АРАЛ – МЕН ҮШІН МӘҢГІЛІК ТАҚЫРЫП
Жазушыларға «Не жазып жүрсің?» деген дәстүрлі сұрақ қойылатын. Ал «Неге жазбай жүрсіз?» деген сұрақтарыңыз өте орынды. Бұл – адамның жан дүниесін, психологиялық тереңнен қозғауға түрткі болатын әрі жазушының өзін де ойға қалдыратын сауал екен.
Біз жазбай жүрген жоқпыз. Ұйқыдан тыс уақытта, тіпті түнде ұйықтап жатып оянып кеткен кезде де, ұйықтар алдында да ойымызда, санамызда жазу процесі үздіксіз жүріп жатыр. Жазу процесі қағазға екшеліп түсетін сөз ғана емес, тасқынданып, толқынданып, жойқын күшпен келетін үрдіс. Кейде тіпті сол жазғың келген алапат сөздер легі қағаз бетіне сыймай қалып жататын уақыт болады.
Сөз өнерінің адамы жазудан ешқашан құтыла алмайды. Жазу – жазарман қауымның тағыдыры таңдаған, өзі басына тілеп алған өмірінің болмысы. Сондықтан біз «жазбай» жүргенімізбен, жазып жүрміз. Ол жазу, айтып өткенімдей, жан дүниемізде үздіксіз жүріп жатады. Адамның темпераментіне, методикасы мен тактикасына байланысты, біреулер ойындағы дүниесін қағазға лезде түсірсе, біреулер жазар дүниесін ойында ұзақ пісіреді.
Ал неге жазбай жүргенімді өзім түсінемін, білемін, жобалаймын… Мерейлі жасқа толуыма орай, «Қазақ әдебиеті» газетінде ғалым, сыншы Бегабат Ұзақовтың «Самұрық тектес суреткер» атты мақаласы шыққан болатын. Автордың мені самұрыққа теңегені көкте қалықтап ұшатын қасиетті құсқа балағаны емес… Қазақтарда «түйеше толғатып» деген дөрекілеу теңеу бар. Бегабат бауырымның «самұрық тектес» дегенінің астарында да осындай ұғым жатыр, яғни самұрықтай «сирек жұмыртқалайтын» қаламгерге ұқсатыпты бізді. Расында, көркем шығарманы толық жазып біткенше көп ойланамын, көп толғанамын. Әсіресе «Абыржы» роман-трилогиясын жазу, өңдеу, жөндеу мені көп қинады. Оны толық жазып, кітап етіп шығарғанға 17 – 20 жыл уақыт кетіпті. Тарихи туынды жазғанда жазушылар көптеген архивтермен жұмыс істеп, зерттеп, зерделеп жүріп ұзақ уақыт жұмсауы мүмкін. Заманауи тақырыптарды жазу үшін де дәл сондай зерттеу міндетті түрде керек. Әсіресе қоғамның құбылысына, халықтың жағдайына, елдігіміздің беталысы мен өтпелі кезеңнің өзгерістеріне сауатты түрде анализ жасау үшін, талдап, саралау үшін үлкен жауапкершілік, іргелі еңбек пен жеткілікті уақыт қажет.
Жұрттың шығармашылық технологиясын стандарттау қиын болар. Біреу жатып жазады, біреу жүріп, тұрып жазады, біреу шай ішіп отырып жазады. Бүгінде халықтың көзі ашық. Көптің көкейіндегісіне жауап беріп, заманның тамырын тап басу үшін қаламгердің өзі де жан-жақты сауатты болғаны жөн. Күнделікті еститін жаңалықтарды, әлемде болып жатқан әділетсіздіктер мен қантөгістерді санаңнан, жүрегіңнен өткізесің. Адамның ішкі таразысы мығым болғанда ғана мықты туынды жарық көреді. «Абыржы» осылай жарық көрді.
Әуелі «Шал мен теңіз» дедім, содан кейін «Шал мен сағым» дедім. «Шал мен теңіз» тақырыбы Хемингуэйде бар. «Шал мен сағым» өзіме ұнағанымен, тайғанақтау атау секілді әсер етті. Әзірге «Шал мен Арал» деп көрейінші деп, осындай атпен повесть жазып жатырмын. Арал – мен үшін мәңгілік тақырып. Біреулер «Аралды айтып болдық қой, көрдік қой, ар жақ-бер жағы тоқымдай ғана су ғой» деп жүрген шығар. Жоқ, Арал тоқымдай су емес. Сол тоқымдай суда қазақтың трагедиясы, қазақтың үміті мен болашағы, ел-жұртты күпті еткен көп жайттар бар. Ол – әзір таусылмайтын тақырып. Арал – менің Құдайдан сұрап алған тақырыбым емес, маңдайыма тап келген тақырып. Аралдың жағдайы, табиғи ахуалы өте ауыр. Дегенмен алып теңіздің жай-күйін жақсарту амалдарының алғашқы қадамын жоғалтып алмайықшы деген тілегім бар
Сонымен қатар «Мәрмәр гүл» атты шығармаға қалам тербеп жүрмін. Жаһандану үрдісімен келген жасанды интеллект шынымен әртүрлі ойға қалдырады. Ол да от сияқты. Отты дұрыс қолдансаң, үйіңе жылулық сыйлайды, ас-суыңды пісіреді. Ал теріс ниетпен қолданғанда алапат өртке айналып, атом бомбасының бір түріне айналып шыға келеді. Роботты алғашында адамға көмекші құрал болсын деп құрастырса, бірте-бірте адамның өзімен бәсекелес құрылғыға айналып барады. Осындай түрлі толғаныстың нәтижесінде осы тақырыпты арқау еткім келді. Қалай шығатынын оқырман алдағы уақытта оқып, білетін болады.
Жазып алған
М.РАЙЫМБЕКОВА