«Асауға тұсау» –  айтуға ғана оңай
09.02.2022
836
0

Қазақ тележурналистикасының жұлдызы болып өмірден озған марқұм Бейсен Құранбектің «айтуға оңай» деп түйіндейтін бағдарламасы еске түсіп отыр… Өйткені, «қаңтар қасіреті» атанған аласапыранға толы оқиғалардың қоғамдық пікір талқысындағы мазмұнына қарап, бәрі де айтуға оңай екен ғой деген ойға келдім. Әсіресе, әлеуметтік желілерді желпіндірген сөздердің ұшығына жету қиын. Желідегі білігіштердің жазбаларына сенсек, Жаңаөзеннен басталып, Алматыда жалғасқан шерулерге сырттан ешкім араласпаған-мыс. Ешкім бейбіт митингтің бетін оқ пен отқа бұрмаған. Бәріне кінәлі – еліміздегі күштік құрылымдар. Бәрін бастаған – Президент Тоқаевтың өзі. Өзі болғанда ашық оқ атуға берген бұйрығы.

Осы арада қаңтардың 5-і мен 6-сындағы шетін жайттарды еске алайық. Алматыдағы «Алматы-Арена» жақтан шыққан шерушілердің алды неге қалалық әкімшілікке жаппай лап қойды? Көшеде бейсауат кетіп бара жатқан жүргіншілерді қорқытып, мылтық кезеп, пышақ көрсетіп топқа қосып алғандар кімдер? Автокөліктерді өртеп, жеделжәрдем машиналарын тартып алып, отқа орағандар кімдер болды екен? Тыныштықтың бесігінде тербелген Алматыға мылтық үнін естірткендер ше? Күштік құрылымдар ма? Сонда оларға түптеп келгенде не керек болды? Егер олардың мақсаты клептократиялық жүйені құлатып, жаңа сипаттағы Қазақстанды қалыптастыру болса, онда бұл қалың бұқараның талап-тілегімен орайласқан әрекетке ұласпай ма? Жоқ. Осы күндері мәселенің мән-жайына біржақты баға беруге көшкен тоңмойын топ ескі мен жаңаның ортасында қалып қана қоймай, бейсаналы түрде «Отанға опасыздық жасаған» күштердің немесе елімізге бойтаслап кіріп кеткен содырлардың сойылын соғып жүр. О, тоба! Отыз жыл бар мен жоққа сеніп келген жұрт отыз күннің ішінде ағынан ақтарылған шындыққа сенбейтін болыпты. Бұ қалай? «Қаңтар қасіретін» Қазақстанға әкелгендер туралы Президент Тоқаев өткенде «Хабар-24» арнасына берген сұхбатында анық айтты, шешуші сәтте қапы қалған полция қызметінің тұрлаусыздығын да жасырмады.

«Лаңкестер гастарбайтерлер ретінде ұшып келіп, шекаралық өткізу бекеттерінен кедергісіз өткен, – деді Президент. –  Сөйтіп, қалаға кіріп жоспарлы операцияларды басқарған. Кейін құқық қорғау органдары күш алып, қайта соққы бергенде, тез арада сол Алматы әуежайы арқылы ұшып кеткен. Сондықтан тағы да қайталап айтамын, бұл – жоспарлы түрде жүргізілген операция. Олардың мақсаты – мемлекеттік институттарды жою, конституциялық құрылымға нұқсан келтіру, түптеп келгенде билікті басып алу. Дегенмен әлі де тергеу жүргізілуде. Бәрі де анықталады.

Енді «Бұған олар қалай қол жеткізді?» деген сұрақ қойғыңыз келіп отырған шығар. Қазір біз ауқымды тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Өкінішке қарай, дәл осындай жағдайда құқық қорғау органдарының нақты әрекет ету алгоритмі болмай шыққаны анықталды.  

Біздің ұстанымымыз – демонстранттарға қарсы қару қолданбау. Полиция қызметкерлерінде атыс қаруы болған жоқ. Оларда тек дыбысты граната, көзден жас ағызатын газ және сумен атқылайтын техника ғана болды. Бірақ олар бұл машиналарды қолдана алмады. Себебі, бұзақылар тартып алған. Ал содырлар бейбіт демонстранттарға қарсы қару қолданбау жөнінде полиция қызметкерлеріне бұйрық берілгенін білген. Қолдарында тек күрек пен сойыл ғана бар жас десанттар өте қатты зардап шекті. Бұзақылар оларды шешіндіріп, Президент резиденциясына шабуыл кезінде тірі қалқан ретінде пайдаланған. Олар әйелдерді де аямаған, тіпті ешқандай аяушылық сезім болмаған.

Тергеу барысында лаңкестердің қарулы қақтығыс кезінде есірткі тұтынғаны анықталып жатыр. Қақтығыстардың соңына қарай күштік құрылымдар қару қолданып, содырлардың аяқтарынан атқан. Сол кезде олар жараланып құласа да, ауырсынуды білмеген, тіпті сезбеген. Міне, бұл да олардың өте мұқият дайындалып келгенін көрсетеді».

Лаңкестердің жатжерлік екендігін Венада өткен баспасөз-конфренциясында ҚР премьер-министрінің орынбасары, сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді австриялық әріптесі Александр Шалленбергке де баяндап берді. «Менің Алматыдағы таныстарым, елшілік қызметтегі тұлғалар маған лаңкестердің қазақ тілінде мүкіс сөйлейтіндігін, олардың ешқандай да жергілікті ұлт өкілі еместігін айтты», – деді М. Тілеуберді. Қаңтар қырғынын көзімен көргендер де әлі күнге бейтаныс біреулердің мүлде түсініксіз тілде сөйлеп, әрекет жасағанын сөз қылуда. Бірақ, әлемжелідегі көр-жерден ақпарат жинап алатын қауым лаңкестердің тілі де, түрі де жат суық пішінді жандар екенін өкінішке қарай, ұмытып үлгерді.

Қазір «қаңтар қасіретіне» қатысы бар деген күдікпен 8000 адам әртүрлі тергеу абақтыларында жатыр. Қапасқа қамалғандардың күштік құрылымдардың тарапынан көрген қорлығы, зорлық-зомбылығы да жалғанның жарығына шығып, баспасөз бетінде тарап кетті. Көпшілікті, әсіресе, Азамат Батырбаевтың «үтіктеліп» шала үйтілген хәлі әрі үрейлендіруде, әрі ашындыруда. Азамат неге азап тартты? Мұның себебін белгілі адвокат Абзал Құспан былайша түсіндіреді:

– Қазір қалың ел Талдықорған қаласында қамауда отырған Азамат Батырбаевтың тағдырына алаңдаулы екені белгілі. Күні кеше, 2-ақпан күні, біздер, Аманат комиссиясының мүшелері, Талдықорған қаласының тергеу изоляторында болып, Азаматпен жүздесіп, тілдесіп, оған қатысты іс құжаттарымен танысып шықтық. Азаматқа елдің алаңдап, тілегін тілеп отырғанын жеткіздік. Бірден басын ашып айтарымыз, Азаматты сабағандары да, қорлағандары да, азаптағандары да, үтік басып қинағандары да рас!

… Енді бұл не өзі? Бұл өкінішке орай, құқық қорғау қызметкерлерінің әдетіне айналған, ғайыптан тайып қолдарына түскен, тырнақтарына іліккен адамдарды ұрып-соғу ма? Азаматтан қандай да бір өш немесе кек алу ма? Жоқ, біздің ойымызша, бұл – халыққа жасалған қастандық. Бұл әрекеттерді ол адам бейнесіндегі айуандар Азаматқа тән жарасын жасау үшін жасаған жоқ, бұны олар халыққа жан жарасын салу үшін жасаған! Бұл – Азаматты сабау емес, бұл  қалың елді сабау! Бұны жасағандар кімдер, қандай пиғылмен жасады, кімнің бұйрығымен жасалды, оны тергеушілер анықтай жатар.

Расында, адвокат Абзал Құспан айтқандай, «Бұл – Азаматты сабау емес, бұл  қалың елді сабау!». Ал елді сабағысы кеп білек сыбанып отырған кім немесе кімдер? Олар – кешегі клептократиялық жүйенің жендеттері. Олар жаңа Қазақстанның келбетін көргісі келмейді. Олар барлық жерде. Оларды ортадан аластап шығару да бүгінгідей алас-қапас шақта оңайға түспейді. Олардың қандышеңгел қаскөйлігін Президент Тоқаев та жақсы біледі. Білгендіктен де «Хабар-24» арнасының тілішісімен екеуара сұхбатында: «Мен полицияның заңсыз әрекеттерін ақтап отырғаным жоқ. Егер ондай жағдайлар болса, біз міндетті түрде жолын кесеміз. Ішкі істер министрі тиісті ескертпесін алды. Сондықтан мүмкіндікті пайдалана отырып, азаматтарға, Алматы тұрғындарына құқықтарының бұзылмайтынын мәлімдеймін», – деді.

Әйтсе де күштік құрылымдармен жұмыс істеу, аталған саланы тұтастай тазалау әзірге тым қиын екенін мойындауымыз керек. Себебі бұл сала – өте күрделі сала. Оның үстіне күштік құрылымның ең пәрменді тарамағы – ҰҚК-ні бірнеше жылдан бері үлкен отбасымен әбден сыбайласқан, қазақстандық олигархтарға ықпалы күшті, әлемнің ала аяқ алпауыттарымен ауыз жаласқан Кәрім Мәсімов басқарып келді. Мысалы, Азмат Батырбаевтың тәніне ыстық үтікті күйдіріп бастырған сұм Мәсімовтің тура өзі болуы мүмкін. Біздікі болжам, алайда Мәсімов «Отанға сатқындық жасады» деп сотталған Сыроежкин де, Бағылан Майлыбаев та, тіпті генерал Нартай Дүтбаев та емес. Ол – Шекспирдің «Асауға тұсау» («Укрощение строптивой») комедиясынан «траги-комедия» тудыра алатын өте айлалы адам. Клептократиялық жүйені орнатуға барынша атсалысқан мұндай адам және жалғыз болмайды. Демек, оны тұтқындауға бұйрық берген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңына жаңа Қазақстанның құрылысын жасауға құлшынысы зор жасампаз адамдар көптеп топтасуы керек. Күш – бірлікте. Бірлікте ғана емес – түсіністікте. Түсіністік Президенттің сөзі мен ісіне байланысты бұқаралық сенімнен өрістейді.

«Осы соңғы оқиғалар менің мемлекеттің мүддесін бәрінен жоғары қоятынымды көрсетті деп ойлаймын. «Платон менің досым, бірақ ақиқат қымбат» деген сөзді көпшілікке ұнау үшін айтқан жоқпын. Бұл бос сөз емес. Шын мәнінде, Президент үшін мемлекеттің мүддесі қашанда бәрінен жоғары тұруы керек деп есептеймін», – деді Президент аталған сұхбатында.

Отыз жылдың ауқымында халық өз бойындағы буырқанған күшті сезініп өмір сүре алмады. Бұқара биліктен шет қалды. Сондықтан да алаш жұрты  мемлекеттің мүддесін аяққа таптаған алпауыттардың алдында дәрменсіз хәл кешіп еді. Енді ондай бола қоймас. Ұзақ ұйқыдан оянғандай дүр сілкінген ел іші осы күні мемлекеттік мүддеге ортақтастығын да сезіне бастады. Президент Тоқаевқа да қоғамның қормалды, азаматтардың сергек болғаны керек шығар деген ойдамыз.

Дәурен ҚУАТ,

жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты   

        

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір