АҚИҚАТТАН АЛШАҚТАҒАН САЙЫН АРЫМЫЗДАН АЙЫРЫЛА
02.04.2026
68
0

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ

Қазақ тарихының хатталу процесіне қарның ашады. Ағылшынның жылнамасын оқысаң, соқырға таяқ ұстатқандай. Генрих IV қай соғыста қандай қылыш ала жүгіргеніне дейін рәсімдеп қойған. Біздің шежіреде тұлғаның туған жылы бар да, өлген жылы жоқ. Салған жерден салың суға кетіп қалады.

Дей тұра, біздің тарихымыздың ғажаптығына ешқашан да шек келтірген емеспін. Абылайдай ержүрек хан кімде болған? Басқа ел патшаларының жаумен «онлайн» соғысқаны сирек. Жәңгір хандай білімдар хан қай елде бар? Ал көп адам біле бермейтін Арынғазы  ханның бойы­нан Абылай ханның көзсіз батырлығы да, Жәңгір ханның терең сауаттылығы да табылған. Орыс империясы Арынғазыдан өлердей қорыққан. Сондықтан да Калугаға жер аудартып, жандарына байлап ұстаған. Айта берсе, тарихтың түбіне кім жеткен?!

Осы кейбір адамдар күннен қорғайтын көзілдірік кигенде ерекше құлпырып шыға келеді. Керемет ғажап кісі болып тұрады. Көзілдірігін шешсе, таз қалпына түседі. Түрден түр қалмайды. Кісілігі де көлеңкеде қалып қояды. Неге? Негесі сол, көп адамның көзі «әдемі» емес.

Дәлірек айтсам, ішкі жан дүние­сінің сұлулығы жоқ. Сондықтан болар, қара көзілдірік киген кісіні кезіктірсем, жанының жұтаңдығын жасырып тұрған адамды көргендей боламын.

Қазақта «биттің қабығындай» деген фразеологиялық сөз тіркесі бар. Осыны Рахымжан Отарбаев «пияздың қабығындай» деп қолданып жүр. Әдеби норманы әдейі сақтамайтын Әбдіжәмілдікіндей әдемі емес пе? Халық битпен қоштасқалы қанша жыл?! Шынында да, XXI ғасырда битті айтып отырған ерсі естіледі. Ал пиязды әлі күнге дейін қолданып жүрген бізге әлгі тың тіркес қолайлы екені даусыз. Міне, көркем әдебиетті заманға сай прог­рессивті процеске бағындыру деп осыны айтар болар.

Үстіміздегі ғасырдың соңында басқа бір талантты жазушы бұл теңеуді «папиростай жұқа» деп ауыстырса, сол кездің әдебиет зерттеушілері де біз сияқты қуанатын болар.

Фейсбук – XXI ғасырдың әзірше ең революциялық  жаңалығы. Өйткені  бұған дейін адамзат тарихында миллиондаған адамды  бір жерге ешкім жинай алған жоқ. Ғасыр құдіреті екеніне ешкім дау айтпас.

Дегенмен, осы Құдіреттің де қолынан келмейтін бір нәрсе бар. Ол бізге өмірдегі тәтті сезімдердің бірі – жалғыздықты сезіндіре алмайды. Жалғыздықты сезінбейтін адам аталы сөз айтуы қиын екенін ескерсек, Фейсбуктің құны – көк тиын.

…Энергияның түрі өте көп. Алайда ақыл-ой энергиясына тең келетін бірде-бір энергия жоқ. Осы энергетикалық жиілікті таңдап алған адамдарды қатты құрметтейтінімді жасыра алмаймын. 

…Астын сызып айтар ақиқат: дауысы бір бөлменің ішінде әзер естілетін әншілерді жас ұрпаққа насихаттап, ел болып кетпейтініміз – тайға таңба басқандай анық аксиома. Одан да басқа халықты білімімен, даналығымен мойындатып үлгерген ардақтыларымызды насихаттау бізді ұлт ретінде ұшпаққа шығарады. Мұндай азаматтарымыз өте көп қазір. «Ақыл бумын» «айқайлататын» уақыт келді.

Адам тұтынатын барлық заттың бағасы бар. Бірақ  құндылығы жоқ. Құндылық тек білімде ғана.

…Біз мәңгілік ел болудан бұрын мәңгілік мүддемізді күйттеудің қамын ойлауды үйренсек дұрыс болар еді. Мәңгілік мүдде дегеніміз – әлемдік аренада бәсекелес болу. Ешкімге есе жібермеу. Мемлекеттігіңді басқалардың елдік қасиеттерімен толықтыру. Жат жұрттың жақсы артықшылығын өзіңнің кем-кетігіңді жамауға пайдалану.

Қазіргі заманда жазушыға тек эмоционалдық коэффицент (EQ) пен эмпатиясының мықты болуы аздық етеді. Ғажап туындыны өмірге алып келу үшін енді интеллектуалдық коэффицент (IQ) пен логика ауадай қажет. Бұған өмірлік қуат коэффицентін (VQ) қосыңыз. Аталған үш коэффицент бір арнаға тоғысқанда ғана  туынды шедеврлік дәрежеге көтеріледі. Сонда ғана жазушы өз оқырмандарын таба алады. XXI ғасырдың жазушыларға қойып отырған басты  талабы осы деп айтар едім. Жылтыр сөзбен бүгінгі адамды алдарқату мүмкін болмай қалды. Қазір «айхой-ойхой» тәрізді «ән-күй» оқырманға өтпейтінін өмірдің өзі дәлелдеп берді. Сондықтан да жазу дарыны бар кез келген қаламгер «айкью» мәселесіне айрықша мән беретін кез келді.

Бұрынырақта журналистикадан жазушылыққа ұялмай ауыса беретін мұңсыз кезеңдер болған. Социализм заманында. Бірақ бұл үрдістің соншалықты сәтті болғаны шамалы екенін «жазу-сызу»  баррикадасының екі басында жүргендер басыбайлы біледі. Бұл түсінікті де. Өйткені көбінесе қарабайыр логикаға құрылатын журналистикада жүргендердің сезім мен қиялға көбірек жүгінуді талап ететін көркем әдебиетке келгенде,  маңдайы тасқа соғылып жататынын көз көрді.  Әрине, мен бұл жерде о басынан кәсіби жазушылықпен айналысатындар туралы әңгіме өрбітіп отырмағанымды ескерте кеткенімнің артықтығы болмас.

Құрғақ баяндауға ұрыну. Сүреңсіз суреттеу сапырылысы. Қисынға құрылмайтын қию-жию диалогтар. Астары аз монологтар. «Көшпенді жазушылардың» қазақ кеңес әдебиетіне әкелген вирустарының тізімін әрі қарай жалғауға тіпті құлқым жоқ. Мұның бәрі әдебиетімізді өркендетпек түгілі, көзге шыққан сүйелдей жүйкеге тигенін де әзір ұмыта қойған жоқпыз. Журналистикада байқалмай қала беретін «әдеби пробелдер» де әдебиетке осындай жазушылармен бірге еріп келді. Осы бір одағайы көп олқы үдерістің өзі көркем әдебиетіміздің құнын түсіріп жібергені аға ұрпақтың есінде.

Қазақ әдебиетінің бір осал тұсы: біз күліп отырып жазбаймыз. Көбіміз ылғи жылап отырып жазамыз. Ашынып отырып жазамыз. Тістеніп отырып жазамыз. Оны сосын оқырман тістеніп отырып оқиды. Тістеніп отырған адам шаршайды. Шаршаған адам әңгіменің түбіне жетпейтіні анық. Кез келген қоғамның кемшілігін жылап айтқаннан ештеңе өзгермейтіні сондықтан болар. Әлемдік әдебиеттегі қаққан бір қазықтай қағидат – «күліп отырып, күлдіріп отырып жазу».

О баста адамдардың ойлануына мифология ерекше әсер еткенін қазір екінің бірі біледі. Одан кейін өнер көкжиегінен романтизм айқын көріне бастады. Бұл ағым адамдардың сезімі мен ақылының арасында алтын көпір болғаны тағы  рас. Дей тұра, уақыт өте келе адамдарды ойлауға үйрететін жаңа бағыт керек болды. Жеке тұлғалар енді реализмді ойлап тапты. Соның нәтижесінде адамзат нақты ойлауды үйренді.

Алайда келе-келе нақты ойлауды үйренген адамды енді реализмнің өзі селк еткізуі қиын жағдайға тап болдық. Дәл осы кезде абстракционизм сахнаға шықты. Осылайша, бірден қабылдана қоймайтын өнер адамның өзіндік ойлай білуді үйренуіне жол ашты.

Қазақ драматургиясына осы абстракционизмді алып келген Рахымжан Отарбаев екені  даусыз. Суреткердің субъективтік көңіл күйінен туған пьесалары мұңсыз адамның өзін ойландыра алатынына бәс тігемін. Мәселе сол туындыға кіріге алуында жатыр. Иә, кірігу қиын. Кіріге алсаң, миың қозғалысқа түсті дей бер. Суреткер Рахымжанның құдіреттілігі осында жатыр деп ойлаймын.

Кез келген өнерде барып тұрған күрделі проблеманы күліп отырып жеткізу творчестволық подходтың апогейі дер едім. Ал кино және театр өнерінде осы подходты Асанәлі Әшімов терең игерген. Сонысымен де гений екенін дәлелдеді. «Қыз Жібектегі» эпизод. Үш жүздің шалдары Бекежанды тізерлеп, үш таяқпен қысатын тұс. Сол сәттегі Асанәлінің жанарына назар салыңызшы. Лиза дель Джоконданың «жұмбақ жымиысы» жолда қалады. Міне, шеберлік! Ал «Транссібір экспресіндегі» Қасымханның образын қалай сомдаған? Психологиялық тұрғыдан алғанда бұл роль – Асанәлі творчествосының шыңы. «Сашенка, ку-ку, скоро задание получим»  деген тіркесті дәл Асекең айтқан реңкпен айту ешкімнің қолынан келмейді. Бәс тіге аламын.

Жетпісінші жылдардың ортасында Академиялық театрда қойылған «Қан мен терде» сеңнің үстінде кетіп бара жатқан Еламан әлі көз алдымнан кетпейді. Ғажап суретті әлі күнге дейін сағынамын. Неге? Өйткені шығармаға да, өнерге де подходы дұрыс актердің сахнадағы іс-қимылы көңілдің қақ төріне барып қонады. Тағы бір деталь, барлық спектакльдер аншлагпен өтті. Ал трилогия бойынша түсірілген киноның  жолы болмады. Неге тез ұмтылып қалды? Екеуінің де режиссері бір адам емес пе еді? Өйткені ол кинода «Его величество» Асанәлі Әшімов ойнаған жоқ. Актердің қадір-қасиетін осындайда білесің.

Көзінің тірісінде «Человек тотального действия» деген атқа ие болған Эрнест Хемингуэйге ерекше бүйрегім бұрады да тұрады. Оба ауруына ұшыраған адамды көтеріп алып, ауруханаға жеткізген ұлы жазушының жұқпалы індетке ұшырамай, аман қалғанына таңғаласың.

Өзін-өзі қорғау инс­тинкін қалыптастыра білудің бұдан асқан мысалын естіген емеспін.

…Шын мәнінде, қазір газетте жаңалық жариялап берекет таппайсың.  Газет структурасы біздің заманымызда танымдық-сараптамалық мақалаларға құрылуы тиіс деп ойлаймын.

…Біздің қазақ көп параметр бойынша басы бірікпей келе жатқан халық екеніне дәлел көп.

…Өмір реалийлерін қабылдай білген халық қана биікке көтеріле алады. Ал ақиқаттан алшақтаған сайын арымыздан айырыла  беретініміз айтпаса да түсінікті..

…Ұлттық идеология жоқ жерде ұлттық рух бірлігін қалыптастыру догмаға жақын тұрған қиялға көбірек ұқсайды.

Жалпы, менің түсінігімде өз еңбегіңе бірдеңе дәметудің  өзі – күнә. Оған бардым дегенше, бар қадіріңнен айырылдым дей бер. Осы уақытқа дейін не жазсам да тек өзіме ұнайтын, өзім қалаған нәрсені жаздым деп айта аламын. Оны біреуге міндет еткен емеспін. Жазу арқылы атақ іздеген жоқпын. Олай дейтінім, атақты болу – өте қауіпті. Себебі атағың «шатақ» іздеп тұрады. Біреуге барып атағыңды малдайсың. Біреуді атағыңмен алдайсың. Ақыл тоқтатпаған адамға атақ берудің керегі жоқ. Ал есі бар кісілердің ішінде атаққа қызығатыны шамалы. Өйткені адам баласына Құдайдың ең үлкен наградасы ақылдан артық қандай атақ керек? Ақыл-ойдың құдіреті сонда, ол адамның аты-жөнін атаққа айналдырып жібереді. Лев Николаевич Толстой. Керемет естіледі ғой. Нобель сыйлығының лауреаты Лев Толстой ше? Қандай күлкілі! Жазғанымды адамдар оқи ма, оқымай ма, неге екенін, онда да шаруам шамалы болды. Қал-қадірімше жазған дүниелерімнен өзім ләззат аламын. «Данышпан» болып, басқа адамдарға ұнау үшін әңгіме айтуды өте күлкілі нәрсе деп білемін. Мұны «Хлестаков синдромы» дейді. Ал мен Хлестаков болғым келмейді.

Шынымды айтайын, кез келген керемет жазушыдан кемеңгер көсемсөзші шыға бермейді. Бұл жерде осы ойымды тек Әбіш Кекілбаев қана теріске шығарып кетті. Жазушылық өнер дейміз бе, жазушылық кәсіп дейміз бе, ол көсемсөзші болуға өте-мөте аздық етеді. Абыздарға тән аталы сөз айту, арғы-бергіні сараптай отырып, орамға келген оймақтай ойыңа халықты ұйыта білу, сол арқылы оның рухани тұстарына айналу кез келгеннің қолынан келе беретін оңай шаруа болса, Ахмет Байтұрсынұлы публицистиканы қазақы арнаға бұрып, көсемсөз деп қалыптастырар ма еді?!

Әділеттілік дегеніміз – тезис пен антитезистің қосындысы.
Культ – өте жұқпалы вирус.
Бір болу – ардың ісі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір