Америка дала данасының образын көрді
05.02.2022
1326
0

Ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтің 1960 жылдың 17 ақпаны мен 17 наурызы аралығында Америкада іссапарда болғаны белгілі. Бұл сапардан кейін очерктер топтамасы да жарық көрген. Жуырда еліміздегі Америка елшілігінің демеушілігімен және елшілік қызметкері, жоба кураторы Диннис Киннің «Кіріспе» сөзімен жазушының жүріп өткен жолы, яғни, маршруты мен мерзімі детальды түрде картаға, жазбаға түсірілген «Мұхтар Әуезов. Америка әсерлері» арнайы шығарылымы (Алматы 2021.-318 бет) 1500 данамен жарық көрді.

Жоба әлем таныған әйгілі жазушы, кемеңгер ғалым, көрнекті суреткер Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына дайындық негізінде жүзеге асқан. Бұл – қазақ руханиятын әлемдік деңгейде танытатын үлкен көркемдік құбылыс, үйренетін үздік үлгі. Жоба кураторы Диннис Кин соңғы жылдары Әуезовтің шығармалары ағылшын аудармашыларының назарын аудара бастағанын айта келіп: «…Алайда, Әуезовтың бір шығармасы бар, ол басқа дүниелеріне қарағанда англофондарды көбірек қызықтырады және ол ешқашан ағылшын тілі тұрмақ, қарапайым орыс тіліне аударылмаған. Ол библиографияда көшпелі фольклор жағынан танымал болып келетін, жазушының ең ерекше шығармаларының бірі. Ол еңбек «Америка әсерлері» деп аталады», – дейді.

Бұл еңбектің негізгі мақсаты – қазақтың аты мен заты туралы қарапайым түсінігі де болмаған Американы алғаш көрген суреткердің көзімен қағазға түскен әсерді сол елдің халқына ағылшын тілінде жеткізу. Шынында да М.Әуезовтің шетелдерге сапарлары туралы жолжазбаларындағы көркемдік, этнографиялық, тарихи-танымдық сипаттаулар мен қоғам және қалам қайраткерлерінің еларалық қызметтері, бұл миссияны жоғары деңгейде атқарудағы асқаралы міндеттері, оның әдеби, ғылыми публицистикалық мәтіндегі мазмұн-мәнімен әлем оқырмандарын  таныстыру ешкімнің ойына келмепті. Осынау олқылықтың орнын толтырған бұл жинаққа М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ҒМО-ның бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлзия Жайлауқызы Пірәлі мен осы орталық директоры, филология ғылымдарының кандидаты Диар Асқарұлы Қонаевтың «Америка-қазақ жазушысының көзімен» деген ғылыми зерттеу еңбегі, ұлы суреткермен сапарлас болған украин жазушысы Олесь Гончардың «Жарық жұлдыз» атты естелігі және М.Әуезовтің «Америка сапары» мен «Америка әсерлері» атты сапарнамалары, «Маршрут және мерзім» атты жазушы жүріп өткен жол ізімен түсірілген жазба-карта енген. Бұл еңбектер қазақ және ағылшын тілінде тұңғыш рет тәржімаланып, жарияланып отыр. Бұрын-соңды қазақ басылымында болмаған мұндай арнайы шығарылымның шынында да қазақ әдебиеті үшін құны бөлек.

1960 жылы ақпан, наурыз айларында совет жазушылары С.Щипачев, Л.Леонов, О.Гончар және Мұхтар Әуезов АҚШ-қа барып, бізге таңсық өлке халқының өмірімен, мәдениетімен кеңінен танысып, әр саланың мамандарымен түрлі дәрежедегі кездесулерде болып, пікірлесіп, ақпарат алмасады. Көзімен көріп, көкейіне түйген сол кезеңнің қоғамдық, саяси, рухани ахуалы, әлемдік өркениетте өзіндік орны бар бірнеше алып мемлекеттер арасындағы мәдени, ғылыми, әдеби диалогтардың болуына тікелей түрткі болады. Халықтар достығына дәнекерлік еткен сол сапары жайлы тереңнен толғап, өзінше ой өрбіткен жолжазбаларындағы құнды ойлар туралы сөз қозғау қай уақытта да зәрулігін жоғалтпағанының даусыз дәлелі –  «Америка әсерлері» мен «Америка сапары (Жолжазбалар)». Міне,  бір ғасырдан асса да әлем оқырмандарының қызығушылығын тудырып, алғаш рет ағылшын тіліне аударылып, оқырманға ұсынылып отыр. Бұл тек ұлы суреткердің ғана емес, жалпы қазақ әдебиетінің мерейі десек мүлт кетпейміз.

М.Әуезов сол сапарында өзге елдің өркениетіне көз жұмып табынған жоқ, сыншыл көзбен қарап жақсысын алды, жаманынан жиренді. Бұл жөнінде осы сапарнамаларында көптеген деректер бар. Ең бастысы, М.Әуезов осы сапарында әлемге қазақ деген ұлт барын, оның еш елден аспаса кем емес мәдениеті, тарихы, салт-дәстүрі, ұлттық құндылықтары, әдебиеті, өнері бар екенін дәлелдеп берген еді. Бұл жөнінде жолсерігі Олесь Гончардың: «…Әуезов Нью-Йорктегі аспанмен астасқан биік ғимараттарда баяндама жасады. Оның баяндамаларын тыңдаған оқырмандары жабайы далалықтардың дарқан даласынан балалық шағында көп қиындықтарды көріп, суырылып шыққан, адамзат мәдениетінің шыңына жеткен, дала данасының образын көрді. Әуезовтің баяндамаларын тыңдаған оқырмандардың қаншалықты зейін қойғандығын көзбен көру керек. Жаңадан танысқан америкалық достарымыз Әуезовтің құдіретті поэтикалық талдауларынан, даналық ойларынан кейін жаңа заманның ғажайып туындысын оқуға асыққаны рас. Сол кезде Әуезовтің таланты мен даналығы барынша ашылған кезең болды», – дегені бүкіл әлем жұртшылығын тағы да өзіне тәнті етері сөзсіз.

Яғни, бұл еңбек ұлы суреткердің торқалы тойына лайықты тарту десек артық айтқандық емес.

Айжан ҚҰРМАНБАЙ,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ҒМО-ның қызметкері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір