Сақтанған ғана сақталады
22.02.2023
307
0

Түркияда зілзаладан шаһит болғандардың отыз мыңға жуықтағаны айтылуда. Бұл енді анық болғаны. Қаза болғандардың саны бұдан да көп екенін жойқын апаттың қиратып үйіндіге айналдыр­ған үйлерге, құрылыстарға қарап-ақ әркім айтып жатыр. Айтып келмейтін апат мұқым адамзат баласын алаңдатып, әр елдің қауіпсіздік пен төтенше жағдайларға жауапты қызметкерлердің (бізше ТЖМ-нің) әрқашан барлығына дайын болуын, сергек болуын ескертті.

Осы зілзаладан кейін ел ішінде «Алматыда да дүмпуі қатты жер сілкінісі болады екен» деген алыпқашпа сөз тарады. Кімнің аузына қақпақ боласың, онсыз да алып шаһарды арқасына көтерген қара жердің қара жонын әредік бір қозғап қоятынын қала тұрғындары біледі. Жұрт көңіліне кірген алаңға, уайымға, әрине ТЖМ-інің нақты жауабы керек. Жұрт көңіліне алаң тудырған осы мәселеге байланысты Elorda.info сайты ТЖМ сейсмология институты директорының орынбасары Нұрсәрсен Өзбековтің пікірін жариялады.
Сейсмология институты директорының орынбасары Алматының оңтүстік және оңтүстік-шығыс бөліктері сейсмикалық белсенді, сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқанын атап өткен. 1887 және 1911 жылдары Алматыда ең қатты жер сілкіністері тіркелген. «Жақында ғана Алматы полигоны аумағында жер сілкінісінің орташа мерзімді болжамы бойынша қорытынды әзірледік, ол уәкілетті органдарға ұсынылды. Осы қорытындыға сәйкес, биыл Алматы полигоны аумағында жеті балдық жер сілкінісі күтілмейді. Ғылыми зерттеулер бойынша апта сайынғы қысқа мерзімді қорытынды жасалады, ол 200-ден аса болжамдық параметрлерді талдау негізінде құрастырылады. Осы тұжырымдарды ескеретін болсақ, алдағы аптада бәрі тыныш болады», – деген Нұрсәрсен Өзбеков Elorda.info сайтына берген шағын сұхбатында. Ел көңілін көпті еткен мұндай мәселеге ТЖМ өкілінің пікір білдіргені құптарлық-ақ іс.
Кейінгі жылдары еліміздің кейбір облыстарында жыл сайын орын алатын су тасқыны, дайындықтың жеткіліксіздігінен сол апаттан халық зардап шегіп, ТЖМ-іне деген сеніміне селкеу түскені де жасырын емес. Сол апат биыл қыстың көзі қырауда Түркістан облысының бір-екі ауданында жүз берді. Сол өңірде төтенше жағдай жариялап, су тасқыны тудырар үлкен зардаптың алдын алған ТЖМ-нің алдағы уақытта да сергек қимылдауын халық күтеді, талап етеді.
Адам баласы табиғаттың тосын апаттарының алдында қанша дәрменсіз десек те, «сақтанғанның сақталатынын» ұмытпаған ләзім.

Ы. Нұрсал

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір