Әділбек Ыбырайымұлы. Асудағы айқас (романнан үзінді)
15.03.2022
4064
0

Ә. Ыбырайымұлы

Белгілі қаламгер Әділбек Ыбырайымұлы жуықта Кенесары хан, Сыздық сұлтан жайындағы «Семсер жүзіндегі серт» трилогиясын аяқтады. Қазақ елінің белгілі бір кезеңін суреттейтін шығарма, бұйырса, кітап болып оқырманның қолына да тиер. Әзірше жаңа туындының 2-ші томынан шағын ғана үзіндіні жұртшылық назарына ұсынып отырмыз.

…Қосшыны бір жақты етіп, қайта кері шұбырған қол Пішпектің тұсында қырғыздың жер қайыстырған аламанына тап келді. Сарбағыстың Қалпақ батыры қара-құрым қаруластарын бастап, өздеріне беттеген Кенесарыны тоқтатам деп, жолын торуылдап тұр екен. Аламат шайқас дүрк көтеріліп, ызы-қию сұрапыл соғыс өрттей қаулады. Тек жеңісті ғана көріп қалған қазақ қолы дүлей мінезбен қоғаша жапырды. Қасапханадағыдай қырғын болды, ат шашасынан қан кешті. Қайрат танытып қасқая кіріскен Қалпақ көк сүңгіге шаншылып өлді. Ажалына қарай шекпенінің оң жақ жеңін шешіп, кісесіне қыстырған Науан батырға тура бетпе-бет ұшырасып қалыпты. Наурызбай ұстаған ақ найзаның сабында құланның үйегінен өрілген төрт құлаш шыжымы бар. Көк сүңгіні аттың перен шабысымен құйғытып келе жатып қарсы дұшпанына лақтырғанда, ол кірш етіп қадалары күмәнсіз. Со беті ағызып жанына өте береді, найзаға шаншылған жау жалп етіп құлайды да сүйретіліп, ілесіп кетеді.
Күллі қырғыз арқа тұтқан Қалпақ батыр дәл солай мұрттай ұшып, бос тұлыптай соңында жалбаң қақты. Оны көрген бұрат- тардың жүрегі шайлыққаннан буыны босап, тізелері қалтырады. Көп ұзамай тырым-тырым босып жөнелді.
Артынан дүрлігіп дулаттың бір бөлігі келісімен, Кененің әскері үлкен қуатты күшке айналды. Хан соңындағы қалған қолға да «аттансын» деген пәрмен түсірді. «Жантай, Орманбеттермен қан төгісейін деген ниетім жоқ еді. Ел болайық дегенге көнбеді. Келе жатқан тажалды қорған тұтып, жауға қосылды. Елшімізді мырзақамақта ұстап, байлап қойғаны былай тұрсын, азаптап өлтірді. Суыққолды баукеспелерін жұмсап, ол аздай ұрлығын үзбей істеп жатыр. Кінә өздерінде, ертең елін шабамын. Дулат баласы іргелі ел едіңдер, көздеріңмен көріп, олжаларыңды алыңдар!» деген құлаққағысын қоса айтты.
Сегіз мың сарбаз самсай өріп, өңшең байыр манапты ту-талапайға салды. Бірден үш қамалды бұзып, қырғызды аямай талатты. Дулаттың ішіндегі шымыр руының жігіттері қоқан десе кірпіше жиырылатынын білетін, сол қоқанның қолшоқпарына айналған дұшпандарына найзаларын оқ жыланның басындай қадады. Ханның пәрменімен бірде-бір төлеңгіт ортаға түскен олжаға көз қызартпады. Тегін дүниеге «қызыл тұмсық болсын» деп, дулатты қоя берді. Бәрі артынып-тартынып, ырғалып-жырғалып мол олжамен оралды.
Қазақтар екі-үш күнгі жеңісінен көңілдеріне жел байлап, төмен құлдап кеткенде, Әлішер датқаның сөзіне қанаттанып шыққан Орманбет бастаған қырғыздар қайта кеп қамалдарға үйілді. Жер жадысын жақсы білгендіктен олар Мерке қаласына төбесінен қарайтын Кеклік тау-қыраттарындағы ыңғайлы орындарға таскенеше бекінді. Қапталы шаншылған өр, төмен жағы дөңесті жазық, жауды алақандағыдай бағдарлайды. Төбеден тас домалатса да қазақтың адымын аштырмайтын мықты бекініс.
Кенесарының қолы екінші қайтара жо­рық­қа қамданғанында «хан Кене олжаға мырза, ен-тегін дәулетті еркіңмен ала бере­сің» дегенін бірінен-бірі естіген дулат қалмады. Тау суындай сарқырап кеп қосылды. Бұл жолы он екі мың қолмен кемерден шұбыра ақтарылып, кезеңнің іргесіне зең­біре­гін сүйреткен қалпы бөгелді. Бірақ асуды айырқалпақты оңайлықпен беретін көрінбейді. Әр-әр жерде құралған қырғыздың қолы тұр. Бұлар өткендегіге қарағанда әлдеқайда әлеуетті, әрі мықты қаруланғаны байқалады.
Алатау тауларындағы алғашқы от қарулы қақтығыс осы жерден басталды. Қос тараптан да дәміл-дәміл мылтық атылып, тәжік тектес датқаның зеңбірегі жер сілкінте от құшты. Бесінге дейін аңдыса атысып, қайранын таппады. Қазақ-қырғыз екі жақ ескі жолға таласып, Қарабалта мен Соқылық аңғарынан шаңды будақ-будақ көтерді. Жау жоғарыда, қазақтар төменде, өшпенділікпен жандарынан безді. Қанша жанкештілікпен әліне қарысса да асудан бұраттарды бұрқыратып айдап шыға алмай, батырлар абдырады. Кененің амалы таусылды. Үйінде ер атаулыны қалдырмай соғысқа әкелген қырғыздың түрі жүдә жаман. Қоқанның қанатының астына тығылған айырқалпақты тау шатқалынан төмен түспей, жоғарыдан оқ бүркіп, қитыққа тиді. Ара-тұра ғана аңғардан күтпеген уақытта атойлап келеді де, бой сала ұрыспай қайта сытылып кетеді. Бірақ сонда да әр ұрынған сайын бес-алты аламан ерден ауып, сүйретіліп бара жатады немесе домалап қалады. Мұнысы, әдейі «маңқа қазақтар ашынсын, өршеленсін» деп, төскейде аттарын ойнақтатып шауып, қиқуға басқан түрлері.
Бұған қабат құмырсқаша құжынаған қырғыздар асудың жолы тайғақ болсын деп, жоғарыдан қазан-қазан су ақтарды. Зеңбірек сүйреткен аттар ілгерлей алмады. Ол тұрмақ құр аттың өзі сырғанап, шатқаяқтап жығылып жатыр. Асудан қазақтарды асырмауға бекінген бұраттар, әр қилы айла-амалға жең сыбана кірісіп, ұшынып жеткен жаудың қолын қарыс сүйем ілгерлетпей тұралатып, тұрған орнынан тапжылтпады. Биікке бекінген бұраттар лап беріп төменге түсіп, шабуылға шықпайды. Ерегескенде ойдан атқан зеңбіректің оғы тау басына жетпей діңкені құртты. Кенесары белі берік шаңырақ нардың екеуін алдырып, шөгерген қалпы зеңбіректің ұңғысын өркешінің ортасынан асыра сүйеп, сосын түрегелтіп қойып атты. Сонда да нысанаға дөп тимеді. Сарсылған Наурызбай бас қолбасшы шапырашты Бұғыбайды іздеді.
– Бұғыбай басшы қайда? Бұғыбай!
Сұлтанның шақыруын естіп, жауынгерлердің арасында жүрген қолбасшы да дереу жетті.
– Әй, Бұғыбай, мынау қитыққа әбден тиді ғой. Бес күн болды шайқасқанымызға, бір лажы жоқ. Қырғыздың қорлығы өтті, тау басына шығарып, найзам мен қылышымның ұшын бір тигізші нәлеттерге. Ханның жарлығымен үш алаштың баласын қаздай тізіп, басқан ізіңмен жүргізіп келесің, мына құздан шығар жол тап, енді!
– Ханнан жарлық болса томағамды сыпырып қамау тасқа салыңыз, өршеленіп көрелік, не болмаса осы жолда өлелік. Әуелі ханның пәрмені керек. – Басы шарадай, денесі төртбақ біткен, құрыштан құйғандай бұлшық еттері білеуленген бас қолбасшы хан айтса, ажалға да әзір екенін аңдатты. Мұны естіген Наурызбай ханға келді.
– Тау мен тастың төбесі қырғыздың қолына толды. Рұқсат берсең, Кенеке, Бұғыбай қолбасшымен соларға барайын. Асуы қиын Алатаудан жол тауып, қырғыздың қамалын барып бұзайын. Мынау тау-шатқалдың іші самсаған қолдың жүруіне қолайсыз, таңдаулы отыз жігіт алсам жетеді. Отызымен барып, ойранын шығарамыз.
Бір тұтам өрме кекілі көк маржандары жалтырай тоқтаусыз атқалақтап, иесінен бұрын жауға өршеленіп тұр.
– Қолдағы батырлардан іріктеп екі жүзін қасыңа ерт, уақыт оздырмай қырғыздардың тауын шағып, діңкесін құртуымыз керек.
– Екі жүз кісі көбірек, тақсыр. Жазық дала емес жосылып шабар, отызы да жарайды. Тәңірі қосса, ата-баба аруағы қолдаса, қырғызды үріккен қойдай жасармын.
Ұмтылып тұрған кезінде інісінің меселін қайтармады.
– Мақұл. Дегеніңе жет, Алла жар болсын!
Шұғыл жөнелген Наурызбай қалың қолдан іріктеп, ерегескен жаудан қайтпайтын отыз арысты бөліп алды. Бұғыбайды басшы етіп, қиыннан жол тауып, қырғыздың қамалын бұзып, көрін қазып, жазасын беруге асықты.
Қия бетті күн шығысынан қапталдай отыз жігіт кетіп барады. Төменде соңдарынан хан Кене сүйіне қарады. Сосын қасындағы Байзақ датқа бастаған жақсыларға:
– Алатаудың арасы аласапыраннан қол көрінбейтін шаң болды. Соңымнан ілескен қараша халыққа алғысым шексіз. Қысылғанда ханын қолдап, жанымнан табылды. Ойда орыс, қырда қоқан қара ізіме түскенде талай сан соқтырдық. Дұшпанға алдырып жүрген аузының аласы болмаса, қазақ баласы ешкімнен таяқ жемейді. Бір кемеге мініп, үш алаштың баласы тізгінін Кенеге берсе – қияметтен шығатын жол салмас па едік. Қазірдің өзінде ер басына аяқтай тасты алып атсақ, тауға апарар жол әзір болмай ма?
Байзақ датқа ханның ойын түсініп, соңындағы нөкерлеріне ұран салды.
– Тау басына апарар төтеден жол салуға ханның құлқы құлап тұр. Бекініп жатқан бұратты төбесінен барып алқымнан ұстап буындырып, інінен суырып алмақ… Қамалын бұзып, адамын тізіп, бекінісін иеленсек деген мақсат бар. Келіңдер, жабылыңдар, бір-бір қазандай тасты аяқтың астынан алып, қиялап ат жүретін жол жасалық, – деді де ерден қарғып түсті. Өзі бірінші болып жол табанындағы тасты адам жоқ жаққа қарай атып жіберді. Хан да жерге түсті. Мұны көрген сарбаздар аттарын қоя салып, қия бетке өрлейтін, жүруге көнер тұстың табанын тазалауға кірісті де кетті.
Жанталасып жаяу өрген жасақ, біраз маңның тасын аршыды, қол біраз деңгейге көтерілді. Әсте-әстемен өрлеген сайын шатқал биіктей түсетіндей. Қалжырап, алқын­ған мезетте тау басынан айқай-шу шықты. Мылтықтың оғынан көкпеңбек түтін көтерілді. Отыз көкжал батырымен Наурызбай сұр берен бұраттарға бір бүйірден тисе керек.
Ту сырттарынан қарағайдың арасынан андыздатып шыққан қазақ қолын көргенде қара қырғыздар әуелгіде қапелімде ештеме ұға алмай абдырап қалды. Бірі – атына жүгірді, бірі – хабарға шапты. Қарсы ұмтылғандары некен-саяқ. Барша назары аяқтарының астындағы қазақ қолына қадалып тұрған бөрі көзді білеуіттер, өкпе тұстан қатер төнеді деп қаперлемеген.
Астында Байзақ берген қарқарадай көк бестісі бар Науан жау шетінің күн шығыс жағынан қамалға кірді. Үстіне камзол ішік киіп, ақ орамалмен басын шарта буып алған. Қасындағы отыз көкжал Керұғлыға бергісіз еді.
Хан Кене мұны төменнен аңдаған соң, сабыры қалмай тауға шығуға ұмтылды. Әп-сәтте шатқалдан бара қалуға қайран жоқ. Түтеген мылтықтың оғы, соған қарамай Наурызбай жанған оттай бұрқылдап қамалға кірді. Інісі және бір көрініп қалғанда найзасы қан екен. Бұдан кейін Кенесарының кеудесіндегі жаны ышқынып, көк буырыл атты қияға тікесінен салды. Жануар өрге атқан оқтай ырғығанда хан үстінен сыпырылып қала жаздап, қайта оңшалды. Со беті атырылып, тіке тарта берді.
Кене хан жөнеп берген соң, тұс-тұстан нөкерлер де ат қойды. Өршеленген екпінмен екі мыңдай кісі таудың басына ұбақ-шұбақ ілікті. Екінші лек жер астынан шыққандай андыздата ақтарылғанда, таудан тасқын құлағандай әлеуеттен үрейлері ұшып, қара қоңыздай қаптаған қырғыздар лаға жөнелді. Сол жерде шымырдың шалдуар мінезді батырлары сойқанды салды. Қарсы ұмтылғандарын қылышпен турап, найзамен шаншып, жусатып жіберді. Осы бір қысқа ғана уақытта сақаулардың екі жүздейі опат болып, үш жүздейі тұтқынға түсті.
Жаппар иесіне сиынып ұшар басына көтерілген Кенесары қырық арқанды бір-біріне жалғатып, ойда тұрған зеңбіректі жоғарыға тартып алды. Жалма-жан зеңбіректі қамдап жіберіп, екі дүркін бұраттардың бағытына атты. Тау күңіреніп, қорғанның қорым тасы қирап, қырғызға бықпырт тиді.
Ханның келгенін көрген Наурызбай төре одан сайын айбаттанып, қойға кірген бөрідей бұраттың басына ажал болып шүйлікті. Қалың нөпірден төбесі және бір қылаңытқанда қаздай тізіп қырғыздардың қыз-қатындарын әкеле жатты. Қайқы асудың үстінде тұрып, мысына мінді, қаһарын танытты. Әбден ызасы өткені сондай, төте жерден зеңбірекпен қырғыздың қорымын және бір атты. Адам мен мал қабат баудай түсіп, жөңкіліп жүрген қырғызды жусатып салды. Қоршауда қамалған қатын-қыздарын «қоқилатып» еңірете жылатты. Білеуіттер қамалының күлін көкке ұшырды. Үріккен жылқысын айдап кеп дулат жауынгерлеріне таратты. Жүзге тарта түйені және бір әкеліп, атанды атан деп қарамай, нарды нар деп санамай, соңына ерген жұрттың тиесілі сыбағасын үлестіріп берді. Қайта қидаласқан додаға еніп, алды-артынан ұмтылған дұшпанды бес қаруын кезек жұмсап, пішен шапқандай жайпай отады.
– Қайраты мен амалы сай келген, жампозым-ай!
Ағыбай батыр сүйсіне дауыстады. Өйткені, Науан қарыс сүйем жанынан іргесін ажыратпаған, әрі қажымай-талмай өзінен шайқас өнерін үйренген інісі. Сондағы әбден шыңдалған әдісін қан майданда қапысыз қолданды. Айналасы баудай түсіп жатыр. Онымен қоймай, көзіне іліккен батырларды атап, қайраумен болды.
– Таманың батыры Құрман, қара диюдай кіріс бүгін! Сілте қылышты, түйре найзаны! Қашан да қанатыма айналған Меңдібай, Дулат, Ағыбай, өздеріңе Алла жар болсын. Арғыннан шыққан үш арыс – Шәкір, Жәуке, Толыбай, ұмтылыңдар ерлерім. Құлақтағы білтесі тұтанбай, мылтықтың оғы от алмайды. Дымды білте әзірше тұтана қоймас. Тұтанғанның өзінде ақ кіреуке, көк сауыт қорғасынды өткізбес. Тайынбай жауға кіріңдер! Әй, табынның Бұқарбай батыры, аянбай бүгін іс көрсет!
Осындай қарқынмен қырғыздар барып бекінген Ақсу қорғанын да топалаң тигендей жасады. Бұратты еркіне қоймай бұғынған жерінде бұтарлады. Бір түйір қырғыз қалмады. Бағы мен бақыты шауып тұрғанда Кене хан сертіне жетті. Соңындағы он екі мың кісінің дені дулат жұрты еді, ешкімнің қолын қақпады. Олжасын толық алсын деп, түгел еркіне жіберді.
Қалың жатқан қырғыз жеңілді. Тірі қалғаны ұйлығып барып Қарақыстақ пен Шөңгірге тығылды. Орманбет, Жантай, Қалығұлдар солардың алдымен тайып отырса керек. Тау бөктері адамға лықа толды. Хан Кене өшіккен қырғыз жауына дүлей дулатты жапты. Олар айқұлақтана дүрк етіп, Кекіліктің тауына қарай лап қойды. Қызылсудың саласы мұнарланған шаң болды. Сай-сала мен шатқалдың бәрі босқан бұратқа толы. Сондай қолдың алдында едірейген біреу жүр. Оған Наурызбай тап келіп сөйлессе, Қанайдың ұлы Кәрібоз деген кісі екен. Науанды ол бірден танып:
– Ей, кекілін өріп, маржан таққан Нау- рызбай, ер төрем! – деп, арыздана бастады. – Аса қорлықтан қаным қарайды, Кенесарының алдында қырғыздың не жазығы бар еді? Қарақыстақ, Шөңгірден қосшыны шапты. Қалшаны ұстап байлатты. Жаманқарамды өлтіріп, белімді бір сындырдыңдар. Жасайтындарыңды тіріге жасамайсыңдар ма, Есқожа мен Қанайдың көрінде атаңның ақысы бар ма еді? Өлгенім саған не қылды? Хан Кене не себептен қырғызға мұнша өшікті?
– Қырғыз бен қазақ тату еді. Кәпір кеп қонысты алған соң Бекбатыр бастаған он екі кісі елші жібердік. Жанқараш пен Жантай манабыңның қолында тұтқын болып, екі ай жатты. Әзер дегенде шайқасып жүріп, ортамызға оралттық. Ал Жаманқараңды өзіңнің салған жолыңмен өлтірдім. Елшілікке барған біздің Орман батырды өлтірдіңдер. Шауып алсаң шауып ал, қырғыз салған лаңнан асқынған кектен әкең Қанайдың қабірін мен қираттым. Андасымның тамында сенің не ақың бар еді?!
Бұл сөзді ерегеспен Наурызбай әдейі айтты. Әйтпесе өлінің бейтіне тиетіндей иманы сұйылмаған. Керісінше, қазақтың төрелері мен орыстың шенділері әуелден таратқан алып қашты сөзден менмен маңдайы жалтыраған сарбағыш руының манаптары Кенесары хандығын мойындамады. Соның салдарынан елшілікке уәж айтпай ерегес үдеп, алғашқы соғыс тұтанды. Алақанын ысқылаған орысқа осы керек еді. «Маңқа қазақ қайтеді?» деп өшігіп, өздерінің жиендері Сыпатайдың ағасы Андастың бейітін әуелі қырғыздар қиратты. Айтқанға көнбеген, икемге келмеген бұраттардың айылын хан Кененің жасағы шаңырағын ортасына түсірді. Кескілескен шайқаста айтулы үш батыры бақиға бет түзеді. Жан сақтаудың амалымен үріккен қойдай ығып барып, қырғыздың аламандары Есқожа мен Қанай манаптың кесенесіне тығылды. Бұғынғандарды бұтарлап, бықпырт тигендей шапқанда, кесене қирап, бұзылды. Оны айыр қалпақтылар Андастың кегіне бола қазақтар қасақана қиратты деген сөз таратып жіберді. Шынтуайтында Андастың кім екенін Арқаның елі біле қоймайтын.
Науан мен Кәрібоздың қозғап, қидаласқан мәселесі осы еді.
– Ықпалың асып тұрғанда сөйлеп қал, төрем. Әлі-ақ кезіңді келтірем. Өзіңді астамсып, асқар тауға теңгере берме. Алтын жағаң қисайса, қырғыздар көзіңді ойып алар. Малымды талап телімге қидың, басымды өлімге қидың. Қорғанда жатқандарды қорқытып аттарын әкеттің, орта жүз бен кіші жүзге сия алмай қаңғырып келіп едің. Төлегенұлы Жанқабыл тоқсан кісіңді өлтіргенде кегіңді алдың ба? Басыңды бітеу сойып, қоқанға теріңді берген. Мейманаң тасып тұр екен, Хақтан бұйрық келгенде жаның да шығар. Әкең Қасым туғанда қан шеңгелдеп туды деуші еді, көп қорқыта берме, Наурызбай, тәңірден бұйрық болып күнім түссе, көрермін әлі. Өлсем де арманда кетпеспін, жаппар ием жар болса, сазайыңды әлі-ақ беремін, төре!
Мына қырғыз Жанқабылды көлденең тартып, «өз қазағыңнан опа таппай мұнда қаңғып келгенде кім сенің табаныңа тұғыр, заманыңа ғұмыр болады? Сұрауы жоқ, іздеу- шісі жоқ жерден шыққан жіксіңдер, күнің тақау» дегенді аңдатты. Әдейі қазақ пен қазақтың өштігін көлденең тартты.
«Ол мұны қайдан біледі? Кім бұған жеткізіп жүрген?» деген сауал өре жөнелді. Әрине, қазақтар айтқан. Әйтсе де қисынға бір келмейтіні, Жанғабыл тоқсан төлеңгітін өлтіргенімен, олардың бас терісін сыпырып, қоқанға жібермеген еді. Шымбайына бір батып кеткені, Қанайұлының сөзінің соңы: «жаның мұрыныңның ұшына келсе, бас сау- ғалап қашарсың, қашқансың, қашырамыз» деп тұрғандай.
Кәрібоз ызбарлана қарап-ап, атын тебініп жүріп кетті. Көлденең келген қырғыздың басын шауып алатын Наурызбай бұл кісіге тиіспеді. Бірақ ол кейін жаппай соғыста Ағыбай батырдың қолынан жан кешті.
Осы кезде хан өкімімен түн қатып жау шебіне кеткен Ержан сұлтанның тұтқынға түскені белгілі болды. Тау-шатқалдың бір қойнауында төрт жүзге тарта жасанған жау жолығып, қоршап алыпты. Мұны естіген Науан жағымсыз жайтты Кенесарыға жеткізді.
– Ержекем аңдаусызда аранға жолы­ғыпты. Алдындағы ағасы өлсе, інінің күні қараң. Батырларға жарлық шашсаңыз, құтқарып келер едік. Қарап отырған – қастықпен тең, үш жүз кісі алып, Ержанды іздеп барып қайтайын. Асуынан шығармай қырғызды қойша иіріп, нәлет атқыр сақаулардың біразына қан құстырайын.
Осылай мәмілелесіп жатқанда қырғыздардың көбейген қолы лықсып, тасқан өзендей келіп қалды. Шәмсі мен Қызылсудың кемері жау жасағына лықа толыпты. Енді сарбаздарды қайта майданға қамдап, шеп құрмаса – қатер. Ат пен ердің өнері қабат сынға түсетін сәт таянған сияқты. Ұзын бойлы, бес қаруы сай күрең қасқа күлік мінген қырғыз батыры жау шебінен оқшау көрінді. Сұсы жаман. Бұл ер Қанайдың немересі Шеннің ұлы Бидері екен. Әкесі Шен әлгіндегі Кәрібоздың бауыры болса керек.
– Жекпе-жек, жекпе-жек! Қан құсқы­ларың келгендерің шығыңдар!
Тақымындағы күрең қасқа тізгінді сүзіп, жер тарпиды.
– Жекпе-жек! Жекпе-жек! – Қырғыздың қалың қолы тау-шатқалды теңселте күркірей айқайлады. Өзеуреген үн намысқа тиіп, жаныштап барады. Оның айбатына қайрат танытып, қапелімде қазақ тарапынан ешкім сол заматында суырылып шыға қоймады. Бұған шамырқанып қалған Байзақ датқа мойнын созып, төңіректі барлай сүзді. Қозғалған жан пенде байқалмады. Осы кезде «иә, аруақ!» деген дауыс саңқ етті. Жалт қарап, алдыға ұмсынған Наурызбайды көрді. Мына үнсіздікке одан әрі шыдамаған Науан астындағы қаракөк бестіні өзінің Ақауыз атына алмастырып мінді де жотадан төмен ойпаттағы жазыққа құйғыта жөнелді. Әдеттегідей шекпенінің оң жақ жеңін кимей, кісе белбеуіне қысып алған – бір иығы жалаң барады.
– Қараағаштай көп қазақ, тайынатын түк те жоқ. Ержан қолға түскенде қырғыздың туын жығып, батырының тауын шағу керек. Жаппар ием жар болсын! А-а, құдай! Абылай! – Кекіліндегі моншағы жалт етіп, Аллаға сыйынды.
Ақбоз арғымақпен Наурызбай Кекіліктен зырқырай шапты. Бидері оған қарсы күрең қасқа атпен ағызды. Сонда ғана бастарын төмен салбыратқан дулаттың жігіттері көздерін жылтыратып, мойындарын көтерді. Науанның ізінен Меңдібай, Дулат, Ағыбай батырлар, арғыннан шыққан үш жігіт – Шәкір, Жәуке, Толыбайлар, табынның тарлан­дары Қабан мен Бұқарбай батыр ілесті. Сегіз батыр самсап соңында тұрды. Сұлтанға қарсы таянған Бидері:
– Патша зада баласың, мынау не, жекпе-жек пе?! – деді ер үстінде қолын нұсқап. – Тайғандарыңды ертіп, тойға кетіп бара жат­қан­дай­сың. Жеңіңді түріп, жекпе-жекке жеке келмейсің бе? Қырғыздың қатын-баласын алдыңа сап айдап қырған әуселеңді көрейін.
Наурызбай сол кезде ғана артына қарады. Сегіз батыр желі баудай тұсқа таянып қалған екен.
– Кері қайтыңдар! Бүгін кеудеден жаным шығасы болса, келгендеріңмен оған қайран жоқ. Мына қырғыздың айтқан сөзінен арға нұқсан, жанға көде тиіп тұр. Сөзге сынық болмайық, ерлерім, кері қайтыңдар!
Батырлар садақ оғы жетер жерге бөгелді. Содан кейін Бидері мен Наурызбай шашақты найзаны шапқан қалпы салысты. Қайта оралып келгенде найзаларының сүңгісі қалқанға тіреліп, қос ат тізе бүгіп, сіресіп тұрып қалды. Ердің артқы қасына сырғып, барып-барып қайтты. Ауыздыққа қарысқан ат жалт беріп бұлтарғанда үстіндегі иелерін қатерден алып кетті. Және ағызып қайтып келгенде төренің айласы асып, Бидерінің найзасы аспанға шолтаң еткенде кеуде тұстан көк сүңгі қадалды. Бидері күрең қасқа аттың сауырынан сырғып барып жығылды. Сол кезде үш жүздің баласы «Абылай! Абылай!» деп ұрандай жөнелді. Осы тұста әр тараптан қырғыздар батырларының сүйегін алып кетуге жағалай шапты. Мұны ұға қойған Бұқарбай да атына қамшы басты. Елден бұрын жетіп, ер үстінен еңкейіп, шылбырын Бидерінің белбеуінен өткізді де тақымға сап, сүйрей жөнелді. Ағыбай ағызған бойы иесіз, ертоқымымен сенделген күрең қасқаны қуып жетіп, тізгінін білегіне ілді. Жетелеп әкеп атты ханға көлденең тартты.
– Бұл атты жау батырының сүйегін алдыма әкелген Бұқарбай батырға беріңдер! – деді хан Кене.
Әкесі Бидері аттан құлаған соң баласы Ораз көп ойланбай, кек алуға қас дұшпанына қарай атылды. Өйткені, Наурызбайдың бабасының бейтін қиратып – бір, әкесін найзаға шаншып өлтіріп – екі, қатынын тұтқынға түсіріп олжалаған үш түрлі ызасы өтіп бара жатыр еді. Некелеп алған жары осының қойнында. Бойында тек шықпаған жаны болмаса Наурызбайға әбден қаны қарайып жүрген.
Айқай-сүрең мен қиқуға долданып, арғы беттен Ораз шапты. Бергі беттен Наурызбай құйғытты. Қос ақбоз ат танауласа сүзісетіндей шүйлігіп барады. Қырғыз-қазақ екі жақта жанын шүберекке түйіп, қарап тұрды. Аққан бойы найзаларын көтеріп, бірін-бірі көздеді. Көк сүңгінің ұшы жүрек тұсқа бірінші кез келіп, Ораз ер үстінен аударылып барып құлады. Сол беті тіл қатпады. Ханның сөзі құлағында тұрған Ағыбай төпелетіп заматында жетіп, Оразды жерден еңкейіп іліп, Телқоңыр аттың жалына салды. Қоқи қырғыздарды жер соқтырып, сүйекті тағы да бермей кетті.
Әп дегенше әкелі-балалы екеуі найзаға шаншылып өлгенге намыстанды ма, қара ала атты бір қырғыз туралап Наурызбайға тартты. Бұл келе жатқан Жанқараш бидің інісі екен. Жеке шыққан батырға Науан да қарсы салды. Жанына таяна беріп, алақтатып састырып, найзаны қапыда ұрды. Жығылған орнынан тұрмай жатсын деп, қайың сапты сүңгіні нығарлай түсті. Қызылсудың жиегі қызыл ала қан болды. Өлген батырларының денесіне әуелгідегідей тапа-тармағай ұмтылған бұраттар жоқ. Сүйекті өзі іліп ап, өңгеріп кетті. Астындағы атырылған Ақауыз шапқан сайын үдетіп, өршелене өктей түседі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір