Өлеңнің өлкесі Сыр елінің ақындарымен кездесу
09.11.2023
489
8

 2023 жылдың алтыншы қарашасында Қазақстан Жазушылар одағы Қызылорда облыстық  филиалының қолдауымен Қызылорда қаласының 85 жылдық мерейтойына орай ақындармен кездесу өтті. Дүлдүл ақындардың шығармашылығын шыңдауға және жастар арасында поэзия өнерін дәріптеуге бағытталған шара аясында Қазақ Ұлттық университетінің Журналистика факультетінің студенттері рухани кештің куәгері болды. Жарқын жүздесудің қонақтары: Қазақстан Жазушылар одағы, Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қаршыға Есімсейітова, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Асылзат Арыстанбек, Республикалық жыр мүшайраларының жүлдегері Аружан Оралбай және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақжол Түменбай, Мөлдір Айтбай, Мақсат Даулыбай, Толқын Қабылша және Шаттық Қыстаубай. Көздерінде жалын мен жүректерінде жігер  бар жастарды көріп ақындар жастық шағын еске алса, өлең өнерінің өркенін өсіріп жүрген ақындармен жүздесіп, өлеңдерін тыңдаған жастар жағы шексіз шабытқа кенелді.

 

«Өркениеттің шаһары атанған Алматы халқымен арнайы кездесуді мақсат етіп, келіп отырмыз», — деп, сөз бастаған Қаршыға Есімсейітова ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінің түлегі. Қаймағы алынбаған қара сөздің қасиеті сақталған Сыр елінде 1925 жылы алғаш қазақ пролетар жазушылар одағы құрылып, Сәкен Сейфуллиннің төрағалық қызмет атқарғанын атап өтті. Ақындар мен жазушылардың қалам тербеп жазған біршама туындылары басылған тұңғыш типографияның Қызылорда жерінде болғанын білдік.

Асылзат Арыстанбек: «ҚазҰУ-ға оқуға түсе алмаған едім. Студенттер, сіздер бақыттысыздар», — дейді. Асылзат Арыстанбектің 20 жуық әніне сөз жазған композитор, әнші Жанар Болатбекова «Айналайын» деген әнін шырқады.

Сәттерімде көктен сауға сұраған,

Сәттерімде жұбана алмай жылаған,

Сақтау үшін, ойдан, мұңнан, күнәдан.

Бейуақытта маған ессіз ұнаған,

Сен аман бол,

Мен сүйетін бір адам! – деп басталатын, Толқын Қабылшаның «Мен әлемді сүйем әлі сәбидей» деген өлеңін отырыстарда, көңілді кештерде оқып жүрген жастар автормен жүздесіп, марқайып қалды.

Мөлдір Айтбайдың басынан өткерген оқиғасы ауыздан шыққан әрбір сөздің тағдыр күнделігін жазуда алатын маңызын түсіндірді. «Бала кезімде мүлдем армандамаған адаммын», — деп сөз бастаған Мөлдір Айтбай анасының ҚазҰУ-дың есігін ашып-жапсам, Жазушылар одағының сахнасында өлең оқысам деген екі арманы болғанын айтты. Мектептен кейін журналистика факультетіне оқуға түскенімен, білім ордасында оқып, ҚазҰУ-дың түлегі атану бағы бұйырмаған екен.

Қарагөз сөздің сұлу көшін түзеп жүрген ақындардың бірі Ақжол Түменбай мен Мөлдір Айтбай өлеңді өрнектетіп, махаббат жырымен оқырман (тыңдарман) қауымның жүрегін еліртті. Сөздің патшасы атанған өлең жолдарымен жастарды баурап алғандарына дәлел, журналистика факультетінің кино және медиа мамандығында оқитын 1-курс студенттері Иманов Руслан, Баймухан Мейрамбек және Әріпбай Асылзат өнер көрсетті. Сөзі: Ақжол Түменбай, сазы: Жандос Қаржаубайдың «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?» әнін шырқады. Ақындық дейтін асқақ әрі аяулы әлемге ғашық болатын ең әдемі шақтағы жастардың кіршіксіз көңілінен төгілген әсем ән қонақтарды риза етті. Осылайша, өлеңнің өлкесі атанған Сыр елінен келген ақындар жастардың ыстық ықыласына бөленді. Шексіз, шетсіз жолдың жүргіншілері, болашақ журналистерге, өлеңдер рухани азық, жадыда мәңгі қалар жаңғырық болары сөзсіз.

 Алчинова Нұрбибі Айтбайқызы

ПІКІРЛЕР8
Аноним 09.11.2023 | 16:52

Қаламың ұштала берсін құлыным.

Аноним 09.11.2023 | 18:44

Нұрбибі,жаным қанатың талмасын,қалықтай бер😘

Аноним 09.11.2023 | 18:45

🥰

Аноним 09.11.2023 | 21:01

Керемет! ҚазҰУ деген қара шаңырақтан кіл мықтылар шығады.💐

Аноним 09.11.2023 | 21:18

Жолың ашық болсын! Қаламың мұқалмасын.

Аноним 09.11.2023 | 21:18

Жарайсың! Нұрбибі, сен мықтысың.

Аноним 09.11.2023 | 22:52

Керемет

Аноним 17.11.2023 | 00:32

Жарайсың!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір