Сіз не жазып жүрсіз?..
24.12.2022
1144
0

Күнтізбенің жаңа беттері ашылар сәт жақындап келеді. Жыл соңында әр адам өткеніне барлау жасап, жыл бойы атқарған жұмыстарына іштей есеп беретіні анық. Осы орайда, қаламгерлерге, әдебиет, мәдениет, ғылым өкілдеріне хабарласып: «Өтіп бара жатқан жылда не жаздыңыз? Не жазып жүрсіз? Қандай жұмыстар атқардыңыз? Алда қандай жоспарларыңыз бар?» – деген сұрақтарды қойып көрген едік. 

Үнемі прозаны сағынып жүремін

Роза МҰҚАНОВА, жазушы: 

Өтіп бара жатқан 2022 барыс жылына өкпе жоқ. Спектакльдерім жүріп жатыр, кітаптарым шығып жатыр. Ел аман, жұрт тыныш, бауырым бүтін. Бұл жылға алғыстан басқа айта қояр уәж болмаса керек.
«Тикитон» сараптамасы бойынша, республика театрларының ішінде көрерменнің ең көп көрген спектаклі – «Бопай ханым» екен. Мамыр айында «Бопай ханым» ақтық финалдан оза шауып, мәреге жетті. Халықтың, көпшілік көрерменнің ықыласы. Астанада екінші жыл «Бопай ханым» спектаклі аншлагпен жүріп жатыр. Бұл – Қалибек Қуанышбаев театрының, труппа актерларының да үлкен еңбегінің жеңісі.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов «Абай әлем» сериясының шығарылымына мұрындық болды. Аталмыш сериямен «Бопай ханым», «Фолиант» баспасынан «Сарра» драматургиялық шығармаларым жарық көрді. Сонымен қатар Астанадағы инклюзивты театр жаңа мау­сымын «Қызжылаған» («Мәңгілік бала бейне») спектаклімен ашты. Талантты жас режиссер Абзалбек Максимнің ерекше қойылымымен қараша айында премьера өтті. Осы спектакльге БҰҰ-ның Қазақстандағы басшысы Микаэла Фриберг-Стори арнайы келді. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, дипломаттар корпусы, Сыртқы істер министрлігінің орынбасары Қайрат Омар ерекше ықыластарын білдірді.
Мен үшін үлкен бір оқиға – «Мәңгілік бала бейненің» жазылуына арқау болған кейіпкер Ләйләнің прототипі Еңлікпен тұңғыш кездесуім. Мәңгілік бала кейіптегі Еңлік қазір 45 жасқа келіпті. Театр Семейден Еңлік қызды арнайы шақырған екен. Көрерменнің жүрек толқытар олжасы спектакльді Ләйлә-Еңлікпен бірге көруі болды. Спектакль қалың көпшіліктің сұрауымен «Бейбітшілік және келісім сарайында» көрермен ризашылығына бөленді. Бұл қойылым алдағы жылы Германия, Швеция елдеріне шақырту алып отыр. «Мазмұндама» баспасы «Мәңгілік бала бейненің» алғашқы шығарылымының толық тарап кеткенін, қосымша төрт мың данамен жарық көргенін хабардар етті. Бұл да баспагерлердің тарапынан автордың шығармасына деген құрмет, насихат деп білемін.
Әр жанрдың өз табиғаты, ерекшелігі бар. Кейде драматургияға сыйдыра алмайтын оқиға прозаға арқау болады. Кейде прозадан гөрі ыңғайлы, шымыр сюжет драматургияға бәс тігіп шыға келеді. Дегенмен прозаға сұранып, жетіліп тұрған дүние де аз емес. Әдебиетке алғаш әңгіме жанрымен келгендіктен үнемі прозаны сағынып жүремін. «Үркек керімді» жазғаныма аттай он жыл болып кетіпті. Жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев ағамның маған телефон соғып: «Роза, «Үркек керімдей» он әңгіме жазшы, болды! Классиксің! Басқа ештеңе жазбасаң да болады» дегеніне сенер-сенбесімді білмей қалып едім. Уақыт тым тез, мен сияқты сылбыр адам бұратылып көп жүреді. Жазатын дүниемнің арасына – әбден пісіп-жетілуіне он жыл салып отырады екенмін. Бұл – ұзақ процесс. Көркемсөзді әдіптеп үйренген адам прозадан кетпеуге тырысып бағады. Прозаның тынысы кең. Таза ауаны сіміріп, жұта бергендей күй кешесің. Драматургия ондай «қанағатсыздыққа» суреткер мүмкіндігін шектейді, адымыңды аша берсең, өз аяғыңа өзің шалынып құлап түсесің. Өлшемге бағындырып қояды. Расын айтқанда, қазығын айналған аттай прозаға айналып бір соққым келеді, сағыныш бар…
Кейінгі кезде прозаны журналистиканың тілі жаулап бара жатқандай. Прозадағы Тәкен Әлімқұловтың көркем тілі еріксіз сағындырады. Сөздің жаны, әуені, шырқауы, интонациясы оқырманның жүрек ритмімен үндесіп отыратын, құштарлыққа икемдеп алатын суреткер тұлғасын сағынамын.
Жақында «Айбоз» конкурсына түскен екі шығармаға ерекше назар аудардым. Ұнаттым! «Шымқайқара» (әңгіме), «Шах-Мұхамет» (драматургия). Өкінішке қарай, бұл екі шығарма да бәйгеден қағылып қалыпты. «Мата даңқымен біз өтедінің» кейпін кимеу керек. Бұл әдебиетке жараспайды. Автор жазған шығармасы арқылы, талантымен танылады. Оңай жол емес, соқтықпалы-соқпақты жол! Жазу оңай емес, оқырман азайған біздің дәуірде шығармаңмен танылу да оңайға соқпайды. Шығармаға қиянат жасау – әдебиетке жасалған қиянат.

Әдебиеттің әңгімесі әлеуметтік желіден түспеуі керек

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК, жазушы
Мақтана алмай отыр едім, мақтануға себеп тауып бердіңіздер. Мен үшін биыл жыл жанры – эссе болды. Жыл басында «Қазаққа өлең деген бір қадірсіз» атты эссе жаздым. Оны газеттен бөлек, сайтта төрт жарым мыңдай адам оқыды. Бұл – қазіргі уақытта әдеби эссе үшін жақсы көрсеткіш. Бүгінгі поэзия деңгейін Абай өлеңдерімен өлшедім. Осымен Абай өлеңдері туралы бес-алты эссе жаздым. Ақындарымыздың жетістігі мен кемшілігін Абай өлеңдері арқылы көрсеттім. Ашық пікірталасқа бардым. Қоғамдық ойға біршама қозғау салдым. Бәрі де әлеуметтік желіде жақсы оқылды. Соңғы кезде өлең табиғаты туралы жаңа бағыттағы дүниелер жазуға ден қойып жүрмін. «Жын мен ақын», «Өлеңнің серті кетіп, дерті қалса», «Үшінші тармақтың үрметі», «Өсу мен өшудің арасы екі-ақ тармақ», тағы да басқа эсселерім соған куә. Міне, жыл соңында «Өлең екі тумайды» атты эссемді аяқтап, газетке беріп, жариялануын күтіп отырмын. Шыққан бетте әлеуметтік желіге саламын. Жақында ғана «Азат Сүлеев пен Олжас Сүлейменовтің аңызы» деген эссе жарияладым. Мұның бәрі – «Қыш Адам» атты кітабымдағы «Тораңғы мен Тұрсынжан», «Аңыз Шерхан», «Аңыз Мұхтар Мағауин» сияқты он екі эс­семнің жалғасы. Алдағы жылы баспадан шығатын «Қалам ұшындағы миф» атты кітабымда: «Мағауин мифі», «Тәкен жазған аштық», «Қажығұмар һәм «Қылмыс», «Қажығұмар: ол кім, қандай адам?», «Әбді-Жамил: ол кім, қандай адам?», «Асқар Сүлейменовке оралу», «Таласбек пен «Талтүс», «Миссия» секілді оншақты эссем бар. Одан басқа «Соңғы қисса», «Аштықтағы сұмдық туралы туынды», «Бейкүнә Бердібек», «Құланның ажалында не құпия бар?», «Сөз сиқырынан «Фантом-дертке» дейін» тәріздес біраз эссем жеке жинаққа топталды.
Қазір бір қызық жайт қалыптасты. Көркем шығармаң газетте талданбаса, әлеуметтік желіде талданады. «Көкжалдар» атты романыма әлеуметтік желіде көп пікір айтылды. Қоғам ауысқан кездегі әке мен баланың бір-бірінен бас тартуы туралы күрделі сюжетке құрылған. Жалпы, әдебиеттегі «алпысыншы жылғылардың» қозғалысы бір бөлек. Олардың балаларына да соның әсері болған. Бірақ балалар арандап кете ме деп ашық айта алмаған. Сотқар деп, мектептен мектепке қуып, ондай балалардан құтылуға асыққан. Мақатаев пен Жәкібаевтың ғана емес, басқа да зиялылардың балалары сондай тағдырды бастан кешкен. Ол кейінгі уақытқа дейін жалғасып келді. «Көкжалдар» романында осы жайында жаздым. Сәуле Әбілдаханқызы: «Кино түсірсеңіздер, осыны түсіріңіздер», – деп әңгіме бастап берді. Меніңше, бұл да жақсы. Әдебиеттің әңгімесі әлеуметтік желіден түспеуі керек.
Келер жылы «Жазушы мен тарихшы» атты романым («Қалам ұшындағы миф») жарыққа шығады. Бұл романымды шартты түрде Бексұлтан Нұржекеұлы мен Мәмбет Қойгелдіге арнадым. Осыдан-ақ қандай интригасы бар екенін көруіңізге болады. Газеттен бір үзіндісін оқыған Жұмабай Шаштайұлы: «Үлкен дүние келе жатыр екен», – деп еді. Сол үдеден шығуға күш салдық. Әйтеуір, керексіз дүние жазғамыз жоқ деп сенемін. Бір сағат, елу төрт минуттық «Мұқағали» көркем фильмі де биыл шетелден бір жылда он сыйлық, соның ішінде екі Гран-При алып келгені де көңілімізді көтеріп тастады. Бір сөзбен айтқанда, өз жарнамам өзімде деп жүріп жатқан жай бар. Құдай бәрімізге қуат берсін! Жаратқан Алла тәуелсіздігімізден айыр­масын! Қандай қызмет етсек те, тәуелсіздікке қызмет етеміз!

Жемісті жыл болды

Айгүл ІСІМАҚОВА,
әдебиеттанушы, ғалым:
Жалпы, бұл жыл жемісті болды. Ұлт Ұстазы А.Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай ұйымдастырылған конференциялардың бәріне қатыстым: шет елдерден бастап, Семей қаласындағы оқу орындарына дейін оффлайн, онлайн форматта дәрістер бердім. Ұзын саны 65 дәріс болды. Әлемдік деңгейдегі түркологтар Ұлт ұстазының факсимилесін көруге құштар екенін аңғардым. Ахмет Байтұрсынұлының тұңғыш 5 томдық академиялық толық шығармалар жинағы баспада дайын тұр: қаржы тек қаңтарда түсетіндіктен әзірге шықпады.
Алаш қайраткерінің 10 томдық электронды жинағын М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты сайтына кітап шыққанда енгіземіз. Академиялық жинаққа қойылған шарттарға сай, 5 томдық хронологияны сақтап, тұңғыш рет жарыққа шығады. Бұл басылымда ғылыми түсініктемелер де академиялық тиянақтылықпен берілді. Ұлт ұстазының көзі тірісінде және біз шығарған басылымдарда кеткен техникалық ақаулар жөнделді.
Шетелдік ғалымдардың ұсынысымен Алаш әдебиеттануы бастаған 3 кітабым түрік және ағылшын тілдеріне аударылуда: бұған ғылыми қажеттілік бар екеніне көзім жетті.
Келесі жылы Абайдың заманауи дискурсы деген жаңа курсты қолға аламын деген жоспарым бар.

Біраз ізденіс жасап көріппін: кейбірі сәтті, кейбірі сәтсіз

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ, ақын 

2022 жылға жоспарларым өте көп еді. Бірақ жыл аяқталғанда есеп беріп отырып, өзіме еш көңілім толатын емес. Соңғы рет кітабым 2017 жылдың желтоқсан айында жарық көрді. Биыл бір баспа: «Әзірлеп беріңіз», – деген соң бес жыл жазған өлеңдерімді іріктеп едім, 10 баспа табақтай болды. Дегенмен кітап шықпады, шығуы да неғайбыл сияқты. Сондықтан келесі жылға туралаймыз, не болса да.
Өлеңдерімде мұң, нала, реніш, уайым көп. Өлең жарықтық адамның жаны жадау тартқанда ғана іздейтіні несі екен? Десе де біраз ізденістер жасап көріппін: кейбірі сәтті, кейбірі сәтсіз.
Жыл басында жамбасымызды орындыққа шегелеп қоятындай шабыттанып едік, нәтижесі нөлге таяу. Қыркүйек айында «Рейтинг қуған қарғалар» деген әңгімем «Үркер» журналына жарияланды. Он жыл бойы жазылған дүниеге ұқсамайды, тым сылдыр сияқты. Журналға шыққан соң да біраз жерін өзгертіп, өңдеп, қайтадан қаттап қойдым.
Сөйте отырып, өзімді ақтап алатыныма да таңым бар. Жыл басынан бері үш кітап аудардым. Жанбағыстың бір формасы осы енді. Жас жазушы Зәуре Төреханның «Әмина Тұранның көшпенділер еліне саяхаты» фэнтези-романын аудара отырып, өзіміздің бұл жанр үшін ескіріп қалғанымызды мойындадым. Жастар көбірек тәуекел етуге тиіс сияқты. Зәуренің қиялы өте ұшқыр, күтпеген бұрылыстары көп. Қазіргі заман тілімен айтсақ, өте мобиль­ді шығарма. Балаларға сөзсіз ұнайды. «Steppe&World» баспасы тез арада шығарып, қазір «Меломан» сөрелеріне қойып қойды.
Юрий Почепцов деген автордың «Ақыл-ой ақыл-ойға қалай әсер етеді?» деген кітабы қазақ қоғамына өте қажет екен. Өткен жылы алғанмын, биыл жыл орталап барып қана аяқтай алдым. Алдында кім аударғанын білмеймін, бірақ қазақ тіліне аямай қиянат жасап бағыпты. Бастан-аяқ қайта аударуға тура келді. Шығып, тарап жатса, біраз адамның көзін ашатын жақсы сараптама кітап.
«Мазмұндама» тапсырған Эзоптың мысалдарын сүйсіне аудардым. Ол да айналымға түссе, біздегі мысал жанрының біраз шаруасы жүйеленіп қалатын сияқты. Өйткені өзіміздікі деп Эзекеңнің біраз дүниесін иеленіп жүр екенбіз. Қысқасы, өзімнің жеке шығармашылығыма қатысты ойдағы істің ширегін де бітіре алмай, жылды өкіне аяқтап отырған жайым бар.
Биыл анашым өмірден өтті… Қанша жаста болсаң да қиын екен… Әлі серпіле алмай жүрген сияқтымын.

Санкт-Петербургтің президент кітапханасынан елге қатысты 76 құжат алдық

Ғазиза ҚҰДАЙБЕРГЕН, Ұлттық
академиялық кітапхананың басшысы
Кеше қолыма бір сүйікті жазу­шымның жаңа кітабы түсті. Әп-сәтте жүз бетін оқып тастадым. Сосын, отырып әдемі күй кештім. Кітап оқи алатын дағдым бар, қандай бақыттымын деп. Жалпы кітап оқу да, оқырман болу да қабілеттен. Бірақ оны қалыптастыруға болады.
Одан кейін «жыл аяқталыпты, не істедік, енді не жоспар?» деген сияқты ойды қуалап кеттім.
Менің салам кітапханаға ғой. Бүкіл мәдениеттің тоғысатын жері. Ілім-білімнің ордасы. Әдебиеттің қайнаған жері. Барлық жоспар, әлбетте, осы ортаны дамытуға құрылады.
Жалпы, әлем бойынша кітапханалардың бағыты бір. Ол – қор жасақтау, оқырманға ыңғайлы орын қалыптастыру, оқу мәдениетін көтеру. Осы орайда биыл да біраз шаруаны еңсердік. Оқырман көбейді, әсіресе жастар көп. Ілім іздеген. Ары қарай да оқырманға жайлы орын, бай қор ұсынуға еңбек етеміз.
Әлем бойынша осы салада не өзгеріс, қандай жаңалық деп ақпарат сүзіп отырамын. Биыл үш елде болдым. Кітапханаларымен таныстым. Өзбекстанның ұлттық кітапханасындағы жастар легі таңғалдырды. Күш білімде екенін ұғыныпты. Беларусьтің жиырма үш қабатты ұлттық кітапханасына тамсандық. Мәскеудің бас кітапханасында болдық. Одан бөлек, желі арқылы Мельбурнның жаңа кітап­ханасымен таныстық, олар да кітапхана ішінде тіпті галерея, телестудияға дейін ашыпты. Франциядағы ұлттық кітапхана жөндеуден кейін үлкен өзгерістермен ашылыпты. Қытайдың әр қаласында бес, жеті қабатты, тіпті төбесінде бассейні бар кітапханалар ашылып жатыр екен. Әлем кітапханаға әбден ден қойыпты.
Биылғы өткен республикалық «Kitaptime» фестивалі аса жаңалық болмаса да кітапханаға оқырман тарту­ға, өнер адамдарының бір-бірімен танысуына, жалпы қала жұртшылығына жақсы әсер етті. Бір күнде еліміздің жүзге тарта кітапханасында ұйымдастырылған фестиваль келесі жылы да жалғасын табады деп отырмыз.
Кітапхана, кітапханашы мәселелері соңғы кезде жиі көтеріліп жүр ғой. Ол – осы салаға сұраныс бар деген сөз. Айтпақшы, биыл тұңғыш рет үкімет қаулысымен «Кітапханашылар күні» белгіленді. Мамандық мәртебесін арт­тыратын күн болды.
Бірнеше оқырман клубтары ашылды. Оқырманы көбейді. Кітапқа сұраныс күрт артты десе болады. Көрмелер өтті. Халықаралық шаралар, кездесулер өз кезегінде өтіп жатты.
Жыл қорытындысын жасап, еліміздің әр өңірінен жас мамандарды жинадық. Біліктілігін арттыруға септестік.
Кітапхананың жаңа келбетінің жобасын жасап қойдық. Бұйырса, ол да болады.
Кітапхана қорын халықаралық стандартқа сай етуге жоспар жасап, қазақ­стандық электронды кітапхананың модификациясын жалғастырамыз. Басты жаңалық Санкт-Петербургтің президент кітапханасынан елге қатысты жетпіс алты түрлі құжаттың электронды нұсқасын алдық. Сирек қор бойынша каталог дайындасақ, жалпы, ғылым кітапханада да жасалуы керек екеніне көз жетті.
«Әр оқырман – менің жалғызым» дейтін бір сөзім бар. Оқырман кітапханада ғана емес үйде, мектепте болуы керек.

Оқырманымды ренжіткім келмейді

Құлтөлеу МҰҚАШ,
Халықаралық «Алаш»
сыйлығының лауреаты, жазушы

Бүкіл адамзатқа тән ­– ғұмырдың мәні, табиғаттағы пенде баласы мен осынау тірліктегі антитеза, өмір мен өлім, он сегіз мың ғаламның заңдылықтары, Жаратушы жайындағы «мәңгілік» сауалдар бізді де толғандырады. Осылардың ішінде кісіні кез келген жаста тебірентетін махаббат тақырыбы шығар. Сол секілді, ағайындар арасындағы опасыздық, яки жақын адамыңның сатқындығы, арсыздық, аярлық дегендей жәйттер… Жалпы алғанда, дүниедегі сан алуан адамгершілік-этикалық, философиялық, әлеуметтік мәселелер мазаламай қойсын ба?
Ілгеріде үлкен жазушыларымыздың бірі әдебиетті «Адамтану ілімі» дегені бар еді. Күнделікті тұрмысымыздағы әлгіндей қым-қуыт драмалық көріністерді оқырман қиялын қанат­тандыратындай тұтас поэтикалық дүниетанымға, биік те жарқын сезімге ұластыруға ұмтыласың. Сөйтіп, қаһарман болмысының қалтарыстарын ашуға, замандастарыңды ойландырып, оның жан әлемін нұрландыруға талаптанасың. Төңіректегі талайдан бас қатырған «жұмбақтары» жауабын табуға жәрдемдесесің….
Менің де кейіпкерлерім ұмсынған үйлесіміне шақша басын тауға да тасқа соғып, көп күйзеліп, қателесе жүріп, тағдырдың небір бұралаң бұрылыстары мен қатерлі асуларынан өтіп барып жақындай түсетін сияқтанады. Бұлар «жоқ іздеген» сонау «тар жол, тайғақ кешу» сәтінде іштей өз-өзімен арпалы­су­ы­мен тынбай, арагідік басқалармен де тартысады, қызылкеңірдек болып дауласады, тіпті жаға жыртысады…
Айтпақшы таяуда кей қаламгер жолдастарым мені: «Е-е, ол ылғи өзінің біреулермен төбелескені туралы жазады» деп мысқылдапты. Әлдебір әңгімедегі сондай суретті тіксіне қабылдаған секілді.
Мен де күлдім. «Әлі күнге де­йін баяғы үлгілі пионерлік мінезден айни алмаған бауырларыма төбелес тақырыбы антисоветчина болып көрінген-ау!» дедім. Орыс жазушысы Виктория Токареваның әріптес інісі Захар Прилепиннің шығармасына қатысты: «Оның осындай машығы бар секілді. Қаламгер мұндай тәжірибесін ортаға салмағанда қайтеді! Әттең, менің төбелестен хабарым жоқ. Әйтпесе мен де жазар едім» дегені есіме түсті. (Токарева В. «Моя философия – перо и бумага». «Baltkom» радиосы. 25.10.2016).
Расында да, жазушы не нәрсе туралы қалам тербесе де, өзі жіті сезініп, жан-жүрегінен өткізген дүние ғана жақсы жазылмай ма…
Сол сияқты бала кезімнен өз ата-бабаларымның өмір сырына құмартыппын. Балғын шақтан толғандырған сұрақтардың жауабын арада ұзақ жылдар өткенде тауып отыратының да қызық. Сондағы кейбір қым-қиғаш шиеленіскен тартыстарға қарап, адамзат ғұмырындағы арпалыстар мәніне бойлау үшін Америкаға немесе Жапонияға барудың қажет емес екенін түйсінесің. Жаға ұстататын небір қияпат күрес ертеден-ақ алақандай ауыл арасында да жүріп жатқан көрінеді.
Әлгі оқиғалардың жалғасы да әсерлендіреді ғой. Сонау тартыстың аяғы кейінгі ұрпақ арасына да сабақтастасатыны таңырқатады. Бәлкім, өмір осынысымен де қызықты шығар…
Кейінде «Әлем… Әдебиеттегі әлемдік деңгей» дегенді жиі айтамыз. Біз де аспаннан түскен халық емеспіз, сол әлемнің бір бөлшегіміз. Тіпті дүние жүзі тарихында қазақтың бәсі кейбір айдарынан жел ескен елдерден биік тұратынын аңдайсың. Айталық, үш ғасыр бойы Еуразияны еркін жайлап, осынау аумақтағы елдердің тарихында айрықша орын алатын Алтын Орда империясының әлемдегі өзге құрылықтарға ықпалына көз жүгіртсек, талай жәйтке қаныға бастамаймыз ба? Мың өліп, мың тірілген тағдыры күрделі халқымыздың рухы әлі де атойлап тұрғаны содан шығар.
Төрткүл дүниенің Қазақ елін тани бастағалы да талай уақыт өтті. Әсіресе спортта, музыкада шоқтығымыз биік.
Мұндайда осыдан екі жылдай бұрын YouTube сайтында біздің өнерпаздар туралы сөз өрбіткен көпшілікке танымал юморист Максим Галкин мен әнші Григорий Лепстің өзара сұхбаты ойға оралады:
– Бізде қазақтардан сескенетін салт бар, – деп сөзін жалғады жүргізуші.
– Иә, біз бәріміз де қазақтардан қорқамыз. Бұл, шынында да, солай. Мен… тіпті айтарға сөз таппаймын, – деп іліп әкетті Лепс.
– Анығында, қазақтардан қорқу керектігін білмеген жалғыз мен шығармын, – деді күліп Галкин.
– Енді, міне, білетін болдың. Сақтана бер!..
Ол әңгіме дәл осындай ауанда жалғасқан еді.
Бажайлап қарасақ, бұлар сонда тек әншілерді ғана айтып отырған жоқ-ты. Мәселен, өз басым шағында Совет Армиясы қатарында қызмет еткен Лепстің күллі Қазақ табиғатының, тылсым Қазақ жанының алдында таңырқайтынын аңдағандай болдым.
Осы тақылеттес әңгіме енді қазақтың әдебиеті саласына қатысты айтыла бастаса деп қиялдайсың…
Әйткемен, бұл тұрғыда көбіне қоңылтақситынымды айтқым келер еді.
Баяғыда, анығырағы, бұдан жиырма жылдай бұрын атақты ақын Өтежан Нұрғалиевпен әңгімелескенімді ойлаймын. Ол сұхбатымыз «Өзге түгілі өзімді де ұнатпай­мын» деп аталыпты («Қазақ әдебие­ті», 25.05.2001).
Сол айтқандай, өзіме көңілім толмайтын жайттар менде де бар екен. Бүгінге дейін бірқатар кітаптарым жарық көріпті, ірілі-ұсақты біраз нәрсені меңгерген де сияқтанамын; алайда, бәрібір, көбіне далақтап текке жүріп, қыруар уақытты босқа жібергендей, өз-өзімді онша жаратпайтын жайларым жетерлік.
Әрине, шығармашылық ісі – өте күрделі үдеріс. Жазушыға үстел мен оңашалық қана керек десек те, тірлікте қол байлап, тоқырауға түсіретін түрлі кедергі кездесіп бағады. Одан соң уақыт өткен сайын өз-өзіңе деген талабың күшеймекші. Іркілесің. Кейінде аздап бет алыңқыраған желбуаз сөзден, жалаң пафостан қашасың. Әрине, мұнсыз да болмас; дегенмен, өмір шындығынан алшақтамауға тырысу керек шығар-ау. Атақты актер Леонид Броневой: «Талант дегеніміз ­– шекті білу» дейді. Осыны ескерсек дейсің. Әйтеуір, қалай болғанда да, өзіңе сенген оқырманды құрметтеуге тиістісің.
Бекер кеткен есіл уақыт ішіңді ашытады-ақ. Мұндайда Шыңғыс Айтматовтың: «Прозашының ұзақ жасауы маңызды. Шеберлік тек жылдар өте келе қалыптасады, ол даналық, кемелдік кезеңіне өтуге тиісті» деген уәжін еске түсіріп, өз-өзіңді жұбатасың.
Осы орайда арагідік жазудан тежейтін өзге де кездер болатынын айта кетсем…
Қаламнан туған нәрсемнің кейбірі арада белгілі уақыт өткенде шындыққа айналатынын байқап жүремін. Мысалы, студент шақта жазылған «Айлық жалақыдан кейін» деп аталатын әңгімеде тракторшы жігіттің екі оқушы ұлының жайы баяндалады. Соңынан осы отбасындағы жайттар ішінара өз басымда қайталанды. Екі балам өмірге келді. Кейін сонау қос кейіпкердің бірінің аты немереме қойылды…
Сол секілді осы кезеңде туған «Ию-қию дүние» шығармасы «Менің ұядай ғана бір бөлмелі пәтерімде бірталай жылдан бері тірнектеп жинап жүрген кітаптарымнан өзге кісі қызығарлықтай мүлік жоқ» деп басталған-ды. Арада жиырма жылдан аса уақыт өткенде бір бөлмелі үйде кілең кітаптың ортасында жалғыз тұрдым… Негізінен өз тағдырыма қатысты «АҚШ-қа көз тиген күндерде» деген дүниедегі жайттар да тірлікте дәл келді. Осы мемлекеттегі жекелген қалаларды топан су алған жағдайлар белгілі.
Армия қатарында жүргенде НАТО блогы әскерлерімен он екі шақырым ғана аралықта қатар отырып қызмет еткенбіз. Әскери даярлық сабақтарында солардың зенитшілерінің жаттығулары туралы фильмдерді көріп, үнемі қарсылас жақтың құпияларына үңілдік. Мұндағы жалдамалы әскер тәртібімен жүрген көпшілігі «қараторы» жігіттердің әбжілдігі еріксіз мойындататын. Сонда командирлеріміз:
– Міне, көрдіңдер ме?! Ал сендер бұлардың ширегіне де татымайсыңдар! – деп қайрайтын-ды.
Алғашқы алты айда учебкада жүрген өңкей «шикі» жауынгер көзіміз жәутеңдеп, әлгілердің қимыл-әрекетіне үрейлене қарап отырамыз. Бұлардың бірқатары Вьетнам соғысының аяқ жағына ілігіп, қан майданда шыңдалған шеберлер еді. Тіпті, кілең баскесер десе дәлірек келетін осыларды көріп: «Мейлі, әскер қатарында үш жыл, керек болса, төрт жыл жүрейік, бірақ елге аман-есен қайтсақ екен!» – деп түршігесің…
Кейін біртіндеп біз де белгілі полигондарда күні-түні жаттығып, озық техниканы игеріп әбден ысылғаннан кейін: «Шіркін, әлгілер тиіссе! Әкесін танытып, көкесіне көрістіретін!» деп құшырланып жүрер едік. Міне, АҚШ әскерлерімен бәсекелестік содан бері қалып қойған сияқты. Өз өміріме қатысты әлгі әңгімеге де осындай әсерлердің ықпалы тигендей. (Бірақ бертініректе осы шығарманы азырақ дамытуға тура келді. Себебі, кейін ондағы «егіз» сауда үйінің жермен жексен болғаны аян. Кейбір кейіпкерімді тура сол жағдай қатты күйзелтті. Оқиға өмірден алынған еді)…
Тізе берсе, осы тақылеттес өзге де сәйкестіктер біраз кездесті. Оның бәрін ежіктей бермеуді жөн көремін. Сондай-ақ қазір де көкейде көп сақталған түрлі оқиғалар бар. Бірақ сөздің заттанатын заңдылығын байқап, аңдап сөйлеу қажеттігін түйсінгендіктен бе, соны шетінен бас салып жаза жөнелуден тартынамын. Мұндайда екі оттың ортасында қалғандай, кәдімгіше қиналасың, қорқасоқтап, қолың жүрмейді.
Осындай ахуал өзге де қаламдас ағайын­ның тәжірибесінде кездесетіні анық. Бірақ әркім өз құпиясын ортаға салуға құмарта қоймас. Ал мен өз үстелімнен аз-кем сыр бөліскен сәтте осынау жағдайды жасырмауды ұйғардым.
Әлбетте, шығарманың кеудеде ұзақ піскені жақсы. Дәл бүгіндері алты-жеті әңгіме, екі-үш хикаят, бір-екі романның сюжеті түртпектеп, мазалап жүрген жайы бар… Бұларды игеруге ғұмыр жетсе…
Жыл аяғына дейін әжептәуір көлемді екі кітабым жарық көрмекші. (Баспа құпиясы ретінде олардың аттарын атамай-ақ қояйын)…
Яғни, бұл жыл өзім үшін аса жеміссіз болған жоқ…
Сондай-ақ биыл Қазақстан Жазушылар одағы бастамасымен өткен талай-талай іс-шараның куәсіміз. Көптеген әріптестеріміз лайықты атақтарын алып, сый-сыяпатқа бөленіп жатыр. Соның бәрі бүкіл қаламгер қауымға жұғысты болса деген тілек қосар едім.

Арман көп, дәрмен неге жетерін уақыт көрсетер

Есбол НҰРАХМЕТ, жазушы
2022 жыл әлем үшін, посткеңестік елдер үшін тым ауыр жыл болды десек, қателеспейтін шығармыз. Жыл басы Қаңтар оқиғасымен басталды, одан әрі көршіміз – Ресей Украинаға басып кірді. Осы оқиғалардың бәрі де еңсемізді қатты түсірді. Айналамыз қаулаған өрт сынды, оның бізді де шарпымасына ешқандай кепілдік жоқ. Осындай алаң күйде жүріп шығармашылықпен айналысу деген де қиын, екінші жағынан, осындай көңілден тек тоқтаусыз шығармашылық құтқарады. Менде екі жағдай да болды. Әуелі ауыр күндер, кейін тынымсыз жұмысқа жегілген күндер өтті. Нақты айтар болсам, биыл әдебиеттен сәл ауытқып, деректі фильм түсіру жұмысына біраз атсалыстым. «Көмбе. Жоғалған байлықты іздеу» атты біраз жылдан бері ойда тоқып жүрген деректі фильмдер циклін «Хабар» телеарнасының қолдауымен, Нұрлан аға Өнербаевтың жүргізуімен эфирге ұсындық. Тұңғыш жоба болған соң қорқа-қорқа кірісіп, абыроймен аяқтадық. Әрине, қателік-кемшіліктен ада емес, бірақ үлкен тәжірибе, мектеп болды деп айта аламын. Алда осы бағытта тағы да жұмыс істейтін шығармыз деген ой бар.
Ал прозаға келер болсақ, бұл жылы шағын екі-үш новелла жаздым, біреуі ғана жарияланды, қалғанын жазып тастап қойдым. Бір шағын детектив жанрындағы повесть тұр. Оны аздап өңдеуден өткізген соң кітап етіп шығару жағын қарастырып көрермін деп отырмын. Ал қазір жаңа роман бастап жазып жатырмын. Фантастикалық роман. Осыдан жүз-жүз жиырма жыл өткен соңғы уақытты елестеткен, антиутопиялық роман. Адамзат ол шақта атом бомбасынан да, робот жасаудың да ең биігінен өтіп кеткен, адамзатты сақтаудың жаңа бір жолын тапқан. «Бірақ осы жол оңды ма, жоқ па? Одан басқа қандай гуманды қоғам жасай аламыз? Болашақты қалай қорғаймыз?» деген секілді сұрақтарға жауап іздейтін толғанысты тұстары да бар. Жалпы сюжеті, идеясы анық, тек жазуға уақыт керек. Шамамен, келе жатқан көктемге дейін аяқтасам деген жоспарым бар. Жоспардың қалай жүзеге асарын уақыт көрсетеді. Оның сыртында өткен 30 жылдық тарихты негіз еткен детектив жанрындағы бір көлемді шығарманы бастап қойып, жалғай алмай жүргеніме ұзақ болды. Дәл қазіргі шақты суреттейтін бір роман тек ойда ғана пісіп жатыр. Бұндай жазылмаған шығарма қаншама жазарманның миында жатқан шығар, тек жазуға жағдай жасалса, біздің елде қызғалдақтай қаулап қаншама роман өмірге келетінін ойлаудың өзі қуаныш. Қысқасы, арман көп, дәрмен неге жетерін уақыт көрсетер.

Бетті әзірлеген
Мөлдір Райымбекова

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір