Бала көрерменді қуантқан фестиваль
03.12.2024
263
2

Сексен тоғызыншы жаңа маусымын ашқан Мемлекет­тік қуыршақ театры Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жуырда ІІ Халықаралық «Almaty puppet festival-2024» өткізді. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – халықаралық шығармашылық байланыстарды нығайту және бүгінгі қуыршақ театрларының даму тенденцияларын анықтау еді. Он бір мемлекет­тен, атап айт­қанда, Қытай, Түркия, Грузия, Өзбекстан, Әзербайжан, Башқұртстан, Чехия, Болгария, Польша, Ресей және Қазақ­станнан 15 спектакль қатысып, өзара бақ сынасты.

Фестиваль шымылдығы Башқұрт мемлекет­тік қуыршақ театрының «Алты сезім» ат­ты қойылымымен ашылды. Режиссерлер Надежда Беззубова мен Александр Верхоземский қуыршақ өнерінде енді ғана қалыптасып келе жатқан жаңашыл шешімдерді батыл қолданады. Айдары айтып тұрғандай, спектакль адамның барлық сезімдерін оятуға бағыт­талған. Әдет­тегі спектакль­дерді көрермен тек сырт­тай ғана бақыласа, мұнда, керісінше, көруші адам оқиғаның тікелей қатысушысына айналды. «Иммерсивтік театрдың» бір түрі ретінде қабылданатын бұл қойылым тамашалаушылардың шығармашылық қиялдарын оята отырып, иіс сезу, сипап білу, дәм сезу, есту мен көру және түйсікпен қабылдау сынды сезімдердің белсенділігін арт­тыруды көздеген. Қойылым театр фойесіндегі кіріспе көріністен басталады. Артистер театрға жиналғандардан көзін жұмып тұруды өтініп, айналасында естіліп жатқан дыбыстарға құлақ түруге шақырды. Сол сәт­те әртүрлі иістер, ванилин қосып пісірген балғын тоқаш пен раушан гүлінің хош иісі аңқып кетеді. Осындай әрекет­терімен артистер спектакльді қалай қабылдау керегін алдын ала түсіндіргендей болды. Бұдан ке­йін қойы­лым тура сахнаның үстіне жайғасқан көрерменнің қатысуымен ары қарай жалғасып, негізгі оқиға кішкентай ертегі кейіпкері – Хемулдың басынан өткен хикаяларды баяндауға ұласады. Артистер балалардың қиял әлемін кеңейтуге көп еңбек еткен. Олардың барлық алты сезімін іске қостыру мақсатында кейіпкерлердің басынан өткен думанды оқиғаларды сан алуан дыбыстар (орманның іші, үкінің үні т.б.) әртүрлі иістер (кофе, гүлдің иістері), тәт­ті конфет­тер мен су тамшылары (су себетін құмырадан шашыратады), самал жел (кәдімгі ауа желдеткіштерді қолданады) арқылы жеткізеді. Шат-шадыман көңіл күй сыйлаған бұл жарқын қойылым көрерменнің есінде ұзақ сақталары сөзсіз. Қойылымның ерекшелігі сол, жұмулы көзбен отырып-ақ не болып жатқанын шынайы көргендей қабылдайсың, яғни сезінесің. Осындай әдіспен қойылымды әдет­тегі көрерменге ғана емес, есту және көру қабілетінен айырылған жарымжан адамдарға, инклюзивті тұлғаларға да көрсетуге әдбен болады екен. Башқұрт өнерпаздарының ізденісі осы жағынан қызықты да ілгерлі болды.
Түркия атынан қатысқан «Темпо» қуыршақ театры фестивальда «Дәудің бақшасында» ат­ты қойылымын ұсынды. Зат­тық театр бағытында қойылған спектакль кәдімгі қолшатырлармен безендірілген. Әртүрлі пішінді, үлкенді-кішілі көлемдегі қолшатырлар оқиға өтетін алаңды, яғни дәудің әсем гүлдер мен бұла тоғайы майысқан бау-бақшасының бейнесін толықтай жеткізіп бере алды. Қуыршақшы Марина және Халюк Юджелердің кішкентай көрерменмен жұмыс жасау шеберлігі таңғалдырады. Бір сағат­тың ішінде олар балалармен көңілді ән салып, асыр сала би билеп, қиялдағы «қармен» де атысып үлгерді де, бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Фестивальдың ажарын ашып, сәні мен мәнін кіргізген туынды Алматы қаласының Мемлекет­тік қуыршақ театры көрсеткен көрнекті орыс жазушысы Николай Гогольдің «Шекпен» драмасы болды. Ұжым байқаудан тыс өнер көрсет­ті. «Кішкентай адам» тақырыбын заманауи көркем формада жеткізе білген бұл туынды режиссер Николаз Сабашвилидің жетекшілігімен сахналанған. Қазіргі қоғамның әлеумет­тік мәселелерін, атап айт­қанда, қарапайым кеңсе қызметкеріне жасалатын психологиялық қысымдар, буллинг, газлайтинг т.б. мәселелер қойылымда өткір көрсетілген. Адамның ішкі жан дүниесі емес, оның сыртқы киім-кешегі мен шен-шекпені бағаланып, әлеумет­тік мансабын құрмет­тейтін қазіргі қоғамның бейнесін қойылымнан көре алдық. Актерлік құрамның шебер ойыны нәтижесінде, «Шекпен» әлеумет­тік ортадағы адам мәртебесінің белгісі деңге­йіне көтеріліп, драматург ойын көркемдікпен жеткізді. Көпмағыналы астарға бай сценографиялық шешімімен, үздік актерлік орындауымен ерекшеленген туынды өнер ұжымының заманауи театр тенденциялары толқынында жүргенін тағы да бір мәрте дәлелдеді.
Қарағанды облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрының жанынан құрылған қуыршақ труппасы ашылғандарына екі жыл ғана толғанына қарамастан, халықаралық бәйгеге тағы да жолдама алыпты. «Әли баба және қырық қарақшы» ат­ты Шығыс ертегісін көрсеткен қарағандылықтар спектакльді қуыршақ театрының озық дәстүрлерінде жасаған. Әсем әуен, көркем биге құрылған музыкалық ертегі күрделі қуыршақтар жүйесіне негізделгендіктен жас өнерпаздарға көп жауапкершілік арты. Оқиғалар легі жіті өрбіп, уақиға орны тез алмаса беретіндіктен, актерлер қойылымның ырғақ-екіпінін бағындыра алмай, кібіртіктеп қалысты. Кейіпкерлердің үндік-дауыстық ерекшеліктерін табуда әлі де талай-талай ізденістер керек-ақ. Қуыршақтарды жүргізуде тәжірибенің аздығы көрер көзге байқалып тұрды. Алайда труппа актерлері талмай еңбектенсе, болашақта талай шығармашылық биіктерді алатынына күмән жоқ. 
Өзбекстаннан келген Ферғана мемлекет­тік қуыршақ театры неміс ертекшісі Ханс Кристиан Андерсонның «Ұсқынсыз үйрек» қойылымын көрсет­ті. Бала күнімізден жете таныс бұл ертегі терең философияға толы екенін баяндап жатудың өзі артық. Кішкентай ұсқынсыз балапанның тағдыры – балалық базарынан ажыраған балдырғанның бейнесін елестетері хақ. Қазіргі тілмен сөйлесек, туындының мотивациялық астары қуат­ты. Алайда ферғаналық ұжым ертегінің айтар ойына емес, негізгі оқиғаларды иллюстрациялап көрсетуді ғана мақсат тұтыпты. Режиссер Сергей Седухин көлеңкелі театр тәсілін дұрыс тап­қанымен өз идеясын ашуда кәдесіне жарата алмапты. Біз оқиғаға көгілдір балапанның көзімен қарап, оның қоршаған ортасымен, аула құстары және үй жануарларымен танысамыз. Спектакль барысында жыл мезгілдерінің ауысып, жаз көшіп, күз келгенде жел соғып, оның соңы жаңбырға ұласқанын сеземіз. Көрікті сахналық көріністер қатары көп кез­дескенімен, қойылымның негізгі тартысы ашылмай қалғаны өкінішті. Көз жауын алып, көңіл баурап тұрған сиқырлы сурет­тердің бір идеяға бағынып, тұтас бір ойды баяндап берсе, спектакльдің көркемдік құндылығы арта түсер еді.
Астана қаласы әкімдігінің қуыршақ театры еліміздің көрнекті жазушы-драматургі Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» драмасын әкеліпті. «Ұлт­тық жарақатымыздың» бейнесіне айналған Семей полигонының зардаптары мен халық қасіреті туралы баяндайтын бұл шығарманың өзектілігіне ешкім күмән келтірмейді. Халық үшін қажет­ті, маңызды тақырып. Спектакль режиссері Құралай Ешмұратова кемтарлықтың қамытын киген полигон құрбандарының белгісі – Ләйлә мен Болтайды қуыршақпен шешкен. Қалған кейіпкерлер жанды планда ойнайды. Бұл арқылы режиссер кей кез­дері мүгедек адамның дені сау жандардың қолындағы қуыршағына айналып кететінін де жеткізеді. Алайда қойылымды тамашалаған кез­де қуыршақ кейіпкерлер жанды пландағы драмалық ойынға қарағанда, тасада қалып қойғандай әсер ет­ті. Спектакль жас көрерменнің балаң түйсігіне күрделірек, бірақ ересектер аудиториясы қызығушылықпен қабылдайды деген ойдамыз.
Қытай мемлекетінің Гонконг аумақтық «Sky bird puppet group» компаниясының Фейпенг қуыршақ труппасы «Қытай дәстүрі» ат­ты қойылымды әкеліпті. Кәсіпқой өнерпаз Чун Фей Ченг таяқшалы, ішекті және қол қуыршақтарымен өнер көрсетіп, өзінің хас шебер екенін паш ет­ті. Қолды-аяққа тұрмайтын цирк мешінінің күлкілі қимылдары, Пекин операсы әншісінің арияны шырқауы және қол қуыршақтарымен ұрыс өнері – семсерлесуді шынайылықпен орындап беруі оның күн демей, түн демей ұзақ бейнет­тенгенінің жемісі екені түсінікті. Қол қимылдарындағы дәлдік пен әсемдік және кейіпкер әрекетін соңына де­йін тыңғылықты аяқтауы, асқан ептілігі оның шеберлік палитрасының бір сипаты ғана. Сиқыр тәсілдерін өнер көрсету барысына тиімді қолданған ол, көрерменді таңғалдыра отырып, қуанышқа да батырады. Қуыршақтарды қозғалтуға арналған сандаған үлбіреген жіптерді (ішектерді) шатастырып алмай, көз ілеспес жылдамдықпен қимылдатқан шебер кейіпкерлерімен бітеқайнасып, бүтін ағзадай өмір кешеді. Бұл ойынды көне дәуірлерден сарқыт­тай сақталып жеткен қытай мәдениетінің бір көрінісі деп түсіндік. Театр сахнасынан гөрі көшедегі ойын-сауық, той-думанда жарқырай түсетін қуыршақтар шоуы ешкімді бей-жай қалдырмады.
Ресейдің Челябинск қаласынан келген «Скарабей» балаларға арналған көлеңкелі театры орыс халық ертегісі «Ал қызыл гүлді» көрсет­ті. Режиссері – Сергей Черепанов. Талай-талай театр­дың репертуарынан өз орнын алған бұл ертегіні әркім жатқа білетініне шүбәміз жоқ. Оны қалай жаңалап сахналар екен деген екіұшты ойдың жетегінде болғанымыз да рас. Алайда қуыршақшылар ертегіні заманауи көрерменге бүгінгілік астармен жеткізіпті. Шырғалаң мен шытырманға толы махаббат оқиғасындағы жалмауыз кемпір мен орман иесі т.б. сынды фольклорлық кейіпкерлерді қайта жаңғыртып, заманауи театр тілімен, ирониялық оқшаулану арқылы сөйлеткені де оқылып тұр. Көлеңкелі театр үлгісінде жасалған спектакль жанрдың тазалығымен, орындаушылардың кейіпкер бейнесін сомдаудағы шеберлігімен ерекшеленіп, театрдың шығармашылық мол ізденісінен хабар беріп жат­ты. Қуыршақ-силуэт­тер оқиғаға сәйкес әдемі жасалғандықтан қойылымның көркемдік-эстетикалық идеясының жарқырай жетуіне еңбек еткен. Қорыта айт­қанда, балалардың ұғымына жеңіл, айтар ойы анық спектакльді тамашалай алдық.
Польшаның Варшава қаласынан келген «Бай» театры бұл фестивальға екінші мәрте қатысып отыр. Былтырғы фестивальға «бэйби театр» бағытындағы қойылым әкелсе, бұл жолы сөзсіз орындалатын «Скрипкашы қыз» спектаклін ұсыныпты. Бізге шынайы өмір мен қиялдың арасында шекарасы байқалмайтын қойылымның айтар ойы мен идеясын түсіну қиынға түсті. Режиссер мұнда жанрларды ғана араластырып қоймай, режиссерлік әдіс-тәсілдерді де көркемдік талғамсыз, екшеусіз қолданғанын байқадық. Қуыршақты ойнату жағынан да актерлер көп қиындыққа тап болған. Театр заманауи формамен, озық компьютерлік техникамен жұмыс жасай алатын қабілетін көрсеткенмен, спектакль «пішін – пішін үшін» аясында қалғанын баса айтар едік.
Грузиядан келген Боржоми мемлекет­тік қуыршақ театры халық жазушысы Нодар Думбадзенің «Гудули ата мен кішкентай Уча» ат­ты драмасын (режиссері – Дмитрий Хвтисиашвили) көрсет­ті. Резо Габриадзе сынды біртуар суреткер қуыршақшы шыққан грузиндердің дәстүрлі қуыршақтары әлемге де кеңінен танымал. Сондықтан олардың қойылымын асқан қызығушылықпен күткеніміз рас. Грузиндік өнерпаздар бар сенімімізді ақтады. Байыппен баяндалған ауыл қариясы Гудулидің соңғы сапарға ат­танар алдындағы сағат­тарын көрсететін туынды өмірдің өткінші екенін тағы бір мәрте еске салып, «қолыңнан келгенше жақсы дәурен сүр, мәңгілік ештеңе жоқ» деген ойды алға тартып, бір сәт адам ғұмырының мәні туралы толғануға шақырады. Спектакльдің көркемдік деңге­йінің жоғары шығуы екі аспектіден байқалады. Біріншісі – қуыршақтардың әсемділігі мен тартымдылығы. Олар ойнатуға ыңғайлы әрі көркем жасалған. Екіншіден, қуыршақтардың тәптіштеп тұрып, анықтылықпен жасалатын шынайы қимыл-қозғалысы, кейіпкер іс-әрекет­терінің нақтылығы амалсыз көзді баурады. Сахнада қайнап жатқан тіршілік, өмірдің өзінен алынғандай әсер береді. Спектакльдегі ұлт­тық бояуы қанық саздың сүйемелдеуімен орындалатын баяндау желісі мен қуыршақтардың әрекеті өзара үйлесім тауып, көркемдік тұтастыққа қол жеткізген. Драмадан естен кетпес әсер алғанымызды жасыра алмаймыз.
Болгарияның София қаласынан келген «Senju» театр бірлестігі 2018 жылы құрылған екен. Олар жапондық ертегі «Самурай қызы» ат­ты қойылыммен фестивальға қатысты. Қойылымда қуыршақ тәсілінің екі түрі қолданылады. Марио­нетка қуыршағы мен көлеңкелі театр әдістері бірін-бірі толықтырып тұр. Режиссер «көне жапон ертегісі арқылы адамның ары мен намысын сақтауы, қандай қиындыққа кез­дессе де өзіне деген сенімін жоғалтпай алға қойған мақсатына жете білуі қажет» деген идея­ны жеткізеді. Өнерпаздар марионетка қуыршақтарын тамаша жүргізеді. Қуыршақтардың костюмдері де тамаша жасалған. Жапонның ұлт­тық нақышымен әсем безендірілген киімдері көздің жауын алады. Бірақ қойылымды көріп отырғанда жапон аңызын емес, болгарлықтардың дүниесін көргендей күйге түсесің. Жапон мәдениеті мен болмысына жат қылықтар, айқайлап, ашық дауыспен сөйлеу, үлкенге ізет сынды ұлт мәдениетіне тән ерекшеліктер назардан мүлде тыс қалған. Осылайша, баяндалған оқиғаның көркем стилистикасы шешімін таппағаны байқалды.
Әзербайжанның Гянджа мемлекет­тік қуыршақ театры әкелген «Ана қаз» спектаклі халық ақыны Расул Резаның осы ат­тас поэмасы негізінде қойылған. Бір бөлімнен тұратын балалар қойы­лымының авторы – театрдың бас режиссері Шамиль Мамедли. Ол қаз бейнесін адам бойы қуыршақ ретінде шешіп, артистерге қаз костюмін кигізген. Бұл жерде қаз – аллегориялық бейне екені түсінікті. Ал ана-қаз күллі ақ жаулықты аналардың символы деп қабылданады. Айрандай ұйып отырған отбасының өз мүшелерінен айырылуы ана-қазды қат­ты қамықтырып, ол балапандарының кегін қайтару жолында ерлікпен мерт болады. Қаздар отбасы – кішкентай мемлекет моделі десек, драма өз боздақтарынан айырылып жатқан халықтың зарын кім тыңдайды деген идеяны көтереді. Қаздардың қимылдары, жұптасып билеуі, қанат қағып, самғауы т.б. сынды қозғалыстар режиссер тарапынан әдемі табылған, алайда драмалық тартыс тұстарында киімдердегі қанат­тар актерлерді «тұсап» тастағандай болып, еркіндік бермейді. Сонымен қатар хореографиялық би элемент­терінің жиі қайталануы кейде оқиғаның дамуын тежегендей әсер берді. Жинақтай айт­қанда, халық санасында қайта жаңғырған қаһармандық дастанның сахналық нұсқасы көркемдік биікті бағындыра алмады.
Жезқазған қаласындағы Серке Қожамқұлов атындағы Музыкалық-драма театрының қуыршақ труппасы Камат Қасеновтің «Арманшылдар» драмасын көрсет­ті. Режиссер Жанболат Каменов балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан жасөспірімдер жайындағы оқиғаның әлеумет­тік астарына үңіліпті. Басты кейіпкерлер Батырбек пен Ақылбек бейнесі қуыршақтар арқылы да, тірі планда да орындалады. Тастанды балалардың тағдыры әрқашан қоғамды алаңдататынын өзекті мәселе десек, қойылымның негізгі идеясы – өскелең жастар өз ұрпақтарының алдында үлкен жауапкершілік барын сезіну керек деген ойды меңзейді. Актерлердің қуыршаққа жан бітіруде тәжірибелері мол екенін байқадық. Әсіресе Батырбек – Мейіржан Төлегенов пен Ақылбек – Думан Әбілтаевтің кейіпкер бейнесін жасаудағы ізденістерін атап айтуға тұрарлық. Бірақ қойылымда шынайы өмір көріністері, балалардың қиындықпен бетпе-бет келу сәт­тері толыққанды ашылмайды. Музыкалық қатарды қолдануда да мәселелер бары байқалып тұрды. Дегенмен театрдың қуыршақ өнері арқылы әлеумет­тік мәселелерге көңіл аудартудағы ізденістері құптарлық.
Фестивальда ең соңғы болып өнер көрсеткен Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театры көрермен назарына «Жомарт ағаш» ат­ты қойылымын ұсынды. Оны қазақ­стандық қуыршақ театрының жаңа бағыт­тағы ізденістерінің көрсеткіші болған спектакль деп айта аламыз. Себебі режиссер Антон Зайцев актердің өзін қуыршақ ретінде көрсетеді. «Адамның басы – Алланың добы» дегенге көңіл аударсақ, әр пенденің ғұмыры, оның өмірлік таңдаулары пешенесіне жазылған дейміз, яғни адам да белгілі бір мөлшерде Жаратқанның қолындағы қуыршақ іспет­ті. Осы тараптан актер-кейіпкерді қуыршақ ретінде қарастырған режиссер спектакльді күрделі философиялық ойға құрған. Әрбір пендеге тән «алғанның үстіне ала берсем» деген ашкөздік пен қанағатсыздықты заманауи қуыршақ өнерінің тілімен жеткізеді. Спектакль­дегі символдар жүйесі күрделі, ол театрлық-семиотикалық дискурсты кестелейді. Қойылым суретшісі Әсия Құрманалинаның жұмысын ерекше атап өткен жөн. Сахнадағы ұстамды сценографиялық шешім – арқандар арқылы жасасалған тамырын тереңге тартқан Жомарт ағаштың бейнесі. Ал Жомарт ағаш – планетамыздың, басқаша айтсақ, табиғат­тың символы. Табиғат адамға бойындағы барлық игілікті беріп жатыр. Тұнық ауа, су мен жер, жасыл желек пен жануарлар әлемі ғана емес, жер қойнауындағы қазба байлықтар да, аспандағы тіршілік иелері де адамға қызмет етеді. Алайда жұмырбасты пенденің тойымсыздығы Жер-ананың қуатын сорып, құрдымға әкеле жатыр деген идеяны жеткізеді режиссер. Актерлік құрам осы идеяны мықтап түсініп, өз функцияларын мінсіз орындайды. Спектакльдің көркемдік ерекшеліктерін, жетістіктерін ұзағынан талдай беруге болады, десе де жинақтай айтсақ, жалпыадамзат­тық мәселе – табиғат пен адамзат арасындағы нәзік үндестіктің бұзылуына көңіл аудартқан туынды терең мағынасымен жас көрерменнің көңіліне ұялағаны сөзсіз.
Қатысушылар уақытының текке кетпей, өте пайдалы өтуін дұрыс ойластырған фестиваль ұйымдастырушылары қуыршақшылардың шеберлігін шыңдау үшін арнайы мастер кластарын ұйымдастырды. Грузиндік режиссер Николаз Сабашвили, астаналық режиссер, Мемлекет­тік қуыршақ театрының негізін салушы Құралай Ешмұратова мен Чехиядан арнайы келген қуыршақшы шебер, режиссер әрі актер, «Алтын маска» жүлдесінің иегері Евгений Ибрагимовтің мастер кластары қатысушыларға тәжірибелерімен бөлісіп, олардан үйренуге мол мүмкіндік сыйлады.
Фестивальдың қорытындысы бойын­ша, «Үздік спектакль» аталымында Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театрының «Жомарт ағаш» спектаклі, «Үздік режиссер» аталымында «Гудули ата мен кішкентай Уча» қойылымы, «Үздік актерлік ансамбль» аталымында «Скарабей» балаларға арналған көлеңкелі театр­ының «Ал қызыл гүл» ертегісі, «Шеберлігі мен адалдығы үшін» аталымында «Дәудің бақшасында» қойылымындағы Халюк Юдже, «Жаңашыл көзқарас» аталымында Башқұрт мемлекет­тік қуыршақ театрының «Алты сезім» қойылымы жеңіске жет­ті. Қатысушы театрларға арнайы дипломдар мен алғысхат­тар берілді.
Халықаралық деңгейде екінші мәрте өткізілген «Almaty puppet festival-2024» өзінің мақсаты мен міндет­терін толыққанды орындап шықты. Әр ұжым өз бағыт-бағдарын бағамдап, ізденіс көзін межелеп тарқасты. Аталған фестивальды ұйымдастырған Алматы қаласының әкімдігіне айтар алғысымыз шексіз. Болашақта бұл фестиваль Алматы қаласының өнер брендіне айналады деген сеніміміз мол.

Меруерт ЖАҚСЫЛЫҚОВА,
театртанушы

ПІКІРЛЕР2
Аноним 04.12.2024 | 13:38

Жақсы жазылыпты, айқара бетке шығыпты. М. Жақсылыққа және әдебиет ұжымына рахмет.

Аноним 06.12.2024 | 22:03

Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры жасай берсін. Рақмет

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір