Асқар таулар алыстаған сайын биіктей береді
Абайдың қазақ әдебиетінде жаңа реалистік жазба әдебиеттің негізін қалаған, соған сай қазақ әдебиеті тарихындағы жаңа тарихи дәуір әдебиетінің бастауында тұрған тұлға екенін алғаш рет ақынның көзі тірісінде-ақ жазған адам Әлихан Бөкейхан болды.

1894 жылы Санк-Петербургтегі Орман шаруашылығы институтының экономика факультетін тамамдаған соң, Омбыдағы Орман шаруашылығы училищесінде математика пәнінің оқытушысы және «Степной край» газетінің редакциялық алқа мүшесі болған Әлихан Бөкейхан 1896–1903 жылдары Шербина экспидициясы құрамында қазақ даласын аралап, қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қатысты мол материалдар жинады. Осы материалдар негізінде 1903 жылы Санк-Петербургте «Киргизский край» атты «Россия. Полная географическое описание нашего отечества» жинағының 18-томы жарыққа шықты. Осы томның «Население» деген екінші бөлімі толығымен Әлихан атамыздың қаламынан туған. Онда Алаш арысы қазақ халқының аймақтағы орналасу жайы, мәдениеті, ақыл-ойы, санасы, фольклорлық мұрасы, ауыз және жазба әдебиеті жайлы толық сипаттама беріп, талдау жасай келе, Абай шығармаларының XIX ғасырдан басталған жаңа әдебиеттің бастауы екенін былайша атап көрсеткен: «Как предстовителя нового течения в киргизской поэзии, следует назвать Кунанбаева – автора многих стихотворений, изящных по форме и поэтических по содержанию». Кейін, Абай қайтыс болғанда жазған азанамасында Әлихан Бөкейхан осы тұжырымын Абай мұраларынан алған мысалдармен дәйектей отырып: «Абай, как это покажут стихи, представлял недюжинную поэтическую силу и составляет гордость киргизского народа. Еще не было киргизского поэта, так возвысившего духовное творчество народа, как Абай» – деп тұжырады.
Міне, осы кезден бастап, Абайдың «Қазақтың жаңа әдебиетінің, классик әдебиетінің іргесін өзі қалап, туғызып, сол әдебиетке басшы, халыққа қамқор, қайраткер болғаны» (М.Әуезов. «Абай еңбектерінің биік нысанасы»), яки кемеңгер мұрасының қазақ әдебиеті ғана емес, бүкіл қазақ халқының рухани нәр бұлағы, жан азығы, болашағының адастырмас темірқазығы ретінде тұлғатану саласында қолға алыну ісінің алғашқы қадамдары басталды. Бұл орайда абайтану саласында зор қызмет атқарған Абайдың ақын шәкірттері, Алаш арыстары, Абайдың Семейге жер аударылып келген демократ орыс достары, сол замандағы Семейдегі ағайынды Белослюдовтардай интеллигент азаматтар мен қазақтың өз ішінен шығып, ішкергі Ресей қалаларында оқыған Нұқ Рамазанов, Сатылған Сабатаев сынды жастар болды. Абай мұрасын елге таныту, насихаттау жолында, сондай-ақ қазақ ішінде ғана емес, орыс тілінде насихаттап, сол замандағы Патша өкіметіне бағынышты елдерге таныту жолында қыруар істер атқарылды.
Тұңғыш рет Абайдың «Жаз» өлеңі «Семей уезі Шыңғыс елінің қазағы Ибраһим Құнанбайұлы ауылының Бақанас өзенінің бойындағы Көпбейіт деген жерге қонып жатқандағы түрі» деген атпен «Дала уәлаяты» газетінің 1889 жылғы №7 санында «Кісіден үйреніп жаздым. Көкбай Жанатайұлы» делініп, Көкбайдың Абайдан үйреніп, өлеңді редакцияға жолдағаны айтылса, осы газеттің осы жылғы №12 санында Абайдың «Болыс болдым, мінеки» өлеңі «1888 жылғы май айында Ақшатау деген жерде Семей облысы мен Жетісу облысының шербешнай съезі болғанда бір уездің ел билеушілерінің түрі» деген атпен жоғарыдағыдай Көкбайдың жолдауымен басылған. Бұдан соң Абай шығармалары қазақ, орыс, татар тілдеріндегі «әл-Шархият», «Сибирский студент», «Русское богатство», «Уақыт», «Қазақ», «Айқап», «Абай», «Мұғалім», «Инкиллаб», «Ақжол», «Шолпан», «Таң» т.б. басылымдарда жарияланды. Абай шығармалары 1909 жылдан бастап жеке жинақтар түрінде де тарады. Мысалы, 1909 жылы Уфада Зейнел Ғабиден әл-Жауһари әл-Омскауи шығарған «Насиқат Қазақия» жинағында, 1916 жылы Орынборда Самат Әбішұлы бастырған «Абай термесі» кітапшасында, ең бастысы 1909 жылы Кәкітай, Тұрағұл Құнанбай ұғландары Санкт-Петербургтегі Бораганский баспаханасынан шығарған «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай ұғлының өлеңі» атты тұңғыш жеке өлеңдер жинағы басылып шықты, кейін 1922 жылы осы жинақ негізінде Қазан және Ташкент қалаларында Бернияз Күлеев, Халел Досмұхамедов пен Уәлихан Омаровтар Абайдың өлеңдер жинағын жарыққа шығарды. Абай мұрасын насихаттауда 1902 жылы 31 наурызда Семейде ашылған Орыс жағрафия қоғамының бөлімшесі (Семипалатинский подотдел Западно-Сибирского отдела Русского географического общества) Абайдың қайтыс болғанына 10 жыл толуына орай, Абайды еске алуға арналған тұңғыш әдеби кешті орыс тілінде 1914 жылы 26 қаңтарда өткізді. Онда қазақ қыздарынан шыққан алғашқы абайтанушы ұстаз, ғалым Нәзипа Құлжанова «Киргизский поэт Ибрагим (Абай) Кунанбаев и его поэзия» деген тақырыпта бас баяндама жасап, орыс тілінде И.В.Емельянцев, С.Г.Павлова, М.А.Ауэрбах, Н.А.Яковлев, В.Ю.Шабуневич сынды жағрафия қоғамының мүшелері Абай шығармаларын орындады. Арада бір жыл өткен соң, 1915 жылы 13 ақпанда Нәзипа Құлжанова Абайдың туғанына 70 жыл толу құрметіне арналған қазақ тіліндегі әдеби кешті семинариядағы шәкірттері мен Абайдың өнерпаз ізбасарларын жұмылдыра отырып ұйымдастырды. «Құмырсқадай қайнаған халық, аяқ басар орын жоқ» ( «Қазақша бастапқы ойын»// «Айқап», 1915, №5 саны) болып, жұрттың жанын жадыратқан ғажап әдеби кешті ұйымдастырған Нәзипа ханым жайлы «Айқап» журналы: «Бұл ойынды ойнауды шығарған да, басқарған да Назипа ханымға қанша рақмет айтсақ та көп емес. Біздің қазақта ұлтқа қызмет еткен әйелдің алды осы Назипа ханым болып шежіреде жазылуға тиіс», – деп жазды. Кеңес өкіметі түпкілікті орнап, таптық идеология барша ұлттың рухани әлемін тұмшалай бастаған шақтағы Абай мұрасына арнап өткізілген соңғы мәдени іс-шара Семейдің география қоғамының төрағасы Герасимов пен төраға орынбасары М. Әуезовтің ұйымдастыруымен 1924 жылы 29 желтоқсанда Абайдың қайтыс болғанына 20 жыл толуына орай, Абайды еске алуға арналған кеш болды. Кеште Алаш арысы Халел Ғаббасов «Абай өмірбаяны», Мұхтар Әуезов «Қазақ әдебиетіне сіңірген Абайдың еңбегі» тақырыптарында баяндамалар оқып, Көкбай ақсақал «Абайдың мінез көріністері» жайлы естеліктер айтып, Әміре Қашаубаев, Әлмағамбет Қапсалямов және Семейдегі оқу орнының талапты жастары Абай әндерін орындап, өлеңдерін оқыды.
Абайтану тарихындағы Абай сөзі – халқымыздың өткен тарихын, рухани мұрасын танытумен бірге, бүгінгі және келешек өміріміздің де бағдаршамы, ақ жолы, ғибратты ұстазы болды. Абай тағылымы, Абайдың моральдық принциптері – адамзатқа ортақ гуманистік сарқылмас қазына көзі. Абайды оқу, одан рухани нәр алып, жан әлемін байыту арқылы қазақ елі, адам баласы әділетті, адал ғұмыр, бақытты заман бесігіне бөленері айқын. Мұның дәлелді көрінісі ретінде кемеңгер мұрасын әр қырынан дәйектеп жазған еңбектердегі негізгі ой, пікірлерді қысқаша шолып өтейік. Бұл орайда Орынборда татар тілінде жарыққа шығып тұрған «Уақыт» («Бақыт») газеті: «Мырза Ибраһим бұдан 4 жыл бұрын, 59 жасында қайтыс болды. Ғылымсыз қара халық арасында, сахара халқының ішінде жалғыз жұлдыздай жарқырап шығып, тілі майда, сөзі әсерлі өлеңдерімен бүкіл әтрафқа өзін мәшһүр етті», – деп жазса («Уақыт», №338, 1908 жыл), Алексей Белослюдов: «Абай өлеңдері халыққа деген шексіз сүйіспеншілікке бөленіп, сол кездегі самодержавиялық чиновниктердің тағылық дүниесінің азабын тартып отырған қазақ елінің мұңы Абайдың «көрінбеген көз жасы» арқылы ашық бейнеленді. Оның тілі көркемдіктің ең жоғарғы дәрежесінде және осы тұрғыдан алып қарағанда, онымен қатар тұруға қазақ ақын-жазушыларының бірі де тең келмейді» – деген («Белослюдов қолжазбасынан»// «Абайды оқы, таңырқа». Құр. М.Мырзахметов. –Алматы: «Ана тілі» баспасы, 1993, 160-бет.). Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны»/«Қазақ», 1913, №43 атты атақты мақаласында: «Қазақтың бас ақыны – Абай. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ. Не нәрсе жайынан жазса да Абай түбін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады. Нәрсенің сырын, қасиетін біліп жазған соң, сөзінің бәрі де халыққа тіреліп, оқушылардың біліміне сын болып, емтихан болып табылады. Оқушы сөзді сынаса, сөз оқушыларын сынайды. Абай сөзі заманындағы ақындардың сөзінен үздік, артық», – деп бағаласа, Нұқ Рамазанов: «Абай өлеңдері тыңдаушыларын қатты ұйытқан. Түрі көркем, мазмұны жағынан оның бәрі де халық өмірінің шындығынан алынған. Абай өлеңдерінде бірде-бір басы артық сөз жоқ. Әрбір сөз өз орнында тұрып, терең мағына береді» – деп Абай шығармаларындағы реализм мен сөз талғаудағы дәлдікті тап басып көрсетеді. Абайдың осындай әдеби көшбасшылық ерекшеліктерін тезистік мәнде анық танытатын Н.Төреқұлов, І.Жансүгіров, Ғ.Сағди, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Т.Шонанов, өзге де қаламгерлердің жазған тұжырымды пікірлері мол. Сондықтан біз ол пікірлердің бәрін тізбелемей, «Ақын жолы халық жолымен, тарих жолымен қабыса табысқан шақта, оның өзіне өлім жоқ, сөзіне заман, дәурен шегі жоқ», – деп бас абайтанушы М.О.Әуезов жазғандай, артына өшпес, өлмес сөз қалдырған, сол арқылы халқын жаңа белестерге жетелеген Абай сөзін Міржақып Дулатұлының: «Әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш – Абай сөзі, Абай аты болуы керек. Қазаққа сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз – Абай» деген сөзімен тұжырдық.
Абайтану ғылымы еліміздің тарих толқынында басынан өткерген қилы заман өзгерістерімен ажырамас бірлікте болғаны аян. Өйткені халықтың жан қоштауымен қабыса табысқан ғылым саласы биік белестерге көтерілгенде де, саясаттың қаһарлы дауылында тайсақтай сөйлеуге мәжбүр болғанда да, дана хакімнің асыл ойларын кейінге жеткізуде өзінің тарихи миссиясын орындап шықты. Әдеби мұраны тұрпайы социологиялық сын тұрғысында бағалап, шығармалардың көркемдік, мазмұндық мәніне емес, пролетарлық, әлеуметтік идеясына, автордың шығу тегіне қарап бағалаған кезеңде, Абай мұрасының адамзаттық гуманизм мен моральдық принциптерге сай сипаттарын, орыстың классикалық әдебиетімен байланысын көлденең тартып, алып шыққандардың басында тұрған Ыдырыс Мұстамбаев екенін баса айтқан жөн.
1933 жылы Абайдың тұңғыш академиялық жинағы жарық көрген соң абайтанудың Мұхтар Омарханұлы Әуезов кезеңі басталды. Әрине, абайтанудың бұл кезеңінде Қ.Жұбанов, Б.Кенжебаев, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, З.Шашкин, Қ.Жұмалиев, М.Бөжеев, Т.Нұртазин, Ә.Жиреншин, Қ.Мұхамедханов т.б. зерттеулері де жарияланып жатты. Дегенмен абайтанудың 1933–1961 жылдар аралығындағы даму кезеңін бас абайтанушы Мұхтар Әуезов еңбектерімен байланыста қарастырған орынды. Қазақ рухының Абайдан соңғы шамшырағы М.Әуезов 1918 жылдан бастап, Абай мұрасын ұрпаққа жинап, жүйелеп, жариялап, насихаттап, оқытып жеткізу жолына күллі ғұмырын бағыштады. Соның нәтижесінде, Абай мұрасының толық жинағын, Абайдың көркем образын, абайтанудың негізін қалады. Қазақ әдебиетінің арналы кең саласы абайтануда М.Әуезов ақын мұрасын насихаттау, жинау, зерттеу, ғылыми және әдеби тұрғыда жазып қалдыру барысындағы ұлан-ғайыр еңбегінің ауқымы өте кең. Бала шағында атасы Әуезден Абай өлеңдерінің нәріне қанып, жаттап өскен Мұхтар, 18 жасында Абайдың 70 жылдық мерейтойына арнап, ұстазы Нәзипа Құлжанова ұйымдастырған қазақ тіліндегі тұңғыш әдеби кешке ат салысып, 1918 жылы Жүсіпбек Аймауытовпен бірге «Абай» журналын жарыққа шығарды. Журналда жарияланған Абайдың шығармашылық жаңашылдығы мен Абайдың әдеби дәстүріне арналған «Абайдың өнері һәм қызметі», «Абайдан соңғы ақындар» атты Жүсіпбек Аймауытовпен бірлесіп, «Екеу» деген бүркеншік атпен жазған мақалаларынан бастап, 1959 жылы жарыққа шыққан «Абай Құнанбаев» монографиясына дейінгі ұзақ та күрделі ғылыми зерттеу белестерінен өтті. Семейдегі «Абайдың мемлекеттік музей-қорығы», «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы», республикамыздағы көптеген Абайға орнатылған ескерткіштер, Абай есімі берілген мәдени орындар, Абайдың 95, 100 жылдық мерейтойларын өткізуге қатысты іс-шаралардың барлығы дерлік М.Әуезовтің белсенді атсалысуымен жүзеге асты. Абай мұрасын ұрпақ санасына сіңірудің басты жолы – келешек ұстаздар даярлайтын оқу орындарына Абайтану пәнін енгізу ісі де Мұхтар Әуезовтен бастау алды. Сөйтіп, кемеңгер ғалым 1942 жылдан бастап С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде Абайтану курсын жүргізуді қолға алды. Абайтану ғылымында академик Мұхтар Омарханұлы Әуезов негізгі зерттеу нысанына алынатын өзекті мәселелерді: Абайдың ғылыми өмірбаянын жүйелеп жазу; Абай шығармаларының дерек көздерін жинау және текстологиясын зерттеу; Абай шығармаларының халықтығын, реализмін дәйектеу; Абай шығармашылығының нәр алған рухани бастауларын (төл руханият, Шығыс, орыс, сол арқылы Батыс әдебиеті) айқындау; Абайдың әдеби ортасын жүйелеп, дәйектеу (өзі алған нәрлер; өзгеге берген нәрі); Абайдың ақындық кітапханасының көлемін анықтау; Абай дәстүрі, яғни Абайдың ақын шәкірттері сынды ірі-ірі салаға бөліп қарастыра отырып, абайтану ғылымында шәкірт тәрбиелеумен қатар, ғылыми дәстүр қалыптастырды.
«М.Әуезов Абайды да, қазақ әдебиетін де қорғап тұрған үлкен бір айбынды қорған сияқты еді. Абайды зерттеушілер де, қазақ әдебиетінің жас күштері де сол кісінің маңына жиналып, оны атқарылар істердің орталығы, ақылшысы ретінде бағалайтын. Ол қазақтың ұлттық әдебиетін дүниеге танытты да, бүкіл дүниежүзі алдында оның абыройын қорғады. Мұхтардың қайтыс болуы (1961) абайтануды да, әдебиетті де жетім қалдырды. Осыдан бастап Абайды зерттеу ісі бірсыпыра бәсеңдеді…»(«Абайтану ғылымының бел-белестері»/«Абай», №1-2, 1995) деп академик Серік Қирабаев жазған осы бір өліара шақта абайтану ғылымын жаңа биіктерге көтеруге қабілетті жастар бой көрсете бастады. Солардың бірі Мекемтас Мырзахметұлы болатын. 1953 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтын тамамдап, оншақты жылдай астанадан шеткері оңтүстік өңірлерде педагогикалық қызметтерде істеген жас маман Алматыға оралып, Бауыржан Момышұлының шаңырағында тұрып, 1961–1964 жылдары аспирантурада оқыды. Өзі қалжың қылып айтатынындай, «жеңіл тақырып алып, тез қорғап кетсем» деген ойын ғылыми жетекшісі профессор Қажым Жұмалиев берген «Абайдың әдеби мұрасының зерттелу жайы» (диссертация 1965 жылы 12 ақпанда қорғалды) тақырыбы тамыры тереңге тартқан Абайды тану әлеміне енгізіп жіберді. Жас ғалымның абайтану тарихын зерттеу барысында оқып, танысқан еңбектердегі Абай мұрасына қатысты ой, танымдардың кеңестік идеология мен социалистік түсініктерге мүлде қабыспайтын пайым, тұжырымдары жас ғалымның алғашқы мақала, зерттеулерінде-ақ өзгеше ой қорытындылар жасауға жетелегені таныла бастайды. Мысалы, 1963 жылы «Педагог» газетінде жарияланған «Дауани кім?» 1964 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде басылған «Татар ғалымы – Абай зерттеушісі» немесе «Простор» журналында 1963 жылы жарияланған «Братья Белослюдовы об Абае», осы жылғы «Тіл және әдебиет мәселелерінде» басылған «Абай мұрасының зерттелу тарихынан» сынды материалдарда көтерілген тың ой-тұжырымдар 1994 жылы жарыққа шыққан «Абайтану тарихы» монографиясында кеңінен талданып, жазылды. Монографияда абайтану ғылымының 1889 жылдан, 1961 жылға дейінгі тарихы толық қамтылған. Зерттеуде абайтанудың бастауында тұрған Алаш арыстарының еңбектері алғаш рет абайтану тарихы аясында арнайы қарастырылып, Мұхтар Әуезовтің абайтану саласындағы өлшеусіз зор еңбектері жан-жақты қамтылып, Абай мұрасының әртүрлі ғылым саласындағы зерттелу тарихы жүйелі түрде сараланды.
М.Әуезовтің: «Абайды танудың басы, алғашқы адымдары революциядан бұрын басталған. Абайдың өмірі мен ортасын, еңбектерінің әр алуан сипаттарын, көпшілікке мәлімдеп отырған үлкенді-кішілі танытқыш сөздерді, деректерді еске алуымыз керек» (М.Әуезов. «Абай Құнанбаев. Монографиялық зерттеулер мен мақалалар». –Алматы: «Санат», 1995, 15-бет.) – деген сөзін зердесіне түйген ғалым, бас абайтанушы астарлап айтқан «үлкенді-кішілі танытқыш сөздерді», яки абайтану тарихындағы Алаш арыстарының асыл сөздерін 1993 жылы «Абайды оқы, таңырқа!» деген атпен жеке жинақ етіп шығарды. Сондай-ақ 1909 жылы Санкт-Петербургтегі Бораганский баспаханасынан Кәкітай, Тұрағұл Құнанбайұғландары бастырған «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай ұғлының өлеңдері» атты өлеңдер жинағынан бөлек, көлемдері шағын болса да, Абай өлеңдерінің жинақтары ретінде Уфада 1909 жылы Зейнел Ғабиден әл-Жаухари әл-Омскауи, Орынборда 1916 жылы Самат Әбішұлы бастырған «Насихат қазақия», «Абай термесі» атты екі кітапшаларды да түсініктемелер жазып, жеке жинақтар түрінде оқырман қауымға қайта түлетіп жеткізді. Ғалымның бұл еңбектері турасында ҚР ҰҒА-ның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғалымдары шығарған монографиялық жинақтың «Тәуелсіздік кезеңіндегі абайтану» бөлімінде: «Абайтанушы М.Мырзахметов Кеңес кезінде айтылмай келген «Алаш абайтануын» жариялады. 1993 жылы «Абайды оқы, таңырқа!» атты мақалалар жинағы жарық көрді. Тұңғыш рет абайтанудағы ақтаңдақ осылай ресми ғылымға енгізілді» («Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы». Екітомдық. 2-том. –Алматы: «ҚазАқпарат», 2009, –658 бет) – деп атап көрсетті.
Абайтану ғылымы – халықтың ой-танымы, заман ағымы, қоғамдағы түрлі өзгеріс, өсу, өзгеру, жаңару процестеріне сай, үнемі сан мен сапа жағынан дамып, жетіліп отыратын әдебиеттану ғылымының арнаулы саласы. Оған қоса, Абайдың мерейтойлары кезеңінде атқарылған сан алуан іс-шаралар жайлы, оқу орындарында Абай мұрасын оқыту мен зерттеу ісіне байланысты тың тақырыптар мен ғылыми бастамалар көтерілген шақтарда және халықаралық әдеби байланыстар өріс алған кезеңдер мен Абай жайлы жазылған архивтік тың деректер көзі ашылған кездерде абайтанудың библиографиялық көрсеткіші анықтамалық деректер көзінің жиынтығы ретінде Абай мұрасына қызығушылық танытар оқырманға өте қажет анықтамалық мағлұмат берер кітап екені аян. Сондықтан «Абай мұрасы жайында сөз қозғау, пікір көтеру – бүкіл қазақ әдебиеті жайлы ой толғаныстарына ұштаспай тұра алмайтын рухани байланыстылықты танытады. Ал ұлы мұраны әр қырынан танып білу – ұрпақтар буыны алмасқан сайын жаңғырып, сонылық танытатын жасампаз құбылысқа айналмай тұра алмайды. Мұндай ұлы мұра туралы уақыт, заман талабына орай дүркін-дүркін әр тұста толық түрдегі персоналды библиографиялық көрсеткіштер жасап отыру талабы да алға қойылып отырмақ», – деп ғалымның өзі атап көрсеткендей, қазіргі күндегі Абай мұрасына қатысты жарияланған жүз жылға жуық мезгілдегі дерек көздерін қамтитын қолымыздағы «Абайтану. Библиографиялық көрсеткіш» (1988) те профессор Мекемтас Мырзахметов еңбегінің жемісі.
Уақыт көші, заман өзгерісі елімізді жаңа дәуірге, тәуелсіз мемлекеттің шаңырағын көтеріп, дербес ел болуға қол жеткізді. Соның нәтижесінде, кезінде кеңестік жүйенің интернационалдық тәрбие, ұлы орыс халқының авангарттық рөлі сынды түп мәні великоростық, еуроцентристік көзқарасқа негізделген идеологияның құрсауынан құтылып, барымызды бағамдап, жоғалтқанды іздеуге мүмкіндік туды. Бұл жай Абай мұрасын тану мен абайтану тарихына, тәуелсіз елдің ұлттық, шығыстық, мұсылмандық рухани бұлақ көздеріне жаңаша тұрғыда қарауға жол ашты. Сондай-ақ Абай мұрасындағы мораль философиясының, толық адам ілімінің бүгінгі заман адамын дүниеқұмарлық, тойымсыздық, тән құмары билеген нәпсілік жолдан арылтып, жан құмары арқылы рухани жағынан іштей тазарып, адамшылық, әділдік, гуманистік мәндегі толысуына да жағдай жасары анық. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейінгі кезеңнің өзінде-ақ Абай мұрасының рухани бұлақ көздеріне қатысты зерттеулер жазуды қолға алған ұстазымыз, профессор
М.Мырзахметұлы М.Әуезовтің: «Михаэлис, Долгополовтардың Абайға берген көмегін айтқанда, оның шегін біліп айту керек. Бұлар, әсіресе Михаэлис ақынның өз айтуы бойынша, Абайдың жаңа ізденіп жүрген кезінде ең алғашқы түрде ғана көмекші болды. Ал кейін орыс тілін еркін біліп, орыстың ұлы мәдениетін мол, терең тани бастаған кездегі Абай озық ойды бұлардан үйренбейді. Пушкиннің өзінен, Белинский, Герцен, Чернышевский, Салтыков-Шедрин, Некрасовтардың өз мұраларынан өздігінен кең, терең тәлім-тәрбие алады», «Абайда Батыстан кірген белгіден гөрі Шығыс белгісі басымырақ, нығырақ», «Батысқа келгенде ол арқасын Шығысқа, ақылмен қорытып алған мұсылмандыққа нық тіреп алып келеді», «Абайға Батыстан кірген бұйымдардың басы — ислам діні», «Абайдың діні – сыншыл ақылдың шартты діні», Абайдағы толық адам танымының бастауында тұрған «Интернатта оқып жүр» өлеңіне қатысты: «Абайдың, әсіресе көп ой қорытып айтқан мағыналы және програмдық бір өлеңі», «Ұстаздық, әлеуметтік талабының түп мақсаты – жеке адамды жаманшылықтан арылтып, сол арқылы заманындағы қауым-қоғамын және бар халқын түзетіп, өзгертпек болады», – деп кеңестік идеология қыспағындағы кезеңнің өзінде-ақ айтқан тұжырымды ой-танымдарын, сарыла, терең зерттеу арқылы олардың шығу көздерін, Абай мұрасындағы көріністерін жан-жақты талдап, түсіндірген «М.Әуезов және абайтану проблемалары», «Абай және Шығыс», «Абайдың адамгершілік мұраттары» атты еңбектер жазды. Оларда әсіресе «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» монографиясында М.Әуезовтің «нравственная личность» деп атаған Абайдың сау ақыл, ыстық жүрегінен туған «толық адам» танымын 4 сала: Абайдың ақындық кітапханасы; Абай және Шығыс классиктері; Абайдың исламиятқа қатысы; Абай және мораль философиясы салалары бойынша терең зерттеп, әрқайсысына «Абайдың ақындық кітапханасы хақында», «Абай және Шығыс», «Қазақ әдебиетіндегі сопылық ілім», «Абайдың адамгершілік мұраттары» атты тұтас зерттеу еңбектер жазып, қазақ ғылымының айналымына енгізді.
Ғалым қазіргі заман адамының Абайды жан қоштауымен терең танып оқуына бөгесін болып отырған жайларды: «Абай шығармасын танып білу жолында бүгінгі жаңа талап жас ұрпақтың алдынан үш кедергі шығады:
Біріншісі, Абай ғұмыр кешкен заманды, оның саяси-әлеуметтік ортасын, яғни бодандық заман тарихын танып білуіміз керек.
Алдымыздан шығатын екінші кедергі – Абай қолданған мағынасы алыс, түсінуге ауыр, сол заман оқырманы түсіне алған, бірақ бізге құрық салдыра бермейтін тарихи сөздер.
Үшіншіден, Абай дүниетанымын танып, ғылыми негізде ұғына алмай келеміз» («Абай лұғаты» –Алматы: «Мектеп», 2017, –144 бет.), – деп атап-атап көрсете отырып, осы мәселелерді шешуге бағытталған «Қазақ қалай орыстанды?» «Абай лұғаты», «Абайды танудың жайы мен міндеттері» деген «Абайдың адамгершілік мұраттары» монографиясының бір тарауын жазумен бірге, осы мәселелерді зерттеуді өз шәкірттеріне арнайы ғылыми тақырып етіп берді. Нәтижесінде, осы мақала авторы Марат Бекбосыновтың «Тәуекел мен батыр ой» атты монографиясы, Мақсат Әліпханның «Адамгершілік ілімі және Хакім Абай» зерттеуі, Жабал Шойынбеттің «Абай қара сөздерінің жанры мен стилі» атты еңбектері жарық көрді.
Абай мұрасын оқытуды алғаш рет оқу үдерісіне енгізген Мұхтар Әуезовтің педагогикалық қызметін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде жаңғырта жалғастырған профессор Мекемтас Мырзахметов болды. Сөйтіп бұрын тек филология факультеттерінде ғана оқытылатын «Абайтану курсын» 2008 жылдан бастап Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің барлық факультетінің оқу бағдарламасына енгізуге қол жеткізді.
Осы оқу курсына арнап 2010 жылы «Абайтану» оқу құралын жазды. Онда бүгінгі заман талабына сай келешек филолог мамандарға ғана емес, күллі болашақ ұстаз қауымына, олардың келешек ұрпақ тәрбиесінде Абай тағылымын оқытуы арқылы Абайдың «Көкірегі сезімді, тілі орамды, жаздым үлгі жастарға бермек үшін» деген арман, мақсатының іс жүзінде жүзеге асуы жолында «бүгінгі заман талабы тұрғысынан ЖОО барлық факультеттерінде шәкірттерге ойшыл ақын мұрасы бойынша «Абайтану» арнаулы курсын оқыту міндеті қойылып отыр» , – дей келіп, Абай мұрасының тағылымдық мәнінің қазақ халқы тағдырындағы бүгінгі және келешек маңызын атап көрсеткен.
Абайтану ғылымының алыбы, Бас абайтанушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің көзін көрген, ғылыми-педагогикалық дәстүрін қазақ руханиятында жалғастырған сүйікті ақылшы ұстазымыз академик Мекемтас Мырзахметұлының өнегелі өмір жолы ғалымның шәкірті, біздің дарынды ғалым ініміз – Дәурен Бақдәулетұлы Мұхамадиевтің «Абайтанушы» (Д.Б.Мұхамадиев «Абайтанушы: Монография». –Алматы: « Evo Press» баспасы, 2013, –234 бет.) кітабында жан-жақты жазылған. «Абай телегей теңіз ғой, мен одан қасықтап қана алдым», – деп Мұхтар Әуезов жазғандай, біз бұл мақаламызда ұстазымыздың абайтану саласындағы ұлан-ғайыр ғылыми еңбектеріне тек шағын шолу жазумен ғана шектелдік.
Марат Бекбосынов,
Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университеті,
академик С.Қирабаев атындағы
қазақ әдебиеті және
оқыту әдістемесі кафедрасының доценті
филология ғылымдарының кандидаты