынан толғап, әңгіме төркінін әріден тартып сөйлейді. Мен үлкен парасат иесінің аузынан шыққан әр сөзді зейін қоя тыңдап, ырза көңілден мерейленіп қайтамын. «Қазақ әдебиеті» газетіне мақалам шықты, әдеби ортада талқыланып, оң бағасын алды. Енді, бұл туралы кітап жазбаққа бекіндім. Өйткені пьесадағы оқиғалар Қайым ағамның айт­қанымен үйлеседі. Әрине, онда аз-маз олқылықтар бар шығар, бірақ негізгі идеясы – Алаш мемлекетінің Алаш қаласындағы тарихи кезеңінің бір қырын сурет­теп, деректерді сөйлете алуында. Әлихан Бөкейхан: «Құрмет­ті ағызалар, бауырлар! Февраль төңкерісі болды, патша тағынан түсті. Бүкіл Ресейдің қол астындағы халықтарға еркіндік тиді. Бостандық болды. Теңдік алды. Бүгінде, патшаның отаршылдық саясатында езілген елдер теңдікті алуға шабысты. Өз тізгініне өзі ие болып, бөлек автономия құрып, жұрт болуға қамданып, құрылтай съезінің даярлық ісіне кірісті. Сол езілген елдің бірі – біздің қазақ елі де өз алдына «Алаш» ат­ты партия құрып, «Абылайдың ақ туын» қолына алып, Отан болуға қалып еді. Қазіргі уақыт­та, жалпы Ресейді бүліншілік басты, астан-кестен дүние болды. Қызыл-қырман соғыстан ер күңіреніп, ел күйзелуге айналды. Қазірде, арқа тірерлік дүние қалған жоқ. Керенский шапанын арқалап, граница асып, ол кет­ті. Бүкіл Сібір өлкесіне «Әзіреті Ғалидей үкімін жүргіземін» деген Колчактан да мән шықпады. Атағы шыққан, үміт күткен генерал Дутов болса, бордай тозып, әскеріне ие бола алмай, ол барады. Жалғыз үміт­тенетініміз – Жетісу фронты, Атаман Анненков. Бұрын, «Сары Арқа жеріміз бар, Сары Арқада қалың Қазақ Еліміз бар» деп, теңдікті құрғақ сөзден күтсек, қазірде қару-жарақты, қылышты, мылтықты халқыңмен қаны бір, жан-тәніңнен жаралған Алаштың ардагерлері – Әлібек, Рүстем Әлилер Жетісуда, Атаман Анненковпен тізе қосып, жауына қаҺарын төгіп жүр. Олар соғыстағы жалғыз емес, Алашыңның атында «Абылайдың ақ туын» желбіреткен он полкың бар. Ертеңгі күні қосымша қылып, төрт полкыңды жіберткелі отырсың. Бұлар кімдер? Еліңнің ерлері! Ел намысын қолына алған, ар-намысын сақтау үшін қан майданда қарсы тұрып, бостандықты күшпен алып, іргелі жұртшылықтың іргесін қалаушылар! Жасайды жұртың, көркейеді елің, өркендейді Алашың! Жасасын, Алашың, жасасын!» – депті. Әр заманның өз шындығы бар дегендей, осы бір үзіндіден-ақ пьесаның тарихи маңызы мен танымдық мәні тасқа таңба басқандай көрініп тұрған жоқ па? Оқиғалар, монологтар… Тіпті
Әлиханның өзін ғана ойлағанда да, оны жалғыз елестете алмайсың, бүкіл Алаш арыстары артқы жағынан тұтаса шығады. Бұл жерде үлкен күрес жүріп жатыр, ұлт­тың тағдыры шешіліп жатыр. Мұхтизар соны сезініп, жеткізуге талпынды. «Теңізді тамшысынан таны» дегендей, бұл пьеса – ұлт руханиятына қосылған аз олжа емес! Пьесада тағы бір назар аударарлық жайт бар: «Абылайдың ақ туын желбіреткен он полкың бар. Ертеңгі күні қосымша қылып, төрт полкыңды жіберткелі отырсың» деген сөзді автор Әлиханның аузымен айт­қызады. Сонда әр полкте сол кездің межесімен 500 сарбаздан болса, 14 полкте 7000 сарбаз болады. Әрине, мұның бәрі бір қарғанда дәлелсіз, құрғақ сөз сияқты естілетіні рас. Әйткенмен, Әлихан Бөкейхан 1919 жылы өзін «Россияның ең жоғарғы билеушісімін» деп жариялаған адмираль Колчакпен келіссөз жүргізген кез­де қызыл армиямен соғысып жатқан Алаш әскерінің саны 3 мыңнан асқандығын айт­қан. Енді бұған Алашорданың батыс бөлімшесі ұйымдастырған әскери құрамалардағы 2 мыңдай қарулы жауынгерді қосыңыз. Бұл жөнінде А.Ипмағамбетов: «Жанша мен Халел Досмұхамедовтер Самарадан Құрылтай жиналысының комитеті арқылы 600 винтовка мен пулемет алды және жақын уақыт­та 2000 адамнан тұратын қазақ әскерін ұйымдастыруға уәде ет­ті», дейді. Сол тұстағы Алаш полктерінің жасақталуына, сарбаздардың әскери тәртіпке бой үйретуіне жауапты болған артиллерия капитаны Хамит
Тоқтамышев кім еді? Ол туралы Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында жазылған. Ол – Омбының қазағы (ноғай деп те айтылады). Капитан шенін патша заманында алған екен. «Свободная речь» басылымы шенін «подполковник» деп көрсетеді. Әйелі орыс, одан туған бір қызы болған. Айтыскер ақын, зерт­теуші Қалихан Алтынбаевтың «Қалбатау» (Алматы, «Мерей», 1997, 148-156) кітабында келтірген деректері бойынша, Хамит Тоқтамышевтің сүйегі Абай облысының Көкпекті ауданындағы «Қара кезең» деген жерге жерленген. Мұхтизардың пьесасында дәл осы Хамит Тоқтамышевтың Алаш полкін Жетісу фронтына ат­тандырар кез­де сөйлеген сөзі бар: «Бауырларым, қаны бірге Алашым, халқым менің, арыстандарым менің, өскелең ұрпағым менің! Бүгін, міне, өз еліммен, өз жеріммен және сендердің мейірімді ата-аналарыңмен қоштасып тұрмын. Үлкен-кіші бауырларым, сендер бостандық алу үшін қан майданға ат­танып бара жатырсыңдар. Сендер, Алаштың сенімді ұландарысыңдар, менің арыстандарым. Сендердің күш-қайрат­тарың тасып, ерік-жігерлерің жанып тұр. Сендердің міндет­терің айқын, Сары Арқаның даласы үшін, Сары Арқаның халқы үшін, теңдік үшін күреске шықтыңдар, батырларым. Біз ұлы қазақ халқы үшін, Алаш үшін, қанішер балшабайлармен соңғы деміміз қалғанша соғысамыз. Егер осы жолда қаза болсақ, шейітпіз. Егер, жеңсек жасасын халқымыз, жасасын Алаш! Сендердің ата-аналарың мен сүйікті жарларыңды біз сендердің ағаларың өз қамқорлығымызға аламыз! Сөзімнің соңында айтарым, күрессіз жеңіс жоқ, қан төгіссіз бостандық жоқ! Сендер, бабаларымыз Абылай мен Кенесарыны естеріңе түсіріңдер. Олар өз халқы үшін айқасқа шыққан батырлар. Сендерге, нағыз ер жүрек батырларымызға, Алаш жолында аталарың «Абылайдың ақ туын» көтеруді сеніп тапсырамыз! Егер жауды жеңсеңдер, халқымыздың гүлденген өмірін көресіңдер, егер жеңілсеңдер, сендердің жандарың құдай алдында таза. Біз сендерге ақ жол тілейміз, жасасын, біздің батырларымыз. Жасасын, туған халқымыз. Жасасын, туған жеріміз. Жасасын, Алаш, жасасын!» – дейді.
Мұхтизардың әкесі – Түлік Төребайұлы Титақов алаштық кезеңдегі қазақ зиялыларының аға буын санатындағы көрнекті өкілдерінің бірі. Ақын, жазушы, драматург әрі аудармашы. XX ғасыр басында Семейдегі әскери-губернатордың тілмашы болған. Алаш тұсында Әлихан Бөкейханның хатшысы міндетін атқарған. Түлік қартайып, 1940 жылы Семейде өмірден озған. Мұхтизар Түлікұлы Титақов 14 жасында әкесіне еріп салтанат­ты кешті де, парадты да өз көзімен көрген, Алаш арыстарының рухты сөздерін өз құлағымен естіген. Әйтеуір, бұл күн – оның өміріндегі аса елеулі күн болған. Пьеса жазу идеясы сол шақтың әсерінен туындаған сыңайлы. Қазақ драматургиясы тарихында киіз үйде қойылған «Еңлік-Кебектен»
(М.Әуезов) ұлт театры сахнасы шымылдығын ашқан «Алтын сақинаға» (Қ.Кемеңгерұлы) дейінгі драмалар ел тұрмысының кейде күрделі, кейде көлеңкелі жағын халық арманымен сабақтастыра сурет­тесе, «Мұрат үшін майдан» – отандық драматургиядағы тың серпіліс еді. Пьесаның табылуы да, арғы тарихындағы жазылуы да алаштанушылар үшін тосын жаңалық болды. Ұлт рухын оятқан пьеса 1918 жылы Семейдегі Алаштың өмірінен алынып жазылған. Қиын кез.
Әлихан Бөкейхан Мәскеуде үйқамақта отырған, біраз зиялылар атылып, қалғандары Сібірге және өзге де қиырларға жер аударылған кез. Десек те бұл әдеби-көркем шығарма ғана емес, тарихи дерек деп те қабылданады. Себебі ондағы саяси оқиғалардың желісі шындыққа жақын және кейіпкерлердің барлығы дерлік өмірде болған адамдар: Әлихан, Міржақып, Жүсіпбек, Халел (Ғаббасұлы), Шаһкәрім, Мағжан, Әлімхан, Ике, Жақып, Хамит (Тоқтамышев), Сұлтанмахмұт, Мұсатай бай, Мұхтар және т.б. Пьесаға Алаш мемлекетінің бір жылдығына арналған салтанат­ты кеш пен Алаш полкын Жетісу фронтына ат­тандыру құрметіне орай өткізілген парад және Алаш қайраткерлерінің рухты сөздері мен ойлары, үндеулері мен ұсыныстары арқау болған. Сонымен қатар қазақ пен орыс әскерилерінің одақтастығы сурет­телген. 1918 жыл. Семейде ақтардың күйрей жеңіліп, қызылдардың күшейе бастаған кезінде атыс-шабыс пен қуғын-сүргінге тап болған Алаштың қасіреті тым қалың еді. Ұлт тағдыры таразыға түсті. Мұхтизар сол бір ауыр кезеңнің оқиғаларын бейнелейтін тарихи сәт­терді есіне сақтап, пьеса тілімен бүгінгі күнге жеткізді. Өкінішке қарай, Мұхтизардың өз кіндігінен ұрпақ жоқ. Есіл ер 53 жасқа дейін 10-11 рет отбасын құрса да, бір қайт­қан бағын қайта қайтара алмаған сыңайлы. Үнемі аңду мен қуғын-сүргіннен бой тасалап, Ташкент, Новосібір, Алматы сияқты, біресе ана қалаға, біресе мына қалаға, тіпті, Якутия жаққа да кетуге мәжбүр болған. Анасы Жамал: «Қайда жүр екен, қарағым?» – деп, қайғыдан қан жұтып жүріп, өмірден өткен. Оның соңына шырақ алып түскен НКВД-ның кесірінен, отбасы бақытын көруге мұршасы болмады. Үйленген, бірақ қайта-қайта тұтқындалып, сот­тала берген соң, әйелі кетіп тынған. Тағы да үйленген, тағы сол сценарий… 1953 жылы Сталин өлген соң, ұлт­тық интеллигенцияға қарсы жүргізілген «жылан жорығы» сәл де болса саябырсыды. Бірақ мүлдем тоқтатылмады да. Бұл кез­де сот­талғандардың дені еңбекке жарамсыз, сау шыққандардың бойын үрей билеп алғандықтан, көпшілігінің өмірі трагедиямен аяқталды. Мұхтизар да – сондай құрбандардың бірі. Ол кісі 1957 жылы қайтыс болды. Сүйегі Абай облысының Аягөз қаласындағы мұсылмандар қорымына жерленген, бірақ қалай өлгені әзірге белгісіз?!

Айдын РЫСБЕКҰЛЫ,
алаштанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір