АБАЙ АЛДЫНДАҒЫ ПАРЫЗ
Жұмаш КЕНЕБАЙ
Әр әрпі – нұрлы, шуақты,
Бір көріп жүрек ұнатты.
Абайды қайта оқысам,
Қазақтың өзі сияқты.
Сезімді, көзді арбайды-ау,
Қанша оқы – шөлің қанбайды-ау.
Болмысы, ойы, мінезі
Қазақтан титтей аумайды-ау.
Аумайды-ау, тіпті аумайды-ау,
Оқыған бейжай қалмайды-ау.
Сан ғасыр бұрын болса да,
Бүгінгі саған арнайды-ау.
Миыңды жуып тот басқан,
Жоғыңды бірге жоқтасқан.
Бүгінгі барша қазақтың
Әр жүрек қылын дөп басқан.
Бір сәуле көктен себелеп,
Тастайды-ау тұсап, өрелеп…
Қазақтан құйып, соққандай
Қазақы байлам керемет!!!
Қазақ боп сынап, мінеймін…
Қазақ боп күліп, жүдеймін…
Абайды оқи берген соң,
Қазақ боп қайта түлеймін!
Айтқаны – атқан таң ба екен?
Шекер ме екен, бал ма екен?..
Қазақта болсын қанша ақын,
Абайдай бірі бар ма екен?..
Әр жолы – нап-нақ, епті ғой,
Күйдіре сүйіп кетті ғой…
Абайға тілек арнауға
Батылым да әзер жетті ғой…
Бұлықсып тұр-ау бұла түн,
Таусылды күшім, қуатым…
Өзіңе арнап сөз айтқан
Кеше гөр мені, Ұлы Ақын?..
«Болдым, – дей көрме, – ермегі…»,
Қиналып, ұлың терледі…
Өзіңе жазған құснихат,
Кеше гөр, мендей пендені?
Бүгіннен жолдар арызым,
Қайтара да алмас қарызым,
Бұл менің сенің алдыңда
Түбі бір өтер парызым!..