Итке «пара» бергенім үшін «сот­талдым»
20.11.2022
566
0

– Айта беріңіз, – деді аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісі кабинетіне шақырып алып, – айта беріңіз.
– Нені айтуым керек еді? – дедім мен.
– Көршіңіздің малын қалай ұрлағаныңызды.
– Астапыралла! Не деп тұрсыз? Құдай сақтасын, өмірімде ұрлық жасап көрген емеспін.
– Қысылмаңыз, ұялмаңыз, айта беріңіз, кеше түнде қайда болдыңыз?
– Қайда болушы ем, ұйықтап жат­тым.
– Қайда ұйықтап жат­тыңыз?
– Үйімде, әрине.
– Үйіңізде кімнің қасында ұйықтап жат­тыңыз?
– Ау, айналайын, тергеуші, кімнің қасында ұйықтап жатқанымның бұл ұрлыққа қатысы қанша?
– Қатысы бар ма, жоқ па, оны өзім білем. Сіз сұраққа дұрыс жауап беріңіз. Кімнің қасында жат­тыңыз?
– Кімнің қасында жатайын, әйелімнің қасында жат­тым.
– Рас па?
– Рас.
– Сонда әйеліңіздің оң жағында жат­тыңыз ба, жоқ әлде сол жағында жат­тыңыз ба?
– Ау, «көкесі», әйелімнің қай жағында жатсам да бәрібір емес пе? Оның ұрлыққа қандай қатысы бар?
– Жоқ, сіз сұраққа дұрыс жауап беріңіз. Мен еріккеннен сұрап отырған жоқпын ғой. Қызмет бабымен сұрап отырмын.
– Ал жарайды, сол жағында жат­тым дейін.
– Дейін емес, сіз нақты жауап беріңіз. Бізге қылмысты анықтау үшін бұлтартпайтын нақты факті керек.
– Ал, нақты жауап берейін. Сол жағында жат­тым.
– Рас қой.
– Рас.
– Сонда әйеліңіз сізге бетімен қарап жат­ты ма, жоқ әлде теріс қарап жат­ты ма?
– Ау, інішек, ау, сары «бала», әйелімнің қай жағымен қарап жатқанының ұрлыққа қатысы қандай? Ондағы шаруаң қанша?
– Сіз «інішек», «сары бала» деуді қойыңыз. Сұраққа дұрыс жауап беріңіз. Біз инедей ұсақ-түйекке дейін түбегейлі зерт­теуіміз керек. Бізді солай оқытқан. Сонымен әйеліңіз қай жағымен жат­ты?
– Теріс қарап жат­ты, ойбай, теріс қарап жат­ты.
– Ойбайламаңыз, неменеге ойбайлайсыз? Маған «бірдеңе» беріп тастағандай ойбайлайсыз ғой. Мен еріккеннен сұрап отырған жоқпын ғой.
– Жарайды, қойдық. Сұрап болдың ба?
– Жоқ, ә. Әйеліңіз қат­ты ұйқыға кеткенде қорылдап жата ма, жоқ әлде жәй пысылдап жата ма?
– О, құдай! Тергеуші мырза, сен неге тікелей ұрлыққа қатысты нәрсені сұрамайсың?
– Мен тікелей ұрлыққа қатысты нәрсені сұрап тұрмын ғой. Сұраққа жауап беріңіз.
– Қорылдап жатады, ойбай, қорылдап жатады, қор, қор, қор етіп, маза бермейді.
– Міне, міне, қылмыс дегеніңіз ашылды. Яғни, сіз әйеліңіз қорылға басқанда оның ұйықтағанына анық көзіңіз жетіп, өзіңіздің байланысыңыз бар ұрыларға қорадағы малды шығарып беру үшін түн ішінде сыртқа шықтыңыз. Уһ, әзер дегенде шындыққа жет­тім-ау. Болды, ұрлық анықталды. Қалған сұрақтарға сот­та жауап бересіз.
Бір жетіден кейін сот болды. Өзімнің жазықсыз екенімді білгендіктен, әрі ақшам болмағандықтан, өзімді-өзім ақтайтын болып, адвокат жалдамадым. Айыптаушы прокурорда, сотта сұрақтың астына алды.
– Айыпталушы Қисық Түзелмесұлы, сіз ұрлық жасайтын түні неліктен әйеліңіздің қасына жат­тыңыз? – деп сұрады прокурор. «О, құдай, мына әумесерге не деп жауап берсем екен?»
– Қиналсаңыз, жауап бермеуге де болады, – деді сот.
– Жо…жоқ, қиналып тұрған жоқпын, – дедім мен. – Өте орынды сұрақ. Бірақ сол түні әйелімнің қасына неліктен жатқанымды өзім де білмеймін. Ұмытып қалыппын.
– Жауабыңызға сенемін, – деді прокурор. – Үлкен адамсыз ғой, ұмытуға қақыңыз бар. Бірақ мынаны жақсылап түсіндіріңізші, неліктен әйеліңіздің сол жағына жат­тыңыз? Әлде мұны да ұмытып қалдыңыз ба?
– Жоқ, мұны ұмытқан жоқпын, – дедім мен. – Сұрағыңыз көкейтесті екен. Өйткені бөлмеден шығатын есік әйелімнің сол жағында. Төсектің оң жағы қабырғаға тіреліп тұр. Егер мен оң жағында жатсам, әйелімді «ат­тап» өтемін деп оятып алуым мүмкін ғой. Сондықтан сол жағында жат­тым.
– Тамаша жауап, – деді прокурор. – Яғни, сіз ұрлығымды әйелім біліп қалмасын деп, әдейі сол жағына жатқансыз ғой.
– Тап солай, прокурор мырза.
– Ал мына сұраққа не дейсіз? Түнде жатқанда әйеліңіз сіздің бетіңізге қарамай, неге теріс қарап жат­ты?
– ?!
– Қиналсаңыз, жауап бермеуге де болады, – деді сот
– Жо…жоқ, жауап беремін. Мұны прокурор мырза текке сұрап отырған жоқ. Өйткені әйелім маған қарап жататындай менде бет жоқ. Әйелім менің түнде ұрлыққа баратынымды сезіп, «бетсіз, қай бетіңмен ұрлыққа барасың?» деп, іштей ренжіп, теріс қарап жатқан ғой.
– Өте орынды жауап. Өзіңіз өтірік айтпайтын адал ұры екенсіз, – деді прокурор. – Бәрі дұрыс-ақ. Бірақ әйеліңіз ұйықтаған кезінде неге қорылдайды? Себебі бар ма? – деді сот. «О, құдай! Адам тағдырын шешетін сот­тың сұрағының сиқын қараңыз. Не деп жауап берсем екен?».
– Қиналсаңыз, айтпай-ақ қойыңыз.
– Жо…жоқ, айтамын, – дедім мен. Сұрағыңыз өте өзекті екен. Әйелім әр түнде әртүрлі себептермен қорылдай береді. Сол түні ол: «Ақыры ұрлыққа барам деп шешкен екенсің, албасты басып, ұйықтап қалма, қақбас», – деп әдейі қорылдап жат­ты ғой деймін.
– Өзіңіз жауап беруге шебер екенсіз, – деді сот. – Талантыңызға таңғалып отырмын. Шыныңызды айтыңызшы, көршіңіздің итіне пара бергеніңізді мойындайсыз ба?
– Оны кім айт­ты?
– Тергеуші солай деп көрсетіпті ғой. Қиналсаңыз…
– Жо…жоқ, қиналатын ештеңе жоқ. Ит­тің пара алғанын білгіңіз келіп тұр ғой. Бұл заманда параны кім-кімге бермей жатыр. Көршінің иті «кімнен» кем? «Ол» да қораны күзетіп, біздің шенеуніктер сияқты «қызмет атқарып отыр». Ол да біздің шенеуніктер сияқты «көлденең» қызметі үшін «бірдеңе» дәметеді. Оны «айтпаса да», «көзқарасынан» түсінуге болады. Сондықтан түнге қарай иесінен жасырып, «үндемесін» деп, «ет асып бергенім рас».
– Мұныңыз барып тұрған сыбайлас жемқорлық қой, – деп айқай салды прокурор. Сіз ұялмай-қызармай, итке пара беріп тұрсыз ғой. Шенеуніктердің пара алғаны аздай, бетіңіз былш етпей, ит­терді пара алуға тәрбиелеп жатырсыз. Бүкіл ит біткен парақорға айналып кетсе қайтеміз? Еліміздің ертеңі не болмақ? Жаңа Қазақстанды қалай құрамыз? Сот мырза, бұл ұры ұрлықтан да үлкен қылмыс жасап тұр. Сондықтан айыпкерді ұрлығы үшін емес, итке пара бергені үшін онбес жылға «итжеккенге» айдауды сұраймын.
– Ескерілсін, – деді сот.
– Жо…жоқ, – деп айқай салдым мен. Бұл – әділетсіздік. Бұл – барып тұрған сауатсыздық! Біздің заңымыз бойынша пара берген де, пара алған да сот­талуы керек. Сіздер мені сот­тап, «пара алған» ит­ті неге сот­тамайсыздар?
Сот та, прокурор да аңтарылып қалды. Залда отырғандар ду күлді. Сот нөкерлерімен ақылдасуға кет­ті. Қайтып оралған ол пара дегеннің не екенін түсінбейтіндіктен ит­ті жауапқа тартуға болмайтынын айтып, мені саналы түрде пара бергендіктен үш жылға бас бостандығымнан айырды. Бұған мүмкін сіздер сенбей отырған шығарсыздар. Оны өздеріңіз білерсіздер. Бірақ адам құқығын «керемет ойлайтын» біздің құқықтық қоғамымыздың құқық саласы осылайша «өсіп», «өркендеп», «дамып» барады.

Дамир ӘБІШЕВ
Қостанай қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір