Бопай ханымды тану — парыз
31.03.2022
989
0

– Маржан, «Бопай ханым» атты жаңа кітабың құтты болсын. Әбілқайыр хан өз алдына бөлек феномен болса, оның жұбайы Бопай ханым да жеке зерттеуді қажет ететін дара тұлға ғой. Соңғы уақытта жазушылар тарапынан Бопай ханым тақырыбына қатты қызығушылық байқалады. Мәди Айымбетов «Бопай ханым» атты роман жазса, Роза Мұқанованың «Бопай ханым» драмасы сахналанды. Енді міне сенің «Бопай ханым» атты поэмаңмен танысып отырмыз. Кітапты парақтағанда, көрген жаңалығым, Бопай ханымды Кең Жылыойдың перзенті деп өз тұжырымыңды жазасың. Шынында қазір Бопай тақырыбын зерттеу­шілер, тарихшылар Бопай ханымның Адай аруы екенін жазғанмен, бірақ оның туған жерін тап басып, айта алмай жатқан жоқ па?!
– Әрине. Олай деп айтуыма негіз бар. Әбілқайыр ханның сүйікті жұбайы, заманында ел билеу ісіне араласып, данагөй ханым атанып, аты аңызға айналған Бопай ханымның туған жері – Жылыой. Екі жыл бұрын Ресейдің Орынбор облысынан Бопай ханымның бір уыс топырағы Жылыойдағы Бақашы қорымына қойылды. Басына белгі орнатылды. Осы игілікті істің ұйытқысы болған «Ақмешіт – Бекет ата» мешітінің шырақшысы Ислам Мырзабекұлы. Ислам ағаның бастауымен Бопай ханымның өмірі мен қызметін зерт­теу мақсатында  арнайы топ құрылды. Біз тарихымыздың көп тұсын жырдан, ақын-жыраулар поэзиясынан табамыз ғой. Біздің Жылыой жерінде:
«Орынбор, Тұзтөбенің тұзын көрсең,
Жылыойдың таң қаларсың
қызын көрсең.
Атыңнан түскен қайтып
міне алмайсың,
Қалқаның судан қайтқан ізін көрсең» – деген халық әні бар. Бұл ән Жылыойдың қызына деген құрметтен туғаны анық. Бұрын осы халық әнін естігенде Жылыой аты неге алыстағы Орынбор, Тұзтөбемен ұйқасып тұр, араларында қандай байланыс бар деп ойлайтынмын. Және де әннің үшінші, төртінші жолы да ойлантады. Мүмкін бұл ән Бопай ханымға арналған шығар? Солай болуы әбден мүмкін ғой. Бопай – өз заманында алыс-жақынды түгел таңғалдырған адам. Ақыл-көркімен ғана емес, көрегендік, мәмлегерлік, ел басқару ісіне араласуымен. Әннің «Қалқаның судан қайтқан ізін көрсең» деген шумағы ауыспалы мағынада айтылған. Бұл жай судан қайт­қан қыз аяғының ізі емес, Бопайдың салған ізі, атқарған қызметі, өнегелі өмірі. «Атыңнан түскен қайтып міне алмайсың» деген шумақтан таратар ойымыз: Әбілқайыр аттан құлап, ес-түссіз жатқан шағында Бопайдың ағасы Мырзатай тауып алып, Бопайға алып келеді. Бопайдың емшілік, сынық салатын қасиеті болған. Әбілқайырды емдеп жазады. Осы оқиғадан кейін Әбілқайыр мен Бопайды тағдыр тоғыстырады.
Тағы бір дәлелім. Бір замандарда Әбіш Кекілбаев ағамыздың ата-бабасы Жылыой өңірін, Жем өзені бойын мекендеген. Бұған – тарихи деректер куә. Ақкиізтоғайдың атауы да тегін қойылмаған. Әбіш ағамыздың бабасы Таған бай бабасы Қожаназарға ас беріп, сол асқа Әбілхайыр хан мен Бопайдың ұлы Айшуақ хан келіпті. Қазақ дәстүрі бойын­ша ханды ат кермесінен аяғын жерге тигізбей, жер бетіне төселген ақ киізбен қарсы алған. Хан аяғына төселген ақ киіз бен тоғайдың сұлу келбеті ел ауызында аңыз болып таралыпты да, біздің ауыл сол астан соң «Ақкиізтоғай» деп аталып кетіпті. Айшылық жол жүріп, алыстан ат арытып Айшуақ хан неге Жылыой жеріне асқа келеді? Себебі бұл жер анасы Бопайдың туған жері. Анасын құрметтеп келгені бар және Қожаназарды құрметтеп келгені де бар болар деп ойлаймын. Кең Жылыой – сан ұрпаққа мекен болған, етек-жеңі мол пішілген, сәулет өнерінің сан түрлі архитектуралық ескерткіштеріне бай, Қарашүңгіл қауымы маңында, қазақ жерінде тұңғыш мұнай бұрқағы атқылаған мұнайлы аудан. Облыстар әкімшілікке бөлінбей тұрған кезде, Жылыой «Маңғыстау ойы» аталған екен. Географиялық жағынан қарасақ, Шығысында Ақтөбе облысының Байғанин ауданымен, оңтүстігінде Маңғыстау облысының Бейнеу ауданымен шектеседі. Бұл мекен Асан Қайғы, Доспамбет, Шалкиіз жыраулар жырға қосқан ардақты мекен. Жылыойдың бір бөлшегі Ақмешіт –Пір Бекет атамыздың туған жері. Сізді Ақкиізтоғайдан шыққан жол Жем өзенінен өткен соң, біраз жоннан асырып, Намазтақырға апарады. Бағзы заманда Бекет ата осы жерде таң намазын оқыған екен. Осы жерден қарап тұрсаңыз, ақ күмбездей болып Ақмешіт көрінеді. Ақмешіт – әулие мүридтеріне ұстаздық еткен, атасы мен анасының мәңгілік мекен еткен киелі төрі. 2000 жылы археологтар қазба жұмыстарын жүргізгенде, Ақмешіттегі Бекет Ата мешітінен үш шақырым қашықтықтағы Аралтөбе маңынан бұдан 2000 жылдай бұрын, осы араны мекен еткен сарматтар дәуірінің куәсі – тағы бір «Алтын Адамды» тапты. Соңғы кезде елдің ерекше назарын аударған Жылыой жеріндегі табиғаттың қайталанбас керемет туындысы Ақкегершін аппақ таулы бор қыраттары болды. Бір кездері бұл жер көне мұхиттың орны болған сынды, ал қазір ежелгі қаланың қирандысын еске түсіретін асқақ тау жұрнақтарын көруге болады. Кітабымның мұқабасын осы Ақкегершін мен ағылшын саяхатшысы, суретші Джон Кэстльдің 1736 жылы салған Бопай ханымның картинасымен көркемдедік.
– Поэмаңның кіріспесінде Бопай ханымның сүйегін елге әкелу жөнінде де ой қозғапсың.
– Бопай ханымның асыл сүйегі жат жерде қалмасын деймін. Ресейдің Орынбор облысы Елек ауданының Димитровка селосынан 30 шақырым қашықтықтағы Бердяевка өзенімен іргелес жатқан Бопай сайы жанындағы қырат-жазықтық Бопай ханымның мәңгілік тыныс тапқан орны екен. Өкінішке орай бұл аймақ 1929 жылдан бері Ресей әскери полигонының құзырына кіреді. Аймаққа кіруге рұқсат жоқ. Кезінде Бопай ханымның қабірі басына орнатылған құлпытас пен кесененің бұл күнде жұрнағы да қалмаған. Әбіш Кекілбаев – Бопай ханым тақырыбына тұңғыш рет түрен салған жазушы. 1995 жылы Мемлекеттік хатшы болып қызмет атқарған тұста Әбіш ағамыз бас болып, осы «Доңыз» әскери полигоны аумағындағы ел аузында «Бопай сай» атанып кеткен Бопай ханым жерленген жерге барып дұға оқытып, ас берген. Әдебиетте Әбіш аға Бопай ханым тақырыбын алғаш рет көтеріп, «Үркер», «Елең-алаң» романдарына арқау қылды. Деректерге көз жүгіртсек, Әбілқайыр ханның бейітін қазақтар екі ғасырға жуық уақыт зиярат еткен. Тек Кеңес өкіметі орнағаннан кейін ғана зиярат ету тоқтаған. Әбіш Кекілбаев ағамыз 1979 жылы «Үркер» романын жазу кезінде Ақтөбе жеріне «Хан моласы» қорымын іздеп келген екен. Ел аузындағы деректерде Әбілқайыр қабірінің басына ханның ұлы Нұралы хан 12 ағаш еккен деседі. Әбілқайыр хан сүйегінің осы қорымда жатқанын ауыздан ауызға тараған деректерде ғана емес, орыс зерттеушілерінің де жазған жазбаларында бар. И. Крафт 1898 жылы «Хан моласының» Торғайдан 80 шақырым жерде екенін, хан қабірінің басында өсіп тұрған ағаш барын жазып, қазақтардың ол жерді қасиетті орын санайтынын жазған. Кеңес билігінің Әбілқайыр ханға теріс көзқарасы салдарынан, хан қабірі басына белгі қою мүмкін болмаған. «Хан моласы» – көне қорым. Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданындағы Толыбай елді мекенінен 90 шақырым қашықтықта орналасқан. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында Әбілқайыр ханға арналған мемориал­дық кешен ашылды. Кешен Әбілқайыр хан кесенесі мен үш бөлікті алып ескерткіштен тұрады. Осы жерге Бопай ханымның сүйегін әкеліп, қастерлеп қою керек деп ойлаймын. Ғұн, сарматтар дәуіріндегі Алтын, Темір адамдарды да жер астынан қазып тауып алып, зерттеп жатқан жоқпыз ба?!
– Поэма жазу барысында қандай деректерге сүйендің? Поэма көркем шығарма болған соң, көркемдік шындыққа көбірек бағытталады ғой. Ал сенің поэмаңда тарихи шындық қаншалықты? Светқали Нұржанның «Хан кегі» дастанында және Мәди Айымбетовтың «Бопай ханым» романында Бопай ханымның Барақ сұлтанға шығарған үкімін Шотан батыр бастаған елге айтуы деп, Барақ сұлтанды осылай масқаралап, жазалаңдар деген сөздер бар. Сенің поэмаңда бұл көріністер басқаша сипат алған. Сонда қай шығармада тарихи шындық көбірек?
– Архив құжаттарында Бопай ханымның күйеуінің кегін алуға «аттандатпай», Барақ сұлтанды жазалауда билер кеңесіне арқа сүйегені және оны орыс әкімшілігі арқылы заңдастырып алуға тырысқаны жазылады. Өйткені Бопайдың иығында жеке басының тағдыры емес, елдің тағдыры тұрды. Егер Бопай ханым әйелдік қызбалыққа салынып, екі білегін сыбанып, «шашыңды жұлам, қу Барақ, кегімді алам» деп долданып отырар болса, хандық шашылып кетер еді. Саясат лирика емес қой. Билікті ұстап қалу үшін арбаның дөңгелегін алға қарай жүргізу керек екенін Бопай ханым дер кезінде жақсы түсінген. Бопай ел ішінде неге сыйлы, құрметті болды десек, оның осындай ақылды, батыл шешімдерінен іздеу керек. Архив құжаттарында Орта жүз бен Кіші жүздің беделді би-сұлтандары мен батырларының Нұралыны хан көтеруге келісімін алғаннан кейін ғана, Бопай ханымның орыс патшайы­мы Елизавета Петровнаға, бригадалық генерал А.И.Тевкелев пен Орынбор генерал-губернаторы И.Неплюевке өтініш хаттар жолдағаны айтылады. Нұралыны «Қырғыз-Қайсақ ханы» етіп бекіту туралы Елизавета Петровнаның 1749 жылғы 2 мамырдағы жарлығы, онда Бопай ханымның хатына да сілтеме жасалуы, канцлер А.П.Бестужев-Рюминнің Бопайға арнайы хат жазып, патшайым атынан сыйлық жолдағаны жазылады. Бопай ханымның саясаттағы жеңісі осылай басталды. Бопай ханымды тану парыз.
«Шотан батыр бастаған адай батырларына Бопай осылай жасаңдар» депті, «Барақ сұлтаннан осылай кек алыпты» деген әңгіме ел ішінде аңыз түрінде таралған. Светқали Нұржан «Хан кегі» дастанында, Мәди Айымбетов «Бопай ханым» романында осы аңызды келтіреді. Аңыздың түбінде шындық бар десек те, тап сол уақытта Бопай ханымның қандай әрекет жасағаны архив құжаттарында бар ғой. Шыны керек, кейбір қаламгерлер әйел тақырыбын жазғанда, ақыл-парасат, батырлығынан гөрі әйелді эмоциялық жағынан көргісі келеді. Мұндай мінез Роза Мұқанованың шығармаларында да бар.
– Маржан, қазір әдебиетке көзқарас жақсарып келеді. Әдеби сын пікір де бар. «Әдебиет ұлы болмай, ұлт ұлы болмайды» деген екен көркем сөз зергері Ғабит Мүсірепов. Әдебиет ұлы болу үшін сын мықты болу керек пе, әлде қаламгер мықты болу керек пе?
– Ғабеңнің осы сөзін дұрыс түсіне алмай жүрген сияқтымыз. Қазір ұлы жазушы, ұлы ақын деп бір-бірін мақтау етек алып барады. Ұлы деп көбірек айта берсек, әдебиет ұлы болып кетеді деп ойлайды-ау біреулер. Ғабит Мүсірепов: «Әдебиетте шынайылық пен тазалық болса және шын таланттар бағасын алса, әдебиеттің ұлылығы осы, ал жүйелі сөзді әдебиет ұлтты тәрбиелейді», – деп айтқандай әсер қалдырады маған. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демей ме халық даналығы. «Осы өлеңіме өкінем» деп жүрсе ақындар, ол осалдық. Әдебиет ат шығарып, алақан жайып атақ алу емес, әдебиет – жүрегіңмен жүк көтеру. Оны біреу көтере алады, біреу көтере алмайды. Қолына қалам ұстаған әр қаламгер иығында әдебиеттің тағдыры тұрғанын түсінгені бек жақсы.

Сұхбаттасқан
Анар ҚАБДУЛИНА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір