АЗИЯНЫҢ ТАҒЫ БІР ШЫНДЫҒЫН КӨРСЕТТІ…
Қазіргі қазақ әдебиетінің дамуына тәуелсіздік кезеңінде әдебиетке келген авторлармен қатар екі дәуірдің саяси жүйесі мен идеологиясының және әртүрлі әдеби ағым-бағыттар мен тенденциялардың куәсі болған, өздері де белгілі бір көркемдік бағдарларды қалыптастырған үлкен буын қаламгерлері үлес қосып келеді. Соның бірі Қазақстанның халық жазушысы, қайраткер, ұлт жанашыры Қабдеш Жұмаділов болатын.
Қ.Жұмаділовтің ғұмырбаяны да, шығармашылығы да оқырманға жақсы таныс. Мектептен жазушының «Қаздар қайтып барады» әңгімесін оқып өстік. Бұл әңгіме 1968 жылы жазылған. Қырық жыл бойы туған жерінің топырағын тұмарына сақтап жүріп, шекарадан өткенде атажұртының бір уыс топырағын бетіне басатын қарт-кейіпкер мектеп оқулығынан көп оқырманның есінде қалды десек, әсіре бағалағандық емес. Біз, бәлкім, жеріміз кең болғандықтан туған топырақтың қадірін жете түсінбейтін шығармыз. Бұл мәселенің қарт-кейіпкермен тікелей байланысы жоқ болғанымен, соңғы жылдары жерді жалға беру туралы мәселе көтеріліп, кейін мораторий жарияланғаны да белгілі. Бертін келе көптеген әдебиет түрлерін оқығанымызбен, аштықтан қырылған әулетін, аңшылық кәсібін, ауыр жұмысын еске алатын қарт-кейіпкер есімізде ерекше сақталып қалды.
Алғашында өлеңдері шығып, кейіннен проза жазуға ыңғайланғандықтан, біз – оқырман Қ.Жұмаділовті жазушы ретінде таныдық. Әдебиет әлеміне енгеннен кейін әр қаламгер әртүрлі күй-жаймен еңбек етеді. Бірі санаулы шығармаларымен ғана танылып жатса, енді бірі бүтін ғұмырын әдебиетке арнайды. Қ.Жұмаділов те – әдебиеттің нағыз жанашыры, шығармашылықты үстін қойған қаламгер. 1965-жылдардан бастап өмірден өткенше көп шығармалар қалдырды. 2019 жылы Азия қаламгерлерінің І форумында кореялық қаламгер Ко Ын: «Азия әдебиетіне әркелкілік тән», – деп, бұл кеңістіктегі шығармашылықтың Еуропа әдебиетінен ерекшелігін атап өткен болатын. Қ.Жұмаділов те тау-тас, қыр-жоталардың арасында тіршілік кешкен – туған жұртына асыққан беймәлім тағдырларды әдебиетте бедерлеу арқылы Азияның тағы бір шындығын көрсетті. Азаматтық әрі шығармашылық ғұмырында Қабдешті алаңдатқан Қытай қазағының тағдыры бүгінде әлемнің назарын аударды.
Қ.Жұмаділовтің көп уақытын әдебиетке арнаған жазушы екендігін айтып өттік. Өткен ғасырдың өзінде қазақ тарихында ірі-ірі гумандық апаттар болды. Сол оқиғалар тарихтың қатпарларына жайғаса бастағанымен, оның жалғасы әртүрлі формада көрініс тауып, әлі де өтіп жатыр. Ғұмыры тау мен тас, қыраттардың баурайында атажұртына деген сағынышпен өткен, атамекеніне оралуға асық болған қазақтың көші-қон үдерісі Қ.Жұмаділовтің әдебиеттегі жеке тақырыбына айналды. «Соңғы көш», «Тағдыр» романдары көпшіліктің көңілінен шығып, жазушыға әдеби сыйлықтар мен «Қазақстанның халық жазушысы» атағы берілді. Қаламгерлер «Соңғы көш» романына әдебиеттегі «құбылыс» деп баға берген болатын.
1990-жылдардан кейін де Қабдеш Жұмаділов көп әңгіме жазды. Біздің бірқатар әдебиеттанушыларымыз жоғарыдағы тарихи романдарын талдап түсіндіруге атсалысты. Яғни, жазушының шығармашылығы ғылымның назарынан тыс қалған жоқ. Дегенмен қазіргі саяси оқиғалармен байланыстыра зерттеп әрі Азия әдебиеті аспектінен кеңірек назарға алған жөн шығар. Әр аспектіден қараған сайын көркем шығарманың жаңғыра беретін, ғұмыры ұзара түсетін өзіне тән табиғаты бар.
Жазушының жеке шығармашылығына арналған zhumadilov.kz сайтында 91 әңгімесінің тізімі берілген. Соның ішінде 76 әңгімесі тәуелсіздік кезеңінде жазылған екен. Бір сызықтың бойымен (астарсыз – аллегориясыз) оқылатын әңгімелерінде тәуелсіздік кезеңінің әлеуметтік мәселелері көрсетілген. «Жемдеген қырғауылдар», «Құдайдың үйі», «Тіленші», «Бұқарбайдың бұқасы», «Жалдамалы күйеу», т.б. тақырыптардың өзі әңгімелерінің мазмұнын байқатады. Жазушы «Жалдамалы күйеу», «Тұл махаббат» деген әңгімелерімен екі әйел алу (көп әйел емес) идеясын қолдау арқылы қазақ санын көбейтуді насихаттаған сынды. 1995-жылдардан дейін қаламгер әдебиетте көші-қон тақырыбынан басқа да әлеуметтік мәселелерді жаза бастаған. Яғни жазушы ретінде өзі көріп, біліп, таныған, өзі өмір сүрген қоғам мәселесін әдебиетте көрсетуге ұмтылған. Кез келген жазушыны қоғамы толғандырады ғой дерсіз. Әрине, солай. Бірақ Қ.Жұмаділов әлем әдебиетіндегі танымал бағыттарды «иемденуге» тырысқаны, немесе стилімді даралап тұратын жазушылық бірегейлігім болсын деп жеке авторлық эксперименттерге барғаны байқалмайды. Өзі ортасында куә болып, ұлт басынан өткен рухани апаттарды жазу арқылы әдебиетте құбылыс тудырды («Соңғы көш» романы құбылыс деп бағаланғанын жоғарыда атап өттік). Жазушы тарихтың бір шындығын терең сезініспен, нәзік те жұмсақ жанымен қабылдай алып, жанашырлықпен, ұқыптылықпен баяндап жеткізуге көркем тілі жетсе, жазушы деген ардақты аттың соңынан өзі ілесетініне Қабдеш ағамыздың қаламгерлік жолы дәлел шығар деп ойлаймыз.
ХХ ғасырдың алғашқы жартысы мен 60-70 (бәлкім, кейінгі он жылдықты да қосуға болатын шығар) жылдардағы қазақ прозасында даланың бейнесі әдемі пейзаждарды тудырды. Жеке өзіме Ж.Аймауытовтың «Ақбілегінен» бастап, М.Әуезовтің әңгімелері мен «Абай жолының» пейзажы ерекше әсер береді. Оқып отырған оқырманға сергектік сыйлап, тың ынта-жігер сыйлайды. Армандарға жол салады. Әдебиеттегі мұндай үдеріс – табиғат пен адамды тұтастықта бедерлеу көшпенді өмір кешкен халықтан шыққан ақындар мен жазушыларға ғана тән шығар. Қ.Жұмаділовтің прозасынан да осындай ерекшелік байқалады. Классикалық әдебиеттің өкілдері шығарма тілінің шұрайлылығына жіті мән беріп, соған оқырманды да үйреткен. Кейбір оқырманның әртүрлі әдеби тәжірибелер көрініс табатын қазіргі заман әдебиетін қабылдай алмай жататыны да сондықтан. Әр дәуірдің өзіне тән әдеби сұранысы, талғамы бар. Қ.Жұмаділовтің соңғы әңгімелеріне қарағанда оған дейінгі шығармаларының тілінің шұрайлылығы байқалады. Мұны шығармашылық кезеңдерінен көрінетін айырмашылық ретінде айтып отырмыз. Қ.Жұмаділовтің сұхбаттары мен жазбаларында қазіргі күні жаһандық деңгейде талқыланып жатқан Қытай қазақтарына төнген саяси қауіп-қатер тереңірек көтерілген еді. Бұл мәселе бізді де жан-жақты ойландыруы тиіс.
Айнұр АХМЕТОВА, әдебиеттанушы