«КІМ ҮШІН ҚОРЛАНАСЫҢ?.. »
18.09.2022
690
0

Сонымен, Ж.Қуан­ды­қов­тың «Жігерін құм қылып, намысын жер қылған Т.Жұртбаев па», жоқ, патшалық отарлау саясаты ма? Соны әшкерелегенім үшін мен неге ұялуға тиіспін?!. Ұялса – сол қатыгез, обыр, аяр саясатты жүзеге асырғандар мен әлі де одан бас тартпай отырғандар ұялсын. Халқымды қанағандардың қорқаулығын айту – жазушылық парызым.

Мен осынау шындықты, Ж.Қуандықов жолдас, Сіздер білсін, содан сабақ алсын деп жаздым. Ал мақаладағы, кітаптағы ақи­қатты дәлелдеуге өзіңіз айтқандай «фактім» толық жетерлік.
Ескерте кетейін, 1916 жылғы жазалау саясаты оқыстан ушыққан оқиға емес, одан жүз, жүз елу жыл бұрын ойластырылған және әбден пысықталған, түбінде бір қолданылуға тиісті жоспарланған мем­лекет­тік шара еді. Ол шара қазақ дала­сын отарлаудың үш кезеңінде де жүзеге асырылуға сақадай сай тұрды. Әуелде Ермак сияқты Иван Грозныйдың қаһарынан қашқан қарақшылар жаулап алса, кейін Петр І тұсында әскери-әкімшіліктер жерге қада қағып, бекіністер салды. Солардың ішіндегі алғашқылардың қатарында Сіз тұрған Қызылжар қаласы да бар.
Үшінші, ең шешуші кезең – тың игеру, иә, дәл осылай, тың игеру науқаны еді.
Бұл – империяның мәдени атауы. Осыдан екі мың жыл бұрын Хань динас­тия­сы хұндардың жеріне көз сұғын қадап, «Тың игеру үшін еңбек әскерін» жібермек болыпты. Қандай сәйкестік десеңізші. Қазақстанға араны ашылған империялар да, олардың дәуірлері де басқа, бірақ ниеті біреу. Ол: «…Орталық Азияны ішкерілей жаулап алуға жол ашу, әскери және азық-түлік базаға айналдыру. Екінші жағынан қанау­­дың шексіз шыңырауына батырып, ши­кізаттың тегін көзі ретінде пайдалану, ең бастысы, жерді отарлау» (Т.Рысқұлов) еді.
Мұның астарын таратып жатудың қажеті бола қоймас. Оның себебін менен гөрі Сіз жақсы біліп, сезініп, көріп отырсыз. Қазақтың қамын ойлаған санаткердің біреуінің пікірі мынадай:
«Егер де мемлекеттің мүддесі үшін керек болса, онда қазақтарды құрбандыққа шалуға ешкім де қарсы болмайды… бірақ екінші жағынан алып қарағанда, біз бір қолымызбен жерден көтеріп, екінші қолы­мыз­бен қылқындырып отырғанымызды да жасыр­май, мойындауымыз керек», – деп жазды. (Санк-Петербург ведомостісі, 1898 жыл, №188-200).
Шындығында да, қайырымдылық емес пе! Дегенмен отарлаудың қасіреттерін ашып жазған бірден-бір баспасөз – осы. Бұл басылым 1897 жылғы №20 санында өз пікірін ашық білдірген. Кәдімгідей алаңдаған. Қараңыз: «Орыс шаруаларын далаға қоныстандыру қазірдің өзінде қазақтардың наразылығын тудырып отыр, ауқаттылары өзінің үйреншікті жайлауын тастап, еріксіз көшуге мәжбүр болды. Сөйтіп, Қытай шекарасындағы туыстарын немесе 1769 жылы Красноводскіден босқан, қазір Бұқара мен Ауғанстанның аралығында көшіп-қонып жүрген 10 000 түтін адайлық­тар сияқты, біздің ырқымыздан тыс жерге ауып кетуі мүмкін. Әрине, ауқаттылар ғана осылай істей алады, кедейлер кете алмайды, олардың күш-көлігі жетпейді. Сондықтан да бұлар осында қалады және еріксізден-еріксіз орыстарға сіңіп, тіршілік үшін өз өмірін өзгертіп, бұл қорлыққа шыдап, жаңа салт-ғұрыпқа көндігуге тура келеді. Мұның барлығын олар түсінеді және сол үшін үрейленеді. Ең үлкен қасірет сол, оларға назар салып жатқан ешкім жоқ, бұлардың жерін басқа халық келіп иемденіп жатыр, бізге де жер бөлініп беріледі-ау деп үміттенбейді де, олар біз үшін жат, жалқау, бұйығы адам боп қала береді».
Бұл мақалаға мен ештеңе де алып-қос­пай-ақ қояйын. Алайда мұндағы ай­тыл­ған болжамдардың дені шындыққа айналды емес пе? Қытай, Ауғанстан, Түр­кия, Иран, Монғолия елдеріндегі үш миллион қазақ қайбір жетіскенінен ата­ме­кенін тастап кетті дейсіз. Кімнің жерінде кімге кім жат, кім бұратана көрініп отыр? Ел намысын ойлайтын азаматты осы жай неге толғандырмайды? Байбалам салған кім, қайта шындықты жеткізгенге айыптымыз ба? Отарлаудың асықпай-ап­тықпай жоспарлы түрде жүргізілгенін және бар қиындықты біле отырып, жерді талан-таражға түсіруді тыймағандығын Омбы генерал-губернаторының 1906-1907 жыл­дар аралығындағы келімсектерді қоныс­тандырудың барысы туралы есебі толық дәлелдейді:
«Бұл өлкені келімсек орыстармен от­ар­­­­­­ландырудың бұдан былайғы барысы қазақ­тарды қай жерге орналастырудың мәселе­сінің шешілуіне тікелей байланысты. Кеңес нұсқауларында қазақтардың мүд­деле­рін қорғау мүмкіндігі қаралғанымен де, қалыптасқан қарқынды құлшынысқа қарағанда, барған сайын қазақтарға бөлінуге тиісті жердің көлемі азайып, егіншілікпен айналысатын атыз қалмай барады. Ең құнарлы жерді келімсектер тартып алып, солардың иелігіне көшті. Қазақтар жерден көрген қатты қысым­шылы­ғы үшін арызданумен жүр. Олардың көп­шілігі даланың кеңдігіне қарамастан казак-орыстардан, Сіздің императорлық құзырыңыздағы кеңселерден жалға жер сұрайды. Неғұрлым күшейе түскен отар­лау­­дың қысымы қазақтардың жанын жеп, алаңдатып отыр. Мұның барлығы қазақ­тардың мал шаруашылығымен айналысуына да кері әсерін тигізуде, екінші жағынан көш­пелілердің орыс заңына және орыс тұрғын­дарына деген нашар көзқарасты қалыптастыруда. Кең даланы емін-еркін билеп-төстеген чиновниктер мен өкіметке, тек орыс халқының, орыс келімсектерінің мүддесін қорғаған орыс заңына деген қарсы­лық, өшпенділік, сенімсіздік бірте-бірте қордаланып келеді».
Жарайды, генерал-губернатор мо­нар­­хияның тұсындағы қазақтардың хал-жағдайын баяндап отыр делік. Ендеше, бүгінгі өмірге үңіліп, жан-жағыңыз­ға абайлап қараңызшы. Қандай айырма­шылық­ты байқадыңыз? Қазақ халқының дені қуаң, шөл-шөлейтті, тау-тасты жерді мекендеп, егіншілікпен күн көретін құ­нарлы аймақта азшылыққа айналып кетуі Сізге ештеңе аңғартпай ма? Арал бойынан, Қарақалпақ шөлінен, Семей­дің зілзаласынан пана іздеп барған көп балалы үйлерді Көкшетаудағы, Қызылжардағы, Жамбылдағы саны басым жұрттың сыртқа қағып, есепке алмай, жұмыс бермей, ішіне кіргізбей қойғанын қалай түсінеміз. Бұл қорлық емес пе?
Жазушы мен түгіл оқырман Сіздің де жаныңызды қинап, намысыңызды жанып, қолыңызға қалам алдыру керек емес пе? Айтпақшы, тағы да «тарихи фактіні білген жақсы, бірақ фактіні осылай бере ме екен?» дерсіз. Біріншіден, ақиқатты ақиқатпен ғана дәлелдей аласың. Екіншіден, сол ақиқаттан тәлім алып, ой салса, ойланса екен деп көпшілікке ұсынасың. Кешегі отарлық өмір мен бүгінгі «егеменді елдің» арасындағы айырмашылық пен ортақ нәрселерге және олардың себептеріне үңілсе екен дейсің. Жазушының міндеті – үкім айту емес, өмірдің құбылысын суреттей отырып, әр адамға ой салу. Әлде, Сіз өз жерінен өзіне орын табылмаған қазақтардың күйзелісіне сенбейсіз бе? Онда тағы бір мысал келтірейін. Үзінді Жантілеуовтің «1916 жылғы көтерілістің кейбір кезеңдері» деген «Қызыл Қазақстан» журналындағы мақаласынан алынып отыр:
«Қырғыздырдың (қазақтардың – Т.Ж) 1916 жылғы көтерілісі» деген кітапта Брой­да жолдас Жетісу губерниясындағы жағдай жөнінде былай еске алады: казак-орыстар ығыстырып шығарғандарды жаңа жерге орналастыруға барған бір чиновник ол арада не су, не қоныстанатын жер жоқ, айналаның бәрі аңғар-аңғар жартас екенін айтты. Пішпек уезіндегі болыстағылардың пайдаланатын жері болмағандықтан оларды Сусамыр жайлауына көшіру ұйғарылған еді. Бұл жердің қолайсыздығы сондай, оны жылына екі-үш ай жайлау есебінде ғана қоныстануға болатын. Құнарсыздығына көзі жеткен әлдебір уақытша комиссияның мүшесі «Сусамырдағы жерді беру – ауаны кесіп берумен бірдей», – деп бағалады.
Қалай ойлайсыздар, шындығында да «жомарттық» емес пе! Жайлы жерді әркім сыйлай алады, ал аспанды кесіп, оның өзінде де, өзгенің аспанына көлеңке түсірмес үшін өлшеп-пішіп бергенді кім көрген. Ол аздай, Жетісу генерал-губернаторы Фольбаум: «Казак-орыстардың жерімен шектесетін қазақтардың жазық қоныста­рын казактарға беріңдер, олардың жері көрініске жақсы болсын», – деп бұйрық шығарды. Енді қалай, патшаның құзы­рын­дағылардың сұлулыққа деген талғамын, дәлірек айтсақ, тәбетін бұзуға бола ма!
Бұған қорланасыз ба, әлде күлесіз бе, өз еркіңіз. Әйтеуір ақиқат екені анық.
Әрине Ж.Қуандықов жолдасқа алыс­тағы елдің тауқыметі белгісіз болуы мүмкін. Ен­деше, сол Қызылжар төңірегіндегі жағ­дай­ға қарайықшы. Тұрар Рысқұловтың дерегі бойынша: «1916 жылдың қарсаңында Солтүстік Қазақстанның 17 миллион 756 мың 964 десятина жерін патша өкіметі өзіне кесіп алды, соның үстіне 2 миллион 227 мың десятина жерді казактарға, 219 мың десятина жерді қаланың есебіне кесіп берді».
Ағатай-ау, осыны айтқаным үшін де мені жазғырасыз ба? Сол науқанның кесі­рін дәл қазір сезініп отырғанымыз өтірік пе?
«Қазақтар мен қырғыздардың 1916 жылғы көтерілісі» деген атпен Қостан­айда басылып шыққан, әлі де толық жари­ялан­баған еңбегінің қысқарып қалған жерінде Тұрар Рысқұлов: «Патшалық отарлау саяса­тының осындай кесірінен қазақ пен қырғыз халқының саны бірте-бірте құл­дырай түсті. 1902-1913 жылдардың аралығында қазақ-қырғыз елінің мөлшері шамамен 8-9 пайызға қысқарды», – деп ашына әшкереледі. Ал кешегі ашаршылық тұсында, қуғын-сүргінді «қатерлі кезеңде», соғыс пен тың игеру аласапыранынан кейін 1916 жылы 8-9 пайызға кемігенде 6 миллион болған қазақтың саны 2 мил­лион­ға дейін құлдырауының себебі не? Солтүстік Қазақстан облысындағы қазақ­тардың ара салмағы неге 15 пайыз қана?
«Халқымызды қойдай қырғанын жазады, сүйенетін источниктері басқыншылардың жазбалары», – дейсіз.
Ал менің келтіріп отырғаным – Рысқұлов пен Жантілеуовтің сөздері. Ел азаматтары атанған бұл халықжанды қайраткерлерге сенетін шығарсыз. Олар да қай жетіскенінен, қай еріккенінен бұл қасіретті қазбалады дейсіз. Қайта намыстанған. Олардың намысы сіздің намысыңыздан басқарақ… Қорлықты ашына жазып қор болудан, қорланудан сақтандырады. Байқадыңыз ба, намыстың өзі әртүрлі болады екен. Монархияға қарағанда озық ойлы, халық сайлаған Дума мүшелерінің де отарлау саясаты – патша ағзамнан қаталдығы, қорқаулығы, қорлығы жөнінен асып түспесе кем қалған жоқ.
«Бұл тұрғыдан алғанда Мемлекеттік Думадағы пікірталастары істің мәнісін ашып береді. Сонау 1910 жылы Думадағы министр Кривошеиннің баяндамасынан кейінгі Думадағы жарыссөз қызу өтті, әсіресе оңшыл, күрескер (октябрисит) Трегубовтың сөзінде таяу және Қиыр Шығыстағы «қозғалыстың» мақсаттары мен міндеттері туралы анық айтылады. Сөйтсек, бұл (отарлау-Т.Ж.) тек ішкі жер дағдарысын шешу үшін ғана емес, сонымен бірге жерді кеңейткеннің үстіне кеңейте беру үшін ғана аймақты жаулап алуды көздейді екен. Думаның кейбір мүшелерінің (ұлтшылдар) аузынан шыққан сөздерге қарағанда, бұл орыстардың «мәдени» парызын орындауы болып саналады және ол (отарлау – Т.Ж.) азиаттық халықтардың арасында православие дінін таратып, шоқындыруға жағдай жасау керек көрінеді (Сол Трегубовтың: «Бес миллион қазақ халқын православие дінінде деудің орнына мұсылман етіп көрсеттің», – деп әкімдердің біреуіне қарсы ашуланып сөйлеп, қатты реніш білдірген сөзін оқыңыз). Жерге қоныстандыру және жер өңдеу басқармасының бастығы Кривошейн 1912 жылы Түркістанға келіп кеткеннен соңғы өзінің есебінде Қазақстан мен Түркістандағы отарлау ісін барынша күшейту керектігін атап көрсетті».
Жақшаның ішіндегі сөзі Тұрардың таңдамалы шығармаларының жинағын­дағы мақаласына енгізілмегенінің себе­бін енді түсінген боларсыз. Міне, қор­лансақ, осыған қорлануымыз керек қой. Отаршылар үшін сіз адамсыз ба, аңсыз ба, бәрібір, екі басты самұрық құстың тырна­ғына ілінген аймақта тұрсаңыз болды, есептесіп жатпайды. Мұсылмансыз ба, кәпірсіз бе, тәңірге табынасыз ба, оның қажеті шамалы. Патша қай дінді қабылдаса, сол дінді пір тұтасыз. Шо­қын­дыру ісі қатты қолға алынып, келім­сек­тердің келуімен орайластырыла жедел жүргізілуіне қарсы болған ұлы Абайдың өзін де тінтіп, мырзақамаққа алмады ма?.. Ол діни шоқындыру ниетінен әлі де дәмелілер бар, үмітін үзген жоқ. Балалар үйіндегі қарадомалақтарды алдап- арбап мұғалімдер мен қалалық атқару комитетінің адамының өзі шіркеуге жете­леп жүргені де сол миссионерлік-отарлау саясатының жалғасы. Қорлық деген – осы. Тіпті жар дегендегі жалғыз құдайды таңдап алуыңа қиянат жасайды.
Егер де, заман бұрынғы ағысымен кете бергенде әлгіндей құқайға үнсіз көне бере­тін бе едік, қайдам. Мүмкін талай бала шоқынып та кеткен шығар кезінде. Өз басым баспаханада әжептәуір қызмет істейтін Омбыдан келген қазақ қызының шоқынатынын, ұлтын өзгертіп орыс деп жаздырғанын анық білемін.
«Фактіні намысты жықпайтындай, қайта бір уақ жанитындай қылып бере білу керек қой. Ал олай бере алмасаң…» Ар жағы түсінікті, «жазу сенің не теңің» демекшісіз ғой.
Жарайды, жоғарыдағы қорлықтың, қор­лаудың бәрін көре тұрып, мен үндемей-ақ қояйын. Сонда жаңағы шоқын­ған балалар мен қызға мен үшін сіз намыстанасыз ба әлде намыс туыңыз желбіреп тұра бере ме?
«Мен биыл Қазақ әдебиетіне жазыл­ма­дым. «Неге?» – дейсіз ғой, алдымен айта­рым, ақшасының қымбаттығы маған есеп емес (айлығым – 500 сом), ең бірінші намысымды таптайтын, жігерімді құм қылатын жазбалар қаптап кетті соңғы кезде», – деп бұлданасыз.
Кімге бұлданасыз, кімге қыр көрсетіп отырсыз? Мұнымен Гогольдің: «Кімге күлесіз, неге жетісіп күлесіз? Өзіңе-өзің күлесің!» – деген әйгілі сөзінің кебін құшып тұрған жоқсыз ба?.. Сізсіз де газет жабылып қалмайды. Құдайға шүкір, қазақтың ойлы азаматы жетерлік. Оған мүмкіндік бере қоймас. Бірақ тың игерудің жөнсіз-жосықсыз жүзеге асырылуынан тозып, тозаңы аспанға шыққан тың өлке­сінің тағдыры үшін жанұшыра айғай­лағанның бірі осы газет емес пе еді.
Әлде бұл сізді толғандырмай ма?
Тың игеру социалистік қоғамда ғана асқан ерлікпен орындалған науқан емес. Осыдан екі мың жыл бұрын империя атаулының көкейін тескен көкірек құрты болғанын сөз басында айттым. Тек мынаған жауап беріңізші: айналасы он жылдың ішінде неге құйқалы жердің қыртысы жұқарып, қара боранға ұласты. Мұның астарында үлкен мән жатыр. Туған жеріңді күтіп, баптап ұстау бар да, оның бермесін тартып алу бар. Бір күндік нәпақа үшін мың жылдық асыл қазынаны қор қыламыз.
«Су тегін арзан бағаға қазақтардың жерін, оның үстіне тың жерді жалға алу әлдеқайда тиімді еді, ал өзінің кесімді егістік жері тиянақты күтімді қажет ететін. Сондықтан да крестьяндар өзінің жерін күтіп-баптауға тырыспай-ақ, жыл сайын жалға (арендаға) алу үшін жаңа тың жер іздеді. Мұның өзі крестьян шаруа­шылығының тағылық талау негізіне құрылғанын көрсетеді» (Т.Рысқұлов).
Тек қана табысты көксеген колхоз, совхоздардың жерді қалай құртқанына дәлел іздеудің қажеті шамалы. Ал сол жерді бүгін жалға берсек, он жылдан кейін ол арада не өсетінін бір құдайдың өзі білсін. Жалғыз-ақ дерек келтірейін. Семей облысына бірінші хатшы болып барысымен Құбашев жолдас тың кезінде де жыртылмаған жерді жыртқызды. Тастақ, бетеге мен беденің ғана тамырын ұстайтын бір елі қатпары бар Шұбартаудың шағылына түрен салғызды. Сол күзде-ақ онсызда жұқанақ топырақты жел ұшырып әкетті. Тек ақ шағылдар ғана атызда ап­пақ боп жатты. Не егін шықпады, не мал жайылмады. Мақаншыдағы шилі, сор­таң жерлер атыздалып, ақыры сораңға айналды. Құбашев алар сыйын алып кетті. Ал артына қуарған, суалған жер қалды. Іштен тынған ел қалды.
Енді келімсектер мен жалдамалыларға жалға беретін болсақ, онда ертеңгі ұрпаққа қай әкеміздің жерін көрсетеміз. Сонау Х ғасырдағы бесенелер мен құба қыпшақтар құсап қоныс аударамыз ба? Қайдам, ондағыдай иен жер қазір табыла қоймас.
Осыншама теперішті көріп, соған шыдаған қазақ сіз айтқандай, «не деген сорлы», «не деген жабайы», «қоян жүрек халық па» еді? Жоқ. Мәселе, айтылған сөз, берген серт, уағдаласқан антта. Қашан төзімі таусылып, намысын ашықтан-ашық аяққа таптағанша Анна Ивановнаға берген антына адал болды. Қан төгуден, ұрпаққа кетер өштіктен қашты. Алайда отаршылдарға қалайда қантөгістің ке­рек болғандығы, сол үшін қасақана аран­дат­қаны «Бейуақта» қал-қадірінше қам­тыл­ған. Бұл арада «халықтың атынан» сөйлеп отыр­ған өзіңіз халыққа обал жасағансыз. Не көрсе де көшпелі жұрт сенгіштігінен, ақкөңілділігінен, әсіре әуестігінен көрген.
«Аналардың бір аты өлгенде, біздің бір ауыл түгелімен қырылған». Дәл солай болған. Оған көзіңізді жеткізу үшін тағы бір «факті» келтірейін. Ташкент сот палатасы Думаның қозғауымен Жетісудағы қыр­ғындардың себебі туралы тергеу жүргізген. Ол аяқсыз қалса да, талай сойқанның басын ашып кетті. Соның біреуі мынадай:
«12 тамыз (август) күні Бакуревич деген біреу Шамшы (Самсы) асуында тек қана топтанып тұрғаны үшін 300 қазақты қырып салған. 13 тамыз күні Пішпек қаласында мына жай анықталды: дала жолымен келе жатқан автомобиль батып қалады, оның айналасына сол кезде бір топ қазақ жиналады. Дәл сол сәтте әлгі жерге арнайы отряд аттанады, олар 135 адамды тұтқынға алады, оның ішіндегі 35 адам ғана қалаға аман келеді, оларды Путинцев деген біреуге тапсырады. Түнгі сағат 10-11 шамасында оларды жаппай соққыға жығып, шалажансар күйінде жерге көміп тастайды. 103 адамды жолда атып тастаған екен. Бұдан байқалатын нәрсе, қызыққұмар қазақтар автомобильдің айналасына жиналған (Автомобильдің далада жүруі таңсық қой), сөйтіп есінен адаса азғындалған патша чиновниктерінің құрбаны болды. 14-і күні тұтқындалғандардың соңынан жаяу-жалпылап қырғыздар келіп, абақтыда­ғыларды босатуды өтінді. Базарда елең­дес­кен жұрт көп жиналып қалған еді, иірілген қырғыздардың саны 600-ден аса­тын. Оларды қоршап алды да, болыс бас­қар­масының ауласына айдап әкелді. Бұл т­о­бырдың барлығын бір оқ шығармай таяқпен, кеспекпен, балтамен ұрып өлтірді. Адам­дардың өлі денесі мен шалажансар қалғандарды тиеген арбаларды әлі де тірі жатқандардың үстінен басып өткізді. Ондағы мақсаты – тірі қалғандарды жаншып өлтіру еді».
Міне, сорақылық! Бұл жолы жа­залау­шылардың «бір аты да өлмеген» сияқ­ты. Әйтпесе алдындағы адамнан гөрі астындағы атының құнын жоғары баға­лайтын казактар оны міндетті түрде есепке кіргізсе керек еді. «Есер офицердің мақтана бергенінің бәрі шындық бола ма? «Фактіні намысты жықпайтындай, қайта бір уақ жанитындай қылып бере білу керек қой», – дейсіз. Тәңірім-ау, бұдан артық сіздің намысыңызды қамшылау үшін қандай қасірет керек еді, айтыңызшы? Егер бұған да мен кінәлі болсам, амал не?! «Мына фактіні» қалай құбылтамын, осының өзіне түсінік берудің өзі артық-ау. Ал есер офицердің мақтанып жазғанының бәріне күдіктенсеңіз, онда мына Бройданың тер­геудегі куәлігіне сенетін шығарсыз. Ақ сөйлейтініне ақ патшаның сотының ал­дында ант берген адамның жауабы. Топыр­лаған қарусыз адамды қойдай қырудың онша таңсық емес екенін бүгінгі оқыған, дүниенің алды-артынан хабары бар заманда да білдік қой. Құрсаулы темір сауыт, болат қалқан, солқылдақ күрзі, бүр­лі табанды етік, танкі дегендеріңізді бұрын түсімізде, қазір өңімізде көріп жүрміз.
Бұдан әрі қазбаламай, соның бәрін бастан кешкен біз шынымен намыссыз ба едік? «Жабайы», «қорқақ», «сорлы» ма едік?
Жоқ, ағайын, елді бастайтын ақылды ағалар, әскер бастайтын сарбаздар болды. Алайда, ең өкініштісі, ауызбірлік пен сенім­ді жоғалттық. Кейбірін осы уақытқа дейін қарғаумен келдік-ау. Олардың дұрыс ісін бұрыс дедік. Барын жоққа шығардық. Елдікке, есесін қайыруға ұмтылғандарды тыңдамадық. Әуелгіде конституциялық-демократтардың маңына топталған Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұқаметжан Тынышпаевтар «Ақпан төңкерісі тұсында қазақтардың саяси дамуы және олардың саналы ұлттық сезімін ояту үшін «Алаш» партиясын құрды». Осы пікірді айтып отырған Тұрар ағамыздың өзі де аталған мақаласында «алдыңғы толқын ағаларын» шешімсіздігі мен қақтығысқа бел шешіп араласып кетпегені үшін, көтерілісті тоқтату туралы үндеу тастағаны үшін біраз сілкілеп алады. Заманның екпіні солай шығар.
Алаштың азаматтары көтеріліске шықса, қызыл қанға бататынын, патша жазалаушыларының соны күтіп отырғанын білді. Думаға дейін арызданып жүріп, жазалаушыларды жауапқа тарту үшін тергеу жүргізгендер де солар. Керенскийді шақырып, М.Шоқаев пен М.Тынышпаев бар жайды түсіндіріп берді. Ташкентте ертіп жүрді. Қазір біздің қай мүддемізді шешу үшін қай басшымыз келді? Желтоқсан оқиғасын келіп тексертпек түгіл, жолына торлы тосқауыл қойды емес пе? Империяның басшысын ертіп жүріп, оның әскерлерінің сойқанды ізін көрсету ол кезде де оңай емес еді. Әскерге алынған қазақ-қырғыздар Ресейде қаңғып қалмасын деп солардың әрқайсысы бір-бір қалаға аттанып, теміржол вокзалының кассасы алдында айлап тұрған. Міржақып Дулатовтың Петербургтағы қызметін қырғыз-қазақтар бәрі көзіне жас алып еске түсірген. Қытай, Ауған елін аралап, босқан елді қайтарған. Осыдан артық не келетін еді қолынан? Әншейінде бостандық, ынтымақ деп өзеурескен партияластардың бәрі жеме-жемге келгенде империяның шоқпарын соғып шыға келді. Олар жалғыз қалды. Езілген таптар да езілген елдің қорғаны болмады. Бір кісідей большевиктік адалдығын сақтаған және жұмысшылардың мүддесі үшін ғұмыр бойы күрескен Тұрар Рысқұловтың өзі мұны ашық жазды. Оқыңыз:
«Тегі еуропалық тұрғындарға келетін болсақ, олардың барлығы да «осынау азиат­тық орданы», қазақтардың көтерілісін аямай жаншуды үзілді-кесілді талап етті. Еуропалықтардың ішінде патша өкіметінің жазалау саясатының қатігездігіне сын көзбен қараған бірен-саран адамдар да кез­десті… Сол кезде Қазақстанда еуро­па­лық тұрғындардың арасында социал-демократ­тар мен эсер партиясының ұйымдары құ­рыла бастап еді, бірақ та олардың кө­теріліс­ке көзқарасы «отаршылдық міндет­терінің» аясында қалды, сол сенімді ақтап шықты, әкімшіліктің жазалау шараларының қатыгездігінен қазақтарды қорғау туралы жұмған ауыз­дарын ашпады. Керісінше, көтерілісті қатал жаншуды жақтағандардың саны көп болды… Қазақстандағы орыс жұ­мыс­шыларының тобына келсек, олар ол кезде отарлаушылардың рухына сай тәр­биеленіп еді және сынақтан өткен нағыз интернационалдық саяси партия жоқ бола­тын, сондықтан да қазақтардың көтері­лісіне ешқандай іш тартпады, кейбір жерлерде көтерілісті жаншып, басуға ықпал жасады. Осының салдарынан, қазақтар мен қырғыздар ішінара орыс жұмысшыларына да шабуылдады. Мұның өзі, дәл осы кезде тегі еуропалық жұмысшылардың революциялық қозғалысы мен қазақ еңбекшілерінің арасында ешқандай да байланыс болмағандығын көрсетеді».
Біз ғой, күні бүгінге дейін Амангелдінің сарбаздарына мылтық жасап, оны оқтап берген орыстың мұжығы деп оқып, айтып, жазып, киноға түсіріп келдік. Сенбейтін өтіріктен ашып айтылған ащы шындық әлдеқайда «тәтті». «Отаршылдық міндетті» өтеп жүрген ағайындардың біразын желтоқсанның кезінде көзімізбен көрдік. Кеше ғана интернационализмді Інжілдің баптарын жатқа айтқандай тақылдағандар, кенет демін ішіне тартып, қолына темір сымнан «қамшы» ұстап шыға келді. Коммунист басшылар, райкомдар заводтарға заказ бергізіп, «қаруланды» емес пе?
Қайда таптық сана, партияның уставы неге бұзылды?
Тіпті республиканың басшысы Кол­биннің өзі: «Жұмысшы жасақтары құрылсын, өзін-өзі қорғасын», – деп нұсқау берді. Мұның астарында қандай «қамқорлық» жатқаны түсінікті. Егер де, жұмысшылардың тоқсан пайызға жуығы келімсектер екенін ескерсек, бұның өзі ашықтан-ашық қоян-қолтық, жекпе-жекке айдап салу ғой. Сондай адамды да марапаттап, бір-екі жыл болса да қолтығынан демеп, инабат білдірдік-ау. Бұл да – тағдырдың тәлкегі, біле-білгенге бұл да – қорлық.

Тұрсын Жұртбай

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір