Жас қаламгерлер не жазып жүр?
01.03.2022
2069
0

Әдеби үдеріс ешқашан тоқтамайды. «Құлдық қызметін қалтқысыз орындайтын таңдаулылар» (С.Цвейк) үнемі ізденіс үстінде, жаңа шығарманы ойланып жүреді. Әсіресе, жастар! Жас қаламгерлерден «Не жазып жүрсіз, не оқып жүрсіз?» деп сұрап көрген едік.

 

Арман ӘДІЛБЕК, ақын

 АДАМ ЖАДЫДАН ҚҰРАЛАДЫ

«Сері жәйлі афсанадан» кейін аздап демалдым. Қазір бір әңгіменің аяғына шығып қалдым. Баяу жазылып жатыр. Жалпы маған бүгіннің трагедияларының өткенмен, өткен дәуірдің санаға, оның ішінде әлеуметтік санаға, әлеуметтік бейсанаға салған жарақаттар арасындағы байланыстар жәйлі ойлану, зерделеу жақын. Мен үшін адам жадыдан құралады. Қоғам да, халық та, тұтастай алып қарасақ, солай. Оның үстіне жады мен шындықтың арасындағы күрделі қатынастар бар. Осылайша өзіме көп жауап табамын. Әңгіменің нақты өң-түсін айтудан қашып отырмын. Қазірше аяқталмауы немесе сәтсіз шықса суырмаға түсіп кетуі де әбден мүмкін ғой.

Жазу адамы түгілі басқа сала адамы үшін де ізденіс – ертеңге қор жинау. Ол тоқтаса уақыттың өзі тоқтап қалуы мүмкін. Кей адамдарға уақыттың шамадан тыс баяу немесе тез өтуін өзімше осы себептермен байланыстырамын.

Қазір қолымда замандас ақын-жазушылардың жинақтары бар. Оларды байыптап отыру маған көмектесетініне сенемін. Сосын, Стивен Кингтің «Сол. Өткеннің елесі» романын кеше ғана көтеріп келгем. Парақтай бастадым. Автор – «хоррор жанрының патшасы» атанып үлгерген кісі. Әлдене алатын шығармын деп үміттенемін. Мен үшін кітап оқудың бірнеше қызығының ішінде бірегейі – жазу стильімен ұғынысу.

 

Тұрсынбек БАШАР, ақын

ОҚУ «АЗАБЫНАН» ҚҰТЫЛА АЛМАЙСЫҢ

Баяғыда, қаламгер ағалардың: «жас кезде уақыт көп. Сондықтан көп оқып, ізденіп қалыңдар» деген сөзіне аса көп құлақ аса қойған жоқ едік. Соның «зардабын» енді тартып жатырмыз (Қазір де қартайған түгіміз жоқ). Мына дәуірде классика оқимын деген адамға Чеховтан оңтайлысы жоқ сияқты. Әрине, оқу «азабынан» құтыла алмайсың. Күн сайын мыңдаған ақпарат, жүздеген қызықты дерек мені оқы деп тұрады. Оның үстіне өзің жақсы көретін, Мағауин, Исабеков сияқты сүйікті жазушыларыңа шөлдеген ат суатқа қалай жүгіріп келсе, сол сияқты араға апта салып ол кісілерге «жүгіріп» баратыным бар.

Дәл қазір «өзім оқиын» деп, ден қойып кіріскен екі кітап: бірі  Исигуроның «Жоғалтып алма сен мені» романы, екіншісі Шарлотта Бронтенің «Джен Эйр» шығармасы. Бірін сатып алғасын оқып тастайын деп шештім, екіншісі жұмысыма байланысты қайталап оқуға тура келіп тұр.

Бұрын бір жазушыдан «не жазып жүрсіз?» деп сұрағанда: «Бас жазып жүрмін!» деп әзілге айналдырған екен. Сол жазушы айтпақшы қазір «бас жазудан» басқаға жарамай тұрмыз. Бір жағынан «жазбауға мүмкіндігің қалмаған кезде ғана жаз» деген қағиданы ұстанамын. Жалпы, өте сирек жазатын адаммын.

 

Айдын БАЙЫС, ақын

АЗ ЖАЗУ – БІЗДІҢ БУЫННЫҢ ЖАМАН ҚАСИЕТІ

Ізденістің жүйелі болғаны дұрыс екен. Осы жағынан өзімді тәрбиелеп жүрмін. Бірақ, қазір қарқыным қатты деп өтірік айтпай-ақ қояйын.

Классикалық орыс прозасына ден қойдым. Пришвин, Бунин мектебіне жататын Паустовский, Казаковтарды. Бұлардың кітаптарын табу қиын екен. Біреуін Алматыдан, екіншісін Мәскеуден алдырдым.

Дегенмен жазбағалы көп болды. Жалпы, аз жазу – біздің буынның жаман қасиеті. Кейінгі жазғандарым – орыс әдебиетіндегі «тихая поэзия» үлгілерінен және түрік ақыны Жүніс Емренің өлеңдеріне жасаған аудармаларым ғана.

 

Жәудір НАРТАЙ, жазушы

…ОЛАЙ ІСТЕСЕҢ, АШТАН ҚАТАСЫҢ!

Бастап қойып, аяқтай алмай жүрген бір қатар шығармаларым бар, соңғы ауысқан жұмысым ақпарат саласымен тығыз байланысты болғандықтан, кейде шығармашылыққа уақытым болма бермейді. Сол кезде өзімнің жазусыз, оқусыз, ізденіссіз өтіп жатқан жастық жылдарыма қатты жаным ашиды. Бар потенциялымды жазуға жұмсағым-ақ келеді, бірақ біздің қоғамда олай істесең аштан қатасың. Оның үстіне затың қыз болса, мұныңды тіпті кешпейді…

Қазір тек автобустың ішінде келе жатып ғана электронды кітаптар оқимын. Соңғы оқыған кітаптарым Тұрысбек Саукетаев, Тынымбай Нұрмағанбетов, Амангелді Кеңшілікұлының кітаптары болды. Әсіресе, А.Кеңшілікұлының «Әлем әдебиетінің әңгімелері» кітабынан мол мағұлмат, білім жинақтағандай болдым. Өйткені менің әлі күнге өзімді толыққанды әдебиеттің адамы сезіне алмайтын комплекстерім бар. Ал А.Кеңшілікұлының кітаптары сол комплекстерімнен арылуға көмектескендей болды. Мейлінше шетел әдебиетін көбірек оқығым келеді, Холед Хоссейниді шығармашылығы қызықтырып жүр, жапон, орыс, түрік әдебиеттерін зерттей оқығым келеді.

Көлемді шығарма жазуды ойлап жүрмін, санамда бірнеше идеялар қалқып жүр, оны қашан жазатыным тағы белгісіз. Кейде қаламымның да ойымның да бұдан да ересек тартатын уақытын күтетін сияқтымын. Ақпарат саласына жұтылып кетпейін деп, қолым қалт еткенде шығармаларымды үстінен бір қарап күзеп отырамын, бұрынғыдай ыстық-суығы басылмай жатып жариялай салу деген әдетті қойдым. Ел сияқты сарымайдай сақтап, байқауға ұсынуды мен де үйрене бастағандаймын.

 

Марлен ҒИЛЫМХАН, ақын

ЖИІ ЖАЗУҒА ТЫРЫСАМЫН

Мен өлеңді барынша жиі жазуға тырысамын. Жазып та жүрмін. Бұлыңғырлықтан, түсініксіздіктен, небір фантастикалық сюжеттерден арылып, жан құбылыстарын таза қалпыңда қағазға түсіру – басты мақсат.

Қазіргі уақытта қазақ әдебиетіне баса назар аударудамын. Біз ең әуелі санамызға төл әдебиетімізді сіңіруіміз керек. Әрине, ара-тұра әлем классикасын да оқимын. Әдеби кітаптармен ғана шектелмей, басқа да салаларға ден қойып, өзім қызығушылық танытқан тақырыптар егжей-тегжейлі талқыланған жинақтарды да парақтауға құмармын. 

Күніне кем дегенде 1-2 сағатты оңашада ойлануға, кітап оқуға, жазуға арнаймын. Адам жанының тереңіне үңілгім келеді.

Сауалнама жүргізген Мадина Сенбайқызы,

Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ студенті

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір