Дейл Карнеги. Шешендік шеберліктің төрт шарты
25.02.2022
3540
0

1912 жылдан бастап бес жүз еркек пен әйел менің тәсілдерімді үйрететін шешендік курсқа қатысып жүрді. Олардың көбі оған не үшін қатысатындарын және алдарына қандай мақсат қойғандарын жазбаша түрде мәлімдеді. Әлбетте, өз ойын әркім өзінше түсіндіргенмен, түптеп келгенде, бәрінің діттегендері кісі таңқалғандай ұқсас болатын. Мынаған ден қойыңыз: жұрт алдында аспай-саспай, анық сөйлеу үшін адамның өз-өзіне сенімділігі мен батылдығын қалыптастыру соншалықты оңай-оспақ нәрсе емес, керек десеңіз, көпшілік пенденің «әй, соның несі бар?» деп ойлайтынынан он есе ауыр да мехнатты. Сондай-ақ мұны жеке адамдарға туабітті дарыған ерекше дарын деп те қарауға болмайды. Бұл дегеніңіз кәдімгі елеусіз көрінетін ойынға ұқсас. Егер ынта мол болса, кез-келген адам өз бойындағы көрінбей жатқан шешендік қабілетін оятып, шыңдап дамыта алары сөзсіз. Тынымсыз еңбек пен практика сізді жасқаншақтықтан құтқарып, сеніміңізді арттырып, батылдыққа жетелейтініне кәміл иланғайсыз. Тіпті өз ортасында бірте-бірте әбден шешен болып алғандардың да о баста үрейге бой алдырып, ұялшақтық, жасқаншақтық өткелінен өткенін ұмытпаңыз.

Марк Твен лекция оқу үшін кафедра мінбесіне тұңғыш көтерілген кезде өзін бейнебір аузына мақта тығып алғандай сезініп, тамыр соғысы әлдебір кубок үшін сайысқа түсетін адамша жиілеген.

Өз тұрғыластарының ішіндегі аса көрнекті саяси шешен, француздық Жан Жорес депутаттар палатасының мәжілісіне қатысқан бір жыл ішінде қашан өз-өзіне келіп, қалыпқа түсіп алғанша, алғашқы сөзін сөйлеуге батылы бармаған. Жұрт алдында көсіліп сөйлеу – мейлі, оған нәйәті оншақты еркек пен әйел қатысатын әдеттегі жиналыс бола берсін, – дәйім де жауапты іс болып есептеледі. Мұндайда ептеп те болса толқымау, қысылмау, лоблықпау әсте мүмкін емес.

Тіпті, Линкольннің өзі де сөз сөйлеген алғашқы сәттерде едәуір қобалжып, кібіртіктеген. «Әуелінде ол өте-мөте жайсызданатын, – деп куәлік етеді адвокаттық практика жөніндегі әріптесі Горидон, – жағдайға бейімделу ол үшін қарлы қаратаудай сезілетін. Біраз уақыт осылайша қобалжып, қорқумен арпалысамын деп, жағдайын онан сайын қиындататын. Оның мұндайын талай байқаған менің мистер Линкольнге жаным ашитын. Ал сөйлей бастаған кезде үні барлығып, даурығып, жағымсыз естілетін… Тек бірнеше минуттен соң ғана өзін игеретін де, әдеттегі табиғилық, жылылық, ұстамдылығына көшіп, шын мәніндегі қалыпты сөзі басталатын».

Мұндай ахуал сіздің басыңызда да болуы ғажап емес, әрине. Ендеше, тез арада ауыздыға сөз бермес шешен болғыныз келеді екен, онда ол тілегіңіз орындалуы үшін сіз мынадай төрт шартты ұстана білуіңіз ләзім.

Бірінші: Сөйлейтін сөзді мақсатқа жетсем деген оймен, жігерлілікпен, табандылықпен бастаңыз.                                                            

Мұның маңызы сіз ойлағаннан гөрі әлдеқайда жоғары. Сондықтан  үлкен күш-жігермен үйренген үстіне үйрене түсіңіз. Оның пайдалы екенін есте сақтаңыз. Өз-өзіңізге сенімді болудың сіз үшін қаншалықты мәнді екенін, аудитория алдында жігерлі сөйлеу қабілетіңізді одан сайын жетілдіре түсудің тиімділігі хақында ойлаңыз. Сонда жаңадан дос-жарандар тауып, жеке басыңыздың қадір-қасиеті артып, ықпалыңыздың өсуі нәтижесінде басшылық лауазымға қолыңыз жетуі ықтималдығын есте ұстаңыз.

«Адамға табиғат сыйлаған қабілеттің ешқайсысы да, – дейді Чонси М.Депью, – кісіні жақсы сөйлей білудей көпке танытып, қызмет бабында тез өсуіне жағдай жасай алмайды». Филип Армордың миллионер болып алған соң: «Көрнекті капиталистен гөрі, атақты шешен болғанды қалар едім», – деуі де тегін болмаса керек. Шешендік – әрбір сауатты адамның ұмтылуына болатын өнер.

Екінші шарт: Не жайында сөйлегіңіз келетінін нақты білу керек.

Егер де адам сөйлейтін сөзін жан-жақты ойланып, іштей қорытып әрі не айтарын күнілгері айқын білмесе, онда ол тыңдаушылар алдында өзін еркін сезіне алмайды. Яғни бір соқырды жетелеген екінші соқырды еске түсіреді. Мұндай жағдайда біздің шешеніміз қатты қысылып, өзін айыпты санап, ауа жайылғаны үшін ұялуы керек.

«Мен 1881 жылы күзде өз штатымыздағы заң шығаратын мәжіліске мүшелікке сайланғанымда, – деп жазады «Өмірбаяндық» еңбегінде Тэдди Рузвельт, – осынау органның жас жағынан ең кішісі болдым. Барлық жас әрі тәжірибесіз қызметкерлер тәрізді мен үшін де сөйлеуге төселу өте-мөте қиын соқты. Міне, осындай шақта герцог Веллингтон мен өзге де зиялы ғұламалардың еңбегін жатқа соғатын мейлінше тісқаққан әрі жырынды, жасамыс жерлесімнің кеңесі айтарлықтай көмектесті. Ол кеңес мынадай: «Тек айтарың болса және оны өзің жақсы білсең ғана айт. Сөзіңді бітір де, орныңа отыр».

Үшінші шарт: Сенімді болыңыз.

Адамға сенімділік қажет. Кездейсоқ сенімнен айрылып, іштей сасқалақтап қалсаңыз, дереу өз-өзіңізді қолға алыңыз. Сезімтал, сергек көрінуге тырысыныз. Күш-жігеріңізді соған бағыттаңыз, күллі қимыл- қозғалыс, сөйлейтін сөзіңіз бақуат, тың адамдай болсын. Егер осылардан ештеңе шықпаса, онда сізге түк те жәрдемдесе алмайды.

Сондықтан да өзіңізді батыл сезінгіңіз келсе, онда шынында да батыл болыңыз, тастүйін боп, ерік-жігерді ширатыңыз, сонда, бәлкім, үрейден арылып, қайратыңыз артуы ықтимал. Бұл жерде профессор Джеймстің ақылын басшылыққа алу да теріс емес. Аудитория алдында адам өзін батыл ұстау үшін, ол өзін шынында да батылмын деп ойлауы жөн. Алдын-ала дайындықсыз болсаңыз, ол әрекеттерден ештеңе шықпасы онсыз да белгілі. Айтатын нәрсеңізді жақсы білсеңіз, орныңыздан кібіртіктемей тұрыңыз да, терең тыныстаңыз. Кеудені толтыра жұтқан ауа кісіні сергітіп, сенімді молайтады.

Барлық уақытта да адамдар – қай елдікі екеніне қарамай –  ұстамдылыққа, батылдыққа сүйенген. Сол үшін жүрегіңіздің лүпіл қаққанына қарамастан, саспай қимылдап, аяқты алға еркін басыңыз, жұрт алдында өзіңізді қалыпты ұстау жаныңызга жағатын адамдай тұрыңыз.

Бойыңызды тік ұстап, тыңдаушыларга тайсалмай қараңыз да, олардың бәрі бейнебір сізге ақша бересілі тәрізді рәуіште нық сөйлеңіз. Адамдар сізге қарыз ақшасын кейінірек беруді өтіну үшін жиналған екен деп ойлаңыз. Мұның сіз үшін психологиялық әсер-ықпалы мол болмақ.

Төртінші шарт: Шыныға беру, шыныға беру, шыныға беру.

Енді сізге ұсынғалы отырған төртінші шартымыздың мәні мейлінше зор екенін баса айтқымыз келеді. Тіпті, бұған дейін оқыған-тоқығандарыңыздың бәрін ұмытып қалғанның өзінде де, мынаны есте сактаңыз: сөзді асып-саспай, бүлдірмей сөйлеудің бірден-бір тәсілі – мүмкіндігінше көбірек сөйлеу. Бұл дегеніңіздің мағынасы, сайып келгенде, мынаған келіп тіреледі: шыныға беру, шыныға беру, шыныға беру ләзім. Онсыз нәтижеге жету мүмкін емес, негізгі шарт сол.

«Жұрт алдында сөйлеуге жаңадан кіріскендердің бәрі, – деп сақтандырады Рузвельт, – іштей толқып, асып-сасуы әбден ықтимал».

Тіпті, оған бой алдырмай тұра алмауы мүмкін. Бірақ   қобалжу мен жасқаншақтықтың екеуі – екі нәрсе, бір-бірімен шатастырмау қажет. Қоркыныш-үрей аңға шығып елік көрген немесе соғысқа алғаш қатысқандағыдай үлкен аудиторияда тұңғыш рет сөйлемек болғандардың бәрінде болуы ғажап емес. Бұл  жердегі адамға қажеті – батылдықтан  гөрі өз-өзін ұстай білу мен салқынқандылық. Ал бұған тек қана ұдайы шынығудың арқасында қол жеткізе аласыз.

«Үрей надандық пен өз-өзіне сенімсіздіктен туындайды», – деп жазады профессор Робинсон «Ақылдың қалыптасуы» деген кітабында. Басқаша айтқанда, үрей кісінің өз-өзіне деген сенімділіктің жетіспеуінен пайда болады. Ал  сындарлы өткелдерден қайыспай өтіп, тәжірибе молайғанда, қорқыныш-үрей жойылып, шілде айындағы күн сәулесі ыдыратқан тұмандай сап тиылады. Бір нәрсенің басы айқын: жүзуді үйрену үшін міндетті түрде суға түсу шарт.

Бұдан мынадай тұжырымдар шығады:

Маған курсқа қатысқан мыңдаған тыңдаушы шешендік өнерді не үшін үйренгісі келетінін және нендей мақсатка жетуді қалайтынын баяндап хаттар жазды. Бәрінің дерлік келтірген уәжі мен пайымдауы мынаған саяды: кез-келген аудитория алдына шыққанда қорқып-қобалжымастан, еркін ойлап, еркін сөйлеу, өзін жігерлі ұстау үшін не істеу керек, соның тәсілдерін білу.

– Мұндай қабілеттердің көзін ашу қиын емес және де ол біреу-міреуге табиғат сыйға тартқан ерекше дарын да емес. Бар болғаны, бұл әлдебір ойынға ұқсас, кез-келген адам – егер де ынтасы мол болса, ішкі күш-қуатын сарқа пайдалануы арқылы қолы жетуі әбден мүмкін нәрсе.

– Көптеген тәжірибелі шешендер жеке адаммен әңгімелескеннен гөрі, аудитория алдында кенен ойлап, керім сөйлейді. Тындаушының көп болуы оның шабытын асырып, желпініс береді.

– Жеке басыңыздағы жайларды елден ерек деп қалмаңыз. Шешендік өнерімен есімі белгілі болған көптеген адамдардың алғашында ұялшақтап, жасқанғаны сонша, тіпті аудитория алдына шыққан мезгілде қысылғаннан тәлтіректеп құлап қала жаздағандары да бар. Мәселен, Брайан, Жан Жорес. Ллойд Джордж, Чарлз Стюарт, Парнелл, Джон Брайт, Дизраэли, Шаридан және басқа да көптеген шешендер осындай жолдан өткен.

– Жұрт алдында сөйлеп, әдеттенгенге  қарамастан, алғашында кім-кімнің де аздап қысылып-қымтырылуы – қалыпты құбылыс. Бір сөйлей жөнелген соң, оның бәрі жөнін табады.  Мол тәжірибе жинақтасаңыз, қорқыныш өзі-ақ жоғалады.

Аударған Зәкір АСАБАЕВ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір