ШЫҢҒЫСХАННЫҢ ШЫНДЫҒЫН АШҚАН ҒАЛЫМ
14.09.2022
1394
0

«Шыныңа көш, Тарих! Шыңғыс хан кім?» деп аталатын он томдықтың авторы – Тілеуберді Әбенайұлы. Ол – 1964 жылы Қытай Халық Республикасы Алтай Аймағы Қаба ауданында туған. Қазақ тілін, жалпы түркі тілдерінен – ұйғыр, өзбек, татар, башқұрт, қырғыз тілдерін жақсы біледі. Қытай тілін жоғары дәрежеде меңгерген. Моңғол тілін біршама игерген. 2002 жылы Қазақстанға біражолата қоныс аударып, 2021 жылы жаһандық дерт ковидтен 57 жасында көз жұмған ғалым. Осы 20 жылдың ішінде Шыңғыс хан тарихына байланысты 15 кітап жазды. Қайтыс болып кеткен соң бауыры Тілеубай Базарбекұлы бастама көтеріп, шыңғысхантанушы Тілеубердінің еңбектерінің басын біріктіріп, ҚР ҰҒА, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты тарапынан он томдыққа жинақтады.

Он томдықтың көтерген жүгі, айтар ойы былай: Сегіз ғасырдан бері бұрмаланған тарихты түзетіп, тарихи қателерді әшкерелеп, ақиқатты сенімді деректер арқылы көрсетіп, Шыңғыс ханның Түрік, одан Қият, одан Жалайыр тайпасынан шыққанын дәлелдейді. Ежелгі Жетісу жері – Сыр бойынан қытайдың Тұрпан өңіріне дейінгі аумақты алып жатқан шұрайлы өлке Шыңғыс ханның атамекені екенін алға тартады. Осы өлкенің халқы сол кездің өзінде МАҒОЛ (көшпенді түрік) деп аталған. Соңғы үш ғасыр зерттеушілері осы Мағол деген сөз бен МАҢҒОЛ деген сөзді шатастырып Шыңғыс ханды Маңғол деп өрескел қателік жібергенін ғылыми негізде дәлелдеп береді. Шыңғыс ханның Жалайыр Жамуқа, Жалайыр Мұқали баһадүрлермен 3 те 5 атадан қосылатынына көз жеткізіп логикалы тұжырым жасайды. Қазақты құраған Жалайыр, Албан, Дулат, Қоңырат, Найман, Керей сынды тайпалардың ешқашан басқа жақтан келмегенін, бұрын да, қазір де сол ата-бабасының қонысында жасап келе жатқанын айтады. Бүгінгі бұрмаланған тарих негіздеп жүргендей, Шыңғыс ханның Қаған ордасы делінетін «Қарақорым» қаласы Моңғолияның қиыр шығысында емес, қайта Жетісу жері – Іле алқабында екенін алдымызға тартады. Нақтылап айтсақ, Қазақстанның Жаркент қаласы мен Қытайдың Құлжа қаласының арасы – орта ғасырлық Моғолстан мемлекеті Алмалық қаласының маңында болғанын тұжырымдайды. Сарқандағы ежелгі Қойлық қаласынан шығыс оңтүстікке қарай орналасқанын нақтылайды. Осылайша алты Алаш бас қосса – «Жалайыр ноқта ағасы» екенін бұлтартпас дәйектермен растайды.
Қытайда қызмет етіп жүрген кезінен бастап отыз жылдан бері осы тақырыппен айналысып, бұл мәселені қытай БАҚ-тарында жазудың, жарыққа шығарудың мүмкін емес екенін білген соң, атақонысы Қазақстанға келіп, зерттеуіне шындап кіріседі. Жиырма жыл ішінде бірде-бір рет той-думанға, жиын-басқосуға бармаған. Ауыр тұрмыс, қиыншылық жағдайында пәтерден-пәтерге көшіп-қонып жүріп, қытайдағы мұғалім әйелінің жалақысының жартысымен күн кешіп, соңғы жылдарға дейін жападан-жалғыз тұрып, зерттеуін жалғастырып, кітабын жаза берген. Осылай жүріп, Шыңғыс ханның «шегеленіп», «тұрақтанып» кеткен жалған тарихын аударып тастап, өтірігін қопарады. Ол батыл түрде «Шыныңа көш, Тарих! Шыңғыс хан кім?» деп үндеу тастап Шыңғыс ханның шындығын атап береді. Шыңғыс хан туралы өрескел қатені Батыс пен Шығыс неге шығарғанын түсіндіріп, держауалардың арам мақсатын айпарадай ашады. Соңында Түркілік рухты ту етіп, Қазақтың тарихтағы орнын биікке көтеріп, асқақ отаншылдық сезімге жетелейді. Оның өмірі қылуетке түсіп кеткен Құл-Қожа Ахмет Ясауи секілді. Ғибадаты – ғылым, мінәжаты – зерттеу, жазғаны – кітап болды. Нәтижесі – 15 кітап, бүгінгі қолымыздағы 10 том толық шығармасы. Өзі сол қылуетте мәңгілікке қалды да, кітаптары бізге жетті.
Автор: «Ұлытау өңірінде жатқан Жошы мазарының маңайындағы Алашахан дәл сол Шыңғыс ханның өзі», – деп пайымдайды. «Қазақ тарихы Жошы ұлысы құрған Алтын ордадан емес, қайта Шыңғыс хан империясынан басталуға тиіс», – дейді. Ол – «Біз ұлы қағанаттың мұрагеріміз» дегенді күдік-күмәнсіз ортаға қойған ғалым. Ол оны жалаң сөзбен ғана емес, тарихи дерек, үйлесімді логикалармен 15 кітабында біртіндеп анықтайды.
1-том: «Таныс та, бейтаныс Шыңғыс хан әулеті және қытай жылнамаларындағы құнды деректер» (1-2 кітаптар), қытайдың әйгілі тарихи кітаптарынан алынған цитаталар, 602 бет.
2-том: «Таныс та бейтаныс Шыңғыс хан әулеті және Қытай жылнамаларындағы құнды деректер» (3-4 кітаптар), Қытайдың әйгілі тарихи кітаптарынан алынған сілтемелер, 778 бет.
3-том: «Шыңғыс хан тарихы – Қазақ тарихы», (Шыңғыс ханның тегі түрік, діні Ислам, атамекені қазақ даласы). «Шыныңа көш, Тарих! Шыңғыс хан кім?». (5-6 кітаптар), Тарихи еңбектер, табиғат климат, жер түзілісі, өсімдіктер арқылы келтірілген дәлелдер, 380 бет.
4-том: «Түгел тауарихтың түбінде не жатыр?» Тарихтағы күллі шыңғыс ханға байланысты жазылған еңбектердің түбіндегі Шыңғыс ханның кім екенін түсіндіреді. 624 бет.
5-том: «Құпия шежіренің құпиясы», бұл кітап «Моңғолдың құпия шежіресі» деген еңбектің тыңнан аудармасы және оған жазылған түсініктемелер. 456-бет.
6-том: «Құпия шежіренің құпиясы», бұл да сол «Моңғолдың құпия шежіресі» деген тарихи кітаптың жаңа аудармасы, жазылған түсініктемесі. 520-бет.
7-том: «Әлем әміршісінің тарихы» (Шыңғыс хан әулетінің тарихы) (7-8 кітаптар). Аударма және түсініктемелерден тұрады. 650-бет.
8-том: «Ата жазу алыстан сыр шертеді», «Наурыз және Ай мен Амал», (9-10 кітаптар), зерттеу еңбектері, 338-бет.
9-том: «Шыңғыс хан туралы бастау мәліметтер не дейді?», «Шыңғыс ханның атамекені мен ата тегі және тілі мен діні», қысқаша кітап аты «Төрт дәлел». Көлемі – 324-бет.
10-том: «Рубруктың шығысқа сапар естелігі», «Маңғұл тарихы», «Тарихнама» (13-14-15 кітаптар). Бұл томда батыстық Уильгельм Рубрук, Плано Карпини, шығыстық Сы-Мачиән секілді үш автордың ғасырлар тасасынан жеткен кітаптарының аудармасы және түсініктемесі, 578-бет.
Осы он томнан байқағанымыз, оның еңбектері бірінші – аудармалардан, екінші – аударма және түсініктемелерден, үшінші – тікелей зерттеулерден тұрады. Тілеуберді Әбенайұлы пайдаланған еңбектер: Авторы белгісіз «Моңғолдың құпия шежіресі», Рәшид әд-Диннің жетекшілігінде жазылған «Жәмих ат-тауарих», Ата-Мәлік Жөбени жазған «Тарих-и жаһангушәй» (Әлем әміршісінің тарихы), Шарафаддин Әли Яздидің «Зафарнама», Марко Полоның айтып беруімен жазылған Рустисиянның «Марко Полоның шығысқа саяхат естелігі», «Алтын шежіре», «Үйән тарихы», Плано Карпини мен Уильгельм Рубруктың сапар жазбасы қатарлы үлкенді-кішілі ерте заманның еңбектерінен пайдаланған. Осыншалықты қыруар шығармалардың түгел тарихының түбінде жатқан Шыңғыс ханның шын тарихын ашады. Қысқасы, тарихқа түрен салып, қатып қалған жалған тарихқа төңкеріс ашады. Мен бұл еңбектердің бәрін оқып шыққаным үшін құныт қойып, құлай сеніп, жазып отырмын. Егер осы аталған он томдықты ерінбей оқып шыққан адам болса, шынайы тарихқа көз жеткізеді. Шыңғыс ханды Жала­йыр тайпасынан шығару – ермек емес, елдің тарихы. Ұлттың намысын оятып, рухын көтеру деген сөз. Шыңғыс ханды мүлде бөтен Моңғол деуге болғанда, не үшін өз ұясы, өз тегі түрік деуге болмайды?!.. Тілеуберді Әбенайұлы 30 жыл еңбектеніп, терең тарихтарды ақтарып, ұрымтал пікір білдіріп, Шыңғыс ханды қазақ деп дәлелдеп шығады. Ол осы еңбектерін жазып отырып дертке шалдығып, 57 жасында Алматы қаласында өмірден өтті. Оның еңбегі – таудай. Алдағы уақытта ғалымның жазғандары ғылыми айналымға шығуға тиіс.
Тілеубердінің еңбектерін оқып шығып ол ұсынған тарихты танып жеткен зиялы жұрт өкілдері: академик Мұрат Жұрынов, жазушылар: Марал Ысқақбай, Бексұлтан Нұржеке, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмәділ, Данияр Әлбозым, тарихшы Талас Омарбеков, қоғам қайраткерлері Өмірәлі Қопабай, Ерасыл Әбілқасым, өнер адамдары: Шәміл Әбілтаев, Байғали Есенәлі, журналистер Әміре Әрін, Төреғали Тәшенов, Дәулетбек Байтұрсын, Нұрлан Әбдібеков, Жұмахмет Жайлаубаев, тағы да өзге жүздеген оқырман. Олар телеарна, радио, басылымдарда өз ойларын үздіксіз түрде білдіріп, отырды. Ғалым Тілеубердінің кітаптарының жарық көріп басылып шығуына, тіршілігіне көмектескен Қожамұрат Қантбайұлы Үсенов болды. Тілеуберді Әбенайұлының тарихи еңбектерін бағалаған Ғылым академиясы оған «Құрметті академик» деген атақ берді. Мәлік Отарбаев мырзаның себеп болуымен Қазақстан Халқы Ассамблеясы «Мейірім» медалін табыстады.
Алдағы уақытта оның теңдессіз еңбектері ескеріліп, мектепке, көшеге, тарихи орындардарға есімі беріледі деген ойдамыз.

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,
ақын, аудармашы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір