«КІМ ҮШІН ҚОРЛАНАСЫҢ?..»
27.09.2022
815
0

«Әйтеуір жазылған соң оқисың ғой енді, сонда білмеймін, кімге, әйтеуір біреуге деген қарсылықтың, жеккөрушіліктің сарыны еседі де тұрады. Әлгі, бермей жатқан, жібермей жатқан арнайы біреу бар сияқты. Ол кім екен?».

Ол – Назарбаев та, Горбачев та емес, ол – әбден қалыптасып, санамызға сіңіп қалған бодандық, тәуелділік пен отаршылдық психология. Бұл екеуі – ешқашан да ымыраға келмейтін қарама-қайшы құбылыс. Оны жеңбей, не екеуінің біреуін таңдамай намысыңызды жани алмайсыз. Ал күресу үшін қолға «темір сым қамшы» алып көшеге айғайлап шығудың қажеті жоқ. Ол өзіңіз айтқан «қорлыққа бастайтын» жол. Ақылмен, мәдениеттілікпен, саяси сауаттылықпен жететін қиямет көпір тұр. Содан қалай өтеміз, мәселе сонда. Бірімізге-біріміз кінә тағып, өз ішімізден жау, дұшпан іздесек, онда Абай айтқандай «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі – бос» боп шығады.
Қайғы мен қасіретті тізбелеген архив деректерін оқысаң, «қаның қайнайды». Кім үшін жүрегіңе запыран толып, кім үшін қорландық? Біздің де осыншама таусылып, ашулануымыздың мәні де – сол сұраққа жауап табу. Оны жалғыз емес, сіз боп, біз боп, қосыла іздеп, ортақ ойлы мәмілеге келсек, ертеңгі ел ұландарына тәлім қыларлық тағылым тапсақ деген ой еді.
Ақылдың орнына жазғырып жазған хатыңыз біздің де намысымызға тиді. Сол «әскери серуеннің сергелдеңінің» себебін түсінбеді ме, онда несіне тәуекел етіп ек, сөздің бағасын білетін оқырманның қалмағаны ма деп те налыдық. Бірақ Ж.Қуандықов жолдас мұның барлығын ет қызумен, өзінің буырқанған сезімін тұсай алмай, іштегі запыранды сыртқа шығару үшін жазды ғой деген ой мазалай береді.
Мұндай көңіл күйді түсінуге болады, әрине.
Алайда қағаз-қалам тегін екен деп жауапсыздыққа жол беруге ешкімнің хақысы жоқ. Айттың ба, пікіріңді дәлелде. Бір ауыз сөзді орынсыз сөйлегені үшін ата-бабаларымыз жығынды болып, ат-шапан айып төлеген. Еріккеннен бұлай істемеген. «Аңдамай сөйлеп, ауырмай өлмесін» деген. Ал хатқа қатталып, тасқа басқан сөздің салмағы ауыр, зілі батпандай. Оны өшіре алмайсың. Түптің түбінде тартпаның бетіне қалқып шығып, жыландай шағуы мүмкін.
Осы мақаланы жазудағы мақсатым – сіздің көзіңізді «жазғанымның шындығына» жеткізу, екіншіден, өзге ағайындарды да «айттым – бітті, кестім – тікті» деуден сақтандыру.
Ешкім де ерігіп, қолына қалам алып, «қыздырма» үшін кітап жазбайды. Әр шығарманың өз тағдыры бар. «Бейуақ» та сондай тезден өткен. Халықтың атын жамылып, қанша жазғырғанмен, ендігі тосқауылдың жөні келмес. Ол кедергіден өтіп кетті. Келесі Қособаға жеткенше әлі талай заман бар.
Адамның тот басқан намысын қалай жанып, жанықтыруға болады? Сірә, тағы да сол алдаспандай өткір ата сөзі шығар. Мен Ж.Қуандықовтың бұл тілегін орындау үшін ары ойланып, бері ойланып ақыры «ханның басын хан алады, қардың басын қар алады» дегенге жүгініп, сөздің уытын сөз қайырсын деп шештім. Және ол – менікі емес, аузы дуалы аталардың сауын сөзі, салған ұраны. Егер еритін мұз, жанитын намыс, ұғар құлақ, саралар сана болса, түсінер. Түсінбесе, түйсінбесе, амал қайсы?.. Бұдан артық ешкім де егіліп те, ашынып та айта алмайды.
Ол – «әскери серуен» аяқталып, ел-жұрт тоз-тозала боп тозып, жаппай ашаршылыққа ұшыраған кезде Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов ұйымдастырған «Абай» журналы арқылы «Алашқа» арнаған атой – сауыны. Ж.Қуандықов айтқандай, бұл «есер офицердің жазбасы» да емес, «факті намысты жықпайтындай, қайта бір уақ жанитындай» ащы шындық. Өтірігі, жалған жаласы жоқ, бәрін де көзімен көріп, көңіл көбесін сөккен, шерлі көкіректен төгілген ащы запыран. Елдікке шақырған ұран. Мүмкін, жазалау отрядтарының шапқыншылығы оятпаған намысты босқан жұрттың, еңіреген елдің, күндікке сатылған қыздардың көз жасы жуар деп ойлаймыз.
Міне, сіз жиіркенген «әскери сер­уеннің» соңы осындай тозаққа ұласқан. Тоз-тозы шыққан қырғыз, қазақтың басын қосу үшін сол жылы жазда Алаш азаматтарының барлығы Қытай, Ауған, Ресей, Иран жеріне аттанды, ат тұяғы жеткен жерлеріне барды. Олар да мынау отаршылдық өктемдік пен қатыгездікке ашынды, қорланды. Сөйте жүріп, елді тығырықтан, ашаршылықтан шығаратын жол іздеді. Тапты. Ал елдік, бірлік, намыс туралы «Алашқа» арнаған үндеуден артық асырып айту мүмкін емес. Сіздің сауалыңызға толық жауап бере алатын шығар. «Жүрегіңнің түбіне терең бойла» деп ұлы Абай өсиет еткендей, сіз де жүрегіңізге бір үңіліп, қорытынды шығарарсыз деген үміттемін.
Сөз соңындағы жасар құлақ қағысым мынау: биылғы жыл «Қазақ әдебиеті» газетіне жазылмайтыныңызды мәлімдеген едіңіз. Жауабым сізге жету үшін мақала шыққан газеттің кезекті санына «Бейуақ» атты кітабымды қоса жіберемін. Қалған жайды содан анық-қанығына жетерсіз. Әйтеуір, асылық болмасын, қорлансақ та қор болмайық!
1991 ж.

ТӘУЕЛДІ САНА ПСИХОЛОГИЯСЫ

«Бізді аямасаң да, жолыңда жатқан бесікті аясаң болмай ма?!.»
М.Әуезов. «Хан Кене»

Ой жұбату: Иә, «Бұзылған бесік!..» (Салыстырмалы әдеби-тарихи әфсана: құжаттар мен деректер) атты «Хан Кене» пьесасы туралы кітаптың кіріспесінің аты – «Ой жұбату». Ұзақ толғанып, шұғыл шешім қабылдап, асыға қағазға түсірген осы жолдарда ойымды мың тербетіп, мың жұбатқан менің шығармашылық тағдырым жатыр. Алғаш рет Мұхтар Әуе­зовтің өмірі мен шығармашылығын астастыра өріп, сол арқылы қазақ ұлтының азаттық жолындағы қасіретті күресі мен Алаш идеясын жеткізуді мұрат тұтқан күннен 1976 жылдың 28 қыркүйегінен бастап, бүгінгі 2010 жылдың 21 шілдесіне дейін отыз төрт жыл өтіпті. Соның ішінде «Қилы заман» мен «Қараш-Қараш» оқиғасын қамтитын трилогия-толғаудың соңғы бөлімі болуға тиісті «Бұзылған бесік!..» – деген атпен ұсынылып отырған бұл салыстырмалы әдеби-тарихи толғау осыдан бұрын төрт рет қолға алынып еді. 2400-ден астам тарихи деректер реттеліп, жазатын қалам, жазылатын қағаз, алғашқы сөйлем мен келтіретін деректер, айтылатын ой, дамытылатын пікірлер, қорытындыланатын тұжырымдар, баян­дау тәсілдері мен ойды салмақтап жеткізетін көркем әдістер, туындының әр сөзі мен сөйлемі, әр абзацы, әр пікірі іріктеліп, жүйеленіп, қатталып, желісі түзіліп, библиографиялық көрсеткіштер мен картотекалар жасалып, қысқасын айтқанда, деректі әфсана жазуға қажетті алғышарттардың барлығы да дайындалып, алғаш рет жазуға отырғаныма да үшем ғасыр толыпты.
Сол бір терең алынған демді суытпай Мұхтар Әуезовтің шығармашылық ойының даму желісін сақтай отырып, «Бейуақ» пен «Жалғыздың жанталасынан» соң бір қасіретті де қасиетті сезімдер ыстық табымен хатқа түсуге тиіс еді. Ондағы басты мақсатым – «Хан Кене» арқылы қазақ мемлекеттігі мен тәуелсіздігі жолындағы ұлт-азаттық майданын, «Қараш-Қараш» оқиғасы арқылы рухани азаттыққа ұмтылған жалғыздың жанталасын, «Қилы замандағы» тарихи шындықты салыстыра көрсету арқылы қазақтың бостандық жолындағы қасіретін барынша нақты құжаттарды пайдалана отырып, ұлттық тәуелсіздік сананы оятқым келді.
Бұған Мұхтар Әуезовтің қатпарлы өмірі, әлемдік әдеби беделі, қуатты көркем әлемі толық мүмкіндік беретін. Әуезов арқылы Алаш идеясын тірілту – ғұмырымның аңсары, өмірімнің өзегі, жазушылығымның мәні сияқты көрінуші еді. Әуезов шығармаларының астарындағы қасіретті шындық пен азаттық идеясын сезіне отырып, архивтердегі құжаттарды біле тұрып, оны ұлы жазушы туралы жазылуға тиісті романның (бұл арман да көркем қиял күйінде қалды) қосымша психологиялық көркем желісі ретінде ғана пайдалану – қылмыс сияқты көрінген.
Өкінішке қарай, сексенінші жылдардың басында қолға алынып, үш рет дайындалып, үш рет жазылмай қалған «Бұзылған бесік» атты бұл деректі әфсана да «Хан Кененің» тағдырын құшты. Өзгені былай қойғанда, екі жарым мың беттік архив құжаттары мен деректерін сөз бен сөйлем арасында пайдалану үшін реттеу, жазу барысында оған «жан бітіру», ой қосу үшін қажетті соншама тағдырлы деректерді жадыңда ұстау, ондаған жылдар өтсе де соның ыстық-суығын бойыңда сақтау – қандай жад пен жан қуатын керек етті десеңші. Мүмкін шығарманы жазу азабынан гөрі осы көңіл күйді ұстап тұруға кеткен жұлын-жүйкенің салмағы әлденеше есе санаға артық салмақ салған шығар.
Алғашқы нұсқасы 1977 жылы баспаға өткізіліп, 1997 жылы ғана жарық көрген өмірбаяндық сипаттағы үш рет талқыланып, бес рет рецензияланып, Жазушылар одағындағы «Ағалар алқасы» тарапынан да алғанып, жақсы пікір білдірілгеніне қарамастан (қараңыз: Мағауин М. Шығармалар жинағы. 9 том. //А.Қағанат.–2002,171-177,191-205-бб.) ең соңында баспа директорының тарапынан: «Мен тұрғанда жарық көрмейді», – деген бәтуа алған «Бесігіңді түзе!..» атты роман-эссенің өзі сергелдеңге ұшыраған тұста әлдебір үмітсіздікпен кейінге ысырылып қалғаны рас.
Ол азаптан арылудың мүмкіндігі үшінші рет түскенде, яғни барлық деректер реттеліп, үш ай дайындалып, «Бұзылған бесікті» жазуға отырғанда сондай бір сеніммен, қуанышпен күнделігіме былай деп жазыппын:
«29.11.95 жыл. Бісмилла, бүгін өз өмірімде үш рет дайындалып, бірақ кірісе алмаған Кенесары туралы еңбектің жоспарын жасауға кірістім. Егерде Семейге, «Құнанбай» пьесасын жазу үшін […] жүріп кетпесем, ептеп-ептеп дайындықты бастаймын. Ей, Алла, рақымыңды түсір. Әруақтар, қолда. Кілтін дұрыс табуға септігіңді тигіз, Алла! Сағат 8.55».
Күнделікке қарағанда, бұл толғаныс бір айға созылып, Абылайдың аруағын да көмекке шақырыппын.
«8.12.95 Бүгін Абылайдың суретін қарсымдағы сөреге іліп қойып (кеше кешкісін ілгем), соған қарап отырмын. Немересі Кенесары туралы жалған айттырмас үшін маған қадала қарап тұрсын деп. Ал он күн болды, ешнәрсе тындырмадым. Өзіммен-өзім алысумен болдым. Ауырдым. Енді есімді жиып отырмын. Асай-мүсейім (тараулар мен ішкі сөз, сөйлемдер) әлі түгел емес. Машинканы жөндеу, бөлімдерді реттеу керек. Енді істің жайын қағазға түсіріп отырамын-ау осы. Сағат 4.00» .
Реттеулі деректер сол күйі жиылмай бір бөлмені алып ұзақ жатқаны есімде.Сол өкінішімді күнделікке:
«20.5.97 Бұл сөзді жазғанға да екі жыл өтіпті-ау. Ақыры сол кітап жазылмай қалды. Екі ай отырдым. Бір жолы жазылмады. Бұл «Талқыға» ұласып кетті. Кенесары тағы да жазылмады. Бір реті келер. Қазір оны ойлауға мұрша жоқ. Той тойлап жүрміз. Тойлай жүрсең де ойлай жүр, Тұрсын», – деп түсіріппін.
Мұндағы той – Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толуына байланысты өтіп жатқан шаралар мен мұражай-үйдің қайта жаңғыруы болса керек. Арада екі ай өткен соң:
«20.7.97. «Талқы» жазылды. Кенесары жоқ. Төртінші рет отыруға тура келе ме? Әлде мүлдем доғару керек пе? Не маған 45-50 беттік очеркпен тыйылу қажет пе? Қайран 10 жылғы жиған архив деректері. Қайран бекер өткен уақыт. Қайран, Кенекем! Қайран, Мұха! Қайран, Тұрсын!» – деп «Бұзылған бесіктен» мүлдем түңіліппін.
Неткен жанкештілік! Мұндай азапқа төзім қалай жетті десеңші!
Ол жолғы реттелеген құжаттар жазу үстелі үстінде «Тарих талқысы» деген атпен «Талқы» әфсанасына кірген «Теріс тербету» атты тарау ғана қағаз бетіне түсіп, аяқталмай тағы да екі жыл жатты. Ақыры шыдауға мүмкін еместей көрініп, жегімді жеген деректерді ешқандай тәртіпсіз сыпыра жиыстырып, ретті-ретсіз буып-түйіп, қопсыған күйінде М.Әуе­зовтің мұражайына өткіздім. Кенесары туралы қалған архив деректерін, фото, ксеро көшірмелерді сұраған адамдарға ешқандай талапсыз таратып бердім. Сөйтіп, 10 жыл бойы алдымды орап, басқа тақырыптарға тосқауыл қойған бөгетті – «Бұзылған бесікті!» келместің кеңістігіне мәңгілікке ұзатып салғанымды сезіндім. Жұлын-жүйкедегі ширығу да босап, кәдімгідей жеңілдеп қалдым.
Тіпті Қайрат Сатыбалдиев себепкер боп, Ресейден Кенесарының бассүйегін іздестірген сапарымызда да бұл әрекетіме өкінбедім. Біз мұрағаттарын ақтарған 64 мекемедегі Кенесары көтерілісі туралы қатпар-қатпар қалың құжаттарды да құнттамадым. Мен дерек атаулының барлығын мидан өшіріп, көркем дүние жазуға ниет еттім. Ақыры ол ойым да сәтсіз аяқтала берді. Алла тілегімді қабыл етпегендей көрінді. Мүмкін «Бұзылған бесік!..» деген аты сәтсіз қойылды ма екен, кім білсін.
Қалай дегенмен де мен жазылмай қалған осынау шығарманың қыртыс-қыртысы мол қилы-қилы әсерінен бүгінгі күнге дейін, дәл қазір осы сөздерді жазып отырған сәттерде де арылған емеспін. Сондықтан да тура осы «Бұзылған бесікті!..» жазу үшін жиенім Думан Санк-Петербург дүкенінен арнайы сатып әперген, бұрын да бір рет «Бұзылған бесіктен» беті қайтқан қаламмен, осы әфсанаға арнайы алынған сиямен осы жолдарды асыға жазып, «Хан Кенеге» қайыра бір оралуымның себебін түсіндіре кетпекпін.
Бірден ашығын айтайын, бұл мен о баста ойластырған «Бұзылған бесік!..» емес. Сол әфсананың мұқабасы мен жұқанасы ғана. Арылу мен ой жұбату үшін ғана қолға қалам алды демес үшін оның жай-жапсарын қысқаша сабақтайын.
Біріншіден, кеңес өкіметінің қыспағында, ақыл-ойың тәуелді, қалам секемшіл кезінде азаттықты аңсаған асыл аңсар мен булығу, ішкі қарсылық пен қыжыл, белгілі бір дәрежедегі тәуе­кел қазір жоқ. Ол арман орындалды. Тәуелсіздіктің тұрақталып қалуынан басқа алаң жоқ. Демек, туындыны жазуға мәжбүр ететін жазушылық ішкі қыжыл мен құштарлық бәсеңсіген.
Екіншіден, Мұхтар Әуезовтің асыл ойын аян ететін «Хан Кене» пьесасының еліне жетпей қалды-ау дейтін екі нұсқасына да текстологиялық салыстырулар жүргізіп, толықтай басылымын өз қолымнан жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болдым. Бұл да шығарманың ішкі ой желісін босаңсытты.
Үшіншіден, Кенесары туралы тарихи деректер топталып, жинақталып жариялана бастады. Бұл қозғалыс туралы алғаш рет «Жұлдыз» журналында пікіралысу ұйымдастырып (Көркемдік шындық және тарихи тұлға. Дөңгелек үстел. Жұлдыз, 1990 – №7), Е.Бекмахановтың монографиясын тарихшы Ш.Әмірбековке аудартып, әуелі журналда, содан кейін жеке кітап ретінде жариялануына себепшілік еттім. Сондай-ақ қазіргі басылымдардың дені Кенесары жазған хаттардың орысша аудармасын жариялаумен шектелетініне назаланып, әйгілі мұрағаттанушы, өзегі таза әрі нағыз ұлт зиялысы марқұм Бейсенбай Байғалиевпен бірлесе отырып хан Кененің қазақша жазған хаттарының негізгілерін ғылыми айналымға түсірдім. «Хан Кене» пьесасы хақында кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалды.
Мұның барлығы, Абай айтқандай, әуел бастағы «қорықпас жүректі» жасытты, «айнымас көңілді» айнытты, «босанбас буынды» босатты. Жұрттың жүрегі – сабыр, ақылы – азық, жігері – қайрат табатын мүмкіндік туды. Енді қайыра қалам қайратын жұмсаудың қажеттілігі жоқ сияқты еді. Иә, қажеттілігі жоқ еді, бірақ бар болып шықты.
Қаламгерлік құштарлықтың мәтінге түспейтін, көрінбейтін желі ретінде әфсанаға екпін түсіріп, емеурінмен жеткізілетін тегеуріні қайтып, ішкі ырғақтың құлақ күйі босаңсып, бопсасы мен топсасы тосаң тартқанымен де, үзілмейтін бір ызың сананы сыздата берді.
Ол – әу баста «Бұзылған бесіктің» рухын құндақтау­ға тиісті хан Кененің жеке тағдыры, туынды «Хан Кенедегі» өмірлік шындық пен көркем шындықтың ара қатынасы, шығармашылық психологияға қатысты сана сарыны емес, тұлғаларды тобырға айналдыратын тәуелді сана психологиясы еді. Кенесары хан мен «Хан Кенеге» қарата қаншама пікір айтылса да менің зерттеушілік әдетіме айналған осы бір көктүйнек құбылыс – тәуелді сана психологиясы – санама шаншу боп қадалды да тұрды.
Тіпті рухани тәуелсіздіктің жұлын-жүйкесін шүйкелеген «Бейуақ», «Күйесің, жүрек… сүйесің!..», «Талқы», «Ұраным – Алаш!..» атты монографияларды жазған соң да Мұхтар Әуезов сияқты ұлы тұлғаны рухани кіріптарлыққа мәжбүр еткен рухани тәуелділік, тобырлық, жанталасқан жалаңдық психологиясының қалай қалыптасып, бір ұлттың беделді тұлғаларының рухани жандайшапқа қалай айналғаны туралы шындық толық ашылмай қалған сияқты боп көрінді де тұрды. Ғалымдар не түбірлеп зерттемеді, не деректерді түсіндіруге мұршалары келмеді, не ащы шындықтан, иә, ұлттық мүддені сатып, ұлтты бостандық идея­сының туын қанмайданда сатып кеткен тұлғалар туралы ащы шындықтан именді, не айғайға ілескен тұлғалардың тұлданған тұсын ашуға дәттері жетпеді. Әйтеуір осындай буынды тұста тарихшылар мен әдебиеттанушылардың тасырқай беретіні мені қатты қынжылтып жүрді.
Сондықтан да мен «Хан Кене» пьесасы туралы бұрынды-соңды пікірлердің барлығын жинақтап, осы туралы дақпырт пен дау-дамайдың себебін ашып, оған қысқа-қысқа түсінік беріп, бір-ақ рет сахнаға қойылған соң, кеңестік идеологияның күлтөбесіне көміліп қалған шығарманы кез келген сәтте Мұхтар Әуе­зовтің бетіне күйдіргі ретінде басып, көп қарғаның ішіндегі ақ қарға етіп шығарып, көзтүрткі етуінің себебін ашуды мақсат тұттым. Бұған табанды, айнымас әуезовтанушы Талғатбек Әкім екеуміздің «Хан Кененің» қолжазбадағы әуелгі толық нұсқасын салыстыра отырып қалпына келтіріп, мәтіндік түсініктеме жазып, елу томдыққа дайындаған еңбегіміз толық негіз қалайды деген үміт те болды.
Алайда тәуелсіздік идеясының алтын өзегі болған «Хан Кененің» жолы тәуел­сіздіктен кейін тіпті қиылды. Әсіресе бүгінгі азат күннің өзінде «Хан Кененің» ең әділетсіз, себепсіз, «жалған намыстың сараместері» (Абай) мен сауатсыз, надан, пасық «парасат иелерінің» қудалануына ұшырап, өзінің рушылдық намысы үшін азаттық идеясы мен Хан Кенені ғана емес, Мұхтар Әуезовті қорлауға құлшынып, сахнада қойдырмауға тырысып келе жатқан кәрі шөңгелер мен соған құлдық ұрған режиссерлерді көргенде адамның төзімі қайта қайралады екен.
Сондықтан да «Хан Кенеге» қатысты бұрынды-соңды айтылған сұғанақ пікірлерді іріктеп алып, сол арқылы қия­натшыл қауымға ой салғым келді. Өйткені олар дәл қазір де Әуезовті рушылдықтың, жалған намысшылдықтың құрбандығына шалуға дайын сияқты. Олардан да бұрын кәнігі қастаншықпағырлар болған. Бірақ мақсатына жете алмаған. Тіпті осы жолғы қолға қалам алдырған қыжыл – тура осы оқыған надандардың жаласы мен сатқындықтан қасиет, бауырмалдық жасағысы келген екіжүзділігіне деген ыза десе де болады.
Әрине, бұл көпке жақпас. Дегенмен кез келген сәтте қоғамға қайтып оралуға дайын тұрған тобырлық психологияны әшкерелеу – қашан да кеш емес.
Қолға қалам алдырған елеулі себептің енді бірі «Күйесің, жүрек… сүйесің!..», «Бейуақ», «Бесігіңді түзе!..», «Бесігіңді аяла!..», «Бесігіңді ая!..», «Бесігіңді ұмытпа!..», «Ұраным – Алаш!..» атты ұлт азат­тық идеясы мен рухани тәуелсіздік, жан бостандығы сияқты жанкешті тауқыметтерді алғау еткен туындылардың төлбасы болып саналатын «Бұзылған бесіксіз» негізгі нысана жетімсіреп, басталмай, не аяқталмай тұрған сияқты әсер қалдырды. Бұл заңды да еді. Сондықтан да сол кемшіліктің орнын толтырып, күдік пен жегіден арылғым келді. Бір әттегенайы, кезімде өзім сарыла архивтен іздеп тауып, өз еркіммен М.Әуезовтің мұражайына өткізген деректерді қайта қарауға мүмкіндік берілмеді. Соның ішінде Юдахиннің Кенесарының жүрегінен аттың қылына ұқсас түк шыққаны туралы құжатты ғана қинала еске алдық. Ат аунаған жерде түк қалсын. Әйтпесе, «Түк қалмасын» – дейтіндей дерекке мұқтаж кәттелік бізде болған жоқ.
Сонымен…
«Бірді» (Абай), оның ішінде, ұлы тұлғаны жалғыз қалдырып, көзтүрткі еткен қоғам – дертті қоғам.

Тұрсын Жұртбай

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір