АҚ ХАЛАТТЫЛАР АЖАЛМЕН АЙҚАС МАЙДАНЫНДА
Ақсуат өңірі – тарихы тереңнен тартатын елдімекен. Бірақ теңіздің толқынында тұрғандай біресе ана ауданға, біресе мына облысқа өгей балаша телмендете лақтыра салудан мемлекетіміз жалыққан емес. Кеңес кезінің кесірлі саясаты да ақсуаттықтарды аяған жоқ. Көршілес Көкпекті ауданына бірнеше рет қосылып, ажыратылды. Тәуелсіздігімізді тәрк етіп, елден, жерден қашқан Н.Назарбаев Алаш зиялыларының Отаны болған Семейді де облыс құқығынан айырып, оған орыстардың ескі бір деревнясы деңгейінде қарады. Шежірелі, қарт қаланы Шығысқа қаратып «ұлытып», шеменге батырды. Ақсуат халқы сол Шығыс облыстың – Тарбағатай ауданының шекпенін жамылды. Бұл жергілікті тұрғындардың есеңгіреген кезеңі еді.

Жаңарған Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жомарттық шешімімен соңғы жылы Семей аймағына Абай облысы статусы беріліп, Ақсуат та бөлек аудан берекесін еншіледі. Ал арғы жаққа ат шалдырар болсақ, кеңес кезінде Ақсуат ауданы – республиканың ең шалғайындағы 70 ауданның, соның ішінде, әлеуметтік, экономикалық жағдайы аса төмен 30 ауданның бірі болған еді. Жастар өсіп, жұртшылық белін буып, ел есін жиғаннан кейінгі жылдары аудан басшысы болған тұлғалар мен қазіргі әкім Асхат Смаиловтың және туған жерге туын тігіп жүрген әлемге танымал кәсіпкер Дулат Тастекеев сынды басқа да азаматтардың қолдауымен бұл күндері қала көркін жамылған, өзіндік экономикасы дамыған, жұртшылықтың мақтанышына айналған елдімекен.
Кеше ғана ауасын жұтып, шаңын кешкен туған жеріміздің Алмагүл Мұхаметкәрімқызы Әштаева басқаратын орталық ауруханасының хирургия бөліміне жазмыштың айдауымен барып, біздің де топ ете түскеніміз бар. Ақ халатты абзал жандардың ыстық ықыласты пейілдері бүрісе, бүк түсіп жатқан көңілімізді бірден жадыратты.
– Ақмарал (Байбосынова), ағаға әл-қуат беру системасын тездетіп құйыңдар, – дейді бөлім меңгерушісі, дәрігер Ринат Қойшыбайұлы Нұрқасымов.
– Жаңа ине салу жағын да ескерттіңіз ғой. – Бұл – мейірбике Ақмаралдың ұсынысы.
– Асқазанға, қанға және втиматиндер қосындысы – үш инені қатар салыңдар.
– Мына жігіттің бүйрегі сары суға толып кетіпті, – дейді мейірбике Аңсаған Ғабдулжапарова.
– Ота жасау столына дайындаңдар! – бас дәрігердің емдеу ісі бойынша орынбасары Богдан Абдырахманұлы Оразхановтың жедел шешімі.
– Сайлау Қайырбеков деген ақсақал сол өңірін моншадағы ыстық суға күйдіріп алыпты. – Асығыс хабарлап тұрған мейірбике Бейбітгүл Сигметова.
– Әзірше мазь жақпаңдар. Күйген денелердің сыртқы беттері қатқанша маргансопка жағып, таңып тастаңдар.
Дәрігер Ержан Жомартұлы Қабдылкаримов ем пайдаланылған жерлерді таңуға өзі кірісіп кетті.
Боғасбаева Жанаргүл:
– Мағжан Маратов деген жігіт көкпар тарту кезінде аяғын сындырып алыпты. Қиналып жатыр, – дейді.
– Альмира Қасымханованы да ертіп ал. Аяғының сүйектерін орнына қондырып, үшеуміз дұрыстап дәрілеп, орайық, – деп, жеделдей басып жөнелді дәрігер Аяулым Мейрамбекқызы Сәбихан.
Кімнің ауырғысы келсін, басқа түскен соң көнбеске шараң бар ма?! Системаларының жөні бір бөлек, мұрынға дейін зонт қыстырып қойып, сөткелей бір жамбастап, су да татпай жатсаң, былайғы уақыттағы денсаулықтың қадірі көз алдыңа көлбеңдей береді екен. «Апырым-ай!» деп тістелейін десең, ерінің де бос емес. Осындайда:
– Аға, қазақ – қайсар халық қой. Шыдаңыз. Ертең ештеңе болмағандай жүгіріп кетесіз. «Төзім – төл мұратыңа жеткізеді» демеп пе еді аталарымыз. – Бетінде нұр ойнап, жүзінен шуақ шашып тұрған Ринат Қойшыбайұлының жылы сөздерінің өзі жанға шипа ғой.
– Қиналдым демеңіз, қажырлылық керек. Бүгінгі себеп – ертеңгі тірлігіңізге демеу. Бұл – мерей мен жылылық сыйлап тұрған Багдан Абдырахманұлының қымтау сөзі.
Кіші мейірбикелерде де тыным жоқ. Зура Қыдырбекова әлсіреген апамыздың аузына тамақ салып жатса, Эльмира Бибосынова қарияны аяқ киіміне дейін киіндіріп, орнынан демеп тұрғызып жатыр.
– Аға, дәріні дер кезінде ішіңіз. Екіншісімен қабаттастыруға болмайды, – дейді Рахат Қожаева.
– Сүрініп кетпеңіз. Асханаға қолтығыңғыздан демеп, жетелеп апарайын, – дейді Айгүл Бейсенова.
«Аш адам тырысқақ, ауру адам ұрысқақ» демекші, аһ ұрып, айқайлап жатқандардың ауыздарынан небір жағымсыз сөздердің де ағытылып жатқаны өтірік емес. Дәрігерлерінен бастап, кіші медбикелеріне дейін бірде-бірі қабақ шытсашы. Қол-аяқтарын уқалап, тыныштандыруға бейіл.
– Жас демей, мына Руслан Мұратұлына дұрыстап қарап, ота жасаған жерінің жапсырмасын дәрі-дәрмегімен жиі ауыстырыңдар. Суық тигізіп алмасын, – дейді Ринат Қойшыбайұлы мен Багдан Абдырахманұлы жастарға деген ықыластарын аңғартып.
Бөлімдегі пациенттердің барлығы да мұқият қадағалануда екенін тілге тиек етіп жатыр Ақмарал. Үлкендерімен де, тұрғыластарымен де, жастарымен де жарасты тіл табысып жүрген ақ халаттыларға қиналыс үстінде жатқандар дән ризашылықтарын білдіруде.
Ауруханада үш уақыт дәрігерлік нұсқаулармен берілетін тамақтардың сыртында тәбетің тартып, бірер түйір етімен сорпа, үйдің кеспе көжесін немесе жұмсақ ұсақталған котлет, тіпті сүтті шай сұрай қалсаң да кіші мейірбикелер он минуттың ішінде буын бұрқыратып әкеліп, алдыңызға тарта қояды. Әрине, алғысыңды білдіресің. Үш күндік ас тежеуінен кейін, бас көтерген соң, «Шіркін, айран болса…», – деп жұтындым. Зура Қыдырбекова әкелген кілегей текті бір кесе айранды сіміріп салып, қалай қалғып кеткенімді байқамай қалыппын.
Бөлім-бөлімдерді сондағы дәрігерлермен бірге жиі аралап, көмек күтіп жатқандардың хал-ахуалымен танысып жүрген аурухананың бас дәрігері Алмагүл Әштаева:
– «Ауырдым, аунап тұрдым» демекші, шипалы қолдылардың емімен ертең-ақ орныңыздан сілкініп, серпіле көтеріліп кететін боласыз. Бүгінгі уайымыңыз әлі-ақ ұмытылады. Шыдаңыз! – деп қайраттандырады әрқайсысының тамырын ұстап тұрып.
– Дәрігерлік жабдықтарыңыз бен технологияларыңыз жаңартылған екен, – дейміз Алмагүл Мұхаметкәрімқызын сөзге тартып.
– Аудан халқының денсаулығын сақтау, олардың салауатты өмірді қабылдауларына ықпал ету – басты парызымыз. Шалғай елдімекендегілерді де назарымызда ұстап отырамыз. Өткенде мал бағып жүріп, сүрініп кеткен аттан құлап, жамбасын жерге соқтырып алған ақсақалды да жедел жәрдем көлігімен алдырып, қолда бар ем-доммен сақайтып, отбасына қауыштырдық. Дәрігерлер мен мейірбикелер күн-түн, сенбі, жексенбі демей аттың жалы, түйенің қомында жүреді.
– Үкімет тарапынан да қолдау көрсетілетін шығар?
– Биылдың өзінде 370 миллион теңгенің құрал-жабдық, дәрі-дәрмек, уақыт сұранысындағы жаңа технологиялары жеткізіліп бергізілді. Дәрігерлік базамыз бен қорымыз жылдан-жылға молыға түсуде. Пациенттерге алаңсыз қызмет көрсету жолындамыз.
– Жергілікті жерлердегі қалталылар халық жағдайына қараса ма?
– Дулат Тастекей бастаған кәсіпкер-меценат азаматтарымыз дәрі-дәрмектер, кейбір қажетті аппараттар алуға көмектесіп тұрады. Олар туралы әңгіме кейін, бөлек айтылар.
Бір жарасым табуы – орталық ауруханаға іргелес үлкен стадион, оған қатарлас спорт кешені орналасқан. Салауатты өмір салтын қалыптастыруға, денсаулықты нығайтуға, емделіп сауығуға «ағайындас» мекемелерді шоғырландыра жақындату – осы ғимараттар мен алаңдарды салу кезеңіндегі ел тізгінін ұстағандардың көпшілікпен ақылдасып «пішкендерін» аңғартары даусыз.
Біз жолға шығар күндері орталық стадионда «Тұғыры биік Тарбағатай» тақырыбында Өнер және спорт фестивалі өтіп жатты.
Аудан әкімі Асхат Сайдахметұлы Смаиловты да орнынан таптық. Өңір шаруашылықтарының біраз жерлеріндегі жағдайларды көзімен көріп, қайсыбір әлеуметтік мәселелерді зердесіне салып, кішігірім кәсіп отауларының тұсауын кесуге, ауылдардағы кейбір іс-шаралардың өтуіне қатысып келген басшының көңіл-күйі көтеріңкі. Экономикалық өзекжарды жайларды қаузауға өзіміздің де зауқымыз соға қойған жоқ.
– Ел іші, халық ортасы болған соң
әралуан көріністер кездеседі. Ауру-сырқаулы отбасылары бар, көпбалалы жалғызбасты аналар бар. Баспана зәрулігін тартып жүргендер де жоқ емес. Басына тартса, аяғына, аяғына тартса басына жетіңкіремей жатқан экономикалық жайлар да, әлеуметтік жетімсіздіктер де түбегейлі шешімін тауып кетті деп айта алмаймыз. Бірақ ауданымыздағы бар мүмкіншіліктерден ешкімді шет қалдырғымыз келмейді. Бәрі де жұртшылықтың көз алдында, – дейді Асхат Сайдахметұлы. Қала тектес аудан орталығының көркі көңіл жұбатарлық. Біз ел басқарудағы тізгін иесін «Қазақ әдебиеті» газетінің алдағы жылға жазылымына бұра бердік.
– Ұлттық тіліміздің, әдебиетіміздің, өнер мен мәдениетіміздің, тарихымыздың ежелден мұңын мұңдап келе жатқан жалғыз газетіміз – «Қазақ әдебиетінің» шыға бастағанына алдымыздағы жылдың 10 қаңтарында 90 жыл толады. Сол мерекеге орай аудан өңірінен еңбеккерлер мен қызметкерлеріңіздің 100 дана газетке жазылуларына ықпал етсеңіз… – деген тілек білдірдік. Асхат Сайдахметұлы қабыл алды.
Ақсуат жайлы ақтарыла жазып отырғанымда, ажалмен айқас майданындағы ақ халаттылар көз алдыма келе берді. Жан қиналып, ес жия алмай жатқан кезде пейілді ықыластарымен демеген Қайрат Кіршібаев, Гүлжанат Бекбаева, Клара Кіршібаева, Мұрат Жаппасов, Руслан Мұратұлдары сынды бауырларыма да Жаратқан иеміз өркендерін өсіре берсін дегім келеді.
Еркін ЖАППАСҰЛЫ