Актер өнерін паш еткен фестиваль
08.01.2016
1986
0
219312_319155285_12398269_1663997227191985_1891148982_oКөне Тараз топырағы – талай тарихи белесті басынан өткізіп, ұрпақтан-ұрпаққа берілер ұлағаты мол дәстүр сабақтастығын жалғастырып келе жатқан еліміздің қасиетті де құт мекені. Мұнда сан ғасырлар өркениеті мен мәдениеті қалыптасқан ежелгі тарихтың айғақтары жатыр. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардағы қазақ өнерінің тағылымды беттері де осы өңірде бірте-бірте айшықталып келеді. Оның бірі – Тараз қаласында өткен «Тұңғышбай Әл-Тарази Таразға шақырады» атты ІІ-Халықаралық театрлар фестивалі.

Еліміздегі театр фестивальдері әр жылда әр түрлі бағыт-бағдар мен өзгеше сипатпен өтіп жүр. Халықаралық, аймақтық, республи­калық, қалалық деңгейдегі өнер шерулерінің бірі әріден басталып, тұрақты өткізілсе, екін­шісі, араға жылдар салып үзіліп, енді бірі аяқ­сыз тоқтап қалып жатады. Қазақ театры мен киносының аса көрнекті танымал актері, режиссурада да өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық артисі, өнертану ғылымының кандидаты, профессор Тұңғышбай әл-Тарази сынды актердің туған топырағында өткен фестивальдің орны бөлек, әрі өзгеше. Фестивалдің басты ерек­шелігі – актерлік өнерге арналуы. Әлбет­те,  актерсіз театр болмайды. Ол театр өнеріндегі драматургтің, режиссердің, жалпы өнер ұжымының эрудициясын белгілейтін, интел­лектуалдық ой-идеясын түйіндеп, көрерменге жеткізетін алтын көпір.
Жамбыл облысы әкімдігі мен оның мә­де­ниет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы фестивальдің құрылтайшылары ретінде іс-шараны ұйымдастыруға облыстың есебінен қаражат бөлсе, мерекені ұйымдастыру мен өткізу Жамбыл облыстық қазақ драма театр ұжымына жүктелген екен. Театр басшылары осы жауапкершілікті ойдағыдай атқарды деуге әбден болады.
Жамбыл облыстық орыс драма театры конкурстан тыс Ш.Айтматовтың повесінің желі­сімен «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» спектаклін (автор, режиссер Ю.Ханин­га–Бекназар) көрсетті. Орыс театрының бұл қойылымы бірнеше театр фестивальдерінде көрсетіліп, мамандар тарапынан жақсы деген баға алған-ды. Ал қазақ  драма театры ұжымы Болат Бекжановтың «Өмір» психологиялық драмасын (режиссері Мәлік Ақүрпеков) осы мерекенің ашылуына арнайы дайындапты. «Өмір» – спектакльдің аты, сол Өмір – басты кейіпкердің есімі де. Автор бұл пьесада қазіргі замандағы жас отбасының басына түскен бедеулік проблемасын сөз етеді. Суррогатты жолмен ұрпақ жалғастыруды жөн деп тапқан отбасы біраз әбігерге түседі. Қойылым ар, ұят, адамгершілік секілді маңызды этикалық ұғымдарды өзек еткен. Спектакль кейіпкерлері Өмір – музыкант, оның Жары – беделді кісінің қызы, Дәрігер – Өмірдің бұрын сүйген қызы және басына іс түсіп, осы отбасын балалы етуге ақшалай келісім беретін жас қыз. Оқиға заманауи үлгіде салынған қаланың көрікті ауда­нындағы, үй қызметшісін ұстайтын, қымбат жиһазбен жабдықталған үйде өтеді. Сахна шымылдығы ашыла сала әйелі мен ері ара­сындағы диалогтардың үйлесім таппай, диссонанста тұрғанын көрермен бірден байқайды. Шеткеріде өзінің жабырқау көңіл-күйімен виолончелін тартып тұрған кейіпкер мен оған қарсы ішкі жан-дүниесіндегі қай­шы­лықпен арпалысқан әйел. Әр кейіпкер­дің өз жанын жеген жегісі, өз жұмбағы бар. Оқиғаның өрбуі барысында сол жұмбақ рет-ретімен көрер­менге  белгілі бола бастайды. Жастық­пен, мастықпен, байлыққа малынып жүріп жасаған ағаттықтардың күндердің күнінде алдыңнан шығып, таяқ боп тиетінін, судың да сұрауы болатыны секілді, адам өміріндегі кез келген қиянаттың зауалы болатынын ескертеді.
Бішкек қаласынан келген «Сахна» театры­ның – «Шамал ыры» атты драмалық аңызы бүгінгі қырғыз режиссурасындағы жастардың ізденістерін, соны формада қойылым жасау жолындағы талпыныстарын көрсетті. Театрдың көркемдік жетекшісі, режиссер Нұрлан Асанбековтың халық аңызы негізіндегі инсценировкасын заманауи сахна тілімен көрер­менге жеткізген қоюшы-режиссёр, суретші-сценограф – Кенжегүл Сатыбалдиева екен. Спектакльге жас жігіт Ұлан мен ару қыз Аққу­дың сүйіспеншілігі туралы қырғыз халқы­ның белгілі аңызы арқау болған. Әке-шешесінің қарызының қайтарымы ретінде, Ханның нөкерлері қызды ұрлап алып кетеді. Хан Аққу қызды биік мұнараның басында қамап қой­ғасын, сүйгенімен тілдесудің жолын таппаған Ұлан темірден музыкалық аспап (ооз-комуз) жасап, музыка тілі арқылы сөйлеспек болады. Жігіттің аспапта ойнаған сазды әні мұнара басындағы қыздың құлағына жетіп, қыз бен жігіт осы сазбен «сөйлесіп», түсінісіп жүреді. Хан мұны біліп қойып, саз орындаушыны ұстап алып, жазалауды бұйырады. Бұйрықты мүл­тіксіз орындаған нөкерлер жігітті ұшар биік құздан төмен қарай лақтырады. Жігіт төмен қарай құлдилап құлап бара жатып үзілмелі желге айналып кетеді. Жігітінен көптен хабар алмаған  Аққу-Қыз  бір жамандықтың болғанын сезіп, мұнара басынан суға қарай құлайды, құлап бара жатқанда оны Жел-жігіт қағып алып тоқтатып, Аққу құсқа айналдырып жі­береді…  Аңыз желісі осылай. Сахна пердесі ашылғанға дейін осындай әдемі аңыз желісі көрерменге көне қырғыз фольклорының шұрайлы беттерінен хабар береді. Алайда, қойылымның алғашқы аккордынан бастап экспериментальды бағытта ізденіп жүрген өнер ұжымының сахнада заманауилық плас­тика тілімен сөйлейтін, шарттылығы мол қойылымды көреміз. Оқиғаның қиял-ғажайып желісін жандандыру үшін жұмсақ желпитін, кейде ұйтқи соғатын жел бейнесін келтіруде актерлердің қимыл-әрекеттері, қосалқы қол­да­нылған видео көріністер, қойылымның не­гізгі декорациясының міндетін атқаратын ұзын-сонар маталарды сахнаның жан-жағы­нан бірнеше желдеткіштер қою арқылы жел­піп-толқындандырып, көркем сахналық ше­шім­дер жасаған. Сахна ортасындағы бірнеше қабатты шағын алаңқайдан тұратын құрылым-станок та спектакльде көптеген міндеттер ат­қарып тұр. Ол кейіпкерлердің өрмелеп шы­ғар құз жартасы, адам аяғы бара алмас хан­ның биік мұнарасы, буырқанған тау өзені, т.б. оқиға орны болып өзгеріп отырады. Бастысы, осы оқиғаны баяндайтын актерлердің бейнелі іс-әрекеттері арқылы көрермен бір кеңістіктен екіншісіне жылдам ауысады. Қойылымның режиссері қоюшы-суретші ойластырған детальдарды актерлермен жасалатын мизан-сценаларда орынды үйлестіре білген. Бар-жоғы бес актер спектакльде қатарынан бір­неше рөлдерді орындап, сахнадан үйлесімді ансам­бль­дің  айшықты  өрнегін көрсетті. Бас­ты кейіп­керлер Ұлан (Ысқырық жел) – О.Қадыров пен Аққу – Д.Асанбекқызы негізгі актерлік топтан бөлінбей, режиссер концепциясына сай жұмыс істеді. Режиссер К.Сатыбалдиева Аққудың, Желдің ұшуын орындаушы-актерлер пластикасының көмегімен жаңаша сахна тілінде көрерменге ұсынған.
Оңтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театры  фестивальге драматург Иран-Ғайып­тың «Абылай» драмасын алып келіпті. Сахналық нұсқасын тәжірибелі режиссер Ерғали Оразымбетов жасаған екен. Хандар мен батырлар, билер мен бектердің өмірі туралы, еліміздің тарихынан мол мәлімет беретін қойылымдар­дың көбейгені әлбетте қуантады. Оның үстіне орыс театрының қазақ тарихына қатысты спектакльді қоюға бел шешкені бұл тақырыпқа деген көрермен сұранысының артып отырға­нын аңғартқандай. Режиссерлікке Е.Оразымбетовты шақыруы да орынды болған сыңайлы. Қойылым суретшісі – Жомарт Дүйсебеков пен Ирина Мельник сахна кеңістігін тұтастай бір ерекше стилистикалық кілтте, бояу бедері мен образдар үйлесіміне басымды назар аудар­ғаны көрініп-ақ тұр. Кейіпкерлердің  костюм­дері құны қымбат, әрі жас ерекшеліктері мен қоғамда алатын орнына сәйкес әр түрлі ай­шық­ты маталардан тігіліпті. Оқиға еліміздің бұйратты өлке мен бетегелі сары даласында емес, қара-көк суық түсті ғарыш кеңістігінде болып жатқандай. Осыған сай композитор В.Куликов қойылымды неміс композиторы Р.Ва­гнердің «Валькирияның  ұшуы» шығармасы­мен бастапты. Спектакльге динамика, қоз­ғалыс, қызуқандылық, эмоциялық әсер беру үшін қолданылатын осы компоненттер өзінің рөлін орынды атқарып тұрғандай. Спекта­кльдегі басты рөлдер Қазыбек биді Анатолий Землянов, Абылайды  Максим Шереметьев, Жәбек батырды  Анатолий Петриченко, Қалдан Серен хонтайшыны Алекс Сардак, Қалдан Сереннің тоқалы Аккербезді Галина Петриченколар кейіптеп, сахнада орамды ойын өрнегін көрсетуге барын салды. Театрдың шығарма­шы­лық құрамында таланты актерлер жұмыс істейтінін, олардың орындаушылық диапазондары заманауи, классика, ұлттық авторлар шығармаларына еркін бара алатынын сезін­дік.
Алматылық Ғ.Мүсірепов атында­ғы қазақ мемле­кетік  академиялық Балалар мен жас­өспірімдер театры фестивальде Асхат Мае­мир­овтің режиссурасымен драматург Георгий Хугаевтің Құжырғали Төлеуішевтің тамаша аудармасымен сахналанған «Қара шекпен» спектаклін көрсетті. Қойылымның сценограф-суретшісі – Индира Ихсан жасаған декорациясы мен композитор – Болатбек Нұр­қа­сы­мов­тың шығармалары спектакльдің көру және есту образдық бейнесін айтарлық­тай толық­тырып, құлпыртып жібермесе де кедергі кел­тіріп тұрған жоқ. Әсілі, сүйегі мықты драма мен жүйрік актерлер бар жерде анау деген ре­жиссураның қажеті аз боп қалады-ау. Әрине, бұл спектакльде алдыңғы шепке актер­лердің шығармашылдық қалпы мен олар жасаған көркем образдар шығары анық. Актер Данияр Базарқұлов Тұзар сынды ақылды иттің бірнеше қырын ашуға күш салғаны айқын көрініп тұр. Спектакльдің басында иесінен басқаны танымайтын, тек соған ғана барынша беріле қызмет еткен Тұзар қаншық Көк­шу­лан­мен кездескеннен кейін едәуір өзгеріп, көңіл-күйі мен жүріс-тұрысы күрделене түседі. Актер кейіптеуіндегі Тұзар иттің иесіне деген адал сезімде жүріп, назарының Көкшуланға қарай ауғандағы екіұдай тұсы, психологиялық сезім мен парыз арпалыстары шынайы әрі нанымды. Фестиваль барысында бұған дейін көрген спектакльдердегі басты рөлдерді орындаушылар арасынан Д.Базарқұлов сомдаған осы образ ерекше көзге түскенін жасыруға болмас. Көкжал – актер Еділ Рамазановтың орын­дауында көпті көрген, жас ұлғайған, бірақ әлі де болса билікті ешкімге бермей келе жатқан дала тағысы. Ормандағы жан-жануар­ды ашса – алақанында, жұмса – жұдыры­ғын­да ұстаған бөрінің сан түрлі сезімі мен ірілігін көрсете білген актер нағыз Көкжал қасқырдың кейпіне көтеріле алды. Көкжалдың қасында жүретін Көкшулан – Ақмарал Дайра­баеваның, Сылаң – Гүлбахрам Байбосынованың орындауында да сәтті шыққанын айта кеткені­міз жөн сияқты. Белгілі сахна шебері Лидия Кәден – Қосүрей қоянның сахналық өмірін шынайы сүріп, көрермен назарын бірден өзіне тарта алатын сақа өнерпаз екенін дәлелдеді. Актриса өмір мен өлім атты лыпылда­ған пышақ­тың жү­зінде жүрген Қосүрейдің бейшара халін кейіптеуде биік шеберлік көрсетті. Өзінен күші басым  азулы  Көкжал, Көкшулан, Сылаңдардың алдында аяғының ұшымен жүріп, нәзік кірпігін көтеріп оларға қарауға батылы болмайтын су жүректің бойына бу бітіп, «қызу» барғанда көрермен оны екінші қырынан көреді. Үрейден әбден қажыған қоянның «көзсіз батырлығы» қарама-қайшы комедиялық ситуцияға алып келіп, актрисаның шеберлігі залдағы көрер­менді тәнті етті. Спектакльде Бе-Бе қошақанды жас актер Ербол Садырбаев  асқан суреткерлік шабытпен, өте шебер орындады. Сонымен бірге Шопан – Әсет  Есжанның, Кико – Дархан Сүлейменовтің, Қуқар – Ерлан Кәрібаевтың, Қортық – Ербол Ыдырысовтың және Қошқар, Теке, Қойлар да өзіндік мінез-құлықтарымен ерекшеленген, бір қарағаннан өздеріне тән пластикасымен даралана көрінді.
Талантты тәжік ақыны Бозор Собирдің се­зім­ге толы жыр-өлеңдерінен «Отаннан шалғайдағы түн» пьесасын түзген Нозим Меликов спектакльдің қоюшы режиссері де екен. Режиссер оқиғаны көрерменге мейлінше жақындатып, актер ойынын үлкейткіш айнадан көрсеткендей етіп шешкен екен. Қойы­лым­ның қалып-формасы көрермен мен актер-орындаушының, зал мен сахнаның арасын біріктіріп жіберетін әдіспен әдіптелген соң, актердің ашынып-ақтарылған жан дүниесін барынша жақыннан, анық көрмеске амалың қалмайды. Бұл қойылымды моноспектакль десе де болғандай. Негізгі кейіпкер Жігіт – А.Шарифи мен қосалқы рөлде Қыз – М.Ерова, екеуден екеу ғана. Ақынның өлең жолдары даңқты ата-бабалар еңбегін мақтан етіп, заман­дастарының әлеуметтік мәселелерін қозғап, қарапайым адамның ішкі жан-дүниесі мен өмірге деген көзқарасын ғана сөз етеді. Сол арқылы әр көрерменді шығарма желісіне жетелеп, уақиғаға араластырып, ойландырады. Драматургиялық жүкті басынан аяғына дейін жалғыз арқалаған кейіпкер Жігіт болса, Қыз оның қиялы мен елесінде сырласатын, мұңы мен сағынышын басатын объектісі, сүйік­тісі. Жігіт (актер А.Шарифи) өзінің өзге жұртта жүріп, азын-аулақ жиған-тергенін төсек-арбасына салып алып, асықпай әндетіп ортаға шыққанда, көшеде күнде көріп жүрген қатардағы қарапайым жанды көреміз. Әнінде, үнінде, бар болмыс-бітімінде сағынышы мен мұңы бар мигрантты, елін-жерін, отбасын тас­тап жыраққа нәпақа табу үшін жұмыс іздеп кеткен бүгінгі заманның басты проблема-кейіпкері – гастарбайтерді танимыз. Түнгі аспанда аймен сырласудан басталған әңгіме бара-бара туған жері, туған-туысы, жан жарына деген ыстық сезімдерін паш етіп, жүрегінің түбіндегі сырын ашады, мұңын шертеді. Актер осы сезімдерді таратып беруде өзінің орын­дау­шылық шеберлігінің шынайылығын танытты.
Фестивалдің соңғы аккордын Өзбекс­тан­нан келген Ферғана облыстық мемлекеттік орыс драма театры қойды. Режиссер Анвар Абдуллаев француз драматургі Эрик Ассудың «Крутые виражи» комедиясын сахналапты. Қойылымның авторлары жайлы тасқа басыл­ған бағдарламада комедиялық туын­дының 2005 жылы Париж қаласында француз актеры Ален Делон үшін арнайы жазылғаны көрсе­тілген. Орта жастан асқан Пьер ( актер Анвар Абдуллаев) шарапханада желігіп отырып, Джульетта (актриса Ольга Бурмич) есімді қызбен танысып, әйелінің іссапарда жүргенін пайдаланып оны үйіне қонаққа шақырады. Осылай басталған таныстық Пьердің өміріне елеулі өзгерістер енгізеді. Өзін жеңіл жүрісті қыздарша көрсеткен Джульетта қойылымның екінші жартысында Пьердің ертеде тастап кеткен әйелінен туған өз қызы болып шығады. Спектакльдің үштен екі бөлігі екі кейіпкердің арасындағы бізге онша қызықсыз көрінген диалогтарға құрылған екен. Театр фестиваліне емес, касса түсіміне арналған қатардағы қойылымға жақын келетін бұл туынды көрер­менді аса баурай қоймады. Кешегі күнге дейін ата-баба салып кеткен дәстүрлі жолмен өмір сүрген қоғам бүгіндері елеулі өзгерістерге ұшыра­ған соң, осыған ұқсас  өрескел оқиғалар­дың өмірде болу мүмкіндігін жоққа шығара алмадық. Алайда, осындай арзан тақырыптар­дың театр әлемінен орын алуының орнын, салмақ-болмысын болашақтағы бөлек ой-пайымдарымызда зерделерміз.
Тараздағы өнер жарысының тағы бір ерек­шелігі – фестиваль аясында Қырғыз Респу­б­лика­сының еңбек сіңірген өнер қайраткері, театр және кино режиссері, драма да жазып жүрген Н.Абдыкадыровтың шеберлік-сыныбы өткізілді. Режиссер театр сахнасындағы форма мен мазмұн жайлы, актердің сахналық шеберлігі туралы толғақты мәселелерді ортаға тастады. Бұл үрдіс елімізде өтіп жататын ақша тарату мен аста-төк дастарқаннан аса алмайтын аймақты-орталықты, ірілі-ұсақты фести­валь­дардың бірінде де жоқ екенін еске салсақ, өнер жарыстарының өзекті мақсаттарының бірі осындай шеберлік сыныптары міндетті түрде және көбірек өтсе, келген қонақтар мен актерлер үшін үлкен олжа болмағы хақ және олар алатын ең басты жүлдеге лайық екені де айғақ емес пе?!
2013 жылдан бері Тараз жерінде өткізіліп келе жатқан «Тұңғышбай әл-Тарази Таразға шақырады» атты Халықаралық театр фестивалі үлкен жауапкершілік жүктейтін маңызды мәдени іс-шара. Алдымен, бұл өнер мерекесі республикадағы, одан арғы көрші елдердің фестивальдер картасында да кездесе бермейтін өзіндік ұстанымы бар, актер шы­ғармашылығына баса назар аудартатын театр мерекесі. Жамбыл облысы мен оның орталығы – көне Тараз шаһары үшін бұл мәде­ни іс-шараны елді, жерді, оның терең тарихы мен қат-қабат мәдениетін өзгелерге кеңінен танытатын дәстүрлі фестивальге айналдыруы өте құптарлық іс. Елі «Ерім бар» – деп Тұңғыш­бай Жаманқұловтай атпал азаматын құрмет­теп, оның атындағы фестивальді жылда дүркі­ретіп өткізіп жатса, бара-бара бұл өнер мерекесі көне Таразды әлемге танытып, алыс-жақын көршілердің жүйрік өнерпаздарын Таразға жинауы – тарихы терең шаһардың әлемдік театр өнерінің тағылымды ордасына айналуы ғажап емес және ол орынды да, олжалы оқиға болары хақ. Ол үшін халықаралық фестиваль өткізуді нықтап жолға қойып, жоғары жетістіктерге жетіп жүрген Ресейдегі Чехов атындағы, «Алтын маска», «Алтын софит», Қазандағы «Наурыз», Уфадағы «Туғанлық», т.б. халықаралық театр фестивальдерінің тәжірибесінде бар кәсіби мамандардан тұратын ұйымдастыру комитетін жасақтауды облыстық театр қызметкерлеріне ғана артып қоймай, ел болып қолға алу керек шығар. Сонда фестиваль репертуарына талаптар артып, қызықты қойылымдармен толығып, кәсіби тұрғыдағы көркемдік сапасы да өсе түсер еді. Фестивальді актер өнерін бағалай­тын, ой мақсаты бір арнаға тоғысқан әлемдік театр өнері қайрат­керлерінің бас қосатын орталығына айналдыру жолында жасалатын жұмыстар әлі де бар. Ол  алдымен – фестиваль  дирекция­сының жұ­мы­сын тұрақты ету. Тақырыбы, бағыт-бағдары фестивальдің не­гізгі ұстанымдарына сай келетін  ең  үздік  деген  актерлік  спек­такльдер­ді таңдап-талғап ша­қыруды жүзеге асыру. Сол арқылы ұлы мәр­тебелі Актерді ұлықтауда фестивальдің көркемдік сапасын көтеретін жолдарды қарастыру қажет деп білеміз. Екіншіден, Тұңғышбайдың аты берілген фестиваль аясын кеңейтіп, бір кешті «әнші-актер» шығармашылы­ғына арнауды қолға алу керек сияқты. Тұңғыш­байдың актерлік қыры бір төбе де, қазақ актерлары арасынан шыққан алғашқы театр­­танушы ғалымдығы бір төбе. Жүректен-жүрекке жеткізіп, үлкен сезіммен, ақыл-парасатпен орындап жүрген әнші-орындау­шылық қыры да арнайы назар аударуды қажет етеді. Осы фестивальдің «әнші-актер» жүлдесінің жеңімпазы деген атпен танылар орындаушылар фонограммамен эстрада мен экранды толтырған «жылтыраған жұлдыздар­дан» артық, терең ойлы әнші-актерлік шығар­машылыққа жаңа серпін бермек. Үшіншіден, фестиваль актер өнеріне ерекше қөзқараспен назар аударады екен, демек, актерді барлық қырынан көрсететін шетелдік, отандық моно­спек­такль­дердің үздік үлгілерін де көрсе­тетін ортақ  лабораториялары болса, жалпы фестивальдің бет-пішімі де айқындала түсер еді. Төртіншіден, фестиваль жұмысына актер­лік өнердің қыр-сырын зерделеп жазатын, бағасын беруге атсалысатын, қойылымға сындарлы пікір, теориялық талдау жаза алатын ғалым-театртанушыларды көбірек тарту керек деп білеміз.
Аманкелді МҰҚАН, 
театртанушы.

Театр фестивалінің қорытындысы төмендегіше түйінделді 
1. «Үздік ер адам рөлі» номинациясы – Тәжікстан Республикасының М.Вахидов атындағы мемлекеттік жастар театрының актері Абдумумин Шарифиге Жігіт рөлі үшін берілді.
2. «Үздік эпизодтық ер адам рөлі» номинациясы – Алматы қ., Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрының актері Ербол Садырбаевқа Г.Хугаевтің «Қара шекпен» спектаклінде Бе Бе рөлі үшін берілді.
3. «Үздік эпизодтық әйел рөлі» номинациясы Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы Лидия Кәденге
Г.Хугаевтің «Қара шекпен» спектаклінде Қосүрей рөлі үшін берілді.
4. «Актерлік ансамбль» аталымын Бішкек қаласынан келген «Сахна» театрының – «Шамал ыры» атты драмалық аңыз спектаклі иеленді.
5. «Режиссураға деген актерлік адалдық» аталымы қырғыз елінің Талас облыстық музыкалық драма театрының Хамза Хакимзаде Ниязидің «Аялдардан Шан Кече» спектакліне (режиссері Овлякули Ходжакули) берілді.
6. «Тарихи тақырыпты ашқан қойылым» ықыласына фестивальға қатысқаны үшін Оңтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театрының Иран-Ғайыптың «Абылай» спектаклі аталды.
7. «Актерлік дуэт» атты қонақкәделік ықылас Өзбекстаннан келген Ферғана облыстық мемлекеттік  орыс драма театрының Э.Ассудың «Крутые виражи» комедиясындағы актерлік  жұп Пьер – Анвар Абдуллаев және Джульеттаны орындаушы – Ольга Бурмичке бұйырды.
Аталған жүйріктер мен қонақтардың бәріне де «Тұңғышбай әл-Тарази Таразға шақырады» халықаралық фестивалінің алтын жалатқан Абылай хан мен Эдип патша рөлдері кейіптелген эмблема-кубогі табыс етілді.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір