Айқас
Қаламгер атаулыны түсінуге болады, ол қазір еңбегінің өтеуі жоқ біреу. Ол күнкөріс қамымен арам іске қол былғауы да мүмкін.Қазір мерейтой мен өнегелі өмірге арнап кітап шығару да дәстүрге енді, тойға бара қалсаң, қолға ұстатқан дорбада қап-қалың кітап жайғасып жатады. Бұл – кейіпкердің өтінішін орындап, қаламақыға қол жеткізген жазушының «еңбегі». Сөз қадірі осылай арзандай бере ме?
Ескі мен жаңаның айқасы ежелден бар құбылыс. Олар неге айқасады? Айқас созыла бере ме? Себебі ескі өмірдің мұржасынан шыққан түтін сондай тәтті болса, жаңа өмірдің лапылдап жанған көгілдір отыны мен түртіп қалсаң, әлемнің бар қызығын алдыңа жайып салған компьютер деген кереметі бар. Осыған қарап адам санасы да өзгеруде, жаңа сөз, жаңа тіркестер өмірге келуде. Өзгермеген бір-ақ нәрсе – азық-түлік дүкенінің маңдайшасындағы «Нан- Хлеб» деген жазу.
1972 жылы мектеп бітірген бір сыныптас Ленинград Азаматтық авиация институтына оқуға түсіп келді. Сонда мал қайырған әкесі: «Бес жыл оқып, самолет айдайсың ба? Одан да жақын жердегі трактордың оқуын оқысаң, отын-суымыз өзімізден болар еді», – деп көңілі толмай күбір етті. Сонда баласы: «Мен бір ұшқанда 300 адамды алып ұшам, көке! Сізді де алып ұшам», – дегенде, «Астапыралла! Өзің ұша бер, самғай бер, маған қара жердің беті жетіп-артылады», – деп ақ тілеу тілеп қалыпты. Бұл – өткен ғасырдың бел ортадан асқан сәтіндегі сөз, сол ұшақтың оқуына түскен бала бірінші дәрежелі ұшқыш атанса, әкесі: «Біздің бала жерде емес, көкте самғап жүр», – деп ауылдастарына қоқиланып қарайды. Содан бері де тарих дөңгелегі шыр айналды, алып держава ыдырады, асыра сілтеуі жетіп-артылған қайта құруды көрдік, тәуелсіздікке қол жеткіздік. Желтоқсан, Жаңаөзен, Қаңтар қырғындарын бастан өткеріп, жаңаша өмір адам санасын өзгертті. «Covid-19» індеті ажалдың айтып келмейтініне айғақ болды. Қазір бұрынғы сөз жоқ, бұрынғы мінез-құлық жоғалып, өмір басқа арнаға бет бұрды. Даладай далиып жатқан ауыл жұрты талтүсте дарбазасына ілгек сап отырады, «Бұларың не?» – десең, әуелі: «Сиыр кіріп кетеді», – деп жақауратады да, сөйлей келе: «Ұры-қары да аз емес қой», – деп шындарын айтады. Осылайша, көршілердің қауқылдасып отырып ішкен бір шәугім шайының рақаты да көзден бұлбұл ұшып бара жатыр. Бұрын жоспар мен міндеттеме десек, қазір жоба деген сөз қатарға қосылды, тірлік тек жобаға енсе ғана іске асатын болды. Жобаға енбей қалсаң, даңғырлаған бос шелексің. Бұрын жоспар мен міндеттеменің қорытындысы шығарылып, орындай алмағанға қатаң сын болса, қазір біреуге біреудің тісі батып, жазғыра алмайды, уәде деген кие санадан сытылып қалғандай. Осының бәрі жаңаша мінез-құлықтың бастауына себепші емес пе? Мектеп бітіргелі тұрған оқушыға «Кім боласың?» – десең, көбісі «Заңгер болам», – дейді. Олар сот пен прокурор, полицей болуды құрмет көреді. Оу, қазба байлығымызды кім игермек, ұлттық авиация мен қазақ темір жолын дүбірлеткен пойыз тізгінін қазақ баласы ұстамай ма? Осы жерде мұғалім мен дәрігерді еріксіз еске аласың. Қазір оқушы екілік баға алса, мұғалім кінәлі екен. Ата-ана: «Сен талапқа сай білім бермедің, мен заң орнына шағымданам», – деп шаптығады. «Баламды сабаққа қалта телефонмен неге кіргізбейсіңдер, мен кез келген уақытта оның жағдайын біліп отыруым керек», – деп талап қоятындар да аз емес. Дәрігердің де маңдайы шылқып тұрғаны шамалы. Ескі техника, төменгі жалақы, кешегі атың өшкір індет кезінде жалақысын уақытша көтерген мейірбикенің «Ковид жалғаса түссе екен» деп тілеуі – санасын тұрмыс билеген жанның шын сөзі, шындықтың масатымен сүртілген айнасы. Жапон халқы мұғалім мен дәрігерді көрсе иіліп, тағзым етеді, өйткені бірі – адамға өмір сыйласа, бірі – білім сыйлайды.
Жаңа Қазақстан ескіні итеріп тастап, жаңаша жобалар іске асуда. Біздің Ұлттық кітапханада екі күннің бірінде тұсау кесу рәсімі. Оу, бұл жер кітаптың киелі қазынасы, тұсау кесу деген қасиеті бар дәстүр емес пе? Жеке баспаханадан 30 кітап шығарған аты-жөні белгісіз автор тұсаукесер жасаған күн – әлеуметтік желінің ат шаптырған мерекесі. Небір ұсталмаған сөз бен тапқыр теңеулер сеңдей көшеді. Шедевр, классик деген сөздерге де обал-ақ. Көзіміз көрген С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ә. Тәжібаев, Т. Әлімқұловты таныстырғанда, классик деп құрмет көрсеткенін естімеппіз. «Жақсы сөзге жан семіреді», тым қатты семірген адам қомағай келеді, күндердің күнінде Крыловтың кейіпкеріндей жарылып кетуі де ғажап емес. Кітапты насихаттау тек тұсаукесермен шектеліп қала бере ме? Әдебиет деген кәрі кісінің көңіліне қаяу түспей ме?
Қаламгер атаулыны түсінуге болады, ол қазір еңбегінің өтеуі жоқ біреу. Ол күнкөріс қамымен арам іске қол былғауы да мүмкін.Қазір мерейтой мен өнегелі өмірге арнап кітап шығару да дәстүрге енді, тойға бара қалсаң, қолға ұстатқан дорбада қап-қалың кітап жайғасып жатады. Бұл – кейіпкердің өтінішін орындап, қаламақыға қол жеткізген жазушының «еңбегі». Сөз қадірі осылай арзандай бере ме?
Айта берсең, сөз көп-ақ. «Көңіл көңілден су ішеді». Ұшаққа қара домбыраны салдырмау (гитараға жол ашық), бүгінгі күннің мәселесі ме?
Халық тасқынға тосқауыл қоя алмай жанталасып жатқанда, зайыбын өлтірген шенеуніктің ашық сотын ел-жұрт ауыздарын ашып, көгілдір экраннан күнде таңдай қағып тамашалады. Олар құқық қорғаушылардан жаңа сөз, жаңаша шешім күтті. Өйткені ақталып шыққан айыпкерлерден халық қажи бастады. Енді Талғардағы 16 жасар өскіннің өліміне қатысты сотты тағатсыздана тосып жүр. Алақандай Талғарда бірінен кейін бірі қайталанған ауыр қылмысты көріп, «құқық қорғау органдары қайда қарап отыр?» деп ойға батасың. Оу, қазағымның бәрі сот пен прокурордың оқуын бітіріп жатқан жоқ па?
«Шортан шөлге шыдамсыз, балықтан шыққан бір қарақ» болса, сол шортанның күйін кешіп, айтар сөзді айтып қалғанға не жетсін! Сәл жақсы сөзге мәз болып, жаман лепеске ауырлап қалар пендеміз. Жақсы сөз, жаңа лебізді жанымыз қалап тұрады. Нобель лауреаты Иво Андричтің «Дринадағы көпір» деген романын оқып, аяқтап қалдым. «Мына жерде қиратып жатса, мына жерде жаңадан салып жатыр. Әлі Құдайдан бас тартпаған, Құдайға сенген ерлер бар емес пе жер бетінде» деп бітіріпті шығарманы. Көз алдыма ауылдан келген қазақ қыздарының Алматыдағы өмір мектебіне айналып, жұмысшылар әулетін қалыптастырған Алматы мақта-мата комбинаты елестеп кетті. Сол мекеме бұзылып, орнына ойын-сауық отауы салынды. АХБК шығаратын қол сүрткіш майлықты қазір өзбектен сатып алып жүрміз. Қираған құрылыстың орны бізде де жаңғырып, жаңарады, іс білетін, сенім артатын алтын асықтай азаматтар бізде де бар. «Мен жастарға сенемін!» деп, Мағжан сөзін қайталасақ, несі айып?! «Көшпелі елдің дамуы тасбақаның жүрісіне ұқсайды», – деді Төлен Әбдік ағам соңғы сұхбатында. Тәуелсіздікті ең соңынан алып, Одақ шеңберінен асықпай шыққан елге бәрі жарасады. Мимырт аяңмен-ақ бәріне жетеміз. Жолай Әбіш ағам жазған шөп арқалаған тасбақа кездессе, жолымыз болады. Кездеседі, кездеспей қайда кетеді дейсің. Даланың екі адалына еш нәрсе қалқан бола алмас.
Лайым, солай болғай!
Қуандық Түменбай,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері