АҚША ҮШІН ӨНЕРІҢДІ САТУ – ӨЗІҢДІ САТУМЕН ПАРА-ПАР
Өнерге шектеу, тоқтау жүрмейді. Оның өз тағдыры болады және адамнан тәуелсіз өмір сүре береді. Неше түрлі алапатта да, қан майданның қақ ортасында да өнер жарала береді. Қайшылықта туған өнер жайшылықта да көкірегіңе нәрін сеуіп тұра береді. Өнердің құдіреті сонда.
Біздің бүгінгі кейіпкер – Бағдат Смадияр. «Қасіретті қаңтар» оқиғасынан соң Бағдаттың орындауындағы «Алматы» әні әлеуметтік желілерде кең тарала бастады. ТМД аумағында ғана емес, алыс-жақын басқа шетел азаматтары да парақшаларына жарыса салып, жылы лебіздерін білдіріп жатыр. Әнді біз де тыңдап көрдік. «Алматының әлемге өкпесі бар, Алматының әлемге айтары бар», – дейді…
Алматыға шексіз сезімнен туған ән
– Бағдат, әлеуметтік желілердегі парақшаларыңды ақтарып отырып, лақап атыңның көп екенін байқадық. Мәселен, «Qazaqya», «Bakee», «Baidon»… Қазір саған өзіңді қалай атаған ұнайды?
– Достарым, жақын адамдарым Бәке дейді. Байдон деп үйдегілер еркелететін. Олар Бағдат десе, маған арналған қаратпа сөз ретінде қабылдай алмаймын –басқа біреуді шақырып тұрғандай сезіледі. Байдон деген дұрыс шығар .
– Baidon, өткендегі оқиғадан соң сен орындайтын «Алматы» әні әлеуметтік желілерде көп қаралым жинады. Тіпті Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан секілді алыс-жақын шетелдердің азаматтары да бір-бірімен жарыса бөлісіп жатыр. Ән қашан туды? Бұл әнмен не айтқың келді?
– Әнінің мұндай жағдайдан кейін таралуы автор үшін де, оны орындаушы үшін де қуанатын жайт емес. Дегенмен жұмыр еті жұбаныш тілеп тұратын адам атты мақұлұқатпыз ғой, жастар осы ән арқылы Алматыны жан әлемінде әлдилесе, жүректерге жеткені-дағы. Ал Үнді халқының ең танымал актрисаларының бірі, бізге Ананди есімімен танылған Авика Гор өз инстаграмм-парақшасына салады деп, елімізге танымал тұлғалар жақсы баға беріп бөліседі деп күтпедік, бұл – еңбегіміздің ақталғаны.
«Алматы» осыдан 2-3 ай бұрын жарыққа шықты. Бірақ ол кезде арнайы сайттар мен платформаларға ғана жүктеген едік, «YouTube» желісіне жақында ғана салдық. Нақтырақ айтқанда әннің кешегі оқиғаға түк қатысы жоқ. Бұл – қалаға риясыз, шексіз, шетсіз сезімімнен туған дүние.
Өзім сөзге аса қатты мән беретін адаммын. Біраз ақынға әннің сөзін жаздырып көрдім, көңілімнен шықпады. Сосын елімізге белгілі жас актер Рамазан Амантай, жас ақын Шадияр Есенәлі секілді жақын достарыма өтініш айттым. Бір сөзге келмей жазып берді. Ұнады.
Өнердің мұраты – адамның өзіндегіні өзіне қайтарып беру
– Бұған дейін Baidon немесе Бағдат есімді әншіні болмаса артистті естімедік, көрмедік. Бұл бақ па, бап па? Мұны қалай қабылдайсың?
– Мен өзімді әнші деп есептемеймін. Әнші – мүлде басқа ұғым. Орындаушы, жеткізуші десеңіз жарасады. Бұл қырынан алып қарасақ, менікі актерлық өнерге жақынырақ. Иә, өзімді актермын деп санаймын. Бірақ белгілі бір себептермен кинолардан көріне алмай жүрмін. Неге?
Жалпы сыбайлас жемқорлықты материалдық тұрғыдан ғана көрмеуіміз керек. Сахнаға талантына қарамай өз жақын-жуығыңды шығарып жіберу де – жемқорлықтың бір түрі. Ондай адам әлгі өзі «жұлдыз» жасаған адамның да, соның кесірінен өз орнынан айырылған таланттың да обалына қалады. Мұның салдары ауыр және бірте-бірте көрінеді. Меніңше, той бизнестегі құр даңғаза, эстетикалық ләззат сыйлай алмайтын, шығармашылыққа жатпайтын қызылды-жасылды дүниелердің көп болуы да соның салдары. Ал мұндай дүниелердің тасасында шын бағалылар қалып қойып жатса, ертеңгі жас жалған атаққа, даурықпа дырдуға құмартып, руханияты, мәдени танымы төмендей бермек. Қарап тұрсаңыз, жоғарыда айтқанымыз бүтін бір ұлттың жоғалуына апаруы ықтимал. Белгілі адамның дегені бар: «Елің мәдениетінен айырылса, шекараңды аша сал, енді сен неңді қорғайсың?». Дегенмен өнерге әркімнің таласы бар, өресі жете ме, жоқ па – шаруасы жоқ.
Келесі сұрағыңызға келсек, бақ деген өзі айтпай келетін нәрсе. Бақ келіп, терезеңді қақса, жылы жүзбен құшақтап кіргізіп алған жөн. Себебі… оның уақытша болуы да мүмкін.
– «Той-бизнес» жайлы айтып қалдың. Оған қалай қарайсың?
– Қазақ өнерпаздары үшін бірден бір табыс көзі – той. Той әншісі болуды армандап өсіп келе жатқан балалар да бар. Меніңше, той үшін ән жаздыру, ақша үшін өнеріңді сату – өзіңді сатумен пара-пар. Мен бұған түбегейлі қарсымын. Шын өнерпаз өзін бағаласа, шынайы өнер жолымен-ақ ат-атаққа, мол ақшаға жетеді. Басқаша жолды таңдаса, «жұлдыз» емес, жалт-жұлт еткен жап-жарық болып барып, қалт-құлт етіп сөнеді. Мұны Таласбек Әсемқұлов өз сөзінде керемет келтірген: «Салют пен фейерверктер аяқталғанда аспанда шын жұлдыздар ғана қалады».
– Сонда өнердің мұраты не?
– Өнердің мұраты – адамның өзіндегіні өзіне қайтарып беру.
– Ойың – анық, сөзің – дәл. Кімді, уа нені үлгі тұтасың?
– Көтеріңкі пафоспен «елімді үлгі тұтамын» деп жауап беруге болады. Алайда пафостың артынан құлағын қылтитып өтірік сығалап тұрар еді. Мен туған ағамды үлгі тұтамын. Ақын, режиссер Бекзат Смадияр. Оның табандылығы, ішкі мәдениеті, ізденіс жолы жолыма жарық түсіріп келеді. Көркем әдебиетке жақындығым да содан. Талғамымды қалыптастырған да Бекзат ағам. ҚазҰУ-дың филология жане әлем тілдері факультетінің түлегімін. Ол да осы ағамның ықпалы ғой деймін.
– Алға қойған мақсатың қандай? Алдағы уақытта бізді, тыңдарман қауымды, немен қуантпақсың?
– «Алматыға» дейін «Тор» деген ән жазғанбыз. Оның клипі түсірілді. «Алматыға» да клип түсірсек деп жоспарлап отырмыз. Әуелі осы ойымызды іске асырсақ, кезегін күтіп тұрған әндер мен кейбір дүниелерге жол ашылмақ. Одан бөлек шығармашылық жобалар да рет-ретімен жарыққа шыға бермек.
– Рахмет!
Сұхбаттасқан Бахаргүл БЕРДІХАН