ҚАРЫНДАС ЖҰРТТЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ – ҚАЛАМГЕРЛЕР
05.07.2024
108
0

Түркия – Қазақстанның ең маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі. Бауырлас қос мемлекеттің рухани байланысының мәні орасан. Түркі елдерінің мәдени одақтастығын, ортақ мақсат-мұратын жүзеге асыруда ТҮРКСОЙ ынтымақтастық ұйымының орны ерекше. Апта басында белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов бастаған делегация Түркияға іссапармен барып, бірқатар жиындарға қатысты.

 Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сайт Юсуф Қазақ­стан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкеновті арнайы қабылдады. Төраға бастаған делегацияда Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары Ғалым
Қалибекұлы мен кеңесшілері – Әміржан Қосанов және Қанат Сәнік болды.
Қабылдауда сөз бастаған Сайт Юсуф Қазақстан Жазушылар одағы басшысын қонақ ету үлкен мәртебе екенін жеткізді.
– Сіздерді ТҮРКСОЙ шаңырағында қонақ ету – бүкіл Қазақстан жазушыларын, әдебиет майталмандарын күтумен тең. Қош келдіңіздер! Сөзімді бастамас бұрын сіздерді биылғы жылдың соңына қарай Түрікменстанда өтетін ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының дәстүрлі кеңес отырысына шақырамын. Ол жерде түркі мемлекеттері Жазушылар одағының Төрағалары болады. Ұсыныс-тілектеріңіз болса, сол жерде талқыланады. Ал одан кейінгі 2025 жылы Түркі әлемінің мәдени астанасы Ақтауда өтетін басқосуымызды сіздермен бірлесіп ұйымдастыратын боламыз, – деді ол талап-тілектерді тыңдауға дайын екенін білдіріп.


Түркі әлемі жазушыларын насихат­тап, таныту жолында өзгеше ой қозғаған Мереке Құлкенов: «Мәселен, түркі әлемі жазушыларының ішінде «Нобель» сыйлығын Орхан Памук қана алды. Оның кітаптары бірнеше тілге аударылды. Сол үшін де танымал. Осы іспеттес көптеген талантты жазушыларымыз бар. Солардың кітаптарын түрлі тілдерге тәржімаласақ, бірнеше «Орхан Памукты» шығара аламыз. Қазақстандағы жазушылардың туындысын түрік тіліне, ал Түркиядағы жазушылардың шығармасын қазақшаға аударсақ, сол кезде ғана бір-біріміздің әдебиетіміз, мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден хабардар болып, жақыннан тани түсеміз», – деп сабақтады сөзін.
Одақ Төрағасының бұл тұжырымын қос қолдап құптайтынын айтқан Сайт Юсуф: «30-35 жасқа дейінгі жастардың арасында арнайы тақырып беріп, оларға белгілі бір бағытта шығарма жазғызуға болады. Не болмаса, өздерінің дайын туындысынан да дода ұйымдастыра аламыз. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлық беріп әрі кітабын тәржімалап, жарыққа шығаруға болады», – дей келе, түркітілдес елдердегі жас жазушылар арасында жарыс өткізуді ұсынды.
Екі жарым сағатқа созылған кездесу барысында екіжақты көптеген жобалар ұсынылып, жан-жақты талқыланды. Сайт Юсуф қонақтардың қабылдауға келгеніне алғыс білдіріп, ақ жол тіледі.
Бұл басқосудан кейін делегация Анкара әлеуметтік ғылымдар университетінің ректоры, Түркия Жазушылар одағының Төрағасы Мұса Казым Арыжанның қабылдауында болды. Басқосуда Анкара әлеуметтік ғылымдар университеті мен Қазақстан Жазушылар одағы және Түркия Жазушылар одағы арасындағы екі меморандумға қол қойылды. Меморандумда екіжақты іс-шараларды ұйымдастыру шарттары мен жайлары көрсетілген. Мұса Казым Арыжан мұндай меморандумға алғаш қол қойып отырғанын және Қазақстанмен ортақ жоспарлар құрғанына өте қуанышты екенін атап өтті.
– Біз дәл қазір Қазақстан Жазушылар одағымен үлкен құжатқа қол қойдық. Осыдан кейін Қазақстандағы жазушылар, әдебиетшілер, зерттеушілер және университеттермен жұмыс жүргізер болсақ, Қазақстан Жазушылар одағымен байланыса отырып ұйымдастырамыз. Алда істелетін шаруа шаш етектен. Түркі әлемі үшін бірлесіп, көптеген жұмыс жүргізетін боламыз. Мен өте қуа­ныштымын. Сәттілік тілеймін! Рахмет сіздерге! – деп М.К.Арыжан бауырлас елге деген құрметінің шексіз екенін айтты.
Мұса Казым Арыжан сондай-ақ басқосу өтіп жатқан шаңырақтың маңыздылығына тоқталды.


– Бұл киелі қара шаңырақ – сонау Түркия Республикасы құрылған шақтағы лидеріміз Мұстафа Кемал Ататүріктің министрлердің басын қосқан киелі ордасы. Алғашқы министрлер үйі десек болады. Дәл қазір сіздер Түркияның жүрегі – Анкарада, Анкараның жүрегі – Ұлыс ауданындасыздар. Бұл – республикамыз құрылған жылдары мәжілістердің орналасқан, ел үшін маңызды шешімдер қабылданған жер. Сол үшін де сіздерді осы қарашаңырақта қабылдауды жөн көрдім. Біз үшін сіздерді осында күту – үлкен мәртебе, – деген ол проректордан бастап, Түркия Жазушылар одағының мүшелерімен таныстырды.
Мереке Құлкенов те орынбасары Ғ.Қалибекұлын, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының кеңесшілері – Ә.Қосанов пен Қ.Сәнікті таныстырып өтті. Шара соңында арнайы сыйлықтар таратылып, басқосуға жиналғандар естелікке суретке түсті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір