АЙМАҚ ТУРИЗМІН ДАМЫТУДЫҢ АЛҒЫ ШАРТЫ
Атырау облысы табиғи, мәдени және тарихи ресурстарын пайдалана отырып, туризмді дамытуға қолайлы өңір. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің аға оқытушысы, географ-ғалым Арман Жұмағазиев өңірдегі туризмді дамытудың мәселерін көтеріп жүрген белсенді азамат ретінде саланың ғылыми негіздемесін жасайтын уақыт жетті деген пікірін айтады.
– Атырау облысындағы жергілікті әкімдік туризмді іргелі түрде дамытуға жыл сайын қаражат бөліп, біраз жұмыс атқарып келеді. Осы саланың маманы ретінде өңірдегі туризмді қарқынды дамытуға не қажет деп санайсыз?
– Жалпы өңірде туризмді дамытуға қатысты жұмыстар қолға алынып жатыр. Алайда, бұл әрекеттердің ғылыми негіздемесі жоқ. Басты мәселе — Атырау облысындағы туризм бағыты аудандастырылмаған. Яғни, мұнайлы өңірдегі аталған саланы дамыту үшін географиялық орта қандай екенін анықтап алуымыз керек. Шөлейтті аймақтағы экологиялық ахуал мен туризмді дамытудың басты шарты экономикалық жағынан тиімдігін ғалымдардың қатысуымен ғылыми тұрғыда зерттеп, зерделеу қажет. Мәселен, Атырау өңірін төрт-бес ауданға бөлуге болады. Каспий теңізі жағалауы, Жайық өзенінің бойы, Кең Жылыой, Индер, Қызылқоға ауданы және Атырау қаласы тағы да басқа деп бөліп қарастыру қажет. Осы аймақтардағы нысандар жарамды ма, жарамсыз ба, ғалымдар нақты баға беруі тиіс. Осылай жүйелеп алмайынша, туризм ешқашан дамымайды. Ал аудандастырудан кейін инфрақұрылымды қолға алу қажет. Қазақстандағы туризмнің сұранысқа ие бір саласы – саятшылық. Бұл да өңірде жабайы түрде жүзеге асып келе жатыр. Атырауда балық аулауға, аңшылыққа шығуға деген сұраныс өте жоғары. Бірақ сол мүмкіндікті қаншалықты игеріп отырмыз, мәселе сонда болып отыр.
– Атырау облысындағы туризмді дамытудың қордаланған мәселелерін атап айтсаңыз?
– Атырау мен Маңғыстаудағы туризмнің күретамыры — Каспий теңізі. Көрші облыста туризмді дамытудың мүмкіндігі өте жоғары, оның игілігін де көріп отыр. Ақтауда теңіз суы терең, жағалауға жақын болғанымен жаз айларында тез жылымайды. Ал біздегі Исатай ауданы аумағындағы Жанбай, Зинеден ата ауылдары маңындағы Каспий теңізі ерте жылиды және суға түсу мерзімі де ұзақ. Теңіз суы тартылып жағалаудан алыстап, таяздап кеткеніне қарамастан жабайы демалыс тоқтаған жоқ, халық қалауынша барып, шомылып жатады. Бұл аумақтан демалыс орындарын, шипажай мен балалар лагерін салу жоспарда болған еді. Аяқсыз қалды. Теңіз тартылып кетті деген болар. Бұл тек біздің көзқарасымыздағы мәселе. Мұндай жерді өзге елдер өте тиімді пайдаланып отыр. Ол жерден аквапарк, бассейндер, теңіздің тереңіне дейін баратын аспалы жолдар тұрғызуға болар еді. Жазғы маусымда жұмысы қызып жатады. Жайық өзені бойында да осындай мәселе.
Судың көп келетін уақыты көктем мен күзде бекіре тұқымдас балықтардың шабақтарын жіберу мерзімі деп өзен бойын жауып тастайды. Ал негізінде белгілі мерзімде адамдардың теңізге шығып саяхаттауына мүмкіндік беріп, кәсіпкерлердің табыс табуына арналған туризмді дамытуға болады. Жайықтың теңізге құяр сағасындағы табиғат қандай тамаша? Өзен сағасында «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты деген керемет жер бар.
– Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінің бойында да туризмді дамытуға талпыныс бар…
– Қиғаш – Еділден бөлініп, Каспий теңізіне құятын өзеннің бірі. Қиғаштың теңізге құяр сағасында әлемге әйгілі лотос гүлі өседі. Өсімдік тамыз айының басында гүлдегенде үлкен алқап ғажайып бір күйге енеді. Өзен жағалауынан жергілікті кәсіпкерлер су жолы арқылы қайықпен ғана баратын төрт-бес демалыс орнын салып қойыпты. Бұл жер дамып келе жатыр. Бірақ қызмет көрсету сапасын, инфрақұрылымды, ең бастысы қол жетімді бағада болуына жағдай тудыру қажет. Ал бұл аумақта көктемде және қыста аңшылыққа рұқсат беріледі. Мұз үстінде балық аулауды да ұйымдастыруға тиімді. Әрине бұл су жағалаулары болғандықтан туризмді тиімді дамытса, Үкіметтен кешенді қолдау болса, аз уақытта жоғары нәтижеге жететін жер. Ең бастысы – экологияға зиян тимеуі қажет.
– Атырау облысының аумағында көлемі үлкен, туризмді дамытуға лайықты екі құмды аудан бар. Бұдан бөлек, батпағы мен тұзы түрлі сырқатқа ем болатын жерлерді де тиімді пайдалану үшін не істеу қажет?
– Иә, Атыраудың жері сортаң, шөлейтті болғанымен табиғаттың керемет ғажайыптары бар. Нарын мен Тайсойған құмына соңғы кездері мал өрістеп барып, жайылмауына байланысты шөп басып кетті. Үлкен барқандар Дубайдағыдай алып болмағанымен туристердің назарын аударатын ерекше табиғи болмысқа ие. Құмдағы саяхат қазір әлемдегі туристердің ең қызығатын дүниесі. Ашаршылықта қазақтың жанын сақтап қалған, талыққан жұртқа талғажау болған құмаршық тек Нарын құмында өседі. Бұл құмда автокөліктер шеруін, түйелі керуендерді ұйымдастырып, халықаралық, республикалық деңгейдегі іс-шараларды өткізуге болар еді.
Өңірдегі елді мекендерде туризмді дамытудың табиғи ерекшеліктері көп. Мәселен, Жайық өзені иректеліп, әдемі ирімдер жасап ағады. Өзен бойынан шағын демалыс орындарын салып, ішкі туризмді дамытуға болады. Қарабатан аумағында түрлі ауру-сырқауға ем болатын қара балшық бар. Оның сапасы өте жақсы, адам денсаулығына ерекше пайдалы екендігін мамандар айтып жатыр.
Индер ауданындағы Тұздыкөлге жаз айларында еліміздің әр аймағынан арнайы келетіндер де, тұзды батпаққа ем алуға баратын атыраулықтар да көп. Сол ауданда қазақтың баһадүр батыры, жорық жыршысы Махамбет Өтемісұлының қаза тапқан, мәңгілік таныстаған мазары тұр. Жылыой ауданындағы Ақкегершін, Ақтолағай, Иманқара үңгірі сынды адырлардың баурайы да – туристердің назары түскен мекендер.
Өңірде Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне енген 7 тарихи ескерткіш бар. Көне Сарайшық қаласын тамашалауға баратын туристер көп. Бұл қаланы туристік нысан ретінде халықаралық деңгейде дамыту қажет.
– Ал бұл саланы алға бастыратын мамандарды даярлау ісі қалай жүріп жатыр?
– Атырау университетінде 2007 жылдан бастап «Туризм және сервис» мамандығы оқытылады. Жыл сайын жастардың аталған салаға деген қызығушылығы артып, болашағын туризммен байланыстыратын мамандар саны көбейіп келеді. Студенттердің көбі білім беру грантымен, біразы ақылы бөлімде оқиды. Тағы бір қуантатыны – талапкерлер ҰБТ-дан география мен ағылшын тілін таңдайды. Академиялық ұтқырлық деген бағдарлама бар. Студенттер шетелдік және еліміздің өзге аймақтарындағы жоғары оқу орындарына барып, жарты жыл оқып келеді. Жалпы туризм саласына мамандарды бейімдеуді мектептен бастау қажет. Бұл ұсынысты да айтып келе жатырмыз.
Оқу барысында ғылыми зерттеу жұмыстарымен де айналысып, түрлі жобалар жасап жүрген шәкірттеріміз бар. Жасыратыны жоқ, аймақтағы туристік агенттіктер азаматтардың тек қана шетелге барып, демалып келуіне қызмет көрсетеді. Егер жоғарыда айтылған ұсыныстарымыз бен туризмді дамытудың негізі шарттары орындалып, мемлекеттік қолдау болса, саланың болашағы зор деп білеміз.
Сұхбаттасқан –
Жәнібек ҒАЛЫМ,
Атырау облысы.