«Параллель»: әлем елес пен ерік
31.03.2022
2845
0

Айнұр АХМЕТОВА

Қазіргі қазақ жазушыларының, әсіресе, жас авторлардың әлемдік философиялық, психологиялық теориялар мен концепцияларды көркем шығармашылық аясында қазақ қоғамына немесе оқырманына таныстыруға ұмтылысы байқалады. Әдебиет арқылы жер бетіндегі доминант теорияларды оқырманға интерпретациялау – әлемдік ойлау жүйесіне интеграцияланудың бір жолы. Бұл ойыммен қазақ оқырманы да батыстық теорияларға мойынсынуы қажет деген көзқарасты насихаттап отырған жоқпын. Ең бастысы, оқырманға қазақ әдебиетінде оқитын тақырыптар бойынша таңдау мүмкіндігі болуы қажет.

Осы тұрғыдан алғанда Әлішер Рахаттың жақында жарық көрген «Параллель» романы сана ағымы, бейсана теориясы (Фройд) және «әлем дегеніміз – табиғат құбылыстары мен адамның ерік-жігері/ырқы» (Шопенгауэр) деген иррационалды постулаттарды көркемдік ой негізінде интерпретациялайды. Әлемдік ой-санаға төңкеріс жасаған мұндай таным мен теорияны қолдайтын да, қолдамайтын да оқырман табылады. Әр қабылдаушы сана оқырман әдебиет нарығынан өзіне қажетті шығарманы таба алуы керек. Біздің дәстүрлі түсінікте көркем шығарма авторы оқырман санасына үстемдік ететін құзыретті тұлға еді. Яғни, автор ұсынған пайым, түсінік, көп жағдайда оқырман тарапынан сөзсіз дұрыс деп қабылданып келді. Әсіресе, классикалық әдебиетке қатысты талдаулар мен рецепциялық әсерлерді осылай түсіндіруге болады. Ал «Параллель» сияқты романдарға сыни пікір айту үшін әлемдік философиядағы волюнтаризм, иррационалды бағыттарды жақсы түсіну керек. Одан бейхабар болған жағдайда романның көркемдік тіл қолданысының артықшылығын немесе кемшілігін сөз етумен шектеліп қаламыз.
Роман шығады деген хабарды естіген күннен бастап Әлішерден жақсы шығарма күткенімді жасырмаймын. Осы болжам расқа айналса деп қатты үміттендім, тіпті сендім де. Сенімім алдамады. Дәл осындай шығарманы қазақ әдебиетінен әліге дейін оқымаппын. Бұл ойым арқылы Әлішер бірінші орында тұрған үздік автор дегелі отырған жоқпын. «Параллель» – махаббат туралы жақсы роман, нағыз әдебиет нарығына лайықталып жазылған шығарма. Автор өзінің көкейіндегі әрі оқырманға да қажетті, өтімді тақырыпты жазып, кітабы жақсы сатылып жатыр. Әлеуметтік желіден мұны жақсы байқап жатырмыз. Бұл бұқаралық әдебиеттің санатына да жатпайды. Қай жағынан алып қарағанда да сапасы жоғары шығарма.
Жеке өзіме Әлішердің жоғарыда аталған тұлғалардың идеяларын қазақ әдебиетіне әкелгені ұнады. Ал бұл идеялардың менің жеке ұстанымдарыма қарсы келіп-келмеуі маңызды емес. Өзге оқырманға да, әсіресе, жастарға өзінің бірегейлігін (идентификациясын) айқындап үйренуіне мүмкіндік береді. Адамның еркіндігін қолдайтын теориялар толықтай қажетсіз немесе қажетті деп саналуы мүмкін емес. Адамзаттан қолдау тапқан түсініктердің ішінен мен де оқырман ретінде өзіме қажеттісін аламын. Екінші жағынан, бұл роман махаббат туралы. Қазіргі қазақ әдебиетінде басы бүтін махаббат тақырыбына арналған романдар аз кездеседі және жемқорлықтан, әділетсіз жүйеден, ақша табудан шаршаған қоғамға махаббат туралы шығарма керек-ақ.
Махаббат адамның менталды әлеміне қозғау салатын, ынта-жігер беретін қозғаушы күш, кез келген жастағы адам шынайы махаббатқа сусайды, аңсайды. Бұрын шынайы махаббатқа қолы жетпеген оқырман «Параллель» романынан Шоқанның, Аяның сезімдерін өз санасына көшіріп алып, ерекше әсер алуы мүмкін. Көркем шығарма оқып отырғанда ақырындап оқырманның эмоциясына, санасына әсер етіп, біржолата оның ішкі әлеміне көшіп алып, белгілі бір кезге дейін немесе өмір бойы сонда өмір сүреді. Яғни, оқырман санасын автор идеясы меншіктеп алады. Оқырман өзінің емес, Әлішер Рахаттың ойымен өмір сүреді. «Параллель» романында Шоқан да өзінің таңдауы жоқ немесе өзгенің рөлін ойнап жүрген әлде анасының, достарының немесе жалпы өз ортасының «өнімі», қосындысы ретіндегі адам ретінде көрінеді. Бірақ адамды алдамшы, жаттанды ішкі әлемнің тұтқынынан босату мүмкін емес. Егер олай болмағанда Шоқан Аядан – ақыл мен сезім, әлемдік үйлескен әлемнен Мираға – нәпсілік сезімдердің тұтқынына кетпес еді.
Романда автор адамның ерік-жігері, энергиясы оның ақыл-санасын, өмірін толық билейді және басқарады деген бұрыннан бар философиялық идеяны қазақ қоғамындағы өзіне таныс дәстүрлі түсініктер мен тәжірибелерді сюжеттік желіге айналдырып, ары қарай дамытады. Кейіпкер Шоқанның немесе автордың өмірден мән табуға ұмтылған экзистенциалистік пайымдары ерекше бағалауға тұрарлық.
Маған кейіпкердің өмір туралы көзқарасы, түсінігі, бағалауы ұнады. Өмірдің әр сәті маңызды. Адамдардың жаңбыр тамшысы, музыка үні, құстың шырылы сыйлайтын ғажап сәттерді ақша, жұмыс туралы ойлармен немесе «асқақ» бақыт туралы утопиямен көміп тастағаны шындық.
Әлішердің бір ерекшелігі, ақпараты жоқ, жай мәтін сөйлем жазбауға тырыс­уы. Ойлардың құндылығын арқалаған сөйлемдер қардан басын көтере алмай тұрған ағаш бұтақтары сияқты. Автордың мәтіннің ұсақ бөліктерінде де ой салмағына баса мән беруі ұнады. Бұл оқырман алдындағы және өзінің өніміне деген жауапкершілігін көрсетеді. Тіпті оның өмірлік қадамдарына жауапкершілікпен қарайтынын да білдіреді. Дегенмен автор әлі де мәтінмен жұмыс істеуі керек. Романның кейбір тұсында сөз тіркестері, әсіресе дұрыс қолданылмаған көптік жалғаулар үйдің қисық қаланған кірпіші сияқты көрінеді.
Бейсана туралы теория ғылымда З.Фройдтан бері белгілі ғой. Ғалым кезінде пациенттерінің бейсанасындағы қорқынышын, ауруын, құпия ойларын «еркін әңгімелесу» арқылы емдеуге тырысқан еді. Бұл романда кейіпкердің түпсанасына саналы түрде көміп тастаған бұрынғы ғашығы туралы ойлары мотоциклмен жол апатына түскенде қайта көрініс береді. Өзін де осы сәттен кейін мазалай бастайды. Адамның миы қатты соққы алғанда ойлау процесі тоқтап барып, қайта жұмыс істейтін болуы керек. Сол кезде бейсанадағы ойлар қайта жаңғырады. Бұны, әдетте, кинодан жақсы білеміз.
Жазу, әсіресе көркем туындының алғашқы сөйлемдерін жазу қиын. Бастапқы беттерінде қаламы әбден кібіртіктегені көрініп тұр. Қиналған деп айтуға келмес, бірақ автор роман оқырманды бірден баурап алуы керек деген міндетті орындап шығуға ден қойған. Сонымен қатар ауызекі стильдің өзінде дұрыс қолданылмаған тіркес бар. Кейіпкер алғашында құрылыс компаниясында жұмыс істей алмағанын айтады. Мұның себебін айту үшін «істей алмағанда қалай…» –деп сөзін бастайды. Жастардың қоғамның тіліндегі қолданыстарды түзетіп жатпай, табиғи шықсын деп сол қалпында беруге тырысқан. Әйткенмен бұл тіркестерді сол қалпында бере салуға болмайды. Қате қолданыс. Кез келген сапаға мән беретін баспа егер автор шет тіліндегі, мысалы, түрік немесе ағылшын тіліндегі ұғымдарды, сөз, сөз тіркестерін қалыптасқан формасында қолданбаса ескертіп, түзетуге қайтарып жібереді. Бірақ романда мұндай тіркес көп емес.
Адам туралы оптимистік те, пессимистік те көзқарастар бар. Адам жарату­шы емес, жаратылыс болғандықтан, білмейтін, игермеген нәрсесі көп. Кемшілігі мен білместігі оны кейде кейбір ортадан алшақтатса, кейде ол өзгеден үйренуден басқа жол таба алмайды. Бұл – заңдылық. Сондықтан, романды оқыған әрбір адам өзін таниды, көреді, бәлкім, кейбір қағидаларын өзгертуге тырысады. Мүмкін, келесі бір оқырман волюнтаристік идеяны қабылдамас. Роман әр адам қолына шырақ алып, өзінің ішкі әлеміне үңілуге итермелейді. Сол сәтте адам жылдар бойы өзі таба алмаған, түсіне алмаған бақытсыздығының себебін анық байқауы мүмкін.
Романда Шоқан: «Нағыз жігіттердің арасында жүрген кіп-кішкентай бала сияқтанып, осындай кісілердің фонында Аяға кембағалдығымды білдіріп қоюдан қашып, қорқып жүрмін. Мәселе Аяда емес, менің Арсылан мен Зияда секілді, Диас пен Жәния секілді бақытты да, бейбіт өмірді ешкіммен елестете алмайтынымда болып тұр еді. Жалпы бақытты атмосфера жасай алмайтын «аурушаңдығым». Жан сарайыңдағы берекетсіздікті біреу-міреу көріп қоймаса екен деп, қуыстанып жүрудің өзі қаншалықты ауыр еді» – дейді. Бұған ешқандай интерпретация қажет емес.
Романдағы философиялық түсінік бойынша, тіршілік жүріп тұрған реалды әлемді өзгертетін ең қуатты күш адамның менталды әлемінде орныққан. Адамның менталды әлемінің орнықтылығын, реттілігін, әсемдігін Ая есімді екінші басты кейіпкердің көзінің кейде қоңыр, кейде жасыл түске еніп тұратын (романда «жасыл жанар» деп берілген) ерекшелігі арқылы көрсетеді.
Аяның жасыл жанары – адам бойындағы күш-жігерді, энергия қуатының шексіз екенін байқататын көрініс. Автор адам ішіндегі орасан жігерді алыпқа немесе диюға теңейді. Сол алып дию әрдайым Аяның жанарында отырады. Аяның ішкі әлемінің сыртқы ортамен әдемі үйлесімін, реалды кеңістіктің әдемілігін көре білетін қасиетін қоңыр емес, жасыл түске өзгеріп тұратын көзінен көреді. Яғни, адам бойындағы ерік-жігер, күш – оның ақыл, интеллектіне бағынбай, тіршілігін басқаратын алып дию. Автор Шопенгауэрдің «әлем – елес пен ерік» деген философиясын таратып түсіндіреді. Негізі қазақ танымында көзге қатысты қара көз, қой көз, көк көз деген тіркестер қолданылады. Автордың мұнда ұлттық таным мәселесін түсіндіріп жатпағаны белгілі, дегенмен қазақ тілінде жазып отырғандықтан, жасыл көз тіркесінің орнына нәркес көз немесе қой көз деп қолдануына болар ма еді…
Жасыл жанар және сонда қонақтаған алып дию – қыздың күш-қуат қайнары және Нұрдың өмір сүруі автор жаратқан мистикалық кеңістік пен тылсым түсінік. «Жап-жасыл жанарының ішіне кіріп, Нұрдың алдында бар қате-кінәмді мойныма ала отырып, мінәжат жасап, жеңілдеп қалатындай сезінемін де тұрамын» (150 б.). Шоқанды ғашық еткен, махаббатпен жанын тазартқан, өзінің кім екенін ұғындырған аяулы мекен – Аяның жасыл жанары.
Романда Шоқанның көзімен берілетін қыз бен жігіттің, яғни Шоқан мен Аяның қонақ үйдегі махаббат сезіміне бөленіп жатып нұрлы әлемге енуі сенімсіз шыққан. Кейіпкер Шоқан қыздың шынайы махаббатын, алып күш-қуатын, энергиясын сезінгенде қыздың жанарындағы алыппен қауышып, нұрлы әлемге енгенін баяндайды. Солай баяндалғанымен, оқып отырған біз ол әлемге ене алмаймыз.
Автордың жеткізгісі келген идея­сының тереңдеген тұсы сүйіктісі Аяның бұрынғы жігітімен кездесіп тұрған сәтінің үстінен түссе де кейін кешіріммен қараған, яғни сүйіктісіне еркіндік берген жерінен байқалады. Романда бірге болуды қалаған адамдар тәні өзге адамдармен табысып жатса да, жан дүниесі, құндылықтары, ішкі әлемі сол қалаған адаммен шексіз әлемде бір бүтінге айналып өмір сүре береді деген тұжырымдама кездеседі. Бұл идеалистік ойлау жүйесіне жақын пайым. Сондай қиялшыл, жаратылысы әлемнің себебін ешқашан толыққанды түсіне алмайтын, ой-танымы әрқашан шектеулі күйде өтетін адамзаттан алыс жататын мистикалық түсінік.
Автор адамның еркіндігі жайлы терең толғап келіп, романда басқа қосымша тақырыптарды өте жеңіл баяндаулармен жеткізген. Астарлап беру жағы әлсіз шыққан. Барлық поэтикалық күш ессіз шынайы сүйе білген адам ғашығымен мәңгілік бірге – біртұтастықта ғұмыр кешеді деген тұжырымдаманы түсіндіруге жұмсалған. Ұлттар арасындағы, бәлкім, қазақ қоғамында көбірек кездесетін, яғни өзінің қалауын кейінгі сатыларға (кейде ақыл-ойы жете тұра мәжбүрлі түрде жасайды) ысырып тастап отбасының, ортасының, достарының бағыттауымен – қалауымен үйленетін, жұмыс істейтін, мамандық игеретін адамның бақытсыз тіршілігін көрсетеді. Әлемді адамның күш-жігері басқарады деген философияны автор өзіне таныс қоғамдағы адамның осындай бақытсыздығымен байланыстыра таратып түсіндіреді. Автор жалған өмірді әрі өзінің емес, өзгенің өмірін сүріп шығатын адамдарды батыл әжуалайды. Сонымен қатар метапрозаның да элементі байқалады, яғни автор шынайы өмірдегі өзінің шығармашылық процесін романда да бедерлейді. Жазушылық ғана немесе ғашығы Ая ғана кейіпкерді өзінің шынайы болмысымен табыстыра алады. Өмірде де автор жазу әлеміне өзін арнағанын, қаламға серт еткенін, жаны жазудан ғана барақат табатын күйін романда Шоқанның ноутбукті ашып, роман, әлде әңгіме жазып жатқан сәті де айқын аңғартады.
Роман арқылы жазушының жеткізбек болған тағы бір концепциясы өмірден өзін іздеп таба алған, тани алған адам ғана шынайы өмір сүре алады. Өзінің кім екенін білмеген, болмысын тани алмаған адам ғашықтықтың мәнін де толық түсінбей өтеді. Роман кейіпкері ақыры өмірдегі өзінің рөлін ойнай алмай, Мирамен махаббатсыз бас қосады. Автордың ойынша адам шын сүйгенімен мәңгілік әлемде ғана бақытты болады. Қорыта келе, Әлішердің «Параллель» романын оқырманға оқуға ұсынамын. Автордың әлем мен адам туралы көзқарастары оқырмандарға ұнайды деп үміттенемін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір