Қасқырмен айқас (әңгіме)
26.07.2023
1713
0

Әңгіменің кейіпкері

 Нүсіпхан бүгін ерте тұрды. Күндегі әдетінше малын жайғап, атқа қонды. Желтоқсан айы болса да бүгін күн шуақты екен. Көктал совхозының түйесін баққанына да біршама уақыт болыпты. Түйені түгендеп келмек болып шыққан беті болатын. Түйе қыс кезінде Іле бойын жағалап, құмның арасына еркін жайылады. Арасында барып түгендеп жүреді.
Қапаққасқа екі-үш күн үйде тұрып қалғаннан ба, әйтеуір бүгін тым белсенді келеді. Ол совхоздың түйе бағуға берген, мініске жарамды белді аты. Пысқырынып, басын шұлғып тастап, өршеленіп жүріп келеді.
Нүсіпхан – ірі денелі, салмақты адам. Жөпшенді ашулана бермейді. Ешкіммен ұрсысып, кектесіп жатпайды. Осы Ақжазық ауылының тумасы. Жүйрік ат мініп, аң аулағанды жақсы көреді.
– Жас кезімде әскерде жүргенде күшті едім, – деп жолдастары арасында мақтанып қоятыны бар. – Дәу тасты солдаттармен бәстесіп, межелі жерге апарып тастағанмын. Спорт залға кіріп, күрес үйретіп жатқан тренермен күресіп, жеңгенмін, – деп те сөйлейтін. Достарының біреуі сенсе де, кейбірі күдікпен қарайтын. Ірі денесіне қарап көбі сенетін. Әскерде бірге болған құрдасы Сағатбек бұл сөздерін растап жататын. Әңгіменің майын тамызып айтқаннан ба, достары ұйып тыңдайтын. Аң, ат туралы әңгіме басталса болды, ешкімге есе бермей, сөйлейтіні бар.
Ақжазықтан шығып, күн батысқа қарай тас жолды жағалап келе жатқанына жарты сағаттай уақыт болды. Жолдың екі шеті тізіліп өскен биік қарағаш. Ауылдан алыстаған сайын ағаштардың қатары сиреп барады. Жоғарғы жағындағы тау анық көрініп, еріксіз алысқа көз тастатады. Бала күннен өскен жері болғандықтан ба, жоқ әлде тауды жақсы көргеннен бе, Нүсіпханның тауды көрсе тынысы кеңейіп, көңілі жадырап сала береді. Сол мезетте мылтығын үйге тастап кеткені есіне түсті. Мылтығын атының қасына қойып, плащқа орамақ болғанда, плащ ер тоқымда бөктерулі тұр екен. Бөктергіден шешіп, плащқа ораймын деп тұрып ұмытып кетіпті. Бүгінгі негізгі шаруасы түйені түгендеп, құрған қақпанын көре келу болатын. Қайта ауылға барса бірталай жер. Жарты жолдан қайтқанды көңілі де қаламады. Қақпанға ештеме түсе қоймаған шығар деген оймен алға жүріп кетті. Қақпан салып, аң аулау – атасы Кәдірден дарыған. Өз әкесі мен әкесінің інісі аңшылыққа қызықпайтын адамдар. Атасы қақпан салып, аң аулағанды кәсіп еткен адам болған. Бала күнінен атасының қасында жүріп, қақпан салғанды үйренген еді. Содан бастап қақпан салып, аңшылықпен айналысып келеді.
Тас жолдың төменгі жағында жиде, жыңғыл, қамыс араласып өседі. Ауылдан алыстаған сайын біртіндеп сексеуіл басталады. Төмендеп, Іле өзеніне жақындаған сайын сексеуіл биіктеп, атты адам көрінбей қалады. Бұл кезде көп кездесетін аң – қоян. Ана жерден бір, мына жерден бір жылт етіп, көзден ғайып болады. Жалғыз-жарым жүргенде, көңілі жайлы болғанда, Нүсіпхан ән айтқанды жақсы көретін. Бүгін әдетінше өзінің үйреншікті әніне салды.
Жас күніңдей назың қайда,
Неге жаным мұңайдың?
Мен сүйетін әнің қайда,
Жадыратшы шырайлым.
Жаралғандай, сағыныш қой,
Қайда сенің жақсы әнің?
Жүрегімді алып ұшқан,
Дауысыңды аңсадым…
Жалғыз болғандықтан ба, даусы қатты шығып кеткенін өзі де байқамай қалды. Бұл әнді сонау жылдары әскерге кетіп бара жатқанда, пойыздың ішінде бір жігіттен үйрендім деп айтып жүретін. Төмендей келе, су түсетін жерлерді шолып өтті. Өйткені түйе малы мұздан өлердей қорқады. Екі жағында су болып, мұз қатып қалса болғаны, өздігінен ол жерден шықпайды. Мұзға қамалып қалды ма деген ойы сейілгендей болды. Басқа көп қорқыныш жоқ. Іле өзенінің жағалауындағы құмдар алыстан менмұндалап қол бұлғағандай көрінді. Енді түйелерді түгендеп қайтпақ. Иесінің әндетіп келе жатқанына еркінсіп, жүрісі бәсеңдеп қалған Қапаққасқаны қамшымен бауырлатып тартып қалды. Қамшы жанына қатты батпаса да еркінсіген бойын тез жиып, алға ұмтылып, бастапқы жүрісіне сала жөнелді. Көп ұзамай алда сексеуілдің арасынан жайылып жатқан түйелер көрінді. Бұл Ақтұмсық бура болатын. Ақтұмсық бураның үйірі көп және үйірін айдатпайтын әдеті бар. Әдетінше жақындап келе жатқан атты адамның алдынан жүгіріп шықты. «Малдың мінезі иесіне аян». Нүсіпхан дауыстап, «Ей-һей!» деп айқай салып еді өзінің иесін даусынан таныған бура тоқтай қалып, басын өркешіне ұрып, талтайып тұра қалды. Бұл Ақтұмсық бураның әдеті еді. Айналып түгендей бастаған иесінің алдынан жүгіріп шығып, сексеуілге аунап, үйіріне жақындатар емес. Аузынан ақ көбігі шашырап, жерге тамып тұр. Үйренген адам болмаса, қарап тұру мүмкін емес. Бұл Нүсіпханға үйреншікті әдет болатын. Түгелдеп болғаннан соң ары қарай жүріп кетті. Мылтығын ұмытқанын біреу айтып қойғандай, қарақұйрық алдынан көлденеңдеп шыға берді. Қашып барып, анандай жерге тұра-тұра қалады. Нүсіпхан еріксіз күлді. Мылтығы барда бұлай кезікпейтін. «Алланың жаратқанын қарашы» деп басын шайқады.
Түйелерді түгендеп болғанда, түс ауып кеткен болатын. Қас қарайып кетпей, қақпанды көріп үлгеру керек. Атына қамшы басты.
Өткен аптада бес қақпан құрып кеткен еді. Қақпанды өте ептілікпен құрмаса, аңның түсуі екіталай. Ептілік жағынан атасынан үйренгені жетерлік. Құрып қойған қақпанға жақын барып көруге болмайды. Өйткені аң сезіктенсе айналып өтіп кетуі мүмкін. Көздеген жерге жеткенде, күн де батуға жақындап қалды. Алыстан құрып қойған қақпандарын көріп келеді. Соңғы қақпаны қалың сексеуілдің ішіндегі аңның шуайтын жолына құрылған болатын. Алыстан көру мүмкін емес болғандықтан, жақындап барып қараса, қақпанға қасқыр түсіп, сүйреп кеткен екен. Ізін шолып қарап еді, із жалғыз. «Жалғыз жүргеніне қарағанда бұқпа қасқыр-ау» деп топшылады. Бұқпа қасқыр өте айлакер, жалғыз жортады. Жыра-жырамен аңдып келіп, жемтігін ұстап алып, жеп кетіп қалады. Басқа қасқырлар секілді кезіккенін жарып кете бермейді. Дереу ізіне түсті. «Қас қараймай, тауып алу керек» деп шешті. Тапқан жағдайда қалай ұрып алу керегін, тіпті ойлаған да жоқ. Тек бар ойы жаралы қасқыр қауіпті екенін біледі. Қақпанға байланған сүйретпені сүйретіп, бірталай жерге кетіп қалған екен. Із сексеуілдің шалаң-шалаң жерлерін қуалай келіп, ардамен төмен қарай кетіпті. Бір шақырымдай құлдилап барып, күн батысқа қарай ардадан шығып кеткен екен. Енді қаншалықты ұзап кеткен екен деген ой мазалай бастады. Жүз метрдей жүргенде, сауысқан шықылықтап кетті. Не де болса жақын арада екенін Нүсіпхан бірден білді. Атының тізгінін тартып ұстап, тақымын қысты. Бұл – аты үркіп кетіп, жығылып қалмайын дегені болатын. «Иттің иесі болса, қасқырдың тәңірісі бар» деп атам қазақ тегін айтпаса керек. Қасқырдың иісін сезіп, Қапаққасқа құлағын қайшылап, осқырынып, басын шұлғып, елең-елең етеді. Иесінің қамшысы дайын тұрғанын бұл да байқаған болатын. Сексеуілдің арасынан шыға келмесін деген оймен басын алдыға еңкейтіп, аса сақтықпен әр сексеуілдің түбін мұқият қарап, Нүсіпхан келеді. Кенет дәл алдынан, қураған сексеуілдің түбінен басын жерге төсеп қойып, ұмтылуға дайын жатқан қасқырды көрді. Екі көзі қып-қызыл болып, қанталап кеткен. Жыртқыштың аты жыртқыш емес пе, түсі суық. Нүсіпханның үстінен мұздай су құйып жібергендей болды. Атының тізгінін тартып, тоқтай қалды. Тез есін жиып, айналып кетті. Байқап үлгергені қасқыр оралған сексеуіл шіріп кеткен сексеуіл екен. Қасқыр қатты ұмтылса, жұлынып кетуі мүмкін. Ондай жағдайда өте қауіпті. Ашуланып жатқан қасқырдың тісі бір ілінсе болды, шаруаны бітіретіні сөзсіз. Атын алыстау жерге апарып, мықтап байлады. Ойлануға уақыт аз. Қараңғы түсіп кетсе, ұрып алмақ түгілі көрудің өзі мұң болары анық. Оны қасқырдың ізімен келе жатқанда ойлап қойған. Ауылға барып, мылтығын алып келсе, жер шалғай. Тағы бір күн кетеді. Оның үстіне досына соғым сойысам деп сөз беріп қойған. Оған не айтпақ? Не де болса ұрып алу керек деп шешіп, ұруға қолайлы жуандау сексеуіл сындырып алды. Күн ұясына батып, айнала ымырттанып барады. Қасқырдың бағана өзі барған жағынан барып ұрмаса, басқа жағында қалың сексеуіл болғандықтан, сойылға кедергі болып, діттеген жеріне тигізе алмай қалуы мүмкін. Оны бағана барғанда байқаған болатын. Қалың киімдерін шешіп, сойылын алып, қасқыр жатқан жаққа бара жатып ойлағаны оралып жатқан шіріген сексеуіл жұлынып кетпесе деген ой болды. Қасқырдың ұмтылары анық. Қасқыр ұмтылғанда қақпан түскен аяғынан тартып, сексеуіл бір тоқтатса болғаны, ұрып үлгермек. Екі ұмтылса, сексеуілдің жұлынары анық. Оны да біледі. Шоқпарды жоғары көтеріп, ұруға дайындалып жақындап келеді. Жақындаған сайын, адам ет жүректі емес пе, бойында қорқыныш бар. Оралғаны шірімеген сексеуіл болғанда ғой, жетіп барып, қақ бастан қойып қалар еді. Амал жоқ. Қалың сексеуілдің арасы болғандықтан, қасқыр жақсы байқалмайды. Оның үстіне қараңғы түсіп келеді. Жеті-сегіз метр қалғанда қасқыр бір-ақ көрінді. Өзіне қауіп төніп келе жатқанын ол да біліп тұр. «Бәлем, жақындашы, көрсетермін!» дегендей, тайсалмай, ызалы көзбен қарап жатыр. Басын жерден көтерген жоқ. Тек ұмтылуға ыңғайланып жатып алған. Өзіне қарсы келе жатқан адамның әрбір қимылын бағып жатыр. Бағанағыдай емес, қасқырды көргенде бар қорқынышынан сейіліп, Нүсіпхан да қайраттанып алды. Тек бұл өміріндегі көрген ең үлкен қасқыр тәрізді көрінді. Жалын тікірейтіп, азу тісін ырситып, қозғалар емес. Жақындағанды бұл да күтіп жатқандай. Сойыл сілтер жерге жеткізбей, қасқыр тұра ұмтылды. Оның да әрбір қимылын бағып келе жатқан Нүсіпхан мүлт кетем деп те ойлаған емес. Сол мезетте қасқырдың қатты екпінінен оралған сексеуіл жұлынып кетті. Тез арада артқа екі-үш қадам басып, тісін ырситып, өзіне ұмтылып келе жатқан қасқырдың қақ басынан сойылмен салып қалды. Сойыл дөп тиді. Соққының қатты болғанынан қасқыр жерге сылқ етіп құлады. Басын көтеріп қайта ұмтылам дегенше соққы қайта тиді. Бұл жолғы соққы жойқын болды. Тісін ырситқан күйде жерде жата берді. Тек төрт аяғын созып, тырыстырып алған. «Қапы кеттім-ау» деген сыңай жанарынан байқалғандай болды. Ешқандай үн шығарар емес. Таяқтың ауырлығынан амалсыз көзін жұмды. Қолындағы сойылы сынып кетпегенде Нүсіпханның тоқтар түрі жоқ. Сұлық түсіп жатқан қасқырды ары-бері аударып көрді. Өлген секілді. Қара терге түсіп кеткенін енді байқады. Оң жақ саны дір-дір етеді. Артқа екі-үш қадам шегінбегенде қасқыр осы санға ауыз салары сөзсіз болатын. «Құдай анық сақтады» деді ішінен. Жан қалтасынан темекісін тұтатып жатып: «Әй, өзім-ай!» деп күліп қойды. Бұл оның құрдастарымен карта ойнағанда, жеңгенде айтатын сөзі болатын. Құрдастары оған «Ой, мақтаншақ» деп күліп жататын.
Нүсіпхан тумасынан салмақты, асықпайтын адам. Темекісін шегіп болып, асықпай, атын алып келді. Бұл уақытта қараңғы түсіп кеткен болатын. Тек аспандағы жұлдыздар жаңа-жаңа көрініп келе жатты. Қапаққасқа осқырынып, қасқырға жақындар емес. Атын қайта байлап, қасқырды бағанағы арданың бойына сүйреп алып келіп, плащқа орады. Бұл ойы жардың қабағынан атына бөктеріп алмақшы. Аттың бойына шамалас жерге оралған қасқырды қойып, атын мініп, сауырынан қамшымен тартып қалды. Иесінің ашулы екенін білген Қапаққасқа қанша қорықса да, иесінің ырқына көнді. Қасқырды бөктеріп алып, көңілі жайланған Нүсіпхан атының басын ауылға бұрды. Бұл кезде жұлдыздар толық шығып, аспан ерекше әдеміленіп тұрған болатын. Бір қолымен бөктергідегі қасқыр ауып кетті ме деп ұстап-ұстап қойып Нүсіпхан келеді. Аттың жүрісімен бетіне соққан желтоқсан айының ызғары бетін қарып, шыдатар емес. Ауыл әлі алыс. Тез жүрейін десе қасқыр ауып кетеді ме деген қорқынышы бар. Үйіне тезірек жеткісі келеді. Өйткені ұлы ұйықтап қалмай қасқырды көрсетсем деген ойы тағы бар. Болашақта өзі тәрізді аңшы болса деген арманы да жоқ емес. Қандай азамат болар екен деген оймен келе жатқанда, кенет Қапаққасқа осқырынып, үріккендей сыңай танытты. Не болды екен деп жан-жағына қарады. Ештеңе байқалар емес. Ай сүттей жарық. Кенет ойына қасқыр түсті. Бөктергісіне жалт қарады. Өзінің өлді деген қасқыры есін жиып, басын екі жағына шайқап келеді екен. Аттан секіріп түсіп, жерді сипап, тас іздей бастады. Екі көзі қасқырда. Бар ойы – аты үркіп, сүйреп кетеді ме деген қорқыныш. Жерді қанша сипаса да тас табылар емес. Тез есін жиып, айдың жарығымен жан-жағына қарады. Өзінен үш-төрт метр жердегі тасқа көзі түсті. Жалма-жан тасты алып, қасқырдың басынан қайта ұрды. Қапаққасқа екі құлағын қайшылап, тұрған орнынан қозғалар емес. Қасқырдың өлгеніне енді көзі жетті. Атының ақылдылығына таңғалған Нүсіпхан жалынан сипады. «Басқа ат болып, үркіп кетсе қайтер едім» деп ойлады. «Жылқы жануар текті мал ғой» деп күбірлеп сөйлеп жүр. Атының айылын тартып, «Ақжазық қайдасың?!» деп ауылға жүріп кетті. Жолда келе жатып, бағана аттың қай жағынан түскенін есіне түсіре алмады. Қанша ойланса да есіне түсер емес.
– Әй, жан тәтті ғой! – деп басын шайқады да, үйреншікті әдетінше әнге басты.

 

Абылай ҚАДЫР

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір