«Жырдария» жыр жинағы жарық көрді
15.10.2022
263
0

Қазан айының 12-сі күні ҚР Ұлттық кітап­ханасында М. Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын, марқұм Аманхан Әлімұлының 70 жыл­дық мерейтойы­на орай «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Жырдария» кітабының таныстырылымы өтті.
Кешке Қазақстанның еңбек ері, ақын Мұхтар Шаханов, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып, т.б зиялы қауым өкілдері мен А.Әлімұлының замандастары, белгілі ақын-жазушылар қатысты.
Жазушылар одағының басшысы Ұлықбек Есдәулет Аманхан Әлімұлының замандасы болғанын айта келе, оның лирикалық өлеңдеріне тоқталып өтті.
«Аманхан – әдебиетте өзінің сыршылдығымен танылған ақын. Ең алғашқы поэмасы БАМ-ға арналған болатын. Ол – Сібірді қақ жарып өткен теміржол атауы. Сол поэмасы арқылы орманның көрінісін, жапырақтың сұлулығын, ағаштардың әдемілігін сәтті жырлай білді. Орманды Оралхан Бөкей мен Қалихан Ысқақ қалай қара сөзбен жазса, Аманхан да өлеңмен солай жырлап өтті. Бүгінгі шығып отырған кітабы – таңдамалы шығармалары», – деді Ұлықбек Есдәулет.
Кештің жүргізушісі белгілі ақын, Бауыржан Жақып Аманхан Әлім­ұлының шығармашылық жолына тоқталып, ақынның 70 жылдығын өзінің туған жері – Қожатоғай өңірінде атап өту бойынша жоспар бар екенін айтты.
«Бүгін Аманхан Әлімұлының «Жырдария» кітабының тұсауы кесіліп отыр. Бұл кітаптың жарық көруіне мұрындық болған «Атамұра» корпорациясы ЖШС Президенті Рақымғали Құл-Мұхаммедке алғысымызды білдіреміз. Аманхан Әлімұлы – өткен ғасырдың 70-жылдарының аяғы мен 80-жылдардың басында ерекше екпінмен келген ақын. Аманхан ағамыз бүкіл өмірін өлеңге арнады. Ағамыздың 70 жылдығын өзінің туған жері – Қожатоғай өңірінде атап өту жайы бойынша Түркістан облысы әкіміне хат жолдағанбыз. Оның жауабы жыл соңына дейін келіп қалады», – деді Бауыржан Жақып.
Шығармаларын жинап, баспаға тапсырған Аманхан Әлімұлының жары Күләй: «Аманхан өмірде де өлеңде де бір Аманхан еді. Қалай өлең жазса, солай өмір сүрді. Шындықты жақсы көретін, шыншыл болып өтті. Жалғандыққа, әділетсіздікке жаны төзбейтін. Бірақ ақкөңіл, қайырымды адам болатын. Балаларды жақсы көретін. Сондықтан оның қасына жас ақындар үйір болды», – деді өз сөзінде.
«Жырдария» жинағы осылайша оқырман қауымға жол тартты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір