KORE’A – ӨМІРШЕҢ ӨЛЕҢ ӨЛКЕСІ
25.12.2021
605
0

«Сеулде «Кёбо» атты Азиядағы алып кітап дүкендерінің бірінде Нобель сыйлығының иегері атанған қаламгерлердің суреттері қойылған кескіндер көрмесі бар. Суретсіз, бос тұрған жиектеменің астында мынадай жазу орналасқан: «Нобель сыйлығының болашақ иегері — корей азаматы үшін!»  2010 жылы әдебиет бойынша Нобель сыйлығына «Шаһар мен иттер», «Ғибадатханадағы» әңгіме» романдарының авторы, әлемге әйгілі Перу жазушысы Марио Варгас Льоса ие болды. Алайда букмекерлік кеңселер бәс тіккен бірегей үміткерлердің қатарында швед ақыны Томас Транстремер, поляк шайыры Адам Загаевский, Адонис деген жасырын атпен жазатын сириялық ақын һәм эссеист Али Ахмед Саид және оңтүстік кореялық ақын Ко Ын да бар болатын. Әдебиеттегі аса абыройлы сыйлықтың 74 жастағы Марио Варгас Льосаға бұйырғанына барша қуанып, құптағанымен, кезекті сәтсіздік Кореяда үлкен наразылық тудырып, соңы ащы өкінішке ұласты».

(Г. Н. Ким, «Корей әдебиеті». – «Жаңа замандағы шет ел әдебиеті», Ұжымдық монография, Алматы, «Жібек жолы», 2011 ж., 172 — 202 беттер).

Корей әдебиеті аса ауқымды тақырып болғандықтан, бүгінгі баянымыз бұл бағы мен соры бірге қонған елдің поэзиясы турасында тарқатылмақ.

Жиырмасыншы жүзжылдықтың басына дейін дәстүрлі корей поэзиясы әуенге салынып орындалатын бітімі бөлек жанр болған. Сол кезеңге дейін дүниеге келген жырлардың дені ханча( ханцзы) үлгісімен ескі қытайша жазылған екен. Ең ежелгі жыр нұсқасы б.д.д. XVII ғасырға тән екендігін        («Юри патшаның сары құстар жайлы жыры») бүгінгі ғылым дәлелдеп үлгерген корей поэзиясының қарқынды дамыған тұсы Ғайса ә.с. дүниеге келгенге дейін төрт жүз жыл бұрын болған-ды. Бұл кездегі өлеңдер де классикалық қытай төрттағандарының ізімен туындап, бұл кезеңнен мың жыл кейінгілерінің өзі Тан әулетінің заманындағы лирикалық шығармалардың ши формасын қабылдаған. Жыр жинақтарын жарыққа шығаруды жарытпағанымен, Корё кезінде( 935 ж.) Конфуций ілімінің ықпалымен корей поэзиясы қайта өрлеу дәуірін өткерген екен.

Біртұтас Силла мемлекеті өркендеген тұста иду үлгісімен жазылған хянга атты корей классикалық поэзиясының жанры дамыған. Біздің заманымызға жеткен 25 шығарманы (оның 14-і «Самгук Юса», 11-і «Кенеджон» атты көне жәдігерлерде!) бүгінгі корей халқы түгелдей дерлік білетіні таң қылды!

Корё мемлекетінің дәуірлеген шағында қытайлық иероглифтерді қолдану аясы кеңігенімен, хянга түріндегі поэтикалық туындылардың тынысы тарылып, «Корё жырлары» тұғырға қонды. Ауыз әдебиетінің үздік үлгісі саналатын бұл жанрдағы дүниелердің Чосон заманындағылары көбірек сақталған. Біздің жыраулар поэзиясымен үндесетін осынау жырлардың ел ішінде «пхёльгок» деген аты аса танымал. Оның «таллёнчхе» аталатын қысқаша, «ёнджанчхе» атты ұзынырақ түрлері болғанымен, белгілі бір қалыпқа бағына бермейді. Мұндағы өлшемнен гөрі тарих пен дәстүрді, өмір мен тағдырды, болмыс пен тұрмысты өлең өзегіне айналдыра алған мазмұн маңыздырақ.

         Орта ғасырларда( XVI — XVII ғ.) Корей елінде лирикалық поэзияның жапон жырындағы хайкуға ұқсас сиджо (сичжо) атты қысқа (бастапқы атауы «танга») жанры қалыптасты. Әрбір тармағы 14-16 иероглифтен немесе хангыль буындарынан құралған, бір үштаған 44-46 таңбадан тұратын, өлеңнің бел ортасында кідіріс жасалып, кілт екпінге ерік беретін тұсы болғандықтан бұл өлең түрі өзге тілдерге тәржімаланғанда амалсыз алтыаяққа айналады. Сиджо жанрының негізін қалаған корей әдебиетінің классигі Чон Чхоль саналғанымен, ең жарқын өкілі ретінде «екінші жырау» Юн Сон До танылған. Құзіретті мемлекет қайраткері, Конфуций ілімінің ірі ғалымы болса да, Косан (Жалқы тау) және Хэон (Теңіз қариясы) секілді жасырын аттармен ханмун һәм корей тілінде жазған жүйріктің артында алты томдық шығармалары қалған. Ең танымал әрі эпикалық туындысы «Косан юго» мен сиджоларының қайсыбір топтамаларынан  Э. Хэмингуейдің «Шал мен теңізінің» сюжеттік желісін байқауға болады( ! )…

Сиджомен қатар қалыптасып, қанаттас жүрген жанр – Каса. Өткен замандардың ірі тарихи оқиғаларын, Корей елінің және көршілес дәулеттердің тұрмысын, салт-дәстүрін тілге тиек ететін бұл көлемді поэтикалық үлгіні біздің жыр-дастандардың баламасы ретінде қабылдауға болады. Чосон кезеңінде өрістеп, өрлей түскенімен, касаның тамыры Корё әулетінің дәурені дүркіреген дүр заманда жатыр. Чон Чхоль (1536 — 1594 ж.) ақсақалдың бұл жанрдың Қайқы Асаны екендігіне еш талас жоқ…

Бұл баянның басында айтып өткен «бұл елге бірге қонған Бақ пен Сор» бір этностың екі бөлек саяси жүйеге және ұлттық ұстанымдары мүлде жат мемлекеттерге бөлініп, бірінің күллі әлеммен дүрдараз болып, оқшау күйде күйкі тірлік кешуінде, есесіне, екіншісінің өзге елдерге үлгі боларлықтай бай һәм қуатты дәулет ретінде өсіп-өркендеуінде болатын.

Заманында мемлекеттік қызметке тұруға ниеттенген ерлер міндетті түрде әдебиет тарихынан, поэзиядағы парасат пен шайырлық шеберліктен бақ сынасатын болған бұл елде кітап басу ісі Гуттенберг өзінің баспа құрылғысын ойлап тапқанға дейін екі ғасыр бұрын басталғанын ескерсек, көне поэзия жәдігерлерінің 3700 жылдық тарихы бар мемлекеттің заманауи әдеби әлеуетінің аса жоғары болуы заңдылық іспетті.

Жиырмасыншы ғасырдың басында Америкалық модернистердің ықпалымен имажизм секілді бағыттарға бас ұрғанымен, ұлттық дүниетанымын биік қойып, рух жадысын ешқашан жоғалтпайтын елдің қаламгерлері тез арада бойын жиып үлгерді. Сол қаламы қарымды лектің соңынан кешегі кемел, бүгінгі берекелі корей әдебиетінің жүздеген жарқын өкілдері еріп, төрткүл дүниедегі бәсекеге шыдас беретін ең қуатты әдебиеттердің бірегейін қалыптастырғаны анық. Алайда сол толағай туындыгер түменнен біз шашасына шаң жұқпаған, шетінен шаһбаз шайырлардың бесеуін ғана таңдадық( Келешекте кеңірек толғар тақырып бұл!).

Юн Дон Чжу(1917 — 1945) — Корей елінің ұлы ақыны. Жапон отары болған Қытайдың Лунцзинінде дүниеге келіп, мектепті Пхеньяннан, университетті Жапонияның Киото қаласынан тәмамдаған. 1942 жылы жапон полициясы антижапондық қозғалыстың қайраткері ретінде қамауға алып, айбоз ақын 28 жасында Фукуока түрмесінде көз жұмған (Алаш арыстары мен П. Васильев секілді!). Бүгінге дейін ақынның қандай жағдайда өлгені беймәлім. Ол жайлы ондаған шығарма жазылды, кино түсірілді ( Ли Дун Ик түсіріп, Кан Ха Ныль басты рөлде ойнаған «Дон Жу: Ақын бейнесі» ең кереметі! – авт.), есімі мәдени нысандарға берілді. 1968 жылы Ёнсе  университеті құрған қор оның есімімен аталып, Юн Дон Чжу атындағы Поэзия сыйлығын жыл сайын талантты ақындарға тапсырып келеді. Юнның көзінің тірісінде кітабы шықпаған. Үш дәптерінде сақталған 116 өлең «Аспан, жел, жұлдыз және жырлар» атты жинақ болып жарық көрген ақынды әлі күнге дейін Корей елінің жастары пір тұтады…

Ким Чинсу (1922 — 2004) — мол мұра қалдырған майталман. Чунмуда дүниеге келіп, орта білім алған. Жапонияның Нихон университетінде үш жыл әдебиеттануды игеріп, 1943 жылы күрескер, ұлтшыл ретінде қамауға алынған. 1946 жылдан біржола әдебиетке бет бұрып, 1965 жылы Кёнпук университетін бітірген. Йоннам университетінде әдебиет факультетінің деканы болып, бар саналы ғұмырын ғылым мен әдебиетке арнаған ақын 1981 жылы Ұлттық Мәжіліс депутаты болып сайланған. «Батпақ», «Байрақ», «Гүл сызбасы», «Ай», тағы да басқа оннан астам жыр жинақтары, көптеген ғылыми еңбектері Корей елінің Ұлттық құндылықтарының қатарын толықтырған Ким көзінің тірісінде ең жоғарғы мемлекеттік марапаттарға ие болған…

Ким Кван Соб. Бұл ақын туралы мәлімет жоқтың қасы. Өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші жылдары өте танымал болғанын ғана білеміз. Бір сүйкімді өлеңіне қызығып, ана тілімізге аударған ақынды осы таңдаулы топтан, кіл күліктің салтанатты сапынан көргім келгені анық!

Ан До Хён — 1961 жылы Ечхонда туған корей поэзиясының көзі тірі классигі һәм Вусук университетінің профессоры. Саф сезімнің суреткері саналатын ақын жиырма шақты жыр жинақтары мен эсселерін топтастырған оннан астам кітабын жарыққа шығарған. Ең танымал кітаптары: «Биікке секіруге батылы жеткен ақсерке», «Модакбул», «Джабмун», «Наби». Көркем аудармада да тер төккен тарланның өз шығармалары да көптеген шет тілдерге тәржімаланған екен. Өз басым бұл шайырдың шығармашылығымен биыл қарашада Корея Республикасы Бас консулдығы мен Ұлттық кітапхана бірігіп ұйымдастырған «Корей әдебиетінің кешіне» Консулдық қызметкері Пак Ын Джи ханымның шақыруымен барған сәттен бастап қана таныстым. Оқыдым. Аудардым. Тәнті болдым…

Ко Ын — 1933 жылы Кунсанда дүниеге келген әлемге әйгілі қаламгер. Бұл ақсақалды барша оқырмандары ақиық ақын, жампоз жазушы, құқық қорғаушы және будда монахы ретінде біледі( ! ). 1962 жылы дүниауи өмірге оралып, жетім балаларға арналған жай салып, кейіннен көп тауқымет тартып, өз-өзіне қол салмақ болған сәттері де болған. Төртінші республика тұсында азаматтық құқықтар үшін күресіп, төрт рет түрме төрінен табылған.

Ең өндіріп жазатын корей әдебиеті классигінің поэзия, проза, драматургия, публицистикадағы еңбектерінен бөлек, ондаған аударма кітаптары бар. «Манинбо» атты жырларының көптомдығы, «Муни ауылында», «Қара тырна көк аспаннан құларда» жыр жинақтары, «Кішкентай жиһанкез», «Сутр гүлдестесі» романдары дүниежүзілік әдебиеттің шаһқар шығармалары санатында тұрған қарт қаламгер Нобель сыйлығынан басқа жүлденің баршасын алып болды, шамасы. Бұйыртқан күні оны да алары анық! Туындылары әлемнің ондаған тілдеріне аударылған Ко Ын мырза екі жыл бұрын Елордада өткен Азия қаламгерлерінің бірінші форумына қатысқан еді. Корей елінің ғана емес, әлем әдебиетінің классигіне Қазақия қашан да тілектес!

«ЖАҺАН ЖЫРЫНЫҢ» биылғы жарияланымдарының қорытындысы болған Корей елінің поэзиясы жайлы баянды әдеттегіден өзгеше статистикалық мәліметпен түйіндеуді жөн көрдік: «Корей әдеби аудармалар институтының мәліметіне зер салсақ, 20 жылда жалпы айтқанда 2340 шығарма корей тілінен 27 шет тіліне аударылған екен. Заманауи корей әдеби туындыларының көпшілігі сапасыз, сын көтермейтін аудармалардың кесірінен зардап шегуде… 70 аударманың 29-ы жарамсыз деп танылып, 7-і ғана үздік баға алды, яғни 10 пайызы ғана (Біздені ахуал мүлдем мүшкіл ғой! — авт.)… Корей әдебиеті өзіндік дербес те дара үнін дүние жүзіндегі қалың оқырман қауымға жеткізу үшін күресуге мәжбүр! Бұл күресті кідіртуге, я, тоқтатуға болмайды!» (Г. Н. Ким, «Корей әдебиеті». – «Жаңа замандағы шет ел әдебиеті», Ұжымдық монография, Алматы, «Жібек жолы», 2011 ж., 172 — 202 беттер).

Мен келісемін… Сіз ше?!

АЛАШТУҒАН

ҚАР ҚҰЛАҒАН ШАҚТАР.
ЗАР ЖЫЛАҒАН АҚ ҚАР!

Юн Дон Чжу
КІРІСПЕ

Дәм-тұзым біткенше, қарап аспанға,

Жүрсемші болмай арға алаң!

Жел жапырақтармен жағаласқанда,

Сырғыған сыйлап сор маған.

 

Жыршы жұлдыздың жанындай, кетем

Ажалы барды сүйіп бек.

Тәуекел де етем, арындай жетем

Межелі жолмен биіктеп.

 

Жел бүгін тағы түрер түнді ізгі,

байқатпай сипап түгел жұлдызды.

 

Ким Чинсу
ГҮЛ

Мен оған ат қойғанша…

Ол… жай ғана

мөлт еткен бір белгі еді.

Өзіне лайық ерке есім тауып бергелі,

бәрі де өзгерді, құлпырып айнала.

Сол сұлу сойымен шақырып оны көргелі,

жаныма жақын келгелі

ол ғажайып түрге енді,

әсем гүл болып үлгерді!

 

Менің де оған ат қойғанымдай

ең ізгі, арда амалдан,

жанымның түр-түсін, жұпарын жырдан жаралған

таныр тек талғамы татып, бағамдар…

атымды атаған адамдар.

Әлбетте, өзімнің де өзгеріп мүлде,

айналғым келеді бірде

біреудің қолындағы гүлге!

 

Біздің бәрімізде мұрат бар заңғар:

«Бір ғана адам үшін арман,

айналсақ,»- дейміз,-«жауһар жүрек жанға».

Сен — мен үшін, мен — сен үшін

жанарда жалт етіп жанған

жарқылындай…

жадымызда қалған!

 

Ким Кван Соб
КЕШТЕ

 Қалың жұлдыз қосынынан бір ғана

жалқы жұлдыз маған назар салған-ды…

Сонша адамның шоғырынан мыңдаған

тек мен зер сап, сол жұлдызды аңғардым…

 

Алайда түн өткенінше, таң түргенше етегін

мен түгелдей қою түнек түкпіріне өтемін.

Білем, таңға… жұлдыз да еріп кетерін.

 

О, достыққа көрініс қой сай нағыз:

жетімдікпен сендегі һәм мендегі

кім боп, қалай.., тап боламыз қайда біз,

бәрі бітсе… қайта ұмтылсақ көргелі?!

 

Ко Ын
ҚАРЛЫ КҮН

Сол күні қар жауып, құяды, төгеді,

Ал менің ауылдың итіне айналғым келеді.

Олай емес-ау, дұрысы –

Жалпы жаһанда жоқ жұмысы,

Төңірегімен жоқ түк ісі

Қалың ұйқыдағы қара аюға дер едім,

Ну орманда ғой… Себебі.

Қар құлаған шақтар.

Зар жылаған ақ қар!

Айтпағым көп еді…

 

ӨЛЕҢ

Күндердің күнінде

күтіп ем оны меймандай сыйлы.

Кейінгі күннің бірінде

қырын қарады ол қожайындай күйлі.

Көптің сөзінен мынаны түйдім:

Әр ошақ түптің түбінде

түтінін түзу түтетуді көксейді…

Түңілме!

Бүгін де

жауабым жоқ: «Кім болды ол?» — дегенге…

Өлең бе?!

 

ҚАНДАЙ ҒАЖАП!

 Алсам да ойға нені,

Жалғанда.., жаһандағы жырақтарда

Әлдекім тура солай ойлап еді.

Жылап қалма.

 

Тап қазір осы ой мида орнағалы,

Дүниенің басқалқа етіп бір алаңын,

Базбіреу дәл осылай толғанады.

Жыламағын.

 

Бір ойды түзбек болсам ми сіңірер,

Адақтап алабұртқан бұл әлемді,

Бөгде жан түймек оны түйсігіне.

Жылама енді.

 

Керемет!

Кезген не жер, нендей көкті,

Шарқ ұрған ғаламдағы шалғайда жат…

Мен — бірі, сан-санақсыз мендей көптің.

Қандай ғажап!

Мен — бірі, бейтаныстың… басқа ауқымды.

Бас мауқыңды.

 

Ан До Хён
БҰРЫШ АЛҚАБЫ

Анашым бұрыш өсірер

алқапқа қарай беттегенімде,

Елеңдеп: «Нәзік қолыңды

былғамай, айнам, кет!»- деген үнге,

 

Инеліктейін айналдым

басында бұрыш егістігінің,

Қызыл саздауыт тік жардың

жатқан-ды ол төстеп тегіс тұғырын.

 

Жанарларынан жас тамса,

күн сәулесінің қиығы тиіп,

Жылтырар еді, анамның

иінағаштай иығын иіп.

 

Төрт бірдей тете ұлдарын

телміртпей, өр ғып өсірген алып,

Жәндік жеп тескен бұрыштың

желегін сөз еткен кесірге налып:

 

«Өнімді күзде санайды!» —

дейтұғын жігерін шешейдің көріп,

Армандары үшін анамның

жүр менің тым тез… есейгім келіп!

Аударған Алаштуған.

ПІКІР ҚОСУ