БОПАЙ ХАНЫМНЫҢ ЖЕРЛЕНГЕН КҮНІ
02.04.2026
50
0

«Қазақ әдебиеті» газетінен Жұмабай Асарбаевтың «Бопай ханым мен Бопай ханша Ақтөбе өңірінде жерленген бе?» атты мақаласын оқып, өзімдегі Бопай ханым туралы архив жазбаларындағы деректермен оқырмандармен ой бөліскім келеді.

Мақалада Бопай Сүйіндікқызының сүйегі жатқан жерді топшылап жазады. Ал мен оны нақтылайын, Орынбор шекаралық комиссияның 4 қорының, І-тізбесімен 3356-ісінде «Дело об охране могилы хана Бупай» деген іс жүргізілген. Оған себеп – 1836 жылдың 24 сәуірінде әскери старшина, сұлтан Баймұхамед Айшуақовтың шекаралық комиссия бастығына жолдаған рапорты. Бұл іс 1836 жылдың 24 сәуірінде ашылып, 1845 жылдың 18 қыркүйек арасында қаралған, барлығы 8 беттен тұрады.
Өз рапортында сұлтан Б.Айшуақов «Менің ханым Әбілқайырдың әйелі Бопай ханша мен сұлтан Ағымның Жосалы (Юшалы) өзінің биік жеріне салынған (устроенный) ескерткішті белгісіз адамдар бір бұрышын бұзып және кірпіштерін жақын маңдағы хутор хохолдары арбамен тасып, Елек өзенінің құярлығындағы Жосалыдағы хуторларын тасыған және өздерінше билік жасаған.
Сіздерден сұрайтыным бұзақыларды тауып, жазалауды және тасқа жазылған сөздері бар ескерткішті қайтаруды сұрап, мөрімен растаған (21.04.1836)».
Бұл арыз бойынша Орынбор шекаралық комиссия бастығы Новоилецской желісінің бастығын бұл істі анықтауды (24.08.1836) тапсырған.
16 мамыр 1836 жылы Новоилецской желісінің Кордон бастығы полковник Похлавновқа тапсырма беріп, арызда көрсетілген мәселелерді дереу шешуді тапсырады. Сондай-ақ осы күні Орын­бор шекаралық комиссия бастығы сұлтан Баймұхамед Айшуақовқа хат жазып, Кордон бастығы мен Орынбор земстволық сотқа жолданғанын және сол жердің адамдарына ескерткішті бұзуға алып кетуге жол берілмеуді және бүлінген жерлерін жөндеуге нұсқау беріпті.
Демек, Бопай ханымның (архивтік құжатта ханша деп жазылған) бейіті 1836 жылға дейін, бүлінбегенін және 1845 жылдарда болғанын осы архивінің сараң сөздерімен дәлелдеп тұр емес пе?
Сонымен Бопай ханымның моласы Елек пен Жосалы өзендерінің қосылған (құярлығы) жеріндегі биіктікте және Жаңаелек хуторының маңы болса керек. Мұны сол жерлерді жақсы білетін ақтөбелік ағайындар іздеп таба алады. 189 жылдан кейінгі дерек жол сілтейді.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
зерттеуші, этнограф

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір