ҚазҰУ-да «Абайтану антологиясы» 10 томдығы жарық көрді
29.12.2021
214
0

 

 Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Абай ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының құрастыруымен «Абайтану антологиясы» 10 томдығы жарық көрді.

 Антологияның алғашқы томы  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласымен ашылған. Онда: «Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Елбасымыздың: «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы Қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді», – деген өнегелі сөзі ақын мұрасының мәңгілік өсиет ретінде бағаланатынын айқын аңғартады. Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз», – делінген.

Көптомдық бұған дейін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтында  дайындалып, «Қазақ университеті» баспасынан жарық көрген «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» 50 томдық басылымының негізінде жинақталды. Оған абайтану ғылымы тарихындағы іргелі еңбектер, атап айтқанда: М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Қ.Мұқамедханов, М.Мырзахметов, Р.Сыздықова, З.Ахметов, Ж.Ысмағұлов және тағы басқа көрнекті зерттеушілердің ғылыми монографиялары, Абай Құнанбайұлының шығармашылығы бойынша тарихи-танымдық маңызы бар, абайтану саласындағы өзекті мәселелерді ғылыми тұрғыда пайымдауға арналған жекелеген зерттеулер, кейбір пәнаралық сипаттағы жұмыстар жүйеленіп енгізілген.

«Қазақ әдебиеттануының бір саласы болып табылатын абайтанудың өз алдына дербес ғылым ретіндегі жүйесі мен тарихын  қалыптастыруда бұл еңбектің орны ерекше. Антология гуманитарлық ғылымның дамуына, жалпы, Қазақ елінің зияткерлік әлеуетінің артуына,  халықтың рухани санасының өсуіне ықпал етеді», – дейді Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Жанғара Дәдебаев.  

 «Қазақстан – 2050» Стратегиясында «Табысқа жету үшін ғалымдардың талай буынының тәжірибесіне, тарихи қалыптасқан ғылыми мектептердің арнаулы ақпарат және білімдерінің көп терабайт көлеміне негізделген дербес ғылыми база қажет болады» деген қағида бар. Институт ғалымдары дайындаған «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көптомдық сериялық басылымы мен «Абайтану антологиясы» 10 томдығы – осы қағиданы іске асырудағы нақты жетістік.

 Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде абайтану ғылымы саласы бойынша ғалымдардың талай буынының тәжірибесіне, тарихи қалыптасқан ғылыми мектептер өндірген білімдерге негізделген дербес ғылыми-ақпараттық база жасалды. Ол – абайтану саласындағы ғылыми-ақпараттық құндылықтарды сақтау, байыту, насихаттау, зерттеу, оқулықтар мен оқу құралдарын дайындаудың әлеуметтік маңызы зор ашық электронды ақпараттар қоры. «Абайтану антологиясы» осы базаның басты құрамдас бөлігі болып табылады.

Он томдық еңбек – қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар жүйесіндегі, абайтану тарихындағы үлкен құндылық. Оны тетігін тауып пайдалану елдің ынтымағы мен бірлігінің нығаюына, қоғамдық санамыздың дамуына қызмет етпек.

Бұдан бөлек, институт Абайдай кемеңгер тұлғаның мәні терең, ұлағаты зор ой-тұжырымдарынан іріктеліп дайындалған «Абайдың кісілік кодексін» көпшілікке ұсынып отыр. 

Көзі ашық, көкірегі ояу әр қазақтың жүрегін оятып, кісілікке үндейтін бұл кодексте өз халқын адамшылық пен ізгілік жолынан айнымауға шақырып, әр қазақтың бойына адамшылықтың  қағидаларын сіңіруді мақсат еткен бас ақынның өмірлік өсиеті қамтылған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

 

 

ПІКІР ҚОСУ