Бір ғана қадам (әңгіме)
Қым-қуыт қала тірлігі. Көше біткен әлдеқайда асыққан ығы-жығы адамдарға толы. Сөмке сүйреткен әжейлер, газетке шұқшиған ақсақалдар, телефонға үңілген қыз-жігіттер, ата-анасын атракциондарға қарай сүйрелеген балалар… Одан қалды, оңды-солды жөңкілген шуылдақ көліктердің дыбысы да миға миллион ине қадағандай әкетіп барады.
Кәдуілгі қала тірлігін шырқырап жылаған сәбидің дауысы тоқтатып тастағандай болды. «Дауыс қайдан шығып жатыр?» Аң-таң болған жұрт не артқа, не алға жылжымай қатты да қалды. Даурыққан жұрттың арасынан соңғы үлгідегі сәнмен киінген сұлу бойжеткен ғана әлдеқайда асыққандай аяғын жылдам басып барады. Дауыс жетелеген бойжеткен аялдамадан сәл асып, қоқыс контейнеріне жақындай түсті. Қолқаны қабатын сасық иіске тосылып, біраз тұрған ол6 қара пакетке асығыс орала салған шақалақты көрді. Шала туған болса керек, нәресте тым кішкентай, әлсіз көрінді. Кіндігі де кесілмепті. Көзін бір ашып, бір жұмып жатқан нәрестенің қатты тоңазығаннан денесі де көкпеңбек болып кеткен. «Ботақаным-ай, қарның да ашқан шығар», – деп ауыз жиғанша болған жоқ, желінінен сүт тамшылаған құмайдың қаншығы сәбиді әрі иіскеп, бері иіскеп маңынан кетпей қойды. Құдды бір сенім артпағандай бейтаныс жанға әрі тосырқай, әрі барлай қарайды.
«Туылмай жатып жетім атандың-ау!» деп кемсеңдей жылаған Айсұлу үстіндегі жеңіл күртешесін асығыс шешіп, сәбиді қымтай берді. «Көмектесіңдер! Мұнда бала жатыр!» – деп айқай салған дауысқа біраз адам жиналып қалған екен. Көп ұзамай жедел жәрдем көлігі де жетті. Дегбірі қашып тұрған Айсұлуды көрген дәрігерлер оны тілге келместен көлікке салып алып кетті. Жанын шүберекке түйген бұл іштей дұға тілеп, Жаратқанға шын жалбарынып келеді. Баланы тексеріп, әлекке түсіп жатқан дәрігерлердің бұдан не сұрап жатқанын да түсініп отырған жоқ. Асыққан топтың балалар ауруханасына келіп жеткені сол-ақ еді, күздің қара суығынан әбден тоңазыған сәби талықсып бара жатты.
Бір күн, екі күн, енді, міне, үшінші күн… Айсұлудың жан сақтау бөлімінің есігін күзетіп отырғанына, кішкентай ғана шақалақтың өмір үшін күресіп жатқанына тура үш күн өтті. Сол үш күннен бері сәбиді іздеп ауруханаға келген бір адам болсашы. «Анасы қайда екен? Қайтып қана жер басып жүр екен?» Санасы сансыраған Айсұлудың ойын жан сақтау бөлмесіне әлсін-әлсін кіріп-шығып жүрген дәрігерлер ғана бөліп жіберіп отыр. «Демалыңыз, Алла қаласа, баланың жағдайы түзеледі. Айтпақшы, оның аты кім? Құттықтаймыз, ер бала екен! Енді, есімін де өзіңіз қойыңыз. Құтқарушы әпкетайысыз ғой. Сүйіншіңізді әзірлей беріңіз. Санаулы сағаттардан соң сәбиді палатаға шығарамыз», – деп күлімсіреген медбике сөзіне Айсұлу кәдімгідей қуанып қалды. «Шүкір, шүкір. Әйтеуір, балапанның дауысын уақытында естіппін…» Осылай деп іштей күбірлей берген ол, баланы тура реанимация бөлімінің алдынан күтіп алуға бекінді.
Иә, бұл тағдыр дегенді қойсаңшы… Кезінде Айсұлу да дәл қазір өмірі үшін күресіп жатқан кішкене ғана жүрек иесі сияқты дүние есігін ашпай жатып жетім атанған еді. Бірақ Айсұлудың бұл шақалақтан айырмашылығы – ол тастанды болған жоқ. Анасы Ақлима ауыр босанып, перзентханада жан тапсырды. Әйелінің ажалын ауыр қабылдаған марқұм әкесі Мұрат та арада бір апта өткенде жүрек талмасынан көз жұмды. «Тумай жатып, әке-шешесін жалмады», – деп жамыраған туыстары кішкене ғана Айсұлудан перзентханада жатқан кезде-ақ теріс айналған болатын. Осылайша, Айсұлуға жетімдер үйі пана болды.
«Мұнда жатқан балалар жыламайды. Себебі олар аналарының енді қайтып келмейтінін сезеді. Осы бір ащы шындықты олардың алақандай ғана жүректері әлдеқашан қабылдап қойған» Осылай деп іштей егілген тәрбиешілердің сөзін Айсұлу әр қайырымдылық шара сайын естиді. Сондайда анасын алмастырмаса да, сол бір ардақты жанды жоқтатпай өсірген тәрбиеші апайы Анаргүлді жолықтырғанына сан мәрте шүкіршілік етеді. Анаргүл Айсұлудан оның қасіретті балалық шағы туралы еш нәрсені жасырған емес. Айсұлуға аналық махаббатын, жүрегіндегі бар мейірімін төгіп өсірген Анаргүл тұрмысқа да шықпады. Есесіне, Айсұлудың ел қатарлы жоғары білім алып, кейін кәсібін ашуына да тікелей мұрындық болды. Сәнқой сұлуларға, сонымен бірге отандық мамандарға киім-кешек тігіп, жеткізумен айналысатын Айсұлудың жеңіл өнеркәсібі жақында жоғары дәрежелі мемлекеттік сыйлықты да иеленді. Адал еңбекпен тапқан табысының қомақты мөлшерін кезінде өзі тәрбиеленген жетімдер үйіне аударып отыруды әдетке айналдырған Айсұлу ізгі ісі еселенген сайын тәуба дейтін. Енді мынау жан сақтау бөлмесінде жатқан балапанды да балалар үйіндегі кереуеттердің бірінен көруге асығар ма екен? Өз ойынан өзі шошыған Айсұлу бірден бойын жинап алды. Себебі нақты байламға келген еді. «Иә, оның аты Мұстафа болады», – деп іштей күбірлеген Айсұлу дәрігер бөлмесіне қарай асығып бара жатты…
Самаладай жарқыраған зәулім үйдің төрінде мол дастарқан жайылып, теледидар қосылып тұр. Өз кіндігінен өрген алты сәбиі бола тұра, жетімдер үйінен бір емес, он баланы асырап, әрқайсын үлкен шаңырақ иесі еткен ерекше әулет туралы
фильм көкжәшіктен кеңінен көрсетіліп жатыр. Арада қырық жылға жуық уақыт өтсе де өңін бермеген Айсұлу ана мен Асхат әкейді қаумалап балалары отыр. Дастарқанды ашқан үйдің үлкені Мұстафа анасының мойнына балаша асыла кетті. «Жетімдерді жылатпаған анашым, сізді кездестірген тағдырыма ризамын!» – деген тұңғыш ұл анасының мойнына алтын алқаны құрметпен тағып жатты.
Жетімін жылатпаған еліміздің ізгі дәстүрін жалғаған кішкентай ғана отбасының ерекше тағдыры туралы сыр осындай… Кейде бір ғана қадамның бүкіл тағдырымызды өзгертіп жіберетінін түсіне бермейтініміз өкінішті.
Қарақшылар
(Болған оқиға ізімен)
Айнұр бүгін шошып оянды. Көптен жаман түс көрмеп еді. Қыстығып қалыпты. Тілін кәлимаға келтіріп, оң жағына қарап жатты. Әлгі түсінен қатты шошынса керек, ауыр тыныстап, денесі мұздап барады. Бір отырып, бір тұрып, мазасы кеткен соң, ас үйге беттеді. Ондағы ойы – су ішу. Құмыраға құйылып, баппен тұндырылған суды қолға ала бергені сол еді, кіреберісте қалған ұялы телефоны шар етті. Сағат таңғы үштің шамасы. Мезгілсіз уақыттағы қоңыраудан тіксініп қалған Айнұр телефон тұтқасын шаққа қолына алды. Нөмір – күйеуінікі. Бірақ арғы жақтан сөйлеп тұрған бейтаныс ер адам мұның Шалабаев Нұрболға кім болып келетінін сұрап жатты. «Мен оның әйелімін. Нұрболға не болды?» – деп дегбірсізденген Айнұр «Нұрбол қазір реанимацияда, ес-түссіз жатыр» деген сөзден арғысын естіген жоқ. Біртүрлі желкесі тартып, аяқ-қолы жансызданып, талықсып бара жатты…
Айнұр есін ауруханада жиды. Арада қанша уақыт өткені, мұның ауруханаға қалай әкелінгені де белгісіз. Кеберсіген ерні ырыққа көнер емес. Тілі таңдайына жабысып қалғандай күрмеліп барады. Су сұрамақ болып еді, дыбысы шықпады. Сірә, қатты әлсіреген болса керек. Айнұрдың оянуын күтіп тұрғандай, ішке мұнтаздай таза киінген медбике де келе қалды. «Қайырлы таң!» – деп күлімсірей амандасқан бойжеткен, Айнұрдың аузын дымқыл мақтамен сүртіп, баппен су берді. «Әйтеуір есіңізді жидыңыз-ау», – деп қамқорлық таныта сөйлеген медбике сүйінші хабарды дәрігерге жеткізу үшін асыға жөнелді.
«Өз-өзіңізді күтіңіз. Сіз енді екеусіз. Денсаулығыңызды байқап жүріңіз», – деп палатаға енген дәрігер Айнұрдың қан қысымын өлшеп, жүрек соғысын тексеріп жатты. Бұл жаңалықтан соң, тіптен алай-дүлей күй кешкен Айнұр не де болса, Астраханға жетіп, қалайда Нұрболының жағдайын білмекке бекінді…
Атырау қаласы
Баян ЖАНҰЗАҚОВА