Жантас Еркін. Құдайға оралған бала
21.01.2022
1377
0

«Шартр шіркеуін кім салғанын ешкім білмейді»

И.Бергман

Жантас Еркін

Құдай тағаланың ең ұлы идеясы өмір мен өлім жайлы ойлану – бақыт. Өмір бар жерде өлім бар. Екеуі егіз ұғым. Мұны ойланбау да мүмкін емес. Қасиетті Құранда «Маған және ата-анаңа алғыс айт. Себебі маған ораласыңдар» [ «Лұқман» сүресі, 31, 14] деп келетін аят та осыған бірден бір дәлел болса керек. Тіршіліктің басы өмір, соңы өлім. Бірақ адам өмірді сондай жақсы көре тұрып, өлімнен сондай қорқатыны несі?! Адам өлімді өмір сияқты біле алмайтыны несі? Бұл сауалдың жауабы да өмір мен өлімнің өзі сияқты күрделі әрі сан алуан.

Жоғарыдағы сауалдың жауабын табуға әуелі дін мен философия көмекке келді. Сан ғасырдың тізбегінде осы екеуінің адам ойындағы күмәндарға толассыз жауап беруін тарих деп атадық. Біз өз күмәндарымыз бен қорқыныштарымыздан тарих жасадық. Біз өмірдің мәнін әр нәрседен іздедік. Ал өлімді тіпті елестете де алмадық.

Егер өмірді үлкен бір теңіз деп алар болсақ, Ингмар Бергман екпіні басылмай тұрып жағаға асыққан толқын болар еді. Жол жөнекей жарға соғылды, буырқанды, бірақ бәрібір өз екпінін жоғалтқан жоқ. Ол үшін өмірдің осы бір темпаритмі барлығынан қымбат еді. «Мен өмір бойы өзімді тани алмаппын» дейді Бергман бір сөзінде. Ол өмір сүре жүріп өнер жасады,  өнер жасай жүріп ақиқатты іздеді. Қандай ақиқат? Бәлкім Құдай, бәлкім мән. Өзі де білмейді.  Бір білері,  бәрі сонау Упсала шағын мекенінен басталған болатын. Балалық шағында алған тәрбиесі кейінгі өміріне жетер мол азығына айналды. 

Бергман қарапайым швед отбасында дүниеге келді. Әкесі – шіркеу қызметкері, анасы – медбике. Діни наным-сенімге негізделген отбасы ережесі бала Ингмарды көп дүниеден тыйды. Дін, қылмыс,  жаза, Құдай, періште. Осы терминдер – Бергмандар әулетінде ең көп қолданылатын сөздер-тұғын. «Мен балалық шағымда көп бұзықтық жасадым. Әр тәртіпсіздігім үшін әкем жонымнан таспа тілетін. Сондықтан қылмыс пен жаза түсінігі менің санамда ерте қалыптасты», – дейді режиссер балалығын еске алып. Біз бұл жайлы автордың кеңінен танымал «Фанни және Александр» (1982 жыл) көркем фильмінен де анық байқаймыз. Діни ережелерге жаны қас тоғыз жасар Фанни үнемі ой үстінде жүреді. Әрбір балалық бұзықтығы үшін Құдай оған ренжулі деп ойлайды. Ойлай келе, «Сонда менікі дұрыс емес пе?» деген сұраққа тіреледі. Жас жеткіншек  бұл өмірде кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін бағамдай алмай, басы қатады. Әркімнің «сыйынатын» бір Құдайын түсінбей, ақыры үлкен күмәнмен  есейеді. Бұл ата-ана тарапынан баланың болашағына жасаған үлкен қастандық еді. Фильмнің идеясын бір сөзбен қорыта айтқанда, біз балаға өзіміз сыйынатын Құдайды емес, өзі табынатын Құдайын тауып беруміз керек.

Мән іздеуші адамға балалық шағында көрген картиналары өмір бойы әсері етері даусыз. Ингмар Бергманның биік өнер жасауына бірден-бір септігін тигізген – осы балалық танымы. Ол алғашқы камерасын тоғыз жасында қолына алды. Осынау кіп-кішкентай «сиқырлы фонар» оның алдағы азапты да, абыройлы жолы еді. Ингмар үшін қиялында қозғалған сан-түрлі кескендерді шағын қораптың ішіне сыйдыру қандай қиын болса, өмір сүру де сондай қиын болды. Қит етсе қамшысына жүгінетін әке мінезінен мезі болған бала Ингмар ақыры үйінен қашып кетеді. Ол кезде Ингмар үшін бұл үлкен еркіндік пен бостандықтың бастауы сияқты көрінген. Бірақ алып өмір айдыны сарайынан қашқан «Будданы» жаңа қиындықтармен қарсы алды. Бергман 1934 жылы алғаш рет Германияға алты апталық саяхатын жасайды. Сонда жүріп ол Гитлердің ұлтшылдық идеясымен де ауырып үлгереді. Кейін 1937 жылы Стокгольм колледжіне оқуға түседі. Алайда оқуға аса ықылас танытпай, тек театр мен киноға ғана есі кете ғашық болады.

Бергман театр мен киноға 40-жылдары келді. Бірақ сәтті туындыларын араға он шақты жыл салып шығарды. Өз ғұмырында 170-тен аса спектакл,  60-тан аса кино жасады. Бірақ солардың көбісі оның атақты алты туындысының жолындағы эксперименттік дүниелер еді. «Жас кезімде ақша тауып, әйел бала-шағамды асырауым керек болған кезде, кез-келген материалға білек сыбанып кірісе беретінмін. Ал қазір олай емес. Қазір менде бәрін ойланып, материал жинауға уақытым бар», – дейді режиссер бұл жайында. Бергман авторлық фильмнің басында тұрса да, өмір бойы киноға тәжірибе жасаумен айналысты. Себебі авторлық фильмнің мәні де сол – тәжірибе болуында еді.

Платон идеалды қоғамда ақындар мен суретшілер болмауы керек деп есептеген. Себебі, «Өнер алаңдатылушылық тудырады». Бергман осы идеяға тікелей қарсы шығады. Бергман адам өзін тапқанда ғана қоғамға пайдалы мүше бола алатынын айтады. Мән табу үшін өнер керек. Өнер мәнге қарай жетелейді. Ол өзінің «Жетінші таңба» (1957 жыл) фильмінде экзистенциалдық тұңғиыққа ой жібере отырып, осы мәнді әртүрлі формада көрсетуге тырысады. Бәлкім содан болар көптеген әлем сыншылары аталмыш картинаны адамзат тарихындағы ұлы туынды ретінде бағалайды. «Жетінші таңба» Ингмар Бергманның философиялық әфсана жанрында түсірген алғашқы фильмі.

Фильм идеясына арқау болған жайт Бергманның бала кездегі Тюбо шіркеуінен көрген қабырға сурет еді. Сурет «Шахмат ойнаған ажал» деп аталады. Осынау мизанцена суреткердің көз алдында ұзақ жылдар бойы сақталады. Кейін ол сурет «тіріліп», енді автордың өзін мазалай бастайды. «Мен фильмді түсіріп біткенге дейін ажал жайлы көп ойладым, одан қорықтым. Фильмді түсіріп болғаннан кейін ғана ажалмен бір мәмлеге келгендей болдым», – дейді Бергман.

Оқиға  орта ғасырдағы швед қоғамында өтеді. Он жыл бойы жер бетін қанға бөктірген «Крестшілер жорығы» аяқталып, рыцар Антониус Блок өз серігімен бірге еліне келе жатады. Олар жорықтан оралғанда батыс еуропаны түгел оба жайлаған еді. Бәрі соғыстың әлегі.

Антониус серігі екеуі бір теңіздің жағасында аяқ суытуға аялдайды. Кенет Антонуисқа қара шекпен жамылған ажал келеді. Өзіне өлім таянғанын сезген Рыцар қулыққа басып, ажалды шахмат ойнауға шақырады. Жеңсе ажал оның жанын алмайды, ал жеңілсе өз еркі. Ажал келіседі. Шахмат ойнауға байланысты ажал оған бір тәулік уақыт береді. Осы уақыт ішінде ол өз өмірінің мәнін табуы керек. Жігіт өткеніне ой жүгіртіп тұрып,  өз өмірінің бос өткендігіне көзі жетеді. Жетеді де налиды. Амал жоқ, уақыт болса өтті. Енді қалған уақытын мән іздеуге арнамақ. Айналып келіп тағы сол сұраққа тіреледі: «Өмірдің мәні не?».

«Менің кеудемдегі Құдай не үшін өмір сүріп жатыр? Неге ол үнсіз. Ол бар ма?». Рыцар осындай сұрақтардың жауабын таппай тағы сарсаңға түседі. Жауабын әркімнен іздейді: маскүнемнен, жезөкшеден, солдаттан, ұрыдан. Бірақ ешкім білмейді. Бір адамның ғана емес, барлық адамның өмірі осындай бір тізбекке құрылған екен. Қаншама адам өмірде бұл жайлы ойланбайды. Осындай ойға келген Антониус ақыры соңында мән таппаған күйі ажалмен қол ұстасып кете барады. Бірақ олардың артында баласын ойнатқан бақытты отбасы жүреді. Автор бәлкім мән деген осы шығар деген үлкен ой тастайды.

Тал бесіктен жер бесікке дейінгі аралықта уақыт салған ұзақ жол бар. Бұл миллиардтаған жұлдыздардың мозайкасы. Осы өлшемде біз бармыз және жоқпыз. Ингман Берман бұл жайлы былай дейді:

«Маған кезінде бір шағын ота жасады.  Ауыр емес, әрине. Сонда наркозбен сегіз сағат жатыппын. Оянған соң сондай бір жеңілдікті сезіндім. Бірақ мен үшін сол сегіз сағат бір секундқа ғана тең еді. Сонда өлім деген осындай болады екен деп ойладым. Эксизтенция: әлдебір уақытта сен барсың және жоқсың. Мән бар және жоқ”.

Өнер деген – өмірдің өзі. Тыншымаған жүрек, арпалысқан ой. Ойлап тұрғанда сен барсың. Құдайын тануға ұмтылған ұлы Бергман ақыры сол Құдайдың өзіне оралды.  Оның сәулелі бейнесі сонау швед шіркеулерінің қабырғасынан күліп тұрғандай. Ал ойы таспа боп, алыс сапарға шықты.

Жантас ЕРКІН

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір