УКРАИНА БЕЙБІТШІЛІК ҮШІН КҮРЕСУДЕ
02.02.2023
3290
0

Ресейдің Украинаға басып кіруі әлем халық­тарының наразылығын тудырғалы бір жылға таяды. Қазақ­стан халқының басым көпшілігі Ресейдің бұл әрекетін басқыншылық, әділетсіз соғыс деп бағалайды. Украина халқының ерлік күре­сіне қолдау көрсетуде. Украина өз тәуелсіздігі үшін ғана емес, әлемдегі бейбітшілік үшін де, Қазақстанның тәуел­сіздігі үшін де шайқа­сып жатыр деген пікір көп айтылып жүр.

Соғыстың басталу себептері

2022 жылдың 24 ақпанында, таңғы сағат 6-да Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Украинаға қарсы арнайы әскери операция басталатындығын жариялады. Ондаған жылдар бойы жүргізіліп келген Ресейдің Украинаға қарсы озбырлық, қорқыту сая­саты ірі көлемді соғысқа ұласты. Путин арнайы операцияның мақсаты – Ресейдің ұлт­тық қауіпсіздігіне үлкен қауіп болып келген Украинадағы ұлтшылдықты жою, Украинаны фашизмнен тазарту, дефашизация, денационализация, демилитаризация міндет­терін шешіп, русофобияны жою деп жариялады.
Арнайы әскери операцияға дейін 2014 жылы наурыз айында Ресей әскері Украинаның Қырым автономиялық республикасы мен осы түбекте орналасқан Севастополь қаласын өзіне қосып алған болатын. Украина жағы бұл оқиғаны – Қырымды аннексиялау деп бағалады. Әлем мемлекет­терінің басым көпшілігі Қырым түбегінің Ресейге қосылуын мойындаған жоқ. Осы уақыт аралығында ресейлік басқыншылар Украинаның Донецк, Луганск облыстарындағы орыс халқының өкілдері мен коллаборационистік сатқын топтарды пайдаланып, Ресей билігі жасанды Донецк халық республикасын, Луганск халық республикасын құруға қол жеткізді. Қырымды, Донбасты, Луганскіні Ресей өз құрамына қосып алу шараларын жасай бастады.
Ресей идеологиясы Украинада орыс тілі, мәдениеті, яғни «орыс әлемі» қудаланып, орысша сөйлейтін халықтың мүддесі аяққа тапталып жатыр деген әңгімелерді қаулат­ты. Украин тілінің мемлекет­тік статусымен қоса орыс тіліне де мемлекет­тік статус берілуге тиісті деген талаптар қойылды. Тіптен «Украинада мемлекет­тілік болмаған, орыс халқы мен украин халқы жасанды түрде большевиктер саясатымен бөлінген. Олар бір халық болатын. Украина жерлері де орыс халқынікі. Украинаны В.Ленин қолдан жасаған» деген тезисті дәлелдеуге ұмтылды. Украинада орыстарға қарсы нацистік саясат белең алып, жыл сайын өршіп барады деген насихат жүргізілді. Бейбіт, тәуелсіз, демократияға бетбұрыс жасаған Украинаны жойып, Ресейге бағынышты бодан елге айналдыру жоспарланды.
Ресейлік, украиндық ақпарат құралдарында антиукраиндық үгіт-насихат үздіксіз жүргізілді. Әсіресе орыс теледидары Украина билігінің орыстарға қарсы жүргізіп отырған саясатын «әшкерелеумен» болды. Жаптым жала, жақтым күйе деген ұстаным өз дегенін берді. Ресей халқының басым көпшілігінде Украинада бандеровшілер мен русофобтар билік құруда, оларды талқандамайынша, Ресейге қауіп жойылмайды деген пікір қалыптасты. Ресей билігі орыс халқын ғана емес, украиндық коллаборант­тарды да Ресейдің Украинаға шабуылына дайындады. 8 жыл бұрын басталған Қырымды, Донецкіні, Луганскіні басып алу үлкен соғыстың алды болды. Украина өз жерінің 20 пайыздан астамын Ресейге беруге мәжбүр болды. XXI ғасырда Еуропаның төсінде Ресей өзінің оккупациялау саясатын әскери күш көрсетумен жалғастырды.
XXI ғасырдағы путинизмнің XX ғасырдағы фашизмнен айырмашылығы болмай қалды. В.Путиннің ойынша «XX ғасырдағы ең трагедиялық оқиға – КСРО-ның құлауы болды». Ол өзінің тарихи миссиясы Кеңес Одағын қалпына келтіру деп түсінді. Осы мақсат­ты орындауды ол Украинаны басып алумен бастады. Путиннің құпия жоспарында келесі кезекте Қазақстанды, Грузия­ны, т.б. тәуелсіз мемлекет­терді Ресейге толыққанды бағындыру міндет­тері тұрғаны ақиқат. Бұл мақсатқа жету жоспары барын «орыс әлемін қорғау», «орыс азамат­тарының құқықтарын қорғау», «орыс тілін қорғау» сияқты ұрандарды ақпарат­та ашық насихат­тауынан білуге болады.

ТМД елдерінің өз тілін, мәдениетін, тарихы мен бостандығын насихат­тау шараларының барлығын Ресей билігі «орыс әлемінің» дамуына қарсылықтар деп бағалауға бейім. Осы ұстанымынан Путин Украинаның ұлт­тық мемлекет­тілігін нығайту қозғалысын бандеровшылардың, фашистер идеологиясы ретінде бағалап, өрескел бұрмалаумен болды. Путин Украинада Ресейдің «бесінші коллоннасын» дайындай алды. Орыс халқы биліктің жалған идеологиясына сенді, қолдады. Путиннің арнайы соғыс операциясын бастауын Ресей халқының басым көпшілігі қолдады. Украинаны бандеровшылар билеп отыр. Олар Ресейге жау деп түсінді. Шындығында Степан Бандера – Украинаның азамат­тық қозғалысының басшысы, оның тәуелсіз мемлекет болуы үшін өмірбақи күрескен қайраткер болатын. Ол Ресейдің, Польшаның Украина халқын отарлық езгіге салуына қарсы күресті. Ешқашан Германия фашизмін жақтаған жоқ.

Ресей мен Украина: күштер тең емес

Украина халқы тәуелсіздік, бейбітшілік және ұлтшылдық идеологиясына ден қойды. Әрине, ұлт­тық топтасу, бірегейлену үрдісі оңай келген жоқ. Украинаның шығыс аймақтарында орыс тілінің, орыс әлемінің ықпалы басым болуына байланысты сепаратистік психология күшті болды. Ресей билігі Украина халқының бірлігіне селкеу түсіретін сепаратизмді қоздырумен болды. Соның арқасында, коллабарант­тық топтарды пайдалана отыра, Ресей Украинаның 1/5 аумағын өзіне қаратып алды. Күштер тіптен тең емес. 2022 жылы 24 ақпанда РФ Президенті В.Путин Украинаны толықтай бағындыру мақсатында арнайы соғыс операциясын бастап, 100 мыңнан астам орыс әскеріне Украина жеріне шабуылдауға бұйрық берді. Ресей мен Украина әскери күштерін салыстыру қисынсыз. Ресей жағы барлық көрсеткіштер бойынша Украинадан бірнеше есе күшті. Жер көлемі 17,1 млн ²км, әлемдегі ең зор мемлекет. Украина жері 603 мың ²км, 28 есе кішкентай. Халқы 147 млн-ға жуық. Украинада 42 млн адам, 3,5 есе аз. Ішкі жиынтық өнімі 1,6 трлн доллар. Украинанікі 150,2 млрд доллар. Ресей экономикасы Украинадан 11 есе қуат­ты деген сөз. Ал Ресейдің әскери қуаты тіптен үстем. Оның жаяу әскерлері 1 миллионнан астам болса, Украинаның әскерлері 255 мыңнан сәл ғана асатын. Ресей Украина жерлеріне кірген 2014 жылы Украина қарулы күштерінде 732 танк, 2426 жаяу әскерлер машиналары, 523 зеңбірек, 187 ұшақ, 80 тікұшақ болды. Ресей қарулы күштерінде 12420 танк, 30122 жаяу әскер машиналары, 7571 зеңбірек, 1400 ұшақ, 544 тікұшақ бар еді. Ресейдің әскери бюджеті 48 млрд доллар болса, Украинанікі 3,2 млрд доллар ғана. Соғыс потенциа­лының басқа да көрсеткіштері бойынша Ресей әскери қуаты Украинадан 5-10 есе артық екендігі ақиқат. Өз күшіне сенген Путин Украинаны тез, 2-3 тәулікте тізе бүктіреміз деп жоспарлады.

Халықтар санасын ақпарат­тық соғыс жаулайды

Ресей президенті, идеологтары тәуелсіз Украинаға қарсы ақпарат­тық соғысты тіптен бұрын бастады. Диктаторлық Ресей билігіне Украинаның батыстық демократияға ден қоюы, шын мәніндегі «халықтық капитализмді» жасап, Украина халқының әлеумет­тік мәселелерін шешуге кірісуі, украиндықтардың бай-қуат­ты өмір кеше бастауы мүлде ұнаған жоқ. Украина билігінің Батыс мемлекет­терінің демократиялық саяси жүйесін жасай бастауы – Ресейдің диктаторын тіптен шошыт­ты.
Ресей идеологтарының ойынша «қалайша Украина Ресейден озық тұрмыс кешуі керек», «сондықтан Украина Ресейге толық бағынышты болуға міндет­ті» деген қағидаларға ден қойды. 9000-нан астам орыс порталдары, әлеумет­тік желілер және теледидар арқылы Ресейді дәріптеумен, оның Украинаға қарсы агрессиялық шабуылын ақтаумен болды. Орыс халқы саяси-әлеумет­тік шындықтарды сезінбейтін зомби тектес халге түсті. Соғыстың қарулы шайқаспен қоса, ақпарат­тық соғыспен бірге жүретіні белгілі. Ресей мен Украинаның бірін-бірі айыптаулары шектен шықты. Ресейдің ақпарат­тық кеңістігінде Украина ұлтшылдары, бандеровшылары Ресейдің ұлт­тық қауіпсіздігіне зор нұқсан келтіруде. Сондықтан Украинаның ұлтшыл басшыларын жойып, оның идеологиясын өзгертіп, «орыс әлеміне» бағындыру керек деген парадигма үстемдік құрды. Украина ақпараты Ресей билігін отаршылдық, империялық, ұлы державалық, фашистік саясат жүргізуде, Путин Кеңес Одағын қалпына келтіру жоспарын Украинаны басып алумен бастағысы келеді деген нарративті ұстанды. Орыс идеологтары, журналистері Соловьев, Симонян, Скабеева секілді топ – Украинаны құртпайынша, Ресей тыныш өмір сүре алмайды, оны талқандау, халқын бағындыру керек деген насихат­ты көп жылдар бойы орыс халқының миына құюмен болды. Шындығында, Ресей халқының 80%-ы 2022 жылғы 24 ақпандағы оның Украинаға қарсы «арнайы әскери операция» жасауын қызу қолдады. Халықтың шовинистік, ұлы державалық идеологиямен рухани ауруға шалдығып, зомбиға айналғандығына әлем халқы куә болды. Орыстың басым көпшілігі – Путин Ресей империясын гүлдендіріп, әлемнің ең күшті еліне айналдырды деген жалған сенімнің құрбанына айналды десек болады. Оның басшысы В. Путин КСРО-ны қалпына келтіру мақсатының ұлы күрескеріне баланды. Ресейдің маңайындағы барлық халықтар мен мемлекет­тер оған тәуелді болуға, оған бағынуға тиісті деген ұлы державалық саясат Ресейдің нақты істерінде басталып кет­ті.
Ресейдің ұлы державалық басқын­шылық саясатын әшкерелеуде Украина журналистері, блогерлері, сарапшылары зор рөл атқарды. Олар Ресейдің екіжүзді, фашистік саясатының мақсатын әлемдік ақпарат­тық кеңістікке жеткізе алды. Дмитрий Гордон, Иван Яковина, Андрей Печей, Юрий Швец, Алеся Бацман, Василий Голованов сынды украиндық журналистеріне орыс оппозиционерлері Марк Фейгин, Александр Невзоров, Дмитрий Орешкин, Игорь Яковенко, Андрей Пионтковский, т.б. қолдау көрсет­ті. Украиналық ақпарат құралдары ғаламтор арқылы Ресейдің XXI ғасырда фашистік Германияның мақсат­тары мен әрекет­терін қайталап жатқандығына әлемдік қауымдастықтың көзін жеткізді. Ресейлік фашизмді рашизм, Путинді Путлер, Гитлер деп бағалап, әділ бағасын берді. Өркениет­ті адамзат рашизмді құртпайынша тыныш, бейбіт өмір сүре алмайтындығын әлем халықтары алдында нақты дәлелдермен көрсет­ті.

Украинаның күрескерлік қуаты

Путин бастаған Ресей билігі Украинаны 2-3 күнде тізе бүктіріп, өз адамымызды Владимир Зеленскийдің орнына қоямыз деп жоспарлады. Алайда, украин халқының ерлігінің, тәуелсіздік идеясымен топтасуының, В.Зеленскийдің ақылды, ұстамды, батырлық тұлғасының үлгісі және ең бастысы Батыс мемлекет­терінің Ресейдің агрессиялық пиғылынан шошып, Украинаға көмек бере бастауының арқасында Путиннің Украинаны тез басып алу жоспары іске аспай қалды. 3 күндік соғыс 360 күнге созылып кет­ті. Украинадан 10 есе күшті Ресей оған шамасы келмей, 110 мыңнан астам сарбаздарынан айрылды. Украина армиясы Түркиядан алған ұшқышсыз дрон «Байрақтар» арқылы Ресейдің жүздеген танкілерін, бронды машиналарын жоқ қылды. Өздері тез арада соғыс құралдарын өндіретін, сынған техникасын жөндейтін зауыт­тарын іске қоса бастады. Украина әскерлері бірнеше есе аз шығынға ұшырағанымен, қырылған, жараланған бейбіт тұрғындар көп. Үш миллионнан астам украин халқы босқынға айналды. Оларды Польша бастаған Батыс мемлекет­тері паналатуда. Ресейге зорлықпен көшірілген Шығыс Украина тұрғындарының саны да айтарлықтай.
Ресейдің шабуылынан Украинаның шеккен зардабы ұшан-теңіз. Ондаған мың әскерилермен қоса, мыңдаған бейбіт тұрғындар қаза болды. Буча, Мариуполь, Бахмут, Лисичанск, т.б. қалаларда жүздеген бейбіт тұрғындарды орыс басқыншыларының жазықсыз қыру фактілерін бүкіл әлем жұрты көрді. Босқындардың басым көпшілігі – әйел­дер мен балалар. Украинаның ондаған қалалары мен жүздеген селолары жермен жексен болды. Энергетикалық нысандар, атом электростанциялары күйретілді. Шығын жүздеген млрд доллардан астам. Украина жеңіске жеткен соң Ресейдің өзі келтірген шығынды контробуция ретінде төлейтіні ақиқат. БҰҰ, ЕО елдері Ресейді террористік мемлекет ретінде бағалап, оған түрлі санкциялар салуда. Ресейдің Батыс банктеріне жинаған 300 млрд доллар қаржысы бұғат­талды. Еуроодақ бұл қаржыны соғыс зардаптарын жою үшін Украинаға бермек.
Украина халқы басқыншылық шабуылға қарсы ұлт­тық бірігуге қол жеткізді. Соғыстың бас кезінде Ресей әскері Киевтің түбіне дейін жет­ті. Қиян-кескі шайқасқан украин армиясы 2022 ақпанда Киевтің түбінен орыс әскерін қуып шықты. Харьков қаласы үшін 2022 жылғы наурыз айында көптеген күндер шайқас болды. Орыс әскері Харьков облысынан да қуылды. Мариуполь, Бахмут қаласын қорғаушылар орыс армиясын талқандап, қуды. Бүгінде Херсон облысын азат ету жолында шайқас жүріп жатыр. Алдағы міндет – Донецк пен Луганск облыстарын және Қырымды азат ету болмақ.
Экономикалық қуаты, әскері, халқы Ресейден мүлдем аз Украина басқыншыға қалайша қарсы тұра алды деген заңды сұрақ туады. Осы мәселеге назар аудару біз үшін өте маңызды деп білемін.
Біріншіден, әділетсіз басқыншылық шабуыл барша Украина халқын топтастырды. Украиналықтар қарсы күреске шықпаса, мемлекет­тілігінен, ұлт­тық белгілерінен, тілі мен мәдениетінен айырылып қалатынын, болашақ ұрпақтар егемен Украинада өмір сүре алмайтынын түсінді. Орыс шабуылы Украинада ұлттық сезімді, тәуелсіздіктің рухын жаңғырт­ты. Халықтың басым көпшілігі орыс отарлаушыларына қарсы қарулы соғысқа қорықпай, «Украина жасасын!» ұранымен кірісті. Кішкентай Украинаны 3-4 күнде қалпақпен ұрып аламын деген Путин оңбай қателесті. Путин мен оның сарапшылары Украина халқының саяси көңіл күйін, армиясының қуатын, ең бастысы АҚШ бастаған Батыстың позициясын талдауда оңбай қателесті. 42 миллион халқы бар Украина шайқасуға, өліспей беріспеуге бел буды. Белгілі украин журналисі Дмитрий Гордон айтқандай, Путин осы уақытқа дейін бірікпей келген Украина халқын өз агрессиясымен топтастырып берді. Орыс оккупант­тарының 2014 жылғы Қырымды, Донецк пен Луганск облыстарын тартып алғанына көніп келген Украина халқы отарлаушыларға қарсы тәуелсіз ел, бостандықтағы халық ретінде шайқасуға кірісті. Украина халқы әділет, азат­тық үшін соғысып жатырмыз деген ұлы идеямен топтасты. Тіптен орыстілді украиналықтар тәуелсіздікті аянбай қорғауға шықты. Мыңдаған әйел-қыздар қолдарына қару алды.
Екіншіден, Ресей Федерациясының басқа мемлекет­терді жаулап алып, қазіргіден әлдеқайда қуат­ты әскери-экономикалық держава жасап, бүкіл адамзатқа қорқыныш әкелу ниетінен Батыс шошып кет­ті. АҚШ бастаған дамыған мемлекет­тер Украинаны құтқару арқылы Ресейдің шовинистік, басқыншылық саясатына тосқауыл қоюға болатынын тез ұғынып, оған қару-жарық, қаржы, азық-түлік беріп, көмек көрсетуді бастады. 1 жылға жуық соғыс барысында АҚШ Президенті Джо Байден бастамасымен АҚШ Конгресі Украинаға 28 млрд доллардан артық көлемде түрлі көмек көрсет­ті және бұл үрдіс Ленд-лиз жоспарымен жеңіске дейін тоқтамайды.
АҚШ-тың әскери өндірістік кешені Украина армиясына қару-жарақ беруді жолға қойды. АҚШ-тың 800-ден астам әскери өндіріс орындары Украинаға жұмыс жасауда. Арнаулы «үлкендер тобы» құрылып, оған Украинаға қару мен қарыз беруді тез шешуді іске асыратын жоғарғы генералдар кірген. 2023 жылдың қаңтар айында ғана АҚШ-тың Израильдегі базасында сақталған 300 мың снарядтар Украинаға жіберіле бастады. Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Борис Джонсон бастауымен Украинаға өте үлкен көмек көрсет­ті, әлі де көрсетуде. Польша мемлекетінің ерекше көмегін президенті Анджей Дуда бастады. Ресейдің варварлық агрессиясына қарсы Украина халқымен бірге Латвия, Эстония, Литва мемлекет­тері барлық мүмкіндіктерін аямай қолұшын созып жатыр. Украина әскерлері НАТО-ның базаларында жаңа қаруларды, ұшақтарды меңгеруде. АҚШ-тың Германиядағы Рамштайн әуе әскери базасында Батыс елдері 8 мәрте кездесулер өткізіп, Украинаға көмек дәлізін ашты. Ең соңғы заманауи қарулар Украинаға берілетін болды. Қазір де жаңа соғыс техникалары Украинаға үздіксіз беріліп жатыр.
Украина НАТО-мен нағыз одақтасқа айналды. Орыс идеологтары біз тек Украинамен ғана емес, бүкіл НАТО-мен соғысудамыз деп жариялады. НАТО Украинаны нағыз одақтасы деп таныды.
Үшіншіден, Ресей шабуыл бастаған уақыт­та Украинаны отаншыл, мемлекетшіл, халықшыл тұлға президент Владимир Зеленский басқарды. Ол Украина халқын аса қиын сәт­те дұрыс басқара білді. Елі мен жерін тастап қашқан жоқ. Өзінің ерлік, лидерлік үлгісімен Украина халқын орыс басқыншыларына қарсы азат­тық соғысына жұмылдыра алды. В.Зеленскийдің АҚШ Конгресінде сөйлеген сөзін АҚШ-тың демократ­тар мен республикашылар конгресмендері бір ауыздан қолдады. Украинаны әлемдік бейбітшілікке қауіп төндіріп отырған Ресей фашизміне қарсы күресуші мемлекет, батыстық демократиялық құндылықтарын қорғаушысы деп баға берді. Белгілі сарапшылар В.Зеленскийдің бұл сөзін Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда, АҚШ Конгресіне келіп сөйлеген У.Черчилдің сөзіне тең деп баға берді. Екінші дүниежүзілік соғыста әлемдік дамуға фашистік Германия қауіп төндірсе, XXI ғасыр басында әлемдік өркениет­ті адамзатқа қауіп ресейлік шовинизмнен, рашизмнен келмек деген пікірлер үстемдік ет­ті.
Төртіншіден, В.Зеленский Ресей шабуылына қарсы күресті жүргізетін тамаша дайындығы бар, заманауи қолбасшыларға соғысты жүргізуге толық мүмкіндік берді. Әскери сарапшылар Украина әскерлерінің қолбасшысы генерал Владимир Залужныйдың соғыс стратегиясы мен тактикасының шебері екенін көрсетіп отырғанын бірауыздан мойындады. В.Залужный өз әскеріне тез арада Батыс берген қару-жарақтарды меңгертіп, саны мен күші әлдеқайда артық Ресей армиясына аяусыз соққы беруде. Украина қарулы күштері НАТО-ның стандарт­тарымен соғыс қимылдарын жүргізіп, кеңестік стандартпен жүрген Ресей армиясына дес бермеді. Киев, Харьков, Мариуполь, Лисичанск, Бахмут әскери операциялары Украина қарулы күштерінің Отанын азат ету шараларына кіріскенін дәлелдеді.
В.Залужныймен қатар, Украина қорғаныс министрі Резниковтың, Украина қарулы күштері барлау басшысы генерал Будановтың, т.б. әскери басшыларының нағыз маман екенін әлем көрді. Қолбасшылардың дұрыс соғыс қимылдарын ұйымдастыруы арқасында Қара теңізде Ресей теңіз қарулы күштерінің флагманы саналатын «Москва» крейсерін украиналық ракеталар көзін жойды. Бұл шығын бүкіл Ресей империясына моральдық соққы болды. Соғыс басталғаннан кейін 2-3 айдан соң Ресей өз мақтанышы болған «Москва» крейсерінен айырылды. Украина өзінің соғысқа қабілетін осылайша дәлелдеді. Ресей басшылығы кектеніп, Украинаның бейбіт өмір обьектілерін, тұрғын үйлерді, жылу, электр, су станцияларын атқылау­ды күшейт­ті. Буча қаласының қарапайым халқы айуандықпен өлтірілді. Қаладан мыңға тарта бейбіт тұрғындардың мәйі­т­і жиналды. Украина халқының орыс фашизмінің айуандығына қарсы қарулы күресі, шайқасы күшейе түсті. Әлемдік қауымдастық орыс зұлымдарын, тонау­шыларын көріп, оларды рашистер, украи­на халқына қарсы геноцид жүргізушілер деп айыптады.
Өкінішке қарай, орыс жағына шыққан коллабарант, сатқындар да аз болған жоқ. Олардың болуын Ресейдің көп жылғы Украина тәуелсіздігіне қарсы құпия жұмыстарының, идеологиялық диверсиясының, сатып алу әрекет­терінің жемісі деп айту керек. Орыс билігі Украина халқының санасын улап, оларды да орыстар сияқты зомбиге, құлақ кесті бағынышты етуге тырысып бақты. Бірақ Украина халқының тарихи санасы оянған, олар үшін бостандық, тәуелсіздік ең басты құндылық екендігіне әлемнің көзі жет­ті. Украина батыстық демократиялық даму моделіне бетбұрыс жасады.

Қазақстан Украинаны қолдайды

Ресейдің Украинаға шабуылын қазақ халқы мен ел билігі қолдаған жоқ. Президент Қ.Тоқаев ДНР, ЛНР сияқты квазимемлекет­тік құрылымдарды Қазақстан мойындамайды деп ашық жариялады. Алайда, 7,5 мың шақырым ортақ шекарасы бар Ресеймен Қазақстан ынтымақтастық қатынастарын тоқтата алмайтыны да белгілі. Ресеймен бейбіт қатынастарды сақтай отыра, ресми билік оған Батыстан салынған экономикалық, қаржылық санкцияларды бұзбайтынын міндетке алды. Қазақ­стан билігі мен халқы Украина халқына соғыс бастала салысымен гуманитарлық көмек тасқынын бір сәт тоқтатқан жоқ. Дәрі-дәрмек, азық-түлік, киім, генераторлар соғыстан күйреп жатқан Украина қалалары мен селоларына жеткізілді. Гуманитарлық шара ретінде 2023 жылдың қаңтар айында Украинаның ірі қалаларында «қазақ үйлер» тігіле бастады. Қазақ үйлер қазақ-украин достығының, бірлігінің символына айналды. Ресми Ресей осындай гуманитарлық актілерге наразылық көрсетіп, Қазақстан атына түрлі қоқан-лоққы жасап та көрді. Сондықтан Қазақстан халқы да, билігі де Ресейдің Украинаға шабуыл жасауынан үлкен сабақ алуы керек. Ресей идеологтары келесі кезек Қазақстандыкі деп отыр. Демократиялық адамзат Ресейді әлем халықтарына негізгі жау, бейбітшілікке қауіп төндіруш і, террористік мемлекет деп бағалады. Алдағы уақыт­та УҚК Донецк, Луганск облыстарын орыс басқыншыларынан азат етіп, Қырым түбегін өзіне қайтарады деген сенім күшті. Ресей шовинистері: «Қырым біздікі» деген ұранынан айырылса, Украина толық жеңетіні сөзсіз.
Қазақ халқының басым көпшілігі Ресейдің Украинаға соғыс ашуын ұлы державалық шовинистік, отаршыл сая­сатының нақты көрінісі деп біледі. Ресейдің кейінгі 10-15 жыл бойы Қаза­стан мемлекет­тілігіне күмән келтіретін, оның территориялық тұтастығына қол сұғатын әңгімелері – Ресейдің Қазақ­станға ашық агрессия жасауға психологиялық дайындығы екендігін республика жұрты жақсы сезеді. Сондықтан Украинаның мемлекет­тік тәуелсіздігі үшін Ресеймен соғысуы Қазақстанның ұлт­тық, мемлекет­тік мүддесімен үндес. Украина өзін ғана емес, Қазақстанды да отаршыл империядан қорғау үшін соғысуда. Польша, Эстония, Литва, Латвия, Молдова, Грузия мемлекет­тері де Украинаның басқыншыларға қарсы күресін өз күресіндей көріп отыруының себебі де осында. Ресей фашизмі XXI ғасырда әлемдік қауымдастықтың бейбіт дамуына ең зор қауіпке айналып отыр. Ресей фашизміне қарсы әлем халықтарының бақыты үшін Украина қиян-кескі шайқас жүргізіп жатыр.

 

Сайын Борбасов 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір